Шабыттың Гран-при иегері Батырхан Сәрсенханның өлеңдері

Батырхан Сәрсенхан - 1995 жылы 28-наурызда ОҚО Ордабасы ауданы Ақпан аулында туған.Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының жеңімпапазы, Халықаралық Саттар Ерубаевтың жүз жылдығына өткен арнайы мүшайраның 2-орын иегері,Республикалық  Қожабереген жырауға арналған  ақындар байқауының 2 орын иегері,Республикалық «Шырайлым-Шбайқызылым» ақындар байқауының 2–орын иегері, 2013 жылғы Облыстық «Шырайлым-Шұбайқызылым» атты жас ақындар байқауының бас жүлдегер. Бірнеше аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Жырлары  2013 жылы Жалын журналына арнайы Мұхтар Шахановтың алғысөзімен жарық көрген.Қазір Түркістандағы ХҚТУ-де білім алуда.


АРЗУ

Мен сүйгенмін.

күйгенмін, күйген ол да,

Бірімізді-біріміз киноларда.

Бірімізді-біріміз жыр кештерде,

Көретінбіз.

көңілмен гүл кешкендей..


Кейде аппақ жүрегін мұңға малса,

Кейде аппақ сенімін былғап алса.

Түнеретін,

түнерсе мен күлемін,

Мен түнерсем, ол күлер жынды адамша.

Екеумізге Ай нұрлы, аспан аңыз,

Екеуміз де бақытқа баспанамыз.

Құрбылармен қайтуға қарсылармыз,

Сырды да əрі айтуға жасқанамыз.

Тұман жауып тымағы қыраулы елді,

Жылдар ақты,

сабыр да,

шыдам да өлді.

Сен кеттің сыбызғы етіп сәруар мұңды,

Қалдым мен, қалды және сұрау белгі.

Сұрау қалды,

сөне алмай отым қалды,

Өт көсеген көсеудей хатыңды алдым:

"...Күттім ғой, сезіміңді тамшы ғұрлы,

Күттім ғой, айта алмадың жан сырыңды.."

Қайтаршы,

сол өткенді қайтар маған,

Күл болсын батылдығым тайпалмаған.

Гүл ұялсын, ғашыққа сыйланбаған,

Тіл ұялсын, сезімін айта алмаған!

Сай көркі,

сай мінезі,

сай тұлғасы,

Белгілі енді өзіңдей Ай тумасы.

Сүйеңдер, сұраңдаршы есімдерін,

Сүйсеңдер, айтыңдаршы, айтыңдаршы...


* * *

Мама, 

сенші, тыңдашы ақ самайлым, 

Жиі айтатын болдың сен ақша жайлы. 

Ақша не? 

жалтыр жолдай беті күлген,Сүртемін. Артылмайды ол етігімнен. 

Немесе саудагердей басы байлы, 

Батагөй қайыршыны асыраймын. 

Мен ақынмын. 

тоң мінез, тасыр ойлы, 

Жабырқаман, 

жүнжімен, 

жасымаймын. 

Түсінші, 

түсінгенің сол сыбағам, 

Теңеу ме қызыл-жасыл әнші маған? 

Теңеу ме құлдық қоғам қансыраған,

Арқыраған жанымды аршып алам. 

Жарымас, жарымаса қаламақым, 

Ақысыз ақ қағазда қалады атым. 

Түрсем екен, 

түндігін ер Алаштың, 

Білсем екен, саулығын, саламатын! 


Күні ертең, 

дән егерміз далаларға, 

Ел асып емделерге, дәрі аларға. 

Көмбесі күміс толы кең өлкенің, 

Қазбасын ұлың саған жөнелтерін 

білсең ғой, 

сонда екеуміз ғана отырып, 

Жап-жақсы жамандаймыз көлеңкені!


ҮМІТ

Жұлдыздарды көрдің бе аспандағы, 

Ол менің үміттерім. 

Сынар болса ғұмырдың баспалдағы, 

Ғарыштың түріп көгін, 

Айғай салам, 

Әй,әй,әй, жұлдыздарым, 

Әй,әй,әй, көзде ойнаған құндыздарым,

Сөнбеңдерші! 

Мен әлі мұнарамды тұрғызбадым,

Мен әлі күбірлесем асыл жармен, 

Қалжыңдасам қатулы ғасырлармен.

Байсын маң, 

бадамша бел,

буалдыр бақ, 

Телегей сенімімді суалдырмақ, 

Жұлдыздар, ел жылар ма ер құласа, 

Жұлдыздар, көрмеңдерші мен жыласам! 

Жүргенім – 

жан сөзімнен жыр төгіліп, 

Екі сәт.

а) көңілсіздік

б) күрделілік.

Мен бармын, 

мама ағаштың бүртігінде, 

Бүрлесе бұтағынан бүрмелі үміт, 

Шығыстан бұйра бұлттар көшер лекпен, 

Солдаттай сүйгеніне кешеу жеткен. 

Тамшы емес, 

соққылаған тереземді,

Кірпияз үміттерім нөсерлеткен!


Аңсар

 ..сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін..

- Пренс Отто Вон Бисмарк


Сен  жоқсың,

бəрідебаржербетінде,

Сезімбарсеңгіркөктітербетуге.

Ақ үйлер ақша бұлтпен табысуда,

Сəбилер ертеректеу ер жетуде.


Сен  жоқсың,

көпіру бар мəнсіз-мəнді,

Жүрек шерлі, бүгін де жан сыздаулы.

Қанша арманның қанаты қақ бөлінді,

Қанша үміттің сыңары жарсыз қалды.


Сəт сағаттар соғылды тасқа барып,

Өзі ілген есігінде бос қамалып.

Баланды ауыштыққа,

сезімталдық,

Сұлулыққа баланды масқаралық.


Жылау ма,

жұбану ма, күлісу ме?

Бал арасы сыңсиды гүл ішінде.

Арнамақ адамзатқа

ол ғұмырын,

Ал, менің, бал ғұмырым кім үшін де?


Сен жоқсың,

бұлттар бар бөз оранған,

Мың сұрақ алақанын жазады алдан.

Көшелер өкшелеген бірін-бірі,

Күрсінген,

күңіренген,

тазаланған..


Өзге өмір

өзгермеген тек құбылам,

Көкжалдай күңіренсем көкке ұлыған.

Сен жоқсың,

ей, Мұхаммед, сағынышым,

Бəрі де сендік Мейір жоқтығынан!


ШАМ

А-ға

Білте шам, есіңде ме, сен әкелген, 

Жасырып жан әкемнен. 

Түнімен ала ұшқынға, 

Үңілдім де, 

ақылдан адастым ба? 

Еңіреп жыладым-ай, 

жат күлкіге, 

Құлыншағым қалғандай қар астында. 


Сезінгенім,есімде,серт бергенім, 

Тулаған арғымақтай өрт кеуделі. 

Сол түні жын иектеп, 

Қоп-қоңыр мұң иектеп кеткен мені. 


Сенің даңқың, 

болатын мөлдір есім, 

Мөлдір әлем ішінен телміресің. 

Алқызыл таң ауғанда, 

шам астында, 

Созатын тағы шешей әңгімесін: 


«Оқыдың ғой көгерсе көсегең де, 

Қойсаңшы даналықты бөсе берген. 

Оқи,оқи баласы көрші ауылдың, 

Жынданып-ақ кетіпті деседі елдер...» 


Бұлт бүркеп ертегідей тұман маңды, 

Көз ілгемін құшақтап шығармамды. 

Жамылып желкені алыс жүз қиялды, 

Жастанып ну орманды.. 


Ауық-ауық ит үрген есік алдан, 

Ауыр-ауыр арман ғой,жасыл арман. 

Білте шам, есімде ме,

күлгін нұры,

Жұп-жұмыр жүрегіме көшіп алған..


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Шабыттың Гран-при иегері Батырхан Сәрсенханның өлеңдері
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-05-12/675.html