Омарғазы Айтанұлы: Шығыс романтикасы

Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы 20 қарашада Шынжаңның Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Майлы тауында дүниеге келген. 1957 жылы Шынжаң университетінің филология факультетін бітірген. 1957-1959 жылдары аралығында «Шұғыла» әдеби журналында редакторлық қызмет атқарған. Омарғазы Айтан Қытайда «Мәдениет төңкерісі» науқанында әсіре қызыл саясаттың салдарынан 1959 жылдан 1978 жылға дейін жер аударылып, ауыр еңбек майданында қатаң бақылауда болған. 1978 жыллғы Қытай саяасатының оңала бастауына орай, ақынның да нақақ жалалы өмірі ақталып, саяси құқығы мен қоғамдық қызметіне қалпына келтіріледі. 

Артына «Құс жолы», «Түйе», «Сәукеле» қатарлы жыр жинақтарымен бірге «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдары және көптеген драммалық шығармалар қалдрған үлкен ұлы қаламгер. 1997 жылы 26 мамырда Үрімжі қаласында қайтыс болады.


Шығыс романтикасы

Есіме түседі жаңа оянған бір бүркіт,

Қаңтарда сұп-суық тас үстінде отырып.

Ақын болсам егер, айтар едім:

Ежелгі жыр-эпостардан мысал келтіріп.


Білмеймін жаралғанымды

Қайсы «Адам тектілерден»,

Қайысы орманда сақал-мұртым өсіп;

Тастадым екем жапырақ шапанымды

Қайысы сайларға шешіп?!

«Мың бұрхан үңгірін» ақтарып шаршаймын,

Қалды екен қайысы ескі қоныста

Тозып жоғалған ескі сағанағым?!

Мекен еткен едім бір кездерде

Айдаһар аунап, піл жусаған

Өзендердің бір алабын,

Ойланамын кейде

Қас тасы көмілген қыраттарда жатып.

Қозғалмай отырамын сонда

Үн-түнсіз суық сарайлардағы 

Тибеттің жер құдайларындай қатып.

Шығыс, менің ежелгі шығысым,

Шығыс боп жер айналып, 

Шығыс боп тарих жасаймын.

Ұлы таулар бөктерінде тас шауып,

Құдіретті босағаларда

Қос арыстан келбетін қашаймын.

Келіңдер батысым,от пен суға табынып,

Достасайық,

Табиғат мейіріміне қайта жуынып!

Айналайық кеңестікте

Жап-жасыл бір үлкен шар болып,

Параллел белбеуін ортақ буынып.


Шығысым, менің аңқау шығысым,

Жұлдыздар сырын іздеп,

Ай бетінен көз алмаймын.

Ұзын жеңімді желпілдетіп,

Мен неге шексіз кеңестікте

«Жын» болып кезе алмаймын?!

Оянғанымда ең алғаш

Ұзақ қысқы ұйқымнан,

Сөйлескім келген еді батысқа барып.

Айтқан едім мен сонда осы өлеңімді, 

Айлы кеште

Қолыма бір тостаған шарап алып.


Тас ілгек

Ақ тамақ сол қарғамның асыл жері,

Тезірек бейітім бол, жасыр мені!

Сол  менің құлыптасым хат жазулы

Көк мәрмәр алтын балдақ тас ілгегі.

 

Кім көріп қызықпасын көзі түсіп,

Тұрса бір сұлу сурет-сезім пісіп.

Қоздырып елітеді әсем камзол,

Көрсетіп қуыршақтай белін қысып.

 

Не деген тап-таза тән келісті еді

Топ-толық көкірегіңнің еңіс жері?!

Сол жер ғой бекітілген тас ілгекпен,

Нәпсідей бекітілген бейістегі.

 

Көк мәрмәр тас орнатқан есіміме

Әлде сол зиратымның есігі ме?

Құшақтап жылайыншы босағасын

Бір бақыт болар ма екен несібеме?

 

Құдай-ай, ете көрші өзің нәсіп,

Ағытып ақ ихрам төсін ашып,

Бас қойып ақ тамағы сәждесіне

Азырақ жатар ма едім бетім басып!

 

Емес пе көр топырағым бір төмпешік,

Әлде осы жас кеуде де толған өсіп.

Аймалап қиналам сол әппақ тәнді,

Махаббат мехрабы- қайда есік?

 

А, құдай, ашыла гөр тас ілгегі,

Тезірек мәйітімді жасыр енді.

Келгендей бейіс лебі тұрсын келіп,

Сол жерге көкірегіңнің асыл лебі!


Қызыл бояу

Табиғат бір суретші епті шебер,

Жер-топырақ бетіне нұрын төгер,

Күннің қызыл бояуы қандай жақсы,

Күн бір ерке сұлу сал бақыт берер.


Түн ұйқыдан тұр оян біздің адам!

Шығыс-шапақ тұтулы алтын ғалам.

Күн жүрегі қып-қызыл сыя сауыт,

Жер дөңгелек үстелдей қызыл алаң.


Кел уақыт, кел мұнда, батыр, батыл!

Аспан күмбез –тігулі алтын шатыр.

Күмбірлетіп бар осы дүниені

Күн арбасын жетектеп бара жатыр.


Бұлт боялып,тау өтер, жер қызарып,

Жер бетіне қойылған біз бір әріп;

Қайда сәуле,қызыл ту-қызыл бояу?

Қызыл адам келеді бақыт алып.


Мен өтемін экватор жолың қысқа,

Мен келемін ертеменглобусқа;

Қызыл бояу өтеді кірпігімнен,

Қызыл сәуле төгейін қай қуысқа?!


Күн бір ерке, күн сұлу, күн бір батыр,

Күн үстінде тігулі алтын шатыр.

Күмбірлетіп бар осы дүниені

Күн арбасын жетектеп бара жатыр...


Қара өлеңім

Ежелгі аңқау, момын қара өлеңім,

Томсарып тамыршыдай табар емін.

Ыстығым аса қалса жалбызға орап,

Тигізген тынысыма жылы демін.


Кәрі әжем тағып қойған тұмар қайда?

Бейуақыт жас төсімді ашып айға.

Жатқан жыр тепкішектің кестесінде,

Байланған қос қолтырмаш ашамайға.


Жазғырма, жат емеспін, анам мені,

Қозыдай құлағына салған ені-

Жоғалып кетсем егер жаңа жұртта,

Ақ сүтің сол белгіме табар мені.


Азырақ болса да егер, жын-шалығым,

Болар-ау, қанғандықтан жыр сарығым.

Жоғалмас қыл ұйқасың мойнымдағы

Жалғыз тал көгеніңнің бұршағының.


Уақыт

Уақыт жақсы жолаушы тау айналып,

Күн қызуын күтеді жер табаны.

Таулар ауыр ұйқыдан ерте оянып,

Аспан-теңіз бетіне нұр толады.


Өмір-тамшы, ғасыр бір қызық елес.

Кім мезгілді ұйықтап ойлайтұғын? 

Жыл ешкімнің балдызы, жездесі емес,

Етегінен тартып қап ойнайтұғын!

Бір-ақ секунд не бары: Өлсең егер,

Төгіледі нсібек ырыс толы.

Тірлігіңде қадамың күнде өлшенер,

Ертең қайта тігілер уақыт тоны.

Тастап артқа ғасырды тау тұлғалы,

Жыл зуылдап барады болашаққа.

Мезгіл-жүйрік арғымақ астыңдағы,

Талып белі көрмейді, тасырқап та.

Тоқтата алмас бүйірден жанай шапқан,

Соғып өтер жылдардың никел төсі!

Қозғалыстың заңы бұл-су боп аққан;

Уақыт-тентек мезгілдің бір еркесі.

"Қабылан ақпараттық порталы"

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Омарғазы Айтанұлы: Шығыс романтикасы
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-05-27/721.html