М.М.Бахтин: Өнер және жауапкершілік

Әлемге әйгілі әдебиеттанушы-философтың не бары 24 жасында жазған осы бір беттік шағын мақаласы күллі өмірлік еңбегіне бағыт-бағдар көрсетіп, ғылыми ой-тұжырымдарына негіз әрі бастама болған ұлы шығармасы деседі. Кез келген шығармашылық тұлға – мейлі ғалым, мейлі әнші, мейлі суретші, мейлі ақын болсын, барлығына да қажетті М.М.Бахтинның құнды да, күрделі пікірлерін сіздерге қазақ тілінде ұсынамыз. 


ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК


Егер бүтінді құрайтын бөлшектердің уақыт пен кеңістіктегі байланысы тек сырттай болып, бір-бірімен ішкі мағыналық тұрғыда кірікпей, бірікпей тұрса, мұндай тұтастықты «механикалық» деп атауға болады. Бұндай  бүтіннің бөлшектері бір-бірімен қатар тұрып әрі өзара жанасып жатса да, өз іштерінде олар бір-біріне жат, бөтен.  

Адамзат мәдениетінің үш саласы – ғылым, өнер және өмір – бұлар осы үш тұғырды өзінің тұлғалық тұтастығымен байланыстыра білген адамда ғана бірлікке ие бола алады. Бірақ бұл байланыстар механикалық түрде, яғни сырттай ғана болуы мүмкін. Өкініштісі, көп жағдайда солай болады да. Суреткер мен адам бір тұлғаның бойында көбіне аңғырттықпен, яғни механикалық түрде бірігеді; шығармашылық барысында суреткер бір сәтке күнделікті күйбең тірліктен басқа бір әлемге, «рухани шабыттың, тәтті әуендер мен дұғалардың» әлеміне еніп кетеді. Нәтижесінде не? Өнер – өз-өзіне өте сенімді әрі тым батыл, тым тәкаппар болып алады, өйткені ол өзімен теңесе алмайтын, өзіндей паңдыққа ілесе алмайтын «өмір» үшін жауап бермейді ғой. Ал өмір болса: «Ондай өнер бізге қайда, біздікі қарапайым тұрмыс қой» - дей салады. 

Адам өнерде бар болса, өмірде жоқ, және керісінше... Олардың арасында бірлік жоқ және тұлғалық тұтастық тұрғысынан, ішкі әлем, ішкі мағына жағынан өзара кірікпеген. 

Ендеше тұлғаның ішкі элементтерінің байланысына, жеке бөлшектердің тұтастануына кепіл бола алатын не (яки кім)? Тек жауапкершілік сезімі ғана (М.Бахтин «жауапкершілік тұтастығы», «жауапкершілік бірлігі» деген мағынадағы «единство ответственности» деген тіркесті қолданған). Менің өнерде түсінгенім, ұғынғаным, сезінгенім, басымнан өткергендерім пайдасыз, нәтижесіз қалмауы үшін мен оған өз өміріммен жауап беруім керек. Бірақ жауапкершілікке қатысты «кінә» дейтін де ұғым бар. Өмір мен өнер бір-бірінің жауапкершіліктері мен міндеттерін арқалап қана қоймай, бір-біріне артылған кінә мен айыпты да өзара бөлісе білуі тиіс. Ақын өзінің тұрпайы тіршілігіне өзінің поэзиясы кінәлі екенін есте ұстауы керек, ал қарапайым адам өнердің өнімсіз әрі жеміссіз болуына оның талапсыздығы мен талғамсыздығы және өмірлік сұрақтарының байыпсыздығы кінәлі екенін білсін. Тұлға тұтастай, жан-тәнімен жауапкершілікке ие болуы керек: оның әрбір сәті тек өмірінің уақыттық тізбегінің әдеттегі бір кезеңі ғана болып қалмай, тұлғаның өзін-өзі кінәлауымен, жауапкершілік сезімдерімен тұтастанып, кірігіп отыруы тиіс.  

Және! Ешкімнің де Өз жауапсыздығына «шабытты» сылтауратудың қажеті жоқ. Өмірді елемейтін (өмірлік шарттарды мойындамайтын) және өмірмен еленбейтін шабыт – шабыт емес, сандырақ (жын соғу, еліру десек те болады). Өнер мен өмірдің немесе өнер мен басқада құбылыстардың байланысы жайлы ең дұрыс, ең шынайы талқылаулардың барлығы да бір түйінге, бір ақиқатқа барып тіреледі. Ол ақиқат мынада: өнер мен өмір бір-бірінің алдындағы жауапкершіліктен арылып, өз міндеттерін жеңілдеткісі келеді, яғни өмірлік жауапкершіліксіз шығарманы оңай тудыра салуды және керісінше – өнермен есептеспей оңай өмір сүре беруді қалайды. (Басқаша айтсақ, «өнер» өмірлік міндеттерді мойнына алмай, оңай шығарма тудырғысы келеді, ал «өмір» өнердің талаптарын ескермей оңай тіршілік сүре бергісі келеді.)

Өнер мен өмір – екеуі екі бөлек нәрсе, бірақ менің бойымда олар «жауапкершілік тұтастығым» (жауапкершілік сезімім) арқылы бірігіп, бір бүтінге айналуы тиіс.

Михаил Бахтин

Аударған: Темірлан Жорабай

"Қабылан ақпараттық порталы"

  


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » М.М.Бахтин: Өнер және жауапкершілік
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-05-22/715.html