ШҚО-да жергілікті омарташылар кооперативке біріге бастады

Еліміздегі омарташылар бал экспортын еселеп арттырмақ. 

Қазір Қазақстан мен Қытай арасында бірқатар құжат бекіді. Солардың негізінде биыл Шығыс Қазақстан облысындағы шаруалар көрші елге кемінде 1 мың тонна бал жөнелтуді жоспарлап отыр. Жұмыс өнімді болуы үшін өңірдегі кей омарташылар кооперативке біріге бастады. 

Елімізде омарташылық соңғы 3 жылда қарқынды дамыды. Шаруашылықтардың 80 пайыздан астамы Шығыста шоғырланса, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында енді қолға алынып жатыр. Солтүстік пен Орталық Қазақстанда омарташылық тек отбасылық кәсіп төңірегінде. Батыста да солай. Дегенмен ішкі нарықта бал бар. Шығыстағы омарташылар өнімді негізінен Ресейге жөнелтіп келді. Ал Қытайға тек жәрмеңкелік деңгейде ғана саудалады. 

Валерий Қасымбаев, Омарта шаруашылығының жетекшісі: 

– 2015 жылы наурыз айында Қытай елімен сауда-саттық жөнінде келісім жасалды. Бірақ балдың сапасына байланысты зертханалық кейбір құжаттар болмағандықтан, кең көлемде экспорттай алмадық. Енді бұл мәселе шешімін тапты.  

Өңірдегі омарташылар Қытай мемлекетіне көп дегенде 100 тонна ғана бал жөнелтсе, енді экспортты еселеудің қамына кірісті. 

Олжас Керейхан, тілші: – Жалпы омарташылық оңай кәсіп емес. Бір ғана омартада мыңдаған бал арасы болады. Оларды баптап, балын жинау бел жазбас еңбекті қажет етеді. Дұрыстап күте білсең, бір ұяшықтан бір маусымда 100 келіге дейін бал алуға болады. Ал ең негізгісі қандай ара қандай өсімдік түрінен тозаңданды, яғни балды көп жинайтынын ажырата білу. Мәселен, бұл – Карпат тауларынан әкелінген қара ара. Бұл, әрине, таулы жердегі өсімдікке бейім. 

Бұған дейін омарташылықты тек отбасылық кәсіпке айналдырып келген шаруалар енді кооператив болып бірігіп жатыр. Қазір қауымдастыққа бір жарым мың шаруа кірген. 

Федор Краузе, Қазақстан омарташылары қауымдастығының өкілі: 

– Бұл саладағы ұсақ шаруашылықтар ештеңе ұтпайды. Тіпті менде 100 мың омарта болса да, Қытай кәсіпкерлері әріптес болмайды. Тек бал ұялары 300 мыңнан жоғары және өнімді қалыптау цехы мен арнайы қоймасы бар омарташылармен жұмыс істейді. 

Қазір ішкі нарықта бір келі бал шамамен мың теңге болса, шетелге келісін 5 мыңға экспорттайды. Жыл сайын елімізде 10 мың тонна бал жиналса, оның тек үштен бірі ғана шетелге жөнелтіледі. Ал 1980 жылдардың басында Қазақстанда алынатыны жылына 70 мың тонна болған. Омарташылар осы межеге жетпесе де, Орталық Азиядағы бірқатар елдің нарығына бал ұсынуды ойластырып отыр.  

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин


Дерккөз: Www.Khabar.Kz


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » ШҚО-да жергілікті омарташылар кооперативке біріге бастады
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-05-18/705.html