Періште пейіл - Әсерлі әңгіме

Тесси — бейкүнә періште. Өзі кіп-кішкентай болса да, ойы кесек қыз. Бар-жоғы тоғыз жаста. Бір күні әке-шешесінің інісінің бейдауа дерті туралы әңгімелерін естіп қояды. Тедтің көптен бері ауырып жүргенін бәрі білетін. Оны емдетуге ата-анасының қаржысы жоқ екенінен де хабардар еді. Жылап отырған анасына әкесінің «Тедті тек сыйқыр ғана құтқара алады» дегенін естиді.

Ести сала Тесси бөлмесіне жүгіріп келді. Өзі ақша салып, жинап жүрген темір қалбырын қолына алды. Ішіндегі тиын-тебенін еденге төкті де, санай бастады. Ақшасын қайтадан қалбырға салып, қолтығына қысты. Екі өкпесін қолына ұстап, жақын маңдағы дәріханаға жүгірді.

Дәріханашы өзіне мән беріп қарағанын ұзақ күтті. Ол басқа бір ересек адаммен ұзақ әңгімелесті. Тоғыз жасар қыз баланы мүлде көзге ілмеді. Өзіне назар салсын деп Тесси аяғын тақылдатып басты. Ешкім мән бермеді. Сосын қаттырақ жөткірінді. Бұнысына да қараған адам болмады. Қалбырдан бір тиынды алды да, дәріханашының әйнегін тықылдатты.

- Айта беріңіз, не қалайсыз? — деп сұрады ашулы дауыспен жақтырмаған дәріханашы. — Чикагодан келген бауырыммен сөйлесіп тұрмын. Мен оны көп жылдардан бері көрмеген едім. 

- Қандай жақсы! Бірақ мен өзімнің бауырым туралы сөйлескім келіп еді, — деді Тесси да дауысын қатайтып, дәріханашы сияқты сұсты көрінгісі келіп. — Ол өте, өте науқас. Оны емдеп жазатын сыйқыр сатып алғым келеді. 

- Кешіріңіз, не дедіңіз?

- Оның есімі Тед. Миында жаман бір нәрсе өсіп келе жатыр. Әкемнің айтуынша, ініме тек сыйқыр ғана көмектесе алады. Сол сыйқыр қанша тұрады, айтыңызшы? – деді жалынышты үнмен.

- Балақай, біз мұнда сыйқыр сатпаймыз. Кешір, мен саған көмектесе алмаймын, — деді дәріханашы. 

- Сіз білесіз бе, менің ақшам бар. Егер менің ақшам жетпесе, мен тағы да тауып келемін. Тек сыйқыр қанша тұратынын айтыңызшы?...

Қымбат киім киген дәріханашының ағасы қыздың алдына тізе бүкті де, «бері келші» деді. 

- Сенің ініңе қандай сыйқыр керек еді, жарқыным? 

- Білмеймін, — деді дауысы дірілдеп, көмейіне өксік тығылған Тесси. — Оның қатты ауырып жатқанын ғана білем. Оған ота қажет. Бірақ әкемнің отаға төлейтін ақшасы жоқ. Сол үшін мен өзімнің ақшама ініме сыйқыр сатып алғым келген.

- Қанша ақшаң бар? — деп сұрады Чикагодан келген адам. 

- Бір доллар және он бір цент, — деді мақтанышпен Тесси. — Бұл менің бар ақшам. Егер тағы керек болса, мен тауып берем. Ант етейін! 

- Дөп түстің, — деп күлімсіреді ер адам. — Бір доллар және он бір цент. Қыздың алақанындағы ақшаны қолына алды да, жұдырығына жұмды. «Үйіңе ертіп апаршы» деді. 

- Мен сенің ініңе қандай сыйқыр керегін қарап көрейін, ата-анаңа жолығайын. Ертіп апарасың ба?

Қымбат киім киген адамның аты Карлтон Армстронг еді. Ол атақты нейрохирург болатын. Тедке отаны тегін жасап берді. Көп уақыт өтпей Тед ауруханадан үйге шықты. Дертінен құлан-таза айықты. Анасы мен әкесі өте бақытты еді. Кездейсоқ кездесуді түйіні жоқ түйткілді шешіп бергеніне тәубә десті.

- Біздің дәрігер нағыз сыйқыршы, — деп сыбырлады анасы, — Бұл отаны ақшаға жасатса, қанша тұрар еді?

Тесси күлімдеді. Басқа басқа Тесси бұл сыйқырдың қанша тұратынын анық біледі. Бір доллар және он бір цент. Оған қоса періште пейіл балақайдың кіршіксіз пәк сенімі.


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Періште пейіл - Әсерлі әңгіме
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-09-23/945.html