Еуропа Еділ патшаны пір тұтады

3 маусым күні дүниежүзілік Аттила күні деп жарияланғанын білесіз бе? Осы ретте біз атақты Еділ патшаның тарихын егжей-тегжейлі зерттеген Қайнар университетінің ректоры, Қазақстан Ұлттық  жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик Еренғайып Омаровпен әңгімелескен болатынбыз. 

– Атақты Аттиланың әскері сонау Францияға дейін жеткен дейді? Осы рас па?

–  1996 жылы Францияға жол түсті. Сол кезде біраз француз ғалымдарымен сөйлестім. Аттиланың Францияға келгені, осы жерде әскерін аялдатып, Атлантика мұхитына аяғын жуғанын әңгімелеп берді. Байқайсыз ба, мұнда да біздің, қазақтың салтына жақын дәстүр бар. Бабаларымыз бейтаныс жерге алдымен сол жердің суын ішіп, беті-қолын, күн жылы болса аяғын жуатын еді ғой.

Бұдан сырт Францияда «Аттила лагері» атты жер атауы бар екен. Парижден шығысқа қарай 190 км жерде орналасыпты. Мемлекеттің арнайы қорғауына алынған бұл жерде де болдық.

– Ғұндарда қала салу өнері қаншалықты дамыды осы?

– Аттиланың 14-ші атасы Тараз қаласын салған деген дерек бар. Аттила заманында ғұндар Еділ бойында өз астанасы Балаңжар (Қызылжар, Үржар атаулары сияқты) қаласын салды. Рим империясына Адриатика теңізінің жағасынан Равенна қаласын да сый ретінде ғұндар салып берген.

Ғұндар қанша жерден көшпенді халық болса да, қала салу өнері жақсы дамыған.

Қызығы, ол заманда салынған үйлердің төбелері киіз үй сияқты дөңгеленіп келген. Мысалы, Равенна қаласында 8 қырлы биік бір мұнара бар. Бір қызығы соның төбесі дөңгелек тастан ойылған күмбезбен жабылған, ал ішкі жағына ойып тұрып шаңырақ бейнесін салған. Біле білсеңіз, бүкіл Еуропаға өкшелі етік, шалбар, ертоқым, атпен соғысу өнерін (кавалерия) үйреткен осы –  ғұндар.

– Аттила Еуропаға қандай есіммен таныс?

–  Алмания (Германия) мен Скандинавия тарихында Этцель деген атпен белгілі. Славяндарға Атылы есімімен таныс. Ал венгерлер де оны бабамыз деп есептейді.  Аттиланың аталары билік еткен ғұн тайпаларының Батысқа жорығы (IV ғ.) халықтардың ұлы қоныс аударуына түрткі болды.

Аттила аса дарынды қолбасшы болған. 443 және 448 жылы Аттила әскері қуатты Шығыс Рим империясына жорық жасап, оны тізе бүктірді. 452 жылы мүмкіндігі  бола тұра Рим қаласын қиратқан жоқ. Мынаған назар аударған жөн: Ол жаулап алған қалаларда мәдени ескерткіштерді қиратуға жол бермеген. Бұл туралы дерек жеткілікті. Еуропада корольдері балаларын оған әскери өнерді үйренсін деп жіберіп отырған. Осының нәтижесінде, рыцарлық өнер кәсіби деңгейде қалыптасып, сословиеге айналған.

Еділ патша Еуропаны Рим үстемдігінен азат етті, құл иеленушіліктің жойылуына әсерін тигізді.

– Байқауымызша, соңғы жылдары Еуропада Аттиланың атын ерекше ұлықтап жатыр…Мұның себебі неде?

– Ол рас. Соңғы жылдары Батыста Аттила туралы еңбектер қайта қаралып, ақтау жұмыстары жүруде. Тіпті Ватикандағы әлемдік деңгейдегі мұражайда Еділге арналған үлкен сурет тұр. Каталаун шайқасы болған жерде биыл Аттиланың тағы бір мұражайы ашылды. Соған қарағанда, Еуропа Ұлы дала перзентін Еуропа тарихының айнымас бөлігі ретінде қарастыруға көшіп жатыр.

Karta

Аттила империясының картасы

– Бізде қалай?

– Қазақстанда Еділ патшаға арналған не бір мұражай, не бір ескерткіш жоқ. Жалғыз шара – Қазақстан ұлттық банкі Аттилаға арнап күміс теңге шығарды.  Қателеспесем, осыдан 10 жыл бұрын Алматыдағы бір  театр орысшадан аударылған бір спектакль қойды. Болды.

Қалай болған күнде атақты Еділ патшаны ұлықтауда Еуропа бізден озып тұр. Күні кеше ғана Францияның Ла Шепп қаласында Аттилаға биіктігі 3 метр болатын ескерткіш қойылды! Ал 3 маусым күні дүниежүзілік Аттила күні деп жарияланды. Байқасаңыздар, мұның бәріне Еуропа елдері мұрындық болдық. Біз үнсіз қалдық.    

 Аттила өзгелерге идеал болды ма осы? Қалай болған күнде ол сол замандарда теңдесі жоқ өркениетті қалыптастырды ғой?

– Әрине. Қытай Аттиласы. Батыстық шығармаларда «қытай Аттиласы» атанған Лю Юаньнің ұлы – Лю Цун; Неміс Аттиласы. ХІХ ғасырда Франция мен Англия Германияға өкпелеп Бисмаркты ғұндар патшасы Аттиламен салыстыра бастады.

– Аттила өлімінің сыры неде?

– Аттиланың ажалы – мұрнынан кеткен қанға  тұншығып өлген. Қастандық болған жоқ. Кейбір тарихшылар қалыңдығы кінәлі дейді, себебі ол өзінің үйлену тойында қайтыс болады. Аурудың салдарынан жүйкесіне салмақ түсіп, нәтижесінде мұрнынан қан  кетіп, миына қан құйылуы да ықтимал.  У беріліп, содан  өлуі де жоққа шығарылмайды. Сондай-ақ, оның өзі  немесе айналасындағылардың  Римде таңба қалдыруды  ұмытып кетулері де қателік болып  табылады.

Немесе ақырғы сәті келіп, өмір жолының аяқталуы. Ол өзіне ажалдың жақын екендігін түйсігімен сезген болар, мүмкін, сол үшін де өмірден кетуін тіпті үйлену тойын жасап, әдемі аяқтағысы келген шығар. Оның өмірден өтуі А.Тойнбидің өркениеттер теориясында айтылғандай, жоспарланған кету сияқты. Мұндай жағдай тарихта болған. Уақытың тереңіне мүлдем үңіліп те керек емес, ондайлар біздің замандастарымыздың арасында да кездеседі. Бұған шындыққа жанасатын мынадай мысалдар келтіруге болады. Соның бірі белгілі қазақ тарихшысы, ағартушы, терең діни ойшыл, жазушы және ақын ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген МәшҺүр Жүсіп-Көпей 73 жасында өмірден өткен. Осы атамыз өзінің қайтуын 1 жыл бұрын білген және де өз асын өзі көзі тірісінде беріп кеткен екен дейді.

– Аттиланы жеңіліп көрмеген қолбасшы деп айта аламыз ба?

– Шынымен де көзі тірісінде жеңіліс таппаған. Ол тірі  күнінде мәңгі өлмейтіндер  қатарынан саналған. Оған бірнеше мәрте қастандық жасалғанмен, бәрі сәтсіздікке  ұшыраған. Каталаун даласындағы шайқас кезінде жаудың ішіне кіріп кетіпті, сонда оған  жебелер  бұршақтай жауған кезде, бірде бірінің оған дарымағанын өз адамдары да, жаулары да  көрген деп айтады. Оған қарай зуылдап келе жатқан жебелер Аттилаға таяп келе, өз бағыттарын  өзгерткен. Мұндай жағдай тарихи эпикалық Алпамыс батыр мен  аңызды тұлға Қорқытта да болған. Бұл мәліметтер бізге аңыз түрінде жетті.

Аттиланың жеңілмейтіндігі туралы тағы мынадай аңыз бар. Мал бағып жүрген бір бақташы қараса бір сиыры ақсап жүр екен. Неге ақсап қалды екен десе, жерден шығып тұрған бір семсерге шалыныпты. Күннің көзіне шағылысып тұрған асыл семсерді Аттилаға әкеліп тапсырады. Содан бастап Аттила ешқашан жеңілістің ащы дәмін татпаған дейді. Аңыздар жоқ жерден шықпайды, әйтеуір бір шындық бар ғой түбінде. Осындай аты аңызға айналған Аттила сияқты тарихи тұлғамызды қастерлеуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан, Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

 

Дереккөз:

DalaNews.kz - Қала мен Дала газеті

http://www.dalanews.kz/

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Еуропа Еділ патшаны пір тұтады
Тұрақты сілтеме: /A_kop/dastur/2017-04-25/562.html