«АРМАН ҰРЛАЙДЫ ӘР КҮНІМ МЕНЕН…»
Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ
Қылығымды сынайтын көп,
Жыры ұғымды ақын деп.
Руымды сұрайтын көп,
Түбі кімге жақын деп.
Адам ата арғы жағым,
Бергі тегім Алаштан.
Тақымымда арғымағым,
Белгі төрім ағаштан.
Жасырмадым бар шынымды,
Бас ұрмадым ешкімге.
Аллаға аян жан сырымды,
Адам ұқпас бес күнде.
Тұлпар мініп, ту ұстаған,
Сөз ұстаған бабамды.
Ұрандасам ұлыс далам,
Ұйқысынан оянды.
Алтай айтып аңызымды,
Ертіс қайғы кешеді.
Адамзатты, бәрімізді,
Өсірген жер осы еді.
Тәуелсіздік
Күн менікі шұғыламды шашарға,
Түн менікі құшағыма басарға.
Отауы азат, ошағы азат отанда,
Жыр менікі оңды, солды шашарға.
Жер менікі аманаты түркінің,
Төр менікі сәлиқалы ғұрпы мың.
Көл менікі, шөл менікі бұл шыным,
Ел менікі кіндіктесім, бір түбім.
Меншігімде аспан, ауа, жаңбыры,
Тауы, тасы, орман, көлі барлығы.
Ер бабамның тасқа жазған тағдыры,
Ен даламның әр жусаны, әр гүлі.
Шұғылалы шыққан күнге түнектен,
Тұмса дала бусанады сыз өткен.
Молаларға бас иемін ізетпен,
Туған елдің тыныштығын күзеткен.
Атамекендіаңсау
Қазақстаным, жұмақ мекенім,
Күрсінсем көзді бұлақты етемін.
Ақыл кіргелі айтар ұраным,
«Атамекенге бірақ кетемін!»
Жалғанда бағым дара құшатын,
Тұмар ғып тұтқан сан арыс атын.
Қабаның қара қарғалары да,
Қазақстанға қарай ұшатын.
Тұрағым Ертіс басы болатын,
Арнаңнан Алаш асын алатын.
Жерұйық мекен жетуге саған,
Жеті Қабамда асыға ағатын.
Қымбаты сенсің қалайтынымның,
Тәтті әуенімсің талай түнімнің.
Қарашоқының құзына шығып,
Күн салып күнде қарайтұғынмын.
Әніме қостым ақмаралыңды,
Аңсадым қанша ақ тамағыңды.
Безсем де кетем, сезсем де кетем,
Туған жеріме жат боларымды.
Жеріңнің исін жел жеткізетін,
Сағыныш дерті меңдеткізетін.
Күңіренемін, күйік емемін,
Күн боларма екен сенде өткізетін?!
Мінез
Жылдарымның жиналып жең етегі,
Көңілімнің қоздайды көне шері.
Жақыныма жалбақтап жүргеніммен,
Жыртығынан қосымның жел еседі.
Жақының да жыныңды сынай бағып,
Күйзеледі жарың да
жылай налып.
Жатқа жасым көрінбей,
жырға өртеніп,
Шақша басым жүремін шыр айналып.
Иек артып келемін қос мүшелге,
Дос таба алмай жүремін көш түзерге.
Дегенімді жасадым жалтақтамай,
Тағылымын талайдың естісемде.
Мейлі, мейлі сынасын, қыңыр десін,
Мен өзге үшін сүрмеймін ғұмыр көшін.
Арқа қағып жүргендер қалта бағып,
Аулақ салып бұл күні жүр іргесін.
Ақын еткен болса егер тәңірім шын,
Бес күндіктің алданыш, бәрі құрсын.
Жоқшылыққа телінген тірлігімді,
Боқшылыққа сатпаймын,
соны ұғынсын!
Ертеңімде келеді ерттеп атын,
Туылғанда тұл жалған дерт болатын.
Өтеді екен өмірі өртке жақын,
Жуасымай жалғаннан өткен ақын.
Қоңылтақсу
Жанымда отырғанда жарым, балам,
Мен неге алағызып жарымдалам?
Әлдебір жоғым бар-ау табылмаған,
Әлдебір еншім бар-ау алынбаған?!
Қарадай қоңылтақсып құлазыдым,
Қаңырап қара қосым, құба дүзім.
Адастым әуенінен бір әнімнің,
Құрышын кім қандырар құлағымның?
Асан кешкен өмір бұл, Қорқыт қашқан,
Жерортаға келіппіз онша ұқпастан…
Сәттерімде ұйқымды
талтүсте ашқан,
Жосылады жолдарым жортып басқан…
Көптен бері жүргені көңіл масаң,
Мойында екен бар қамыт мойындасаң.
Өткелегі өмірдің жолымда сан,
Түгенделер екен бір жоғым қашан?
Күзінен өмір қорқамын
Қоңыр күз бақтың құшағы,
Сүреңсіз сондай құсалы.
Көркінің қалмай нышаны,
Гүлдерден тозаң ұшады.
Күн санап солды еккен гүл,
Қасырет еді неткен бұл.
Көрікке құмар көбелек,
Қурайға қонбай шеттеп жүр.
Соратын шырын қадала,
Көрінбейді ешбір балара.
Жайқалған гүлдің орынын,
Жапырақ басқан сары ала.
Табиғат күзгі арпалыс,
Тырбанған тірлік сарқа күш.
Үзіліп түскен жапырақ,
Іздейді бақтан қалтарыс.
Салмады бұлбұл шалқып ән,
Исі жоқ гүлдің аңқыған.
Төңірек толы мол тұман,
Желменен ұшып қалқыған.
Сыйлаған баққа нәр сәнін,
Келер деп көктем жортамын.
Танытса тірлік тарпаң үн,
Күзінен өмір қорқамын.
Балалық
Күлімдеп көктем күніндей,
Гүліндей қырдың жайқалдық.
Құйын боп өткен білінбей,
Сырыңды кімге айта алдық.
Таңдайға балдай десе игі,
Кекілді шақтың кермегі.
Шалғайда қалған секілді,
Өкіндім қайта келмеді.
Сарайда серуен салғанмен,
Самайға қырау ілікті.
Солайда өттің сал дәурен,
Алайда сені кім ұқты?!
Сырласу
«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ!».
Қасым Аманжолов.
Бақыттымын,
Бостандыққа жеттім мен,
Кешегіме тіл қатамын кекті үнмен.
Тыңдатамын Ер түріктің рухын,
Көкбайрағын көккке ілген.
Бақыттымын,
Тілім азат –тірегім.
Дінім азат – тәңірімнен тіледім.
Ерім азат,
Елім азат – білерім,
Көгім азат,
Жерім азат – киелім.
Бақыттымын,
Алашымның қорғаны –
Қасиетті Қазақстан ордалы.
Еркін жортқан жолбарыстай жондағы,
Айбарлы елім аман болса болғаны.
Бақыттымын,
Еркіндігім елес ең,
Жаратушым, жылатпа енді жебесең.
Ақыны азат ғасырымның жырымын,
Қасымы жоқ демесең.
Майдандамын
Мекенім менің бабадан
қалған кең аймақ,
Төсіне жортқан Көк дөнен,
Қубас, Көк ойнақ.
Көк тудың нарқын көрмеген ермін
кем ойлап.
Көк түрік рухын көрсетем саған
көр ойнап.
Бесіктен естіп әнменен күйдің күмбірін,
Ұлымын елдің найзамен кескен кіндігін.
Отауын тігіп, түргенде отан түңлігін,
Тірлігін елдің тоздыра алмақ кім бүгін?
Бейбіт ел болдық көңілінен ана
шер кеткен,
Шаттықтың әні шырқалды
бүгін жер, көктен.
Көшпелі жәйін кигіз үйімен белгі еткен,
От басы мені майданға салды жөргектен.
Намысқа жанын,
қылышын қанға суарып,
Ерлерім өткен елдігі үшін ту алып.
Тұлпардың ізі тоздырған дала қуарып,
Өлілер үнін естимін кейде бір ауық.
Қорлануы өлім, тілменен діні, салтыңның,
Ары мен жаны тәуелді оған әркімнің.
Айбынын жырлап азаттық тіккен
ар тудың,
Майданындамын халқымның.
Ождансыз елдің түсінер дейсің
нарқын кім?
Ел үшін десе еңсеңді име есіл ер,
Бабадан мұра аманат саған несібе ол.
Ие боп мынау даланың дарқан төсіне өр,
Керісті күнде кеудеңнен қанды кешіп өл.
Қара құбыр…
Қытай асып барады қара құбыр,
Қара құбыр жаздырды қаралы жыр.
Жалқын мұңын жалғанның жасырады,
Салқын жонға жамбастап жаралы іңір.
Атар таңның қайырын хақтан бағып,
Аждаһаға әлі біз аттанбадық.
Ертелі-кеш оянып есіңді алар,
Құбыр жалап қыбырлап
жатқан халық.
Құдай көрік сыйлаған гүл мекенім,
Көз жасы елдің көмкерген
күнде етегін.
Жылай беріп қайтемін жазымышқа,
Мұнай беріп мұңайған
жынды екенмін.
***
Егілмедім,
Еңсемді мұң басқанда,
Сөгілмедім,
Сорым қайнап сасқанда.
Төгілмедім,
Толқынданып тасқанда,
Көмілмедім,
Кенерімнен асқанда.
Берілмедім,
Беделіне мешелдің,
Көзін көрдім
Көкек милы көсемнің.
Безінгенім
Бес күнімнен бекер мұң,
Езілгенім
Ертеңі ғой, осы елдің.
Керімдерің
Жаба алмаса көркемін,
Өрімдерің
Жая алмаса өркенін.
Келіндерің
Келіспесе ел сенің,
Көз ілгені
Ертеңің.
***
Өлеңмен өрмей өршіл үнімді,
Елегізбеуім ерсі бүгінгі.
Қырқаның лебі қалаға ұшады,
Қытығы кернеп кеңсірігімді.
Бәйшешек қырда бүршік атады,
Даламның гүлдеп тұрсын атағы.
Бөктердің желі әредігінде,
Көктемнің исін бұрқыратады.
Алты айлық қыс жоқ Алтайымдағы,
Қайғысын айтам қай таңымдағы.
Жылғалар жырлап сай-сайымдағы,
Алатау абыз ән сағынбайды.
Тілдесем үнсіз таңғы нұрменен,
Арман ұрлайды әр күнім менен.
Қауышар екем қай қырыңменен,
Тауларды жалғап тағдырымменен.
Көкке ұшып
кеткім келеді
«Тәуелсіз елмін тәуба етем»,
Осылай деді дәу көкем.
Түсінер Алаш баласы,
Түсімде ғана әндетем.
Қалада қазақ қаңғырып,
Далада қазақ мәңгіріп.
Өзімнен өзім опынам,
Отымның басын шаң қылып.
Үйсіз де өзім, күйсізде,
Тілсізде өзім, дінсіз де.
Көзімді сатып күн көрем,
Көкқағаз деген шіркінге.
Арыстан жүрек түмен ем,
Тірлігім аңыз түнерем.
Алыстан келер жауым жоқ,
Намыстан күнде мың өлем.
Айшылық жерден жол алып,
Үнімнен дала оянып.
Аттандап ұран салсам ғой,
Алаштан таңдап қол алып.
Тәңірден тылсым ой алып,
Мәңгілік нұрға боялып.
Көкке ұшып кеткім келеді,
Көкбайрағыма оранып.
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » «АРМАН ҰРЛАЙДЫ ӘР КҮНІМ МЕНЕН…»
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-10-23/969.html