Балқашта шикізат дайындайтын тағы бір кәсіпорын іске қосылды

Балқаш қаласының іргесіндегі катодты мыс өндіретін зауытқа шикізат дайындайтын тағы бір кәсіпорын іске қосылды. Озық технологиямен жұмыс істейтін өндіріс ошағының экономикалық және экологиялық тиімділігі аса жоғары. Енді зауыт 2034 жылға дейін шикізаттан таршылық көрмейді деп болжанып отыр. 

Тау-тау болып үйіліп жатқан мына өндіріс қалдықтары соңғы 70 жыл ішінде жиналған. Мамандар оны кәдеге жаратудың көзін тапты. Технология өте қарапайым. Жоғарыдан тамшылату тәсілімен арнайы сұйықтық жіберіледі. Ол топыраққа сіңіп, құрамындағы мысты сүзіп алады да, арнайы бассейнге құяды. 

Кейін бұл сұйықтық құбырмен зауытқа жеткізіліп, ол жерде өңделеді. Яғни құрамында түсті металл бар сұйықтыққа тоқ жіберіліп, ол электролиз тәсілімен арнайы пластиналарға жабысады. Сөйтіп, мынадай дайын өнім шығады. 

Дмитрий Кан, кәсіпорынның бас металлургі: 

-Қазір біздің зауыт толық өндірістік қуатына шықты. Шикізатты осы жерден жеткізіп жатырмыз. Жаңа кәсіпорынның ашылуы бізге шикізат базасын ұлғайтып, зауыт жұмысын 2034 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік берді. 

«Жаңа технология тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық жағынан да аса тиімді», – дейді мамандар. Ең қызығы, мұнда бірде-бір техника көрмейсіз. Жер қазып, кен тасып жатқан ешкім жоқ. 

Ник Ширли, корпоративті әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директор: 

-Бұл технологияның қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Біз үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Сұйықтықтың құрамын тексеріп, оның жер қыртысына сіңіп, суға араласып кетпеуін қатаң қадағалаймыз. 

Қазір зауытта 300-ге жуық адам еңбек етеді. Көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Осы күнге дейін кәсіпорын 59 мың тонна катодты мыс өндіріпті. Тауардың негізгі бөлігі Түркияға экспортқа шығарылады. 

 Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Дерккөз: Www.Khabar.Kz


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Балқашта шикізат дайындайтын тағы бір кәсіпорын іске қосылды
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-06-01/736.html