Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық, структуралистік және семиотикалық зерттеу тәсілдері

Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық, структуралистік және семиотикалық зерттеу тәсілдері

Егер біз әдебиет теориясының пәндік міндетін жалпы көркем сөз атаулының арғы бергі тарихы мен құрылымдық сыпатына үңіле отырып, терең тәпсірлейтін ғылым ретінде қарайтын болсақ, онда мұның мүмкіндігінше ауқымы кең жүйелі әрі нақты теориялық пайымдарды талап ететіні түсінікті. 

Кейіннен мұның соңы мәтінге қатысты құрылымдық тартыстарға ұласып мәтіннің мазмұндық болмысы ұмыт қалды. Ал бүгінгі әдебиеттің теориялық мәселелеріне байланысты айтылып, жазылып жүрген жұмыстардың дені әдебиет ұғымының түпкі міндетін ашып бере алмай отырған жайы бар. Түпкі міндет дегенде біз – сөздің мағыналық һәм құрылымдық шарттарының бірлігін айтып отырмыз.

Ал, әдебиеттің ғылыми анықтамасына қатысты пікір жарыстардың барлығы да оның әу бастағы түпкі міндетінен гөрі екінші кезектегі міндетін негізге алатын секілді. Бұл ретте біз көркем сөздің (әдебиеттің) болмысын анықтауда оның генезисіне үңілуге тура келетінін, яғни бүгінгі теоретиктердің алдында әдебиеттің болмысында эстетикалық һәм көркемдік шарттылықтардың қай кезеңдерден, және қандай өзгешеліктермен жүзеге асқанын айқындау міндеті тұрғанын меңзеп отырмыз. Көне мәтіндерден бүгінгі мәтіннің еншісіне не тиді? Көркем сөз неден ұтып, неден ұтылды? Қай жерде қай мәтіннің өрісі тарылып, қайсысының көкжиегі кеңейді? Әлбетте, бұл сұрақтардың  жауабы арнайы, ыждаһатты зерттеуді қажет ететіні түсінікті. Біз бұл жерде сол үлкен зерттеуге кіріспе тұрғысынан ғана сөз қозғап отырмыз. Мәселен, көне мәтіннің үлгісі ретінде алып,  «Әрбір нәпсі өлімнің дәмін татады» /Құран аяты/ деген тіркесті алсақ, төмендегі мәтінді оның көркемдік әрі кезеңдік жемісі ретінде қарастыруға болады:

«Оның өте сүйкімді қызы болған еді. Басқаға сүйкімді болмаса да  өзіне сүйкімді. Оның бар күшін салып жұмыс жасайтын себебі де қызы бақытты өмір сүру үшін барлық жағдайды жасауды ойлаған. Оның өмірге құштарлығы мен өмірлік мақсаты қызына деген әкелік махаббаты болды. Бірақ қызы айықпас ауруға шалдығып, жұлдызы ерте өшті. Ол қызы бұл дүниемен қоштасты дегенге сене алмай дел-сал болып ұзақ жүрді. Қайтып қалыпты өмір сүру қиын секілді көрінді. Бір күні ол түс көрді. Түсінде жұмаққа барып, онда жас періштелер шырақ жағып,салтанат құрып жүргенін көреді. Кенет сол періштелердің арасында бір періштені көзі шалып қалады. «Құдай-ау менің қызыма ұқсайды екен», деп жақындай береді. Қыз баланың қолына ұстаған шырағы сөніп қала береді екен. «Басқа періштелердің шырағы сөнбей жанып тұр» деп ішінен ойлайды. Бір кезде жақындап, періштеге анықтап қараған сәтте өзінің қызы екенін таниды. Қызына жақындап барып, құшағына қатты қысып сұрайды:

«-Не болды қызым? Неге сенің шырағың жанбайды? – деді

Бұл  сұрағына қызы:

« - Әке, шырағымды жағайын десем сөніп қала береді. Шырағымды жаққан сайын сенің көз жасың тамып кетеді, сондықтан шырағым сөніп қала береді», - деді. Ұйқыдан шошып оянған әкесі қызының шырағын ешқашан сөндірмеуге өз-өзіне іштей уәде берді».(«Сөне беретін шырақ» (1995) , корей жазушысы И Дохуан). Жазушы Құранда айтылған ақиқатты (өлімнің хақ әрі мәңгілік екендігі жөнінде) сәбидің аузымен жеткізеді.

Бұдан шығатын  қорытынды ең алдымен мәтінге классикалық сыпат беретін оның мәңгілік мәселелерді баяндауды басты мақсат етіп алуы  болып табылмақ. Әлбетте, көне мәтін бұл шарттарға сай бола тұра, классикалық деген анықтамаға мұқтаж емес (немесе мұндай анықтамадан әрдайым биік).  Олай болмаған жағдайда біз әдебиеттің түпкі міндетінен гөрі (салыстырмалы түрде алғанда) көркемдік бірлік тұрғысынан ғана, яғни әдебиетті «әдебиет» ететін шартты белгілер тұрғысынан ғана қарастырумен шектеліп қаламыз.

Әдебиеттің тарихы мыңдаған жылдармен өлшене тұрса да, негізінен он бесінші ғасырдың орта шеніне келетін кітап баспа ісіне байланысты ғұмырын бастаған бұл термин /әдебиет/ бертін келе болмысты көркемдікке орап беруде негізгі ұғым жүйесіне айналды. Және мағыналық жағынан да әдебиет термині уақыт өте келе синкреттік сыпат иеленіп бесаспаптық қасиетке ие болды. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында әдебиеттің басты функциясын айқындауға түрлі жолдармен талпыныс жасайтын сөз өнерінің салалары баршылық. Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық, структуралистік және семиотикалық зерттеу тәсілдері соның бірден бір айғағы. 

Осы ретте, әдебиеттану ғылымының аталған зерттеу тәсілдеріне шолу жасай отырып, олардың бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қаншалықты салмағы барлығын анықтауды жөн көріп отырмыз.

Әдебиеттану ғылымындағы структуралистік тәсілдің ерекшелігі

Тарихы жиырмасыншы ғасырдың 60 70 жылдарынан бастау алатын әдебиеттану ғылымындағы бұл бағыттың әдістемелік ұстанымдары  Соссюрдің құрылымдық лингвистикасы мен орыстың формалистік мектебіне негізделген.  Структурализмннің Францияда өркен жайған мектебі (Клод Леви-Строс, Ролан Барт) көбіне философиялық сипат алғандықтан структурализмнен постструктурализмге жеңіл өтті. Бұл жерде (Р.О. Якобсон, Ю.Лотман) семиотикалық зерттеу тәсілінің де структурализмнің негізін құрағанын айта кету керек. Ал Мәскеудегі структуралды поэтиканың басты өкілдері ретінде Вяч. Вс. Иванов, В. Н. Топоров, Б. А. Успенский, А. М. Пятигорский, Ю.М. Лотман, З. Г. Минц, Б. М. Гаспаров, П. А. Рудневтерді атап өтуге болады.

Структуралистік поэтиканың негізгі ұстанымы көркем мәтін бірлігінің жүйелілігі болды. Жүйелілік дегенде ең бастысы оның құрылымдық деңгейінің баспалдағына баса назар аударылды.  Әуелгіде структуралды лингвистикадан бастау алған бұл тұжырымның негізгі ұстанымдары структуралистік поэтика басшылыққа алған кезеңдерде генеративті лингвистика тұрғысынан қайта қаралды. Бұл зерттеу тәсілінің құрылымдық деңгейінің жүйесі төмендегідей болды: фоника, метрика, грамматика, синтаксис, семантика (жалпылай алғанда мәтіннің мәні). Бұл жүйе бойынша структуралистер көбіне лирикалық өлеңдерді талдауды басты негіз етіп алды. Ал егер прозалық шығармалар талданған жағдайда фоника, метрикалардың орнын – туындының фабуласы мен сюжеті ондағы уақыт пен кеңістік басады.  

Әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық  тәсілдің ерекшелігі

Герменевтика (грек  тілінен аударғанда   түйсіну) – мәтінді интерпретациялау теориясы және мағынаны түйсіну ғылымы. Герменевтика қазіргі батыс әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясының базалық құрылымы болып табылатын негізгі әдіснамалық қағидаларын зерделеуде кең тараған. Герменевтиканың этимологиясы  ежелгі грек мифологиясынан тарайды. Ал қазіргі герменевтиканың гуманитарлық ғылымдардың саласындағы бесаспап әдіс ретінде бағаланып жүрген жайы бар. Тарихи мәліметтерді филологиялық тәсілдер арқылы зерттеу ретінде герменевтика әдеби жәдігерлерді тәпсірлеуде де едәуір салмағы бар. 

Герменевтикалық тәсілдің тарихы үлкен екі кезеңнен тұрады. Бірі дәстүрлі классикалық та, екіншісі – қазіргі әдебиеттанулық герменевтика. Дәстүрлі филологиялық герменевтика мен қазіргі әдебиеттанулық герменевтиканың ара жігін Вильгельм Дильтей мен Георг Гадамер сынды философ  ғалымдар ажыратып берген болатын.  Түсіну процессіндегі «тарихи аралық», «тарихи көзқарас» категориялары бұл мәселенің негізгі айқындауыш факторы болды. Әдеби герменевтика - өнер туындысын жеке дүние ретінде қарастыру мүмкін емес, өнер туындысы дәстүрлі мәдениеттің шынайы материалы болғандықтан оны сол мәдениет контекстінде түйсіну керек деп санайды.   

Олардың бірден-бір ауқымды ұстанымдарының бірі зерттеу жұмысындағы дәлдік болса, ал сол дәлдікке жету жолында статистикалық мәліметтердің, ақпараттық теорияны, математика мен логиканың тәсілдерін қолданды.

Философия ғылымындағы секілді әдебиетте де герменевтиканы түйсіну, түсіну ілімі деп жүрміз. Түйсінудің (функция интерпретации) міндеті – өнердің, сөз өнерінің шынайы көркемдік құндылығын ұғындыру.  

Қазіргі әдеби герменевтиканың ірі өкілі Виргини университетінің профессоры Эрик Дональд Хирш болып табылады. Оның осы саладағы негізгі зерттеулері ретінде – «Достоверность интерпретации» /1967/, «Три измерения герменевтики» /1972/, «Цели интерпретации» /1976/ деген еңбектерін атауға болады. Хирш герменевтиканың теориялық мәселелерінің түрлі әдеби мектептер мен бағыттарға қатыстылығын арнайы зерттейді. Ол шығарма авторының түпкі жоспарына ерекше мән береді. Сол себепті де ол авторлық ұстанымға қырын қарайтын тұжырымдарға қарсы шығады. Мұнымен қоса ол Ж. Дерридамен және  структурализмнің, постструктурализмнің және деконструктивизмнің өкілдерімен де аса өткір полемикаға  түседі. 

Тарих герменевтиканы гуманитарлық ғылымдардың фундаменті, жүйелі негізі деп білді. Алайда, қазіргі әдеби герменевтика бұл мәселелерді мақсатты түрде айналып өтіп, нақты әдіснамалар мен әдеби тәсілдер жасауды  мақсат етеді. Алпысыншы жылдардың орта шеніне дейінгі батыс әдебиеттануындағы көркем туындыны өз ішінде ғана қарастыру үрдісінен арылған қазіргі әдеби герменевтика мәселе солай бола тұра, структуралистік, лингвистикалық, коммуникативтік тұжырымдарға арқа сүйеуге мәжбүр болды. Аталмыш бағыттарға арқа сүйеу арқылы қазіргі әдеби герменевтика дәстүрлі герменевтиканың интерпретация туралы ұғым-түсініктерін тарих қойнауында қалдыруға белсенді қызмет етуде. «Асылында сана һарекеті қандай болса да оның болмысы – түйсіну болады. Оның түйсінуден бөлек мақсаты болуы мүмкін емес» (Соловьев). 

Постструктурализм – 1970-1980 жылдардағы философия мен гуманитарлық танымдар жүйесіндегі зерттеу тәсілі. Постструктурализмнің  мақсаты – белгілі бір құрылымдық  жүйедегі «құрылымдық емес» нәрсенің барлығын ұғыну, тілдік құрылым мен адам танымын бағамдаудағы қарама-қайшылықтарды айқындау, оқудың жаңа тәжірбиелерін ұсыну болып табылады.

Негізінен поструктурализмнің өкілдерінің дені Ролан Барт, Мишель Фуко, Жак Деррида, Жан Бодрийар, Юлия Кристева секілді француз ғалымдарынан тұрады.

Постмодернизм – бүгінгі пәлсафа мен өнердегі серке бағыттардың бірі болып саналады. Ең алдымен постмодернизмнің негізі модернизмнен бастау алады. Постмодернизм сөзінің өзі – «модернизмнен кейінгінің барлығы» дегенді білдіреді. Постмодернизмнің ізбасарлары ретінде философиялық әдіс ретіндегі деконструкция мен постструктурализмді атауға болады. Бұл екі тәсіл постструктурализм қағидаларына өте жақын. Олар жайында «тарих пен философияны, философия мен поэтиканы бірлестірді» деген пікір қалыптасқан. Постструктурализмнің негізгі нысаны – мәтін. Тіпті постструктурализмнің серке өкілдерінің бірі Жак Дерриданы мәтін мырза деп те атайды.  

Постструктурализмнің  зерттеу аясы (бір тырнағын ішіне бүгін үлкен мақсаттарға) әдеби пәлсафалық ізденістермен шектелсе, постмодернизм 80-жылдардың басында ақ, бірқатар ғылымдардың, өнер мен саясаттың теориялық негізіне әсер етуге талпынды. Бұл екі ағымның басты айырмашылығы да осы. 

Постмодернизм үшін ең басты нәрсе – цитата. «Біз барлық сөз атаулының айтылып біткен дәуірінде өмір сүріп жатырмыз» (С. Аверинцев). Сондықтан да постмодернистік мәдениетте әрбір сөз де, әрбір әріп те цитата болып табылады. 

1990 жылдары белең алған саяси алаңдағы бетбұрыс жекелеген ұлттардың сөз өнеріне де әсер етпей қоймады. Соны танымдық тәсілдерді меңгеруге жол ашты. Сөз өнерінің табиғатын нақты спецификалық терминдермен саралауға деген ұмтылыс басым болды. Бұрынғы социалистік реализм теориясының  қауқарсыздығын қазақ әдебиеттанушылары да бірден ұғынды. Бұл сөз жоқ, тәуелсіздіктің жемісі болатын.

Көркем сөзді танудағы семиотикалық тәсілдің ерекшелігі

Семиотика (терминдік мәні гректің «sema» - «белгі» деген сөзінен келеді.) – тілдік белгілер мен олардың қолданылу ерекшелігін қарастыратын теория. Алғашқылардың бірі болып «белгінің» үш негізгі сипатың американдық философ Чарлз Пирс айқындады. 1) белгінің белгіге қатыстылығы; 2) белгінің нені білдіретіне қатыстылығы; 3) белгі мен оны қолданатындардың ара қатыстылығы. Осыған орай, сомиотика өз ішінде үш пәнге болінеді, олар: синтактика, семантика және прагматика.  

Бастапқыда ғылыми айналымға жәй бір қатардағы көп теорияның  бірі ретінде кірген семиотика, бүгінде гуманитарлық сала мамандарының үлкен қызығыушылығын тудырып отырған ғылыми жүйеге айналды. Әдебиетті таныу мен әдебиеттіңтеориялық сипатын саралайтын арнайы еңбектер мен оқу құралдарының бар екені белгілі. Олар өз кезеңінде әдебиеттісаралайтын нақты категориялар мен терминдердің жиынтығынан тұрады. Мұндай категориялар жүйесінде семиотика – белгі мен бораз түрінде беріледі. «Кез- келген белгі білдірілетін және білдіретін зат пен құбылыстың бірлігі, олар туралы ақпараттың иесі. Мәселен, біз көзбен көрмегенімізбен «арба», «стол» деген заттардың атын естеи отырып, ол туралы бір түсінік қалыптастыра аламыз. Белгідегі ең бастысы мағына мен оның көрінісі. Белгілер жүйесінде мағына ең үлкен әрі аса маңызды категория. Тіл де, тарихта, маххабатта бәрі-бәрі белгілер жүйесі» Олай болса белгі дегеніміз не? Белгі болудық шарттары қандай? Белгінің тәндік не жандық, не басқалай құндылықтар жүйесіндегі анықтамалық қасиеті бар ма? Бар болса оны қанлай тұжырымдармен дәлелдейміз? ХІХ ғасыр басындағы бірқатар философтар заттар мен белгілердің ара- қатынасын ажыратуға талпынған болатын. Мұның қиындығы сол, кейбір жағдайларда белгі болып ұғыналатын нәрселер басқа бір құндылықтар жүйесінде жай ғана қарапайым зат болуы мүмкін (мәселен, Құранды – Алланың сөзі деп қәдірлеп қасиетті, күрделі ұғымдар мен белгілер ретінде де немесе жай көне кітәп ретінде де қарастыратындар бар) . Мәселен бұлай болғанда, жалын белгі деген ұғымды қарастыру түрлі ғылымдар жүйесінде әрбір жағдайға байланысты әрқалай болады. Демек, бұл семиотиканың нақты спецификалық нисаны жоқ дегенді білдіреді. Әлбетте, бұл жерде семиотика ғылыми немен айналысады? деген заңды сұрақтан туындайды. Осы мәселенің қыр сырына үңілген семиотик ғалым Ц. Тодаров оған төмендегідей анықтама береді: «Здесь необходимо ввести родовое по отношению к понятию литературы понятие дискурса (discours). Это - структурная пара к функциональному концепту "употребления" (языкового) (usage). Почему необходимо это понятие? Потому, что языковые правила, обязательные для всех носителей языка, - это лишь часть правил, управляющих производством конкретной речевой продукции. В языке - с различной степенью строгости - закреплены лишь правила комбинирования грамматических категорий внутри фразы, фонологические правила, общепринятые значения слов. Между совокупностью этих правил, свойственных всем без исключения высказываниям, и конкретными характеристиками конкретного высказывания пролегает пропасть неопределенности. Эту пропасть заполняют, с одной стороны, правила, присущие каждому дискурсу в отдельности: официальное письмо составляют иным образом, нежели письмо интимное; а с другой - ограничения, которые накладывает ситуация высказывания: личность адресанта и адресата, условия места и времени, в которых возникает высказывание. Специфика дискурса определяется тем, что он располагается по ту сторону языка, но по эту сторону высказывания, т. е. дан после языка, но до высказывания». Ал өзі бастапқыда семиотик ғалым болып келген Е. Горный болса бұл ғылымның теориялық тіректерін түгелдей жоққа шығарады. Жоғарыда семиотиканың нақты нысандық тұрғыдағы зерттеу аясының трақсыз екенін сөз еттік. Енді мұның субъектілік анықтамасын алалық. Е. Горный бұл тұрғыда төмендегідей сезімнің жетегінде кетсе де, толықтай негізсіз де емес анықтама береді : «Семиотика как наука институциализируется самими семиотиками. Знаком семиотической ориентации научной работы (которая может быть посвящена чему угодно) является использование принятой семиотической терминологии (знак, код, сигнификация, семиозис и т.п.) вкупе со ссылками на другие семиотические труды. Таким образом, определение по субъекту может звучать так: "семиотика - это то, что люди, называющие себя семиотиками, называют семиотикой"».                   

Әлбетте, бір ғылымның негізгі теориялық тұжырымдарын түгелдей жоққа шығару үшін оны дәлелдеу керек. Және әрбір дәлелдің  шынайылық дәрежесі мен ғылыми апараты да үйлесім табу тиіс . Бұл тұрғыда  Е. Горный өз зерттеуінде теориялық һәм практикалық тұрғыда салмақты дәлелдер келтіреді. Асылында семотика   мәселенің шынайылығынан гөрі сыртқы пішіндік сипатын саралайды.   Құрғақ құрылымға «ұлы мағынаны» телиді. Әлбетте, бұл тұйыққа апарар тәсіл. Дегенмен  мәселенің  мәнін емес, сыртқы механизмін, прагматикалық (мұның өзі де шартты ұғым) тиімділігін айқындауда, семиотика таптырмайтын тәсіл екенін де айтуымыз керек. 

Семиотиканың – «белгілер жүйесі туралы ғылым» деген шартты анықтамасы бар екені белгілі. Дегенмен мұның нақтылығы бірқатар күмән туғызбай қоймайды.

Ең алдымен, қазақ прозасының өзіндік сыпаты құрылымдық ізденістер аясында талдауларға түсе бастады. Көркем мәтіндегі структуралистік, семиотикалық белгілер, сол белгілерді қарастыратын тұжырымдар негізінде сараланды. Бұл бір жағынан алғанда аталмыг (структуралистік, герменевтикалық, семиотикалық) зерттеу тәсілдерін түрлі әдістемелік жағдаяттарда қарастыруға жол ашты. 

Осының нәтижесінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары орын алған пікірталастарда әдебиеттаныу ғылымындағы зерттеу тәсілдері мен бағыттарды алмастырып қолдану үрдісі байқалды. Бертін келе әрбірінің тақырып аясы нақтыланып әдеби бағыттардың көркем өнер мен ғылымдағы орны белгілене бастады. Өнерді танудың дәстүрлі тәсілдері мен жаңаша эксперименттік тәсілдердің арасындағы өзара бәсекелестіктер орын алды. Дәлірегі, бүгінде әлемдік әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық семиотикалық структуралистік, постмодернистік секілді бағыттардың әдістемелері ұлттық әдебиеттану ғылымында тың теориялық, аналитикалық талғау ¬¬– талғамдармен толығуда. Шығарманың көркемдік табиғатына қатысты формалистік талдаудардың орнына көркем мәтіннің эстетикалық құндылығын бағамдайтын әрі мақсатты талдаулар келе бастады. Тәуелсіздіктің келуімен қатар әлемдік әдебиеттану ғылымындағы тың тұжырымдарды саралап, олардың ұлыттық сөз өнеріне берері бар ма, жоқ па деген мәселелерді қарастыруға мол мүмкіндік ашылды. 

Мәселен, Т.Есембековтің орыс тіліндегі “Драматизм және қазақ прозасы” (1997), А.Ісімақованың “Қазақ көркем прозасы. Поэтика, жанр, стиль” (1998), Б.Жетпісбаеваның “Символ в движении литературы” (1999), С.Әшімханованың “Ғ.Мүсірепов прозасының поэтикасы” (1999), Х.Рүстемованың “Әнуар Әлімжанов прозасының поэтикасы” (1997), Г.Мучниктің “Коммуникативтік поэтика проблемалары” (1995), В.Савельеваның “Көркем текст және көркемдік әлем” (1996), “Көркемдік антропология” (1999) т.б. теориялық еңбектерде қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық мәселелер, көркем шығарманың ішкі табиғаты, олардың көркемдік-эстетикалық ізденістері, көркем мәтіндегі құндылықтар ғылыми дәлдікпен сараланады.

Кез – келген ұлттың сөз өнерінің даму, жетілу процессі әлемдік ақыл – ой қазынасымен бірлікте жүзеге асатын жайт. Бүгінде сан – алуан өркениеттік пәм мәдениеттік жүйенің түрлері баршылық. Бір жағынан алғанда олардың бар болуы қаншалықты заңдылықты болса, сөзді танудың түрлі зертеу тәсілдерін ұстанатын әдеби бағыттардың болуы да соншалықты заңды құбылыс. Тәсілдері әрқалай болғанымен әрбір ідеби мектептің мақсат түйістіретін жерлері – сөз өнерінің асыл қасиеттерін зерделеу болмақ. Сол себепті, де әдебиетті тануда біржақтылыққа орын жоқ екендігі айқындалып отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әдебиеттанушылар тарапынан «Еуропаға, орысқа, еліктеуді қоялық», «Төл өнерімізді игеріп алалық» дегенге саятын пікірлер көп айтылды. Асылында бұл ғибраттық, рухани төл әдебиет мұраларын жаңғырту тұрғысынан алғанда өте орынды пікір. Себебі төл әдебиеттінің уызына жорыған жан ғана өзгенің дертінен аман қалмақ. Ал сол төл әдебиет мұраларын мағыналық, құрылымдық мәтіндік, пәлсафалық тұрғыдан талдауға, жүйелеуге келгенде жоғарыдағыдай пікірлердің әлсіздігі байқалады. Сөз өнерін танудың кез – келген тәсілдерінің (структуралистік, герменевтикалық, семиотикалық, т..б.) тиімді түстарын пайдаланудан ұтпасақ ұтылмайтынымыз белгілі. Олардың бәрі сөздің құрылымына басымдық берсе, келесісі оның семантикалық қасиетін ту етіп ұстанады. Дегенмен әдебиетті танудағы әр алуандық оны кәсіптік бәсеке тұрғысынан шыңдай, түскеннен өзге күрделі зиянын келтіре қоймайды. 

Қазіргі әдебиеттуралы ғылымның философиялық негізі мәдени қақтығыстарға, пәнаралық зерттеу тәсілдеріне, мәселенің өзінен гөрі мәнін қарастырумен байланысты. Бұл әдебиетті танудың дәстүрлі тәсілдерінің қауқарсыздығынан туып отырған жайт. Танымдық жүйе мен көркем сөздің қызметі әркез бірлікте әрекет ететіні белгілі. Осы тұрғыда, кеңестік жүйеге негізделген мемлекеттердің тәуелсіздікке қол жеткізген әдебиеті мұндай әдістемелік өзгерісті жедел қабылдап үлгерді. Әдістемелік ізденіс шеңбері кеңи түсті. Тәуелсіздік кезгі қазақ әдебиеттануындағы соны ізденістерде көркем сөзді талдау тұрғысынан үлкен бәсеке алаңының бар екенінен хабар береді. 

Структуралистік, герменевтикалық семиотикалық зерттеу тәсілдерінің әрбірінің “шығарма сөзге” (Ахмет Байтұрсынұлы) деген өзіндік саралау әдістері бар. Осылардың қатарында, структуралистік, яғни көркем сөзді құрылымдық поэтика тұрғысында саралау үлгілері қазақ әдебиеттануында да соңғы жылдары көбейіп отыр. 

А.Л. Жовтис, Л.Л. Бельская, С.А. Матяш, Х.Н. Садыков, А.Е. Кулумбетова, Н.Ж. Сагындыкова, А.С. Исмакова, Б.А. Жетписбаева, Т.У. Есембеков, Б.К. Майтанов, А.Ж. Жаксылыков, С. Ашимханова, В.В. Бадиков, К.Р. Рустемовой, Г.М. Мучник, В.В. Савельева, Х.А. Адибаев сынды әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері көркем сөзді танудағы жаңаша әдіс-тәсілдерді қолданады.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеу нақтылығына әдістемелік тұрғыдан бірқатар үлес қосқан ғалымдардың ішінен филология ғылымдарының докторы, профессор А.Л. Жовтисті бөле жара атауға болады. Отандық әдебиеттану ғылымындағы өлең сөздің құрылымдық ерекшеліктерін зерттеудің басында тұрған ғалым, көбіне құрылымдық тәсілдің түп негізін басшылыққа алуды ұсынды.  А.Жовтистің зерттеу еңбектеріне арнайы шолу жасай отырып, әдебиеттанушы ғалым Л.Сафронова: «Ученик Л.И. Тимофеева, А. Л. Жовтис был сторонником умеренной ветви структурализма, акцентирующей содержательность художественной формы. Его кандидатская диссертация «Емельян Пугачев» В.Я. Шишкова (отбор и творческое исследование исторического материала)» (1954) уже отражает отказ ученого от вульгарно-социологического литературоведения, апелляцию собственно к поэтике текста, основам объективного литературоведческого историзма» деп ой қорытады.

 А.Жовтистің ғылыми зерттеу шеңберінің аясына өлеңтанудың теориялық мәселелері, өлең сөздегі стиль мәселесі мен авторлық өзгешелік, өлең сөздің стилдік типологиясы, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы, өлең сөз бен прозаның ара қатынасы секілді мәселелер де кірді. Ғалымның және бір маңызды зерттеу ізденісі ретінде бүгінгі әдебиеттанудың әлеуметтік қырларына, дәлірек айтсақ, иделогияның өлеңнің пішіндік ерекшеліктеріне әсері тұрғысындағы жұмыстарын айтуға болады. 

А. Л. Жовтистің өлеңтану саласындағы шәкірттерінің бірі ф.ғ.д., профессор Л.Л.  Бельская өз еңбектерінде олең сөзді талдаудағы құрылымдық тәсілдің жетістіктеріне сүйенеді. С.Есенин шығармашылығына арналған докторлық жұмысында Л.Бельская ақын өлеңдерінің дыбыстық құрамын структуралистік тұрғыдан талдайды. Өлең сөздегі ұйқас, бунақ, тармақ, шумақтардың даралық қасиеті статистикалық талдау тұрғысынан дәлелденіп, С.Есениннің ақын ретіндегі жаңа бір қыры айқындалған. 

Ал ғалымның ақын шығармашылығының А.Пушкин, И.Бродский, О.Мандельштам т..б. секілді ақын өлеңдерімен сарындас тұстарын қарастыруы, оның көркем мәтінді тек құрылымдық тұрғыдан емес, семантикалық тұрғыдан да қарастырғанын көрсетеді.  

Ф.ғ.д., профессор С.Д. Абишеваның зертеулерін де структуралистік тәсілдің аясында қарастыруға әбден болады. Мұның бірден – бір дәлелі, әдебиеттанушының 2002 жылы жарық көрген «Поэтическая сестема «мир природы»: структура и семантика» атты монографиялық еңбегі. Асылында структурализм – кез – келген жүйедегі ішкі ережелердің қызметін реттейді десек, аталмыш еңбекте мұның іс – тәжірибиелік аспектісі дәлелденген. С.Абишева қазақ – орыс ақындарының поэтикалық материалдарының негізінде сөз, композициялық құрылым, цикл, обрьздың жүйе секілді ұғымдардың негізінде «табиғат әлемінің» семантикалық және структуралистік сипатын талдайды. Структуралистік теорияда   әрбір жүйе өз ішінде бірнеше жүйеге болінеді. Мұның өзі сайып келгенде шығарманың құрымдық қасиетін аша түседі. Осы тәсілді бұл еңбектің авторы табиғаттың көркемдік әлеміне теліген. Мұндай структуралистік жүйелігін тәсілі зерттеушіге ХХ ғасыр поэзиясындағы табиғатты бейнелеудегі ортақ ерешіліктерді  айқындауға, олардың құрылымдық – семантикалық  белгілерін нақтылауға мүмкіндік бергенін айту керек. 

Мәтінді структуралистік  тұрғыдан талдаудың тиімділігіне шек келтірмейтін әдебиеттанушы ретінде Х.Н.Садықовты атауға болады. Х.Н.Садықовтың 2002 жылы жарық көрген орыс тіліндегі «Әдебиет теория» оқулығы мұның бірден – бір дәлелі деуге болады. Оқулық авторы сөз өнерінің озіндік ерекшелігін эстетикалық  жүйе ретінде қарайды. Көркем мәтіннің құрылымын әдебиеттанушы оның семантикалық ерекшелігінен жоғары қояды. Яғни, сөз өнері, ең алдымен, эстетикалық нысан (поэтика – эстетика – семиотика бірлігіндегі). Бірақ, теориялық поэтиканың дәстүрлі зерттеу еңбектерінде эстетика пәлсафалық құндылық ретінде қарастырылады. Оның материалы (материал: поэтика – риторика – стилистика) екінші кезектегі мәселе. Ал, Х.Садықовтың структуралистік әдістемесі өзіне ыңғайлы тәсілді алға тартады. Яғни, автор көркем мәтіннің мағынасынан  оның құрылымына емес, керісінше, пішіннен мазмұнға қарай талдайды.

Структуралистік поэтиканың аясында жұмыс жасап жүрген келесі әдебиеттанушы – А.Е.Құлымбетова. А.Құлымбетова мәтінді жүйелі талдау мектебінің окілі. Әдебиеттанушы ең алдымен, көркем мәтінің пішіндік пәм мағыналық қасиетін ашуда жүйелі әдіс – тәсілдерді дамытады. Мәтіндегі пішіндік және мағыналық қызметтегі хронотоптың орны мен оның өзіндік өнер жүйесіндегі ағымдық құндылығы кезеңдік белгі ретінде қарастырылып, жүйенің жалғастығы нәтижесінде белгіленеді. 

А.Е. Кулумбетова  «Стиль казахского рассказа и повести» (1993), және      «Системный анализ художественного произведения» (1997) жылы атты монографиялардың авторы М.Бахтиннің хронотоп ұғымы бойынша әдебиеттанушы стилдің спецификасына үңіледі. Стильдегі жүйе, және стилдің ағымдық санадағы құрылымдық қасиеті және зера зерттеу нысаны етіп алынған. 

Эпикалық жанырлардың түрлерін ғылым, олардың  хроноптық қасиетіне қарай ашуға талпынады. 

Отандық әдебиеттану ғылымында біз қарастырып отырған зерттеу тәсілдері толықтай болмаса да, олардың тиімді элементтері мен прагматикалық механизмдері кеңінен қолданылып келеді. Осы ретте симвология саласына қалам тартып жүрген ф. ғ. д, профессор Б. А. Жетпіспаеваның ежелгі түркі дүниесінің әдебиетін семиотикалық тәсіл арқылы саралайды. Әрбір ұлтың тарихынан сыр шертер, әрі сыр шертіп қана қоймай ұлттың белгілі бір құндылықтар жүйесін қалыптастырар мәдени генезистік тұрақты танымдық өлшемдері болады. Көне әдебиет үлгілерін талдауда шығарманың тарихи негізін білу аса маңызды шарттардың бірі болып табылады. Себебі автордың шығарманы тудыру барысында бастапқы стратегиясы туындының өне бойында әркез оқырманға әсер етіп отырады. Әдеби жәдігерлердің  пайда болу дәуірі көне болған сайын шығарманың өзі  және авторы жайлы сенімді мәліметтер табу қиынға соғады. Ал семиотикалық зерттеу тәсілі ең алдымен зерттеу нысанын диахрониалық тұрғыдан саралай отырып, оның ортақ таңбалар түйесіндегі орнын айқындап береді. Бұл ғалымның негізі ұстанымына зерттеу жұмысының қорытындысына қаншалықты әсер етеді? Ол жағы әдебиеттанушының еншісінде яғни ол материал мен оған қолданылған зерттеу тәсілдерінің ара салмағын байыпты түрде реттеуге тура келеді. Қазақ әдебиетінің материалы негізінде жазылған Б. Жетпіспаеваның «символ в движении литературы» атты докторлық монографиясы көшпенділердің сөз өнеріндегі символистік ойлау жүйесін  саралайды. Асылында бұл бүкіләлемдік әдеби процесс пен ұлттық көркем сөздің төл сипатының тоғысқан тұсындағы аса маңзды мәселе. 

Тарихын мифологиялық ұғым-түсініктер мен образды ойлау ерекшелігінен тартатын түркі жұртының әдеби жәдігерлерін бүгінгі әдебиеттегі жаңаша тәсілдермен зерттеудің тиімділігін уақыт дәлелдеп берді. 

Көркем мәтіндегі күрделі «таңбалар жүйесін» прагматикалық мақсұтқа жеңдіріп айқындап беру – тәуелсіз кезеңіндегі әдебиеттанудың бірден-бір ұстанымына айналды. Мәселен, ауыз әдебиетінің үлгілерін алсақ, ондағы мағыналық тереңдік (герменевтикалық тәсілді қажет ететін), құрылымдық қасиеттің феномендік белгілері (структуралистік тәсілді қажет етеді), асыл сөздің түрлі деңгейдегі кодтары (семиотикалық зерттеу тәсілдеріне әбден негіз бола алады) бәрі бәрі жиылып келіп, ұлттық сөз өнеріне деген жаңаша әдістемелік зерттеу үлгілерін қажет ететіндігінен хабар береді. Әрине, болашақта бір жүйеге бағындырылатын мұндай тәсіл әлемдік әдебиеттанудағы аталмыш зерттеу тәсілдерімен қосыла күрделі синтез тұрғысында өмір сүруге мәжбүр болуда.

Көркем сөздің осындай күрделі айтыс-тартысқа құрылған (драматизмге) қасиетін саралау ф.ғ.д., профессор Т.Ұ.Есембековтің зерттеулерінде айқын байқалады. Т.Ұ. Есембеков көркем мәтінді саралаудың структуралистік, постструктуралистік, психоаналитикалық, постмодернистік зерттеу тәсілдерінің әдістемелік базаларына сүйене отырып, драмалық жанрлардың қасиетіне байланысты тың тұжырымдар жасайды. Көркем сөздің ішкі күрделі құрылымдық белгілерінің даму барысындағы драматизмнің орнын ғалым, драманың түрлі деңгейдегі жанама компоненттері арқылы айқындап береді. Аталған теориялық тұжырымдардың практикалық тұсын әдебиеттанушы Ә.Тарази, С. Жүнісов, О. Бөкей, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Д. Исабековтер сынды қаламгерлердің шығармашылығының негізінде дәлелдейді. Структуралистік тәсіл тұрғысынан алғанда драматизм мәтіннің көркемдік бірлігіне қызмет етеді. Құрылымдық поэтика мұны мәтіннің тысқы әрі функционалдық белгілеріне қарай саралайды. Ал Т.Есембековтің монографиялық жұмысында бұл фактор – көркем мәтіннің драмалық қасиеті «авторлық көзқарас» тұрғысынан ашылады. Яғни әрбір көркемдік элементтің бірізділікке түсуі «авторлық позицияның» ықпалына байланысты екені жан-жақты эксперименталдық әрі нақты салыстырмалы аналитикалық талдаулар нәтижесінде дәлелденеді. Осы тұжырымның аясында қазақ прозасының, дәлірегі ондағы драматизмнің кезеңдік белгілері (20-30 жылдардағы проза; 50-60 жылдардағы проза; 70-жылдардағы проза) нақты синтездік түйін ретінде көрсетіледі.

Әдебиеттің рухани негізін саралауда да түрлі әдеби тәсілдердің қажеттілігін қазіргі әдебиеттанулық ізденістерден айқын аңғарамыз. Осы тұрғыда дәстүрлі классикалық герменевтика мен құрылымдық поэтиканың түйісіндегі көркем мәтіннің мағыналық сипаты арқылы оның генезисіне үңілу жолдарын ұтымды іске асуда. Жоғарыда тоқталып өткен әдебиттің бастапқы функционалды міндеті бүгінгі мәтінде қалай көрінді? Ол міндеттің қандай басымдық тұстарын (семантикалық, эстетикалық, поэтикалық, тілдік) қазіргі әдебиет еншілеген? Әлбетте, осы мәселелерге қатысты арнайы зерттеулер болмағанмен бұл проблеманың негізгі алғышарттарын нақты типологиялық салыстырулар арқылы дәлелдеуді мақсат еткен еңбектер баршылық. Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Ж.Жақсылықовтың көркем мәтіндері де, ғылыми әдебиеттанулық еңбектері де бөлекше назар аударуға тұрарлық жұмыстар. Тәуелсіздікке дейінгі әдебиеттану ғылымында көбіне мақсатты түрдегі шарттылықтардан бас көтерткізбей тастаған көркем сөздегі мәңгілік, рухани тақырыптарда жаңаша тәсілдермен талдаудың үлгілері А.Жақсылықов еңбектерінде айқын байқалады. Әдебиет пен діннің аражігін әдейілеп ажырату – кеңес кезіндегі ғылымның басты ұстанымы болғаны әмбеге аян. Дегенмен, көркем сөз бен руханияттың әдебиеттегі ажырамас бірлігін ешкім де жоққа шығара алмады. А. Жақсылықов «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. Типология, эстетика, генезис» (1999) атты докторлық монографиясында әр дәуірдегі қазақтың көркем сөзіне діни-парасаттылық, рухани-эстетикалық, адами-пәлсафалфық сипаттың қаншалықты әсері болғандығы жайында жүйелі тұжырымдар жасайды. Бұл тұжырымдардың дені ғалымның «Просветление Ахмеда Яссави» (1996), «Религия и литература в эстетической взаимосвязи» (1997), «Религиозные мотивы в художественной литературе» (1998) атты ғылыми-танымдық, әдістемелік және монографиялық еңбектерінде көрініс тапты. Рух еркіндігі және жаратқанға деген сүйіспеншілік, ғалымның пікірінше әдебиеттің шынайы келбетін айқындауға қызмет етеді. 

Тәуелсіз әдебиеттану ғылымындағы бірқатар еңбектерді әдістемелік, негіздік тұрғыдан структуралистік, ал зерттеу материалы тұрғысынан семиотикалық пайым бойынша жазылған деуге болады. Мәтінді коммуникативті қасиеті тұрғысын қасиеті тұрғысынан қарастыру соның бір дәлеліндей. Көркем мәтіннің құрылымдық белгілерінің авторлық ұстаным тұрғысынан да, оқырманның талғам тұрғысынан да айшықтала түсетін тұстары бар. 

Қазақ әдебиеттану ғылымының тәуелсіздік кезеңінде әдебиетті зерттеудің соңғы, жаңашыл тәсілдерін (нарратологиялық, дискурстық анализ т.б.) қолданып жүрген ғалымдардың қатарында ф.ғ.д., профессор Б.К.Майтановты атауға болады. Теориялық поэтика тұжырымына сүйенсек, әрбір кезеңдік мәдениеттің функциясы (немесе кодфикациясы) мен мәтіннің өзіне тән функциясы бір емес. Бұл тұжырым өз кезегінде көркем мәтіннің семантикалық және прагматикалық мүмкіндіктерін жан-жақты ашып береді. Осы тұрғыдан алғанда Б. Майтановтың монографиялық еңбектеріндегі зерттеу материалдарының кезеңдік тұрғыдан шектелмеуі – нарратологиялық қағида мен нарратологиялық жүйе ішіндегі мәтіннің көркемдік-эстетикалық белгілерін алдыңғы сапқа шығарудан туған заңдылық болса керек. Мұның бірден-бір дәлелі ретінде ғалымның қазақ романдарының баяндау жүйесіндегі баяншының, автор мен оқырман категорияларының, романдық стилдегі образадар жүйесінің, шығарманың заттық әлемі мен стилистикалық белгілерінің орнын айқындап бергенін атауға болады. 

(2002), “Портрет поэтикасы” (2006), “Монолог құрылымы” (2006), атты еңбектердің, орыс тілінде “Романның баяндау жүйесіндегі автор” (2003),

Бақытжан Майтановтың “Монолог құрылымы” (2006) зертеуінде осы көркемдік телім табиғаты шынайы тартыс, мінез, эмоционалдық актілердің тереңдігі, сюжеттік – композициялық орны тұрғысында бағамдалады. Ішкі монолог, ашық монолог, монодиалог формалары, олардың стилистикасы мен графикалық өрнегі, ырғақ, екпіні сияқты мәселелер пайымдалады. М.Мағауин, Д.Амантай, Р.Мұқанова шығармалары сана ағымы , ой ағымы, түс, елес көріністерін қамту даралығы бойынша зерделенген. 

Мәтін поэтикасындағы көркемдіктің деңгейі автор мен оқырманның коммуникативтік ара-қатынасына тікелей байланыстыра зерттеп жүргендердің бірі ф.ғ.д., профессор Г.М. Мучник. Өзінің теориялық  тұжырымдарын автор шығарма сөздің коммуникативті ерекшеліктеріне байланысты жазған «Проблемы коммуникативной поэтики» (1995), «Текст в системе художественной коммуникации (восприятие, анализ, интерпретация)» (1996) атты монографиялық еңбектерінде келтіреді. Мұнда көркем мәтіннің оқырманның интерпретациясы, оның қағидалары, әдіс-тәсілдері, оқырман әсеріне деген авторлық ұстаным, мәтін стратегиясы және коммуникативті кемшіліктердің үлгілері, әдеттен тыс коммуникативті жайттар мен стереотиптерінің қызметі мен оларды жасау жолдары қарастырылады. 

Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы нақтылық позициясын ұстанған автор зерттеулеріне материал етіп, көбіне постмодернистік авторларды таңдаған. 

Әдеби құбылыстарды айқындауға жаңаша бағытты ұстанатындардың сапында ф.ғ.д., профессор В.В. Савельеваны атауға болады. Структуралистік, постструктуралистік, семиотикалық, мәдениеттану мен рецептивті эстетиканың зерттеу мүмкіндіктерін қатар қолданатын ғалым әдебиет теориясының құрылымын идеялар мен ұғым-түсініктердің жүйесі ретінде қарастырады. Мұндай көзқарастың бір ұшы әдебиеттанушының Достоевскийдің әйгілі «Ағайынды Карамазовтар әулетін» зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясына барып тіреледі. Достоевский романындағы сюжеттік белгілер мен мотивтік жүйелердің құрылымдық ерекшеліктерін зерттеуші романдық шындықтың символикалық көріністері ретінде  қарастырады. В.В. Савельеваның «Художественный текст и художественный мир проблемы организации» (1996) атты оқу құралында «впервые в научной теории и практике разграничиваются понятия художественный текст и художественный мир, разрабатывается модель художественного мира как альтернативной реальности, воспроизводимой методом читательской  реставрации через интерпретацию и анализ художественного текста. Художественный мир изучается в работе в аспекте его иконики (образного строя), пространственно-временной организации, событийной динамики и языковой реальности» . 

Зерттеушінің ғылыми ізденістерінің нәтижесінің көркем мәтіндегі басты қағида болып саналатын адамды тану қағидасына қарай ойысуы да бір жағынан алғанда заңдылық болатын. В.В.Савельеваның «Художественная антропология» (1999) атты монографиясында автор – адам, автор – кейіпкер, автор – оқырман, авторлық сана үстемдігі деген ұғым-түсініктердің әдеби шығармадағы орны сарапталады. 

Асылында, әдебиеттегі антропологиялық бағыттың генезисі мифтен тарайды. ХІХ ғасырда француз ғалымы Б.Фонтель, ағылшындық Э.Тейлор, Э.Ленгтер адам санасындағы алғашқы сенім-түсініктерін қарастыру арқылы көркем сөздің хронологиялық шежіресіне үңілгісі келді. Ауыз әдебиеті үлгілерінің негізінде жасалған ол зерттеулер көркем сөздің алғашқы пішіндік үлгісі мифтік ұғымдар дегенге саяды. Дж.Фрезердің «Алтын бұтақ» («Золотоя ветьв») атты (1890-1915) көптомдығын Э.Тейлор мен Э. Ленг тұжырымдарының бірден-бір жемісі деуге болады. Қазіргі әдебиет пен әдебиеттануда да жаратылыс жайлы бастапқы ұғым-түсініктерден шығып кемелденген әдебиет түптің-түбінде өзінің мекеніне қайта оралады деген пайым бар. Қазіргі көркем мәтін мен дүниежүзілік әдебиетттануда бұған мысалдар жеткілікті. Көркемдік антропология болса, әлгіндегі пайымдардың көркем мәтіндегі көрініс оның құрылымдық белгілері арқылы жүйелеуді, дәлелдеуді мақсат етеді. 

«Көркем әдебиет» атты ұғымның мазмұны мен құрылымы жайлы сөз қозғағанда көркем мәтінді көркем емес мәтіннен ажыратып тұратын факторлар жеткілікті екені белгілі. Бұл текетірестің жанды тұстарына М.Бахтин, Ю.Тынянов, Я.Мукаржовский сынды зерттеушілер арнайы тоқталған. Ю. Лотманның пікірінше көркем әдебиет туындыларын өзге мәтіндерін ажыратудың екі түрлі жолы бар. 

1. Функционалдық тұрғыдан айқындау. 

Бұл тұрғыдан бір мәдениет алаңында эстетикалық міндетті жүзеге асыра алатын кез-келген мәтін көркем әдебиет болып саналады. Себебі жалпылай алғанда мұндай жағдайдың жүзеге асу мүмкіндігі бар. Мәтіннің жасалу кезеңіндегі талғам бір емес. Автор үшін өнер деп саналмаған мәтін зерттеуші үшін нағыз өнер туындысы болуы мүмкін, немесе керісінше.

2.Мәтіннің ішкі құрылымы тұрғысынан .

Мәтіннің әлгіндей қасиетке ие болуы үшін оның жоспарлы бір құрылымы болуы қажет. Соның негізінде автор мәтінге түрлі деңгейдегі кодтар жасырады (көркемдіктің бір шарты ондағы сан салалы кодтар). Немесе, зерттеуші мәтінге көптеген кодтар теліп жатады. Бұл мәтіннің міндеті тұрғысынан ғана мақсаттылығын білдіріп қана қоймай, әдейілеп құрылған болмыс ретінде де қарастыруға мүмкіндіктер береді. Алғашқысы мәдениеттің құрылымын қарастырса, соңғысы мәтіннің құрылымын қарастырады. 

Тәуелсіздік алған 1990 жылдардан бері қазақ әдебиеті мен өнері өзге елдермен терезесі тең дәрежеде шығармашылық орната бастады. Бұрындары Кеңес үкіметі құрамындағы бір ел ретінде танылған Қазақстан қазір тәуелсіз, егеменді, дербес мемлекет. Оның өзінің бірнеше ғасырларға ұласқан тарихы, өнері, әдебиеті мен мәдениеті, салт-дәстүрі бар жер байлығымен қоса рухани мол мұрасы да ұшан-теңіз ел екендігін бүгінде дүние жүзі танып, мойындап үлгерді. Нарратология, яки «баяндау теориясының» (қазақшалағанда бұл ғылымның нысаны, баяндау үлгісіне құрылған кез-келген жанрдағы шығармалардың құрылымдық, һәм мағыналық ерекшеліктерін сараптаумен дөп келеді) Байтұрсынұлы замандастары Б. Томашевский, В. Шкловский, В. Пропп, В.Волошинов, М. Бахтин тұжырымдарымен тікелей туыстығы бар.  Бүгінде батыста жылдам қарқын алып келе жатқан нарратологиялық әдістеменің тәсілдері аталмыш орыс әдебиеттану ғылымның өкілдерінен бастау алып, негізі қаланғаны белгілі. Мәселен, бір ғана «нарративтік» түсінігін алсақ, оның 1925 жылы Томашевский жазған «фабулалық» түсінігінен шығатынын көреміз. «Дискриптивтік» немесе «сипаттау» терминдеріне қарама-қарсы мағнадағы «нарративтік» терминінің мағынасы материалдың құрылымдық желісіне қатысты ашылады. Егер шығарма құрылымында бір тарих баян етілсе, оның мағынасы бір оқиғаға апарады. Бұл тұрғыда В. Шмид: «Тексты, называемые нарративными в структуралистическом смысле слова, излагают, обладая на уровне изображаемого мира темпоральной структурой, некую историю. Понятие же истории подразумевает событие. Событием является некое, изменение исходной ситуации: или внешней ситуации в повествуемом мире (естественные, акцииональные и интеракциональные события) или внутренней ситуации того или другого персонажа (ментальные события)» дейді . Сөйтіп, нарративтік шығармаларға уақиғалы тарихи баянға құрылған туындыларды жатқыздық. Ал енді бұл  тұжырымның  (шығармадағы «уақыттық белгіге» байланысты) негізін Б. Томашевский  еңбектерінен көріміз. Баяндаудың негізгі ерекшелігіне байланысты ғалым екі теориялық тұжырым енгізеді. Баяндаудың құрылымындағы тақырыптық белгілердің орналасуында екі маңызды түр болатынын айтады. Оның жүйесі төмендегідей: «1)  причинно-временная связь между вводимым тематическим материалом; 2) одновременность излагаемого или иная сменность тем без внутренней причинной связанности излагаемого. В первом случае мы имеем произведения фабульное (повести, романы, эпические поэмы), во втором – произведения бесфабульное, «описательные» («дескриптивная и дидактическая поэзия», «лирика», «путешествия»: «Письма русского путешественника» Карамзина, «Фрегат «Паллада»» Гончарова и.т.п.)» . Айта кету керек, Томашевский бұл жерде баяндауға уақыттық белгімен қатар, «себептік белгіні» де қосып отыр. Әдебиеттанушы И.В. Силантьев те осы категорияларды түсіндіргенде, өз тұжырымдарын Б. Томашевский, Ю. Тынянов енгізген теориялық тұжырымдардан тарататынын жазып жүр. 

Әдебиетті зерттеу тәсілдерін қарастырған бұрын сол әдебиеттің тікелей өзіне қатысты бірер тұжырымдарға тоқталып өткеніміз жөн болар. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында көркем әдебиеттің спецификалық шегарасы мен күрделі бітім болмысын айқындау – едәуір  ғылыми пікірталас тудырып отыр. Қандай мәтінді көркем әдебиет деп, ал қандай мәтіннің көркем әдебиетке жатпайтындығы тұрғысында үзілді-кесілді тұжырым жасау кімде де болса, біршама тығырыққа тірері анық. Мұнымен қоса, әдебиеттің болмысын – ойдан шығарылған әңгіме, сұлу сөз,  суреттеп ойлау деген шартты анықтамалармен де айқындай алмаймыз. ХХ ғасыр басында P.O. Якобсон: «Әдебиет теориясының зерттеу аясы әдебиет емес, әдебилік болуы керек» ("предметом теории литературы должна быть не литература, а литературность") деген тұжырымды алға тартты. Якобсонның тұжырымын басшылыққа алған Зенкин әдебилік ұғымын ауыспалы категория ретінде қарастырады: «Литературность исторически переменчива: для одних текстов она концентрируется в чем-то одном, а для других — в другом. Такая подвижность критерия как раз и создает теоретическую предпосылку для борьбы вокруг литературы, для постоянных попыток отнести то или иное явление к литературе или не литературе». Осы тұжырымды Якобсоннан тарататын Ж.Женетт те өз кезегінде әдебиліктің түрін «мәніне қарай» және «жағдайына қарай» (литературность "по сущности" и литературность "по обстоятельствам") деп екіге бөліп зерделеуді ұсынды.

Ұлан Еркінбай


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы герменевтикалық, структуралистік және семиотикалық зерттеу тәсілдері
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-05-10/652.html