Қазақстанда жасалған бірегей ірімшік ресейлік тұтынушыларға жетті

Жылқы сүтінен ірімшік жасау әдісін меңгерген кәсіпкер эксклюзивті өнімді Мәскеу дүкендерінде сата бастады. Азық-түлік эмбаргосы тәртібін енгізген елде қолдан ірімшік жасау дәстүрі қайта жаңғырған. 

Жергілікті мамандар қазақстандық өнімге аса қызыққанымен, оның әдісін меңгеру мүмкін болмай тұр. Әзірге қазақстандық кәсіпкердің жылқы сүтінен дайындаған ірімшігіне әлемде балама табылмады. Ресейде қолдан жасалған ірімшікке сұраныс артты. Мұндағы мамандар ірімшікті ерекше әдіспен дайындауды енді игере бастаса, қазақстандық кәсіпкерлер бұл салаға әбден бейімделген сияқты.

Петр Пронин, ірімшік өндіретін қазақстандық фирманың Мәскеудегі өкілі: 

-Орман саңырауқұлақтары, гүлшетен қосылған ірімшік, бие сүтінен жасалған ірімшікті сатып жатырмыз. Мұнда Ресейде дәл осындай ірімшік түрлерін дайындайтын шаруашылықтар жоқ. Ал Мәскеу мен Петербор тұрғындарын алсақ, олар бұл ірімшіктің ерекше дәмін ұнатты. Сатып алуға дайын. Жәрмеңкеге әкелінген 50-60 кг ірімшік екі күнде сатылды. 

Қазақстанда шағын өндіріс орнында жасалған бұл ірімшіктің Ресейде тұрақты сатып алушылары да бар. «Кейде өнімді жеке тапсырыс бойынша қайнатамыз», – дейді кәсіпкер. Оның басты мақтанышы – әлемде баламасы жоқ жылқы сүтінен жасалған ірімшік. 

Акмарал Иманбаева, кәсіпкер: 

-Антибиотик, құрғақ сүтті қоспаймыз. Айына 100-200 кг ірімшік жасаймыз. Жылқы сүтінен ірімшік ұйыту мүмкін емес деп саналған. Италия, Флоренцияда осы әдісті табуға 10 жыл бойы талпынды. Біз де көп уақыт қиналдық, бірақ нәтижесі жақсы болды. 

Жылқы сүтінде казеин аз болғандықтан, сиыр не ешкі сүтіндей ұйытуға келмейді. Бірақ қазақстандық өндірушілер оның әдісін тапқан. Бірегей ірімшікті қазір Мәскеудегі қазақстандық тауарлар сататын дүкендерден табуға болады. 

Елена Кондакова, дүкен жүйесінің иесі: 

-Осы ірімшікті таяуда сата бастадық. Сатып алушыларға бірден ұнағаны рас. Оның дәмін татқандар қайта оралып, тағы алатын болды. 

Енді кәсіпкерлер қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшеліктерін ескере отырып, ірімшіктің түр-түрін дайындауды жоспарлап отыр. 


Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Дерккөз: Www.24.Kz


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қазақстанда жасалған бірегей ірімшік ресейлік тұтынушыларға жетті
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-05-30/731.html