«Дағдарыстар циклінен» қалай шығамыз?
«Экономикалық дағдарыс» тіркесі бүгіндері қолданылу жиілігі тым жоғары сөздер қатарында тұр. Оны әрқайсымыз күнделікті өмірімізде сезінуден тыс, президенттен тартып барлық деңгейдегі шенеуніктер қауымы да мойындап жүр.
Еліміз ширек ғасырлық тәуелсіздік тарихында іркес-тіркес үш реткі дағдарыспен бетпе-бет келді. Алғашқысы кеңестер одағының ыдырауымен келген тұтас экономикалық жүйенің құлауы еді. Онан халқымыздың туа біткен қайсарлығы және замандап күткен тәуелсіздіктің қолға келгеніне қанағаттану мен шүкірліктің арқасында өттік. Сонымен бір уақытта Елбасының нарықтық қатынастарға болған «құларлық» дерлік ұстанымы мен табанды реформаторлық құлшынысының жетегінде ашық, жаһандануға бейім, экономиканың төл заңдылықтарын бағдар тұтқан прагматикалық экономика құрып алдық. Іле-шала оңтүстік-шығыс Азия қаржы дағдарысының кесіріне дөп келдік. Ұлттық валютамыз бір-ақ түнде 50 пайызға құнсызданды, импорт азайды, өндірістік бастамалар дағдарып қалды. Мұнан манағы тәуелсіздікті бекемдеумен қатар қолға алынған экономикалық реформалардың жетістіктері алып шықты. Жақын жылдары кезекті дағдарысты бастан кешіріп жатырмыз. Соңғы 3-4 жылда анау жылдары екі орынды санмен өсім берген экономикамыздың өсімі 1 пайыздың ар жақ-бер жағында теңселуде, экспорт-импортымыз көрнекті төмендеген, ішкі сұраныс айтарлықтай қусырылған, ұлттық ақшамыз 3 жыл бұрынғыдан 80 пайызға құнсыз!
Осы ұласпалы дағдарыстардың алғашқысы бүтін жүйенің, сол тұстары әлем экономикасының екінші басын басып тұрған мемлекеттің құлауының табиғи әрі бұлтартпас нәтижесі болса, соңғы екеуінің туындауының ең түпкілікті себебі – ел экономикасының құрылымдық әлжуаздығында.
Бажайласақ, билік те, сарапшылар да дағдарыстың себебін дүниежүзілік экономикалық құлдыраумен түсіндіргісі келеді. Шынымен де, экономикамыздың жаһандану ағымына қосылғаны, әлемдік экономиканың құрамдас субъектісі ретінде ондағы жақсылы-жаманды жағдайлардың бәрінің де ықпалына ұшырайтынымыз талассыз нәрсе. Мысалы, 2008 жылғы шығыс Азия қаржы дағдарысында екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің шетелден алып таратқан несиелерін валюта бағамының сұрапыл ауытқуынан экономикалық сауатсыз жұртқа еселеп қайтартқанын, салдарынан ішкі сатып алу дағдарысының туындағанын; 2013 жылдан бергі мұнай бағасының құлдырауының басты табыс қайнарымызды қалай суалтқанын, ұлттық ақшамыздың әл-ауқатын қалай әлсіреткенін, сонан барып импорттың құнын қалай шарықтатып жібергенін алсақ та жетер…
Десе де, түптеп келгенде біздің сорымыздың түп-төркіні экономикалық құрылымның мүгедектігінде. Ілгерідегі Ақ, Қызыл отаршылардың қай-қайсысының да біздің байтақ жерімізді тек шикізат көзі есебінде малданып келгені белгілі. Кесірінен, біз де шикізатты өндіру мен (оны тасымалдауға бейімдеу үшін және сол деңгейде ғана өңдеген) осы шикізат өндірісіне қызмет көрсету салаларын тірек еткен жалаң байырғылық құрылым қалыптасты. Осы мағынадан алғанда, біз екі ғасыр бұрын ұсынылған «өнеркәсіп төңкерісі» деп аталатын адамзаттық жаңғырудың жетістіктерінен игіліктене алмаған халықпыз. Өйткені, бізде осы жаңғыру өмірге әкелген өз мағынасындағы өнеркәсіп құрылған жоқ.
«Осында Қарағанды кен байыту комбинатын қайда қоямыз? Үлбі металлургия кешенін ұмытамыз ба? Екібастұз ГРЭС-ін естен шығардық па? Шымкентте мұнайға дейін өңдемедік пе?» сықылды сұрақтар қойылуы мүмкін. Өз атымен атар болсақ, «ірі өндіріс ошақтары» деп әспеттелген осы құралыптас өндірістер тұтас дерлік шикізатты басқа жаққа айдауға бейім қалыпқа келтіретін алғашқы мәнерлеу сатысындағы, тұтынушының қолына «тірідей»’ жететін соңғы өнім шығаруға қабілетсіз орындар-тын. ХХ ғасыр бізге киелі тәуелсіздікпен қатар, осындай дімкәс экономика ұстатып кетті.
Сондықтан да, дағдарыстан дағдарысқа қалып келеміз. Өндіріс жоқ! Мақаншының қойының жүнінен шұлық тоқи алғанда, Қарағандының рудасын жабдықтар қылып құя алғанда, Жаңаөзеннің мұнайынан өндірілген бензинмен көлігімізді суара алғанда, оның қалдықтарынан дайындалған пластик тектес бұйымдарды тұтынуға жаратқанымызда, шырайлы өлкенің күн нұрына жете қанған жидектерінің тосабымен әр дастарқанды толық қамтамасыз ете алғанда… басқаға кіріптарлықтан мүлде арылар едік! Шикі мұнайдың баррелінің бағасына телмеңдеп отыратын күнмен қоштасар едік. Бизнесмендеріміз Гуан Джоудан кафель сатып алып тұрып, осыны клиенттің қолына жеткізгенге дейін доллар бағамының ойнап кетпеуін таңғы астарының дұғасына кіргізіп әлек болмас еді!
Мәселен, Германия. Біздің әлемдік экономикамен кірігісіп кетуіміз немістердің қолына су құйып бере алмасы анық. Ендеше «бұзылған» әлемдік экономиканың оған әсер ете алмағаны несi? Себебі, оның үйлесімді экономикалық құрылымы, жетілген өндіріс жүйесі бар. Ең ылғары механикалық жабдықтардан тартып ас қасығына дейін өзі өндіреді. «Елде» апалаң-төпелең болып жатқан күнде «өзінде» алаңсыз отыратын өндіріс әлеуеті немісте бірдеңе болып жатыпты дегенді естіртпейді. Жеріне күріштен өзге күрмек те шықпайтын Жапонияның шикізатқа кіріптарлығы дұшпанның басына тілемейтін дәрежеде, алайда шын мәніндегі өндірістің арқасында әлемге шекесінен қарап келеді. Кеше ғана өзімізбен бір «жөргектен» шыққан Ресейдің өзі мешеу де болса өндіріс дәстүрі бар ел санатымен – біз көрген дағдарыстың бәрін ол да көрді – Батыстың неше түрлі жазалауына төтеп келеді.
Тобықтай түйінге келсек, әлемдік экономикадағы оң-теріс өзгерістер оның белсенді субъектісі ретінде бізге игілікті-қиғылықты ықпалын көрсете береді. Дағдарысты басымызға теліп отырған басқаларға – өзгенің өндірісіне тәуелділігіміз. Онан құтылу үшін жаһандық экономиканың сауығуына тілекші болумен бірге, өз иммунитетімізді көтеруге, экономикалық құрылымымызды оңалтуға қызмет етуіміз шарт. Қысқасы, дағдылы айтатын өндірісті өркендетуіміз шарт. Мұндағы өндірістің өркендеуі бұрынғы түсініктен – өнім көлемін арттырудан арылып, шыт жаңа мазмұндалуы құп. Ол мазмұн санамызда ірілі болсын, ұсақты болсын ең соңғы өнім шығаратын заманауи ұғымдағы өндіріс орындарының ашылуы, есеюі, әлеуеттенуі болып орнығуы ләзім. Сонда ғана «дағдарыстар циклінен» түпкілікті арылатын боламыз.
Құрмет ҚАБЫЛҒАЗЫҰЛЫ
Дереккөз: jebeu.kz
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » «Дағдарыстар циклінен» қалай шығамыз?
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2018-01-03/995.html