Ұлы мылқау
Ұлы мылқау
Чарльз Чаплин мылқау кино дәуірінде кереметтей танымал болды. Зиялы-қайыршының бейнесін сомдау арқылы танылды. Оның кейіпкері ұялшақ, қолының сұғы бар, бірақ өзі әділетсіздікке қарсы бейне еді. 1927 жылы дыбысы бар кино шыққаннан кейін де Чаплин өзінің мылқау киносына адал болып қала берді. Сексеннен астам рөл ойнапты. Бүкіл әлем оны комедия әртісі деп білді. Бірақ ол сценарий де жазған, режиссер, продюссер, тіпті өз фильмдерінің композиторы да болған.
Чаплин көптеген халықаралық марапаттарды иеленді. Бірақ оның басты жеңісі – халықтың ілтипаты.
Ол Лондондағы мюзик-холл әртістерінің отбасында дүниеге келген. Бірақ әкесінің тамағы ауырып, дауысын ерте жоғалтып алады. Соның күйігінен ішіп кетеді де, көп ұзамай қайтыс болады. Күйеуі қайтқан соң анасы қатты ауырып қалады. Ол есінен адасып, ақырында жұмысынан шығып қалады. Чарльз үлкен ағасы Сидни екеуі науқас шешелерімен жұмыстың берген үйінде тұрып жатады. Содан соң балаларды жетімдер және кедейлердің баласы оқитын мектепке орналастырады. Олар бала күннен өз күнін өзі көріп үйренді. Сондықтан қайыршының қатал өмірі Чарльз үшін таңсық емес еді.
Алғаш рет сахнаға бес жасында шықты. Ол мюзик-холдағы анасының рөлін алмастырған еді. Анасы ауырған сайын дауысын жоғалтып алады екен. Чарльз анасының бүкіл репертуарын жатқа білген. Сахнаның сыртында өмір сүрген кезі көп. Мектепке де сирек барған. Шаласауатты болған. Ара-тұра газет сатқан кездері бар. Дәрігерге көмекші болып істеген. Баспаханада да жұмысшы болған көрінеді. Бірақ, еш жерде көп бөгелмеген екен.
Он төрт жасында Чарльздің ұлы арманы орындалып, театрда «Шерлок Холмс» қойылымындағы шабарманның рөлін сомдау бақытына ие болады. Өзі кітап оқи алмағандықтан ағасы оқып беріп отырып, рөлін сөйтіп қана тұтас жаттап алады. Сосын ол варьетеде бақ сынайды. Скрипкада ойнауды үйренеді. Көп оқитын болды. Бұрын оқымай келгенін еселеп толықтырды.
1908 жылы Чарльздің басына бақ қонады. Карно театрының актеры атанады. Ол театр мюзик-холдар үшін пантомима мен қысқа скетчтер дайындайтын. Аз ғана уақыт ішінде ең беделді әртіске айналды. 1910 жылы труппамен АҚШ-қа гастрөлге барады. Бір қойылым кезінде оны кинопродюсер Мак Сеннет байқайды. Чарлидың ойнағаны ұнапты. 1912 жылы әртісті «Кистоун Филм» студиясына шақырады. Студияға келе сала Чарльз қолда бар киімнен қайыршының бейнесін жасап алады. Басында қалпақ, қолында визиткасы, екінші қолында аса таяғы, тұмсығы сүйір аяқ киіммен мэтрдың алдынан шығады. Бұл бейне мэтрге қатты ұнайды. Бірақ Чарли тым жас болған соң оған жасанды мұрт жабыстырып қояды. Пәкене бойлы қайыршы бірден көпшілікке ұнай кетеді. Бұл жетістік қанат бітіреді. Қомақты қаржы түсіреді. Сәл уақыттан соң Чаплинге өзі ғана түсетін қысқа метражды фильмдер жасауға рұқсат етеді.
Қайыршы Чарли аса «табысты» бейне болып шықты. 1914 жылы Чаплин аптасына 150 доллар жалақы алатын. Содан кейін 1500 алатын болды. 1917 жылы «Фёст Нэйшнл Пикчерс» студиясы Чаплинмен 1 миллион долларға келісім шартқа отырды. Сөйтіп, 28 жасында Чарли Чаплин Америкадағы мылқау киноның ең бай әртісіне айналып шыға келді.
Тек 1919 жылы Чаплин өзінің жеке студиясын ашады. Қысқа метражды фильмдерін өзі түсіреді. 1921 жылы «Бөбек» атты өзінің ең танымал толық метражды фильмін түсірді. Қаңғыбас пен тастанды бала туралы. Фильмнің өн бойындағы комедиялық тұстары лирикалық, драмалық сюжеттермен толықтырылған. Әлеуметті сынаған фильм киноәлемдегі Чаплиннің алғашқы баспалдағы саналды. Бәлкім, бүкіл мылқау кинематограф үшін де солай.
Чаплинге атақты, марапатты мылқау кино әкелді. Сондықтан дыбысты кино түсіреле бастаған кезде ол не істерін білмеді. Өзінің мылқау киносын музыкамен әрлеп түсіре берді. 1931 жылы «Үлкен қаланың оттары» атты киносы шықты. Қаңғыбас пен гүл сатушы қыздың махаббаты туралы әдемі хикая. Фильмнің дүбірі жер жарды. 1936 жылы «Жаңа уақыт» деген фильм шықты. Жаппай салынған өндіріске арналған кино болды.
1940 жылы ғана дыбысы бар «Ұлы диктатор» атты фильм түсірді. Пародия, памфлет ретінде берілген фильм. Еврей-шаштараз бен Аденоид Хинкельдің қақтығысы негізінде өрбіген. Германия елшілігі Вашингтоннан оның көрсетілуіне тыйым салынуын талап етті.
1952 жылы Чаплин Лондондағы премьераға келеді. Оның «Шырағданның жарығы» деген киносы көрсетіледі. Қайтып АҚШ оны елге кіргізбеді. Ол Швейцарияға қоныстанады. Софи Лорен мен Марлон Брандо түскен «Гонконгтен келген графиня» атты фильмі түрлі түсті болып шықты. Бұл фильм Чаплиннің соңғы туындысы еді. Өзі ойнамады.
Чаплиннің шығармашылығы бүкіл жер жүзі өнерінің дамуына серпінді үлес қосты. Дүние жүзінде оған еліктеп әртіс болған адамдар көп. Солардың бірі және бірегейі үнділік Радж Капур еді. Кеңестік сайқымазақтар классигі Карандаш.
Әлемді өзгерткен 100 адам сериясымен
Аударған Шынар Әбілдә
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Ұлы мылқау
Тұрақты сілтеме: /A_kop/madeniet/2017-04-29/566.html