Құндылық не?

Құндылық не?


Құндылық – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы. Ол қашанда әлдекімнің (немесе әлдененің) бағалылығын, яғни объективті болмысты және сонымен бір мезетте оның әлдекім (немесе әлдене) үшін құндылығын, яғни субъективті бағалауды білдіреді. Дүние құндылыққа толы – материалды (заттар, әшекей бұйымдар, алтын мен асыл тастар, ақша, меншік және т.б.), табиғи (күннің атуы мен батуы, теңіздер мен таулар, гүлдер және т.б.), көркем (әдебиет пен өнер туындылары) және адами (сұлулығы мен ізгі қасиеттері) құндылықтар. Бір нәрсені екіншісінен артық көру жалпы тірі табиғатқа тән. Аң екеш аңның өзі төлін қызғыштай қорғайды. Дегенмен, құндылықтың антропогенді, яғни адамға тән екендігін баса айту қажет, өйткені барлық жаратылыстың ішінде адам ғана табиғи және мәдени туындыларды, идеялар мен амал-әрекеттерді, жалпы басқа адам мен қоғамды, сондай-ақ өзін-өзі бағалауға қабілетті. Құндылықтар адамның әлеуметтік болмысына тартылған, адам құндылықтарға мүдделі әрі мұқтаж болып табылады.   

Адам құзырындағы заттар, қоғамдық қатынастар жəне олар қамтыған табиғат құбылыстары құндылықты қатынастар нысандары ретінде танылған және бағалы заттар сипатында іс-əрекетке қосылады. Яғни бұлардың бəрі де жақсылық пен жамандық, шындық пен жалған, əсемдік пен ұсқынсыздық, əділдік пен əділетсіздік жəне т.б. тұрғысынан пайымдалады. Белгілі құбылыстарды бағалауға негіз болған тəсілдер мен өлшемдер субъективті баға түрінде қоғамдық сана мен мəдениетте бекиді де, адам əрекетін бағыттаушы құралдарға айналады. 

Алайда құндыны қарапайым бағалыдан, қажеттіден, тиімдіден, пайдалыдан ажырата да білу керек. Барлық тірі және шынайы сүйікті нәрселер құрал бола алмайды. Әдетте материалдық игілік пен тұтынушылық нарықты, еңбек өнімі мен тауар айырбасының нәрсесін білдіретін қарапайым құндылықтар экономикалық құндылықтар болып табылады. Айырбасқа көнбейтін, орны толмайтын жоғары құндылықтар да болады, әдетте оларды «баға жетпес» деп жатады. Бұл тұрғыдан алғанда олар қасиеттілік ұғымына жақындайды. Діндар адамдар үшін барынша қастер тұтып, қадірленетін құндылықтар бұл – діни құндылықтар. Құндылықтар әлемі шексіз десе де болады, тіпті жаратылыстың өзі біз үшін танымдық, философиялық және эстетикалық тұрғыдан құнды болып саналады. 

Діни құндылықтар Құдайға сенуге негізделеді және әрбір дін адамның Жаратушымен рухани-практикалық байланысын анықтап қана қоймай, оның жалпы қоғамдағы және тұтас әлемдегі орнын реттейді. Жоғары діни құндылықтар адамдардың өмірінің мәні мен қамын айқындайды. «Құндылықтық фактор» Құдай идеясының өзінде болады, өйткені құндылықтық басымдылықтардың мазмұны мен мәртебесі Жаратушының өзінен туындайды. Көптеген діни жүйелерде этикалық, яғни моральдық-адамгершілік қасиеттердің эталоны Құдайдың аты мен затынан, сипаттарынан алынады, содан әрбір діни ағым құндылықтық императивтерді, парыздар мен тыйымдарды қалыптастырады. 

Бір Құдайға табынушылықтың тәухид концепциясы мейлінше жетілген соңғы дін ислам діні болып табылады. Оның негізгі қайнар көздері – қасиетті кітап Құран және пайғамбардың өсиеттері Сүннет. Осы қайнарлардан шыға отырып, мұсылманның тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл отбасылық және қоғамдық өмірқамын Шариғат айқындайды. Шариғаттағы ақида иман негіздерімен айналысса, фыкх мұсылмандардың жүріс-тұрыс ережелері мен қалыптарын қамтиды. 

Шариғат бойынша қорғалатын исламның негізгі құндылықтары мыналар: дін, өмір, ақыл, бала тудырумен  ұрпақ жалғастыру, меншік. Дін кәлима-шахадат айту, намаз, ораза, зекет, қажылық тәрізді бес парызды қамтиды. Құндылықтар сатысында дін алдыңғы орында тұрса, оның ең маңыздысы – кәлима келтіріп, Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхамедтің Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік ету. Келесі құндылықтар – өмір (біреуді өлтіруге, өзіңе қол салуға тыйым салынады, өлімге әрқашан дайын болып, толыққанды өмір сүру құпталады) және ақыл (амал ақылға сай саналы, таза әрі әділ болуы тиіс, ал ақылды қашыратын ашу-ыза, сананы улап, мас қылатын нәрселер құпталмайды) Жаратқанның адамға берген ең құнды сыйы әрі аманаты.  Исламда әлеуметтік прогрес пен экономикалық дамудың негізі ретінде меншік пен адал еңбек барынша қорғалады, оған қол сұғу жазаланады, бос қиял мен лақпа сөзбен қатар әрекетсіздік те, тілену де жағымсыз қылық болып табылады. Бала тудырып ұрпақ өсіруге ислам үлкен мән береді, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарды шариғат бүге-шүгесіне дейін мұқият зерделейді, ерлі-зайыптылардың құқықтарын нақты анықтап береді. «Үйленген адам өз дінінің жүктегенінің жартысын орындаған болады». Баланы алдырып тастауды, монах болып оңашалану мен бойдақшылық өмір салтын ислам құптамайды, белсенді өмір сүруге үндейді.      

Кәсіби философияда құндылықтар туралы ілім аксиология деп аталады және өзінің бастауын жүзеге асқан құндылық – пайдалылықты игілік деп қарастырған ежелгі гректерден алады. Батыстық философияның тарихында бірқатар аксиологиялық теориялар белгілі: натуралистік психологизм (Мейнонг, Перри, Дьюи), трансцендентализм (Виндельбандт, Риккерт), персоналды онтологизм (Шелер, Гартман), мәдени-тарихи релятивизм (Ницше, Дильтей), социологизм (Вебер, Парсонс, Толкотт). Жалпы құндылық термині еуропалық рационалдық философия мен христиандық моральдың іргелі ұғымдарын теріске шығарған XIX ғасырдағы неміс ойшылы Фридрих Ницшенің «балғамен шеге қаққандай» етіп жазған атақты «Билікке деген ерік» атты трактатында «құндылықтарды қайта бағалау» қажеттігін афористік тұрғыда негіздегенінен кейін кең қолданысқа түсті. Сөйтіп батыс еуропалық философияның негізгі тақырыбының біріне айналып, танымның барлық салаларында пайдаланыла бастады. 

Құндылықтардың көптеген жүйесі мен жіктеу түрлері бар. Олардың жоғарыда аталған діни, философиялық, моральдық, эстетикалық және экономикалық түрлерінен өзге, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, саяси, қаржылық, экологиялық және тағы басқа түрлері аталады. Құндылықтарды материалдық және рухани, жеке және ұжымдық, адамзаттық және ұлттық, дәстүрлі және қазіргі заманғы және басқаша да жіктей беруге болады.    

Əрбір тарихи нақты қоғамдық құрылым өзіне тəн құндылықтар жиынтығымен ажыратылады. Бұл тұрғыдан алғанда Батыстың Шығыстан, қаланың даладан, көшпенді қоғамның отырықшы қоғамнан, сондай-ақ әрбір ұлттың  өзіндік менталитетіне сай айырмашылықтары болады. Сол сияқты адамзаттың дәстүрлі кезеңінде бағаланған нәрселер мен қазіргі заман құндылықтарының арасында да айырмашылықтар бар. Қазіргі құндылықтар белгілі бір әлеуметтік-мәдени қауымның немесе халықаралық қауымдастықтың қандай да бір құндылықтарды насихаттауы барысында қалыптасады. Бүгінгі қоғамдағы жақсы, дұрыс немесе қалаулы деп есептелетін құндылықтар жүйесін жалпы адамзаттық деп атау қабылданған, алайда оның кейбірінің батыстық түбірге ие екендігін ескеру қажет.   

Құндылықтар жүйесінің бұл көрінісі қалыпқа немесе нормаға айналып кеткен. Ол қалыптарды әлеуметтік құндылықтарға жатқызуға болады, бірақ норма мен құндылық түсініктерінің айырмасы бар. Құндылықтар – бұл абстрактылы жалпы ұғымдар болса, ал қалыптар – адамдардың әр алуан ахуалдарда ұстанатын ережелір мен ұстындары. Қазіргі қоғамда қалыптасқан құндылықтардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: денсаулық, отбасы мен туыс жақындар, үй мен материалдық игілік, жұмыспен қамтылу және қанағаттану, қоғамдағы әлеуметтік мәртебе мен жағдай, дін мен рухани құндылықтар, білім алу, шығармашылық, демалыс, еркіндік (таңдау мен сөз еркіндігі т.б.), тұрақтылық және басқалары. Қазіргі заман мен қоғамда адамды ең жоғары құндылық ретінде тану, соған сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, балаларды қорғау, білім мен тəрбиедегі демократиялық принциптерді берік ұстану алдыңғы орынға шығып отыр. Сонымен қатар әр алуан ұлттар, діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі үшін өзара түсіністік, сұхбат пен толеранттылық халықаралық ұйымдар тарапынан насихатталуда. Әрине, мұнан басқа да құндылықтар бар. Құндылықтарға қатысты әр адамның әр алуан басымдылықтары болады.   

Сонымен, қорыта айтқанда, құндылықтың басты белгісі оның бойында адамға игі ықпал ететін қасиеттердің болуымен сипатталады. Адамгершілік құндылықтармен айналысатын саланы гуманистік аксиология деп атауға болады. 

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы адамгершілік, тұлғалық немесе кісілік құндылықтардың өзіндік ерекшеліктері болды. Адам мен адамгершілік  мәселелері қазақтың ақын-жырауларын да, би-шешендерін де, абыз-әулиелерін де, қараша халықтан бастап ханға дейінгі ақсүйек игі жақсыларын тегіс толғандырған. Батыстағыдай кәсіби философия болмаса да, қазақты тумысынан философ-халық деп бағалауға болады. Оның философиясындағы негізгі тақырып – адам философиясы, кісілік қалыптың өлшемі, не жақсы не жаман төңірегіндегі этикалық мәселелер. Сондықтан қалт айтпайтын халық «жақсылардың кеудесі алтын сандық», «білімді туған жақсылар аз да болса, көппен тең», «жақсыменен өткізген бір күнім, мың күніме татиды» деп жырлайды. Қазақтың кім екені оның философиясы мен дүниетанымынан, тілі мен дінінен, ділі мен дәстүрінен, мәдениеті мен өнерінен, күнделікті өмірқамы мен әдет-ғұрпынан, мінген аты мен тартқан домбырасынан көрінеді.

Бүгінгі біздің қоғамда ата-бабаларымыз берік ұстанған бұл кісілік құндылықтардың көмескілене бастағаны байқалады. Оны күнделікті отбасының тұрмысынан да, қоғам өмірінен де аңғарып жүрміз. Ба-тыстық бұқаралық мәдениеттің тегеуірінді ықпалы интернеттен де, теледидардан да, басқа ақпарат құралдарынан да қарқынды жүргізілуде. Әрине, поэзия мен ән-күй өнерінде қазақы қоңыр үн мен ырғақ, бояу мен нақыш сақталып отыр, оған да шүкір дейсің, әйтпесе дүниеге келген нәрестеге не тыңдатып, не көргізеріңді білмей дал боласың. Дегенмен, жалаң еліктеушілік, «өзгенің асылын малшылау» басым, оған тоғышар¬лық, көзбояушылық, науқаншыл¬дық, ұраншылдық, әсіреқұмарлық, шенқұмарлық, даңғазалық, мақтаншақтық сияқты антиқұндылықтар қосылып отыр. Ол күнделікті тіршіліктен де, ғылым, әдебиет, өнер тәрізді «рухани» мәдениет салаларынан да анық байқалады. Мұндай келеңсіз құбылыстарда құндылық қайдан болсын, рух қайдан болсын. 

Не құнды? Рухы бар нәрсе құнды. Риясыз, өз болмысына сай болған шынайы дүние құнды. Осымен, құндылықтар әлеміне қатысты беташар кіріспе сөзімізді аяқтап, әңгімені жорналдың келесі сандарында жалғастырсақ.         

Бақытжан Сатершинов



®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Құндылық не?
Тұрақты сілтеме: /A_kop/madeniet/2017-05-10/651.html