Осы адамдар кітапты не үшін оқиды

Осы адамдар кітапты не үшін оқиды деп сұрайтын достарыңыз болса, оларға Нил Гейманның осы лекциясын оқытыңыз.

«Адамға үнемі ол кімнің жағында, неліктен солай болды, қандай қызығушылығы бар – сол маңызды. Яғни, өз көкейіндегісі ғана қызықтырады. Сіздермен кітап оқу туралы сөйлеспекпін. 

Көркем әдебиет оқу, оны тек жан ләззаты үшін оқу адам өміріндегі ең маңызды нәрсе. Мен жазушы болғандықтан, менің бұл саладағы қызығушылығым орасан. Мен балаға да, ересектерге де арнап жазамын. Соңғы 30 жыл нәпәқамды осы жазумен тауып келем. Сондықтан мен адамдардың кітап оқығанына мұқтажбын. Кітапханалар мен кітапханашылардың, оқуға мүмкіндік тударытын орындардың болғанын қалаймын. Кітапқа деген махаббаттың сөнбеуіне мүдделімін. Сол себепті жазушы ретінде кітаптың оқылуын өатты қалаймын. Бірақ оқырман ретіндегі мүддем одан да зор. 

Бірде мен Нью-Йоркте болдым. Сол жердегі жекеменшік абақтылар туралы әңгімені құлағым шалып қалды. Бұл енді Америкада жылдам дамып келе жатқан өндіріс саласы. Абақты өндірісі келешекте санын өсіруді көздеп жатқан сала. Қанша орын болуы керек? 15 жылдан кейін түрімшіктер саны қанша болмақ? Қарапайым алгоритмді қолдана отырып осының бәрін есептеп шығуға болады екен. Ал, алгоритм 10 мен 11 жас аралығында қанша бала кітап оқымайды деген сауалдама негізіне құралған. Олар жан ләззаты үшін кітап оқи алмайтындар. Дамыған, өркениетті, білімді қоғамда қылмыс атымен жоқ деп айтуға болмайды. Тікелей байланыстың болмауы да ғажап емес. Дегенмен, жағдайлар арасында көзге көрінбес байланыс бар. Мұның себебі онсызда белгілі дүниеден шығып отыр. 

Сауатты адамдар көркем әдебиет оқиды. Көркем әдебиеттің екі мақсаты бар. Біріншіден, кітап оқуға деген тәуелділікті көрсетіп береді. Ары қарай не болады екен деп бір парақтан екіншісіне өтіп, қалай кітапты тауысып оқып болғаныңызды байқамай қаласыз. Тылсым әлемге аяқ басасыз. Бұл жағдай жаңа сөздермен танысып, басқаша ойлау мен алға жылжу керектігін айқындайды. Кітап оқудың өзі бір ғажап екенін түйсінесіз. Бір рет дәмін татқан адам кітаптан екінші қол үзе алмайтыны айдан анық. 

Жәй ғана сауатты бала тәрбиелеудің қарапайым кепілі – балаға кітап оқуды үйрету. Кітап оқу өте пайдалы екенін сезіндіру. Ең оңайы – балаға ұнайтын кітап әперіңіз. Сол кітапты қолына беріңіз. Өзінің оқуына мүмкіндік жасаңыз. 

Балалар әдебиетінде жаман автор болмайды. Өйткені, әр баланың қалауы бөлек, әр түрлі кітапқа құмар келеді. Олар өздеріне керекті әңгімелерді тауып, солардың ішінен өзін тауып отырады. Сізге бір сарынды көрінген тақырып олар үшін соншалықты бір сарынды емес. Өйткені, бала ол тақырыпты өзіне алғаш ашып тұр ғой. Бала дұрыс емес дүние оқып жүр деп олардан кітапты тартып алмаңыз. 

Екіншіден, көркем әдебиет – ол эмпатияны тудырады. Эмпатия – өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеті. Кино немесе телебағдарлама көріп отырғанда өзгелердің басындағы ахуалға беріліп кетесіз. Көркем әдебиет те сол секілді, тек ол 42 әріптен құралған, сан түрлі тыныс белгілерімен бөлінген мәтіндерден тұрады. Ондағы мәтінге жан бітіру тек сіздің қиялыңыздың жүйріктігіне тәуелді. Сіз әр нәрсені сезініп, бұрын соңды болып көрмеген жерлерге барып, басқа әлемді шарлап келесіз. Кітапты қолға алмағанда бұл туралы білмей кетер едіңіз. Айналадағы әлем – ол да сіз екенсіз. Сіз басқа адам бола бастайсыз. Өз әлеміңізге оралғанда онда болар-болмас өзгерістер орын алады. 

Эмпатия — адамдарды біріктіріп, олардың менменшіл кісікиік еместігін көрсететін құрал. 

Кітап парақтарынан осы өмірде маңызы зор болатын тұғыр табасыз. Оның мәні мынада: әлем міндетті түрде осындай бола беруі тиіс емес. Бәрі де өзгереді. 2007 жылы мен Қытайда болдым. Билік партиясының рұқсатымен болған ғылыми фантастика мен фэнтези тақырыбына арналған контентінде бас қостық. Бір уақта мен биліктің өкілінен сұрадым: неліктен деп? Ғылыми фантастикаға осы уақытқа дейін тыйым салынып еді ғой. Не өзгерді екен деп? 

Бәрі оп-оңай деді ол. Қытайлар алдына келген кез келген жобаны жүзеге асырып келді. Бірақ олар өздері өз болып ештеңе ойлап таппады және жасамады. Соның себебінен олар АҚШ-қа, Apple, Microsoft, Google компанияларына өз өкілдерін жебереді. Келешекті ойлап тауып жатқан адамдардан осындай деңгейге қалай жеткенін сұрастырыпты. Олардың барлығы бір ауыздан бала күнінде ғылыми фантастика оқығандығын алға тартқан. 

Әдебиет адамға басқа әлемді көрсете алады. Сіз ешқашан болмаған жерге соның арқасында барып келесіз. Бір рет таңғажайып әлемге бас сұғып, ондағы сыйқырлы жемістерден нәр татып, қайтып өзіңіздің өсіп-өнген әлеміңізде тыныш өмір сүре алмайсыз. Әдебиет өмірді басқа қырынан танытады. Көңіл толмаушылық – жақсы нәрсе. Көңілі толмаған адамдар өмірді де, өзін де өзгертіп, жақсарта алады. Өзін жетілдіріп, адам ғұмырын дамытады. 

Жан-жағында кітаптың болмауы баланың кітапқа деген махаббатын жоюдың қарабайыр түрі. Баланың кітап оқитын орны болмағаны да жөнсіздіктің бірі. Бұл жағынан жолым болыпты. Мен өскен кезде керемет аудандық кітапхана бар болды. Кітапхана деген бостандық алаңы. Еркін кітап оқисың, еркін араласасың. Бұл нағыз білім қайнары (университет пен мектеп қабырғасымен қоштасқанда тоқтап қалмайтын). Кітап деген уақытты пайдалы өткізу, түрлі ақпар алудың бастауы. Бар гәп ақпараттың табиғатында жатса керек. Ақпараттың өзіндік құны болады. Ал, пайдалы ақпараттың құны жоқ. Адамзат тарихының басталуынан адам баласы ақпарат жетімсіздігін көріп келді. Соңғы жылдары ақпараттың аздығынан құтылып, оның тым көптігінен бас айналатын болды. Google-дегі Эрик Шмидтың айтуынша, адамзат нәсілі енді екі күн сайын күллі өркениеттің 2003 жылға дейінгі бүкіл ақпарын таратуға қауқарлы екен. Күндігіне бес эксабайт ақпарат шамасында. Егер санды жақсы көрсеңіз, мұны да келтіруге болады. Қазіргі мақсат шөл даладағы сирек кездесетін гүлді табу емес, джунглидің нуында өсетін белгілі бір өсімдікті табуға бағытталған. Керектіні табу үшін навигацияның көмегі қажет. 

Кітапханаларға адамдар ақпарат іздеуге келеді. Кітаптар сол ақпарат мұзартының ұшар басы. Бар ақпарат сонда жатыр, кітапханашылар оларды сіздерге таратып отырады. Баланың көпшілігі кітапты кітапханадан алады. Мейлі ол кәдімгі кітап болсын, аудиокітап болсын, электронды кітап болсын. Кітапхана – интернеті жоқ адамдарға желіге шығатын бір мүмкіндік орны. Резюме жіберіп жұмыс іздейтін заманда мұның маңызы зор. Кітапханашылар осы адамдарға әлемде орнығуға көмектеседі. 

Кітапхана келешектің қақпасы. Кей жердің билігі кітапханаларды жауып, ақша үнемдеп қалудың оңай тәсілі деп қана қарастыратыны өкінішті. Олар бүгіннің есебінен болашақты тонап жатқандарын есепке алмайды. Ашық тұратын қақпаны жауып жатыр.

Кітап – өлгендермен тілдесу тәсілі. Қасымызда жоқ адамдардан тәлім алу, үйрену амалы. Адамзат пайда болды, дамыды, түрлі білімді тудырды, оларды жетілдірді. Тек есте сақтап тұрудың шарт еместігін көрсетті. Ел аузында кейбір елдің тарихынан да көне ертегілер бар. Олар көптеген мәдениет пен тосқауылдарды жеңіп, біздің заманға дейін жетіп отыр.

Егер кітапхананы бағаламаса, онда адам ақпаратты да, мәдениетті де, даналықты да бағаламағаны. 

Өткен шақтың дауысын өшіріп, келешекке залал тигізіп жатқаныңыз. Балаға кітапты дауыстап оқыңыз. Оларды қуантатын кітаптарды оқу қажет. Өзіміз мың рет оқып шаршаған оқиғаларды үздіксіз оқып беріп отыру керек. Түрлі дауысқа салып, қызықтыра білу маңызды. Өздері оқи алады ғой деп кітап оқып беруді доғармаңыз. Кітап оқу сәтін бірігу уақыты деп қабылдаған жөн. Мұндай кезде телефондарды сөндіріп, барлық назар аудартатын нәрселерден бас тартқан абзал. 

Тілдік қорды дамыту керек. Өзімізді жетілдіріп, танып-біліп, жаңа сөзді сөздік қорымызға енгізіп, дұрыс сөйлей білуді меңгеріп, айтқымыз келгенді өзгеге дұрыс мағынасында ұғындырып үйренуіміз қажет. Тілді қатырып қойып, ол өлі дене деп өтірік мүләйімси алмаймыз. Тілдік қорды молайтып, сол күйінше қолдануды дағдылану керек. Тілді тірі ағзадай бағалап, оның жүрісін тежемей, сөз ұсынатын өзгерісті уақыт талабы деп қабылдай білу маңызды. 

Жазушылардың, әсіресе, балалар жазушыларының өз оқырманы алдында бұлжытпай орындайтын міндеті бар. Біз тек ақиқатты жазуымыз керек. Әсіресе, өмірде болмаған адамдар туралы хикая құрастырған кезде, яки ешқашан болмаған жер туралы сөз қозғағанда, ақиқат тура сол күйінде болған оқиғаны айтып беру емес, бірақ біздің кім екенімізді ашып көрсететіндей болуы шарт. Түптің түбінде әдебиет – шынайы өтірік. Басқасын былай қойғанда, оқырманымызды жалықтырмай, келесі парақты өз ықыласымен аударғысы келетіндей әңгіме жазуымыз керек. Оқығысы келмейтіндер үшін тағы бір сылтау – көз жүгірткеннен бас алмай оқитындай хикая болуы керек. 

- Жер бетіндегі бар адам, үлкен болсын, кіші болсын, армандай білуі өте қажетті. Ойымызды ұштап, әр нәрсені ойластырып жүру керек. Қоғам деген шырмауық, адам тұлға болмаса ештеңе өзгете алмайды деп өзімізді өзіміз алдағанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ әлемді бір адам өзгертіп кетеді. Сол өзгеріске өзгелер тура көзбен қарап, бағалайды. Тұлғалар болашақты өз қолымен жасайды. Оны өзгерту үшін қазіргіден бәрі артық болуы тиіс деген қозғаушы күш тыным таптырмайтыны анық.

Мінекей, бұл кітап оқудың адамзатқа берері. Маңызды дүниелерге мән беріп жүрейік». 


Нил Гейман

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Осы адамдар кітапты не үшін оқиды
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2017-08-17/881.html