EXPO-2017 көрмесіне Израильден 15 компания қатысады
«Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне Израильден 15 компания қатысады. Бәрі де жаңартылатын энергия көздерін пайдаланумен айналысады. Бұл туралы «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Израиль секциясының комиссары Элазар Коэн мәлімдеді. Бұл елде 200 компания «жасыл» технологияны дамытумен шұғылданатын болса, оның үштен бірі – стартап жобалар. Көрмеге келіп өз өнімдерін көрсететін компанияның бірі күн батареясынан алынатын электр тогын өңдегіш құрал жасайды. Бұл қондырғы жер үйлер мен шағын мекемелерге арналған.
Элазар Коэн, «ЭКСПО-2017» көрмесінің израильдік секциясының комиссары: – Осыдан бірнеше жыл бұрын біз энергетикаға мұқтаж елдердің қатарында болатынбыз. IT-технологиялар мен стартап жобалардың арқасында қазір баламалы қуат көздерін пайдалануда алдыңғы қатардамыз. «ЭКСПО-2017» көрмесі әлем алдында осы уақытқа дейін баламалы энергетиканы пайдалану саласында қол жеткізген жетістіктерімізді көрсету алаңына айналады. Қазақстаннан да әріптестер тауып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жұмыстарын бірлесе жүргізсек деген ойдамын.
Ал Димона қаласындағы бұл компания шөл даладағы өндіріс орнын күн қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Олар күн энергиясы арқылы және қоқыс қалдықтарын жағып, суды қыздыру жолымен электр қуатын жинақтайды. Бұл тәсіл электр жарығы, ыстық және суық суға үздіксіз қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жинақтағышта өндірілген электр қуатын ұзақ мерзім сақтауға болады. Ірі өндіріс ошақтарын жарықпен қамтитын бұл компаниялар «ЭКСПО» барысында қазақстандық кәсіпорындармен әріптестік орнатуды көздейді. Енді бір айдан кейін басталатын ұлық шарада осындай жаңа технологиялар таныстырылады.
Естен Ербол
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » EXPO-2017 көрмесіне Израильден 15 компания қатысады
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-05-16/690.html