Кибер шабуылдан хакерлер 42 мың доллардан астам қаражат тапқан
Қазір кибер қылмыстар жиілеп кетті. 12 мамырдан бері жаһанның жүздеген елдеріне хакерлік шабуылдар жасалып жатыр. Қаскөйлердің әрекеттеріне тіпті ақпараттық қорғанысы берік саналатын Еуропа елдері мен Ресей де тойтарыс бере алмай отыр.
Меруерт Жақан, тілші: -Times газетінің хабарлауынша, дүниежүзілік кибер шауылдан хакерлер 42 мың доллар көлемінде пайдаға кенелген. Бұл сома әлі де артуы мүмкін. Сала мамандары осындай болжам айтып отыр.
Тойтарыс болмаған соң, хакерлер әбден күш алған сыңайлы. Бүгін бірқатар Азия елінде компьютерлердің жұмысы бұзылды. Жалпы 12 мамырдан бері кибершабуылдан әлемнің 150 елінде 200 мыңнан астам компьютерге зақым келген. Жапа шеккендер арасында мемлекеттік мекемелер, ірі корпорация мен компаниялар бар. Europol дерегі бойынша, қаскөйлік әрекеттерден әсіресе Ресей мен Ұлыбритания зардап шеккен. Осы оқиғаға байланысты АҚШ билігі шұғыл жиын өткізді. Қазір федералды тергеу бюросы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігі шабуылды ұйымдастырушыларды анықтауға кірісті.
Ресей мен Сауд Арабиясы ОПЕК-ке мүше және картельге кірмейтін мұнай экспорттаушы елдердің қара алтын өндірісін қысқарту туралы келісімін ұзартуды ұсынды. Мәлімдеме екі елдің энергетика министрлерінің Бейжіңдегі кездесуінен кейін жасалды. Осы хабардан соң, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 52,09 долларға дейін көтерілді. Келісім бойынша шикізат өндірісі 9 айға, 2018 жылдың 31-ші наурызына дейін қысқартылуы тиіс. Бастама 24-25-ші мамырда Венада өтетін ОПЕК-тің министрлер кеңесінде ұсынылмақ. Еске салсақ, ОПЕК-ке мүше елдер мен оған мүше емес 11 мемлекет қара алтын өндірісін қысқарту туралы құжатқа өткен жылдың 30-шы қарашасында қол қойған еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның балистикалық зымыранды сынақтан өткізуіне байланысты шұғыл отырыс өткізеді. Алдын ала ақпарат бойынша, жиын ертеңге жоспарланған. Жедел басқосу өткізу туралы бастаманы АҚШ пен Жапония көтерген. Бүгін Пхеньян сынақтың сәтті өткенін ресми мәлімдеді. Сондай-ақ зымыранның алғаш рет 2 мың 111 шақырым биіктікке көтерілгендігі жайлы дерек бар.
Дерккөз: Www.Khabar.Kz
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Кибер шабуылдан хакерлер 42 мың доллардан астам қаражат тапқан
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-05-16/691.html