Әлемдегі ең ұзын адам Түркияда тұрады

Еліміздегі ең ұзын адам шымкенттік Қалдыбай Бақытұлы екені белгілі. Бойы - 2 метр 14 см. Ал әлем бойынша әзірге алдына жан салмай тұрған Сұлтан Көсен есімді түркиялық азамат. Ол алты жыл бұрын 2 метр 47 см бойымен Гиннестің рекордтар кітабына кірген еді. 

Бірнеше жылдан бері рекорд иесі атағын бермей келе жатқан Сұлтанның қазіргі бойы 2 метр 51 см. «Атақтылардың» кітабына енгеннен бері өмірге деген көзқарасы өзгеріп, өзіне деген бұрынғы өкпесі тарқағанын айтады. Ұзын бойлы кейіпкерімізбен Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлей сұхбаттасып қайтты. 

Сұлтан Көсен 1982 жылы Түркияның Мардин қаласының орта бойлы отбасында дүниеге келген. Бес ағайынды. Мектепті бойының тым ұзын әрі қолайсыздығына байланысты толық аяқтай алмаған. Ақ халаттылар Көсеннің осыншама алып денелі атануына «гипофиз ісіктері» сеп болған дейді. Дегенмен, ең ұзын жігіт қазір денсаулығы дұрысталып, гормондар ауытқуы байқалмайтынын мәлімдеді. 

Сұлтанға соңғы жылдары қызығушылық пен сұраныстың саны артып, шар тараптан шақыртулар жиі түсе бастады. Сағатын есептеп, барған жерінен ақы сұрайды. Өйткені халықаралық жәрмеңкелер мен мерекелік кештердің бас кейіпкеріне айналған. Біз алып азаматты жұмыс барысында жолықтырдық.

Сұлтан Көсен: 

- Бала кезімде бойымның ұзындығынан біраз қиындық көріп, өзіме көп режитін едім. Сол үшін мектепті орта жолдан тастадым. 2012 жылға дейін бойым тоқтаусыз өсті. Сол үшін  уақытылы емделіп, тексеріліп жүрмін. 2009 жылы Гиннес кітабына кіріп, жаңа өмірді бастағандаймын. Өз орнымды ешкімге бермей, үнемі алда болғым келеді. Себебі осы бойыммен отбасымды асырап отырмын. 

Рекордтар кітабының мамандарын қызықтырған Сұлтан Көсеннің тек бойы ғана емес. Мәселен, оның алақаны 28 см. Ал аяқ киімінің өлшемі - 60. Яғни санитметрге салғанда - 36. Егер тік тұрып, екі қолын жоғары созса, 4 метрге дейін жетіп қалады. Былтыр жазда рекордтар кітабының ұжымы оны Англияның бас қаласында әлемдегі ең қысқа бойлы адам непалдық Чандра Бахадүр Дангимен  кездестірді. Түрлі шараларға шақыртулар үсті-үстіне түсіп жатыр. 

Сұлтан Көсен: 

- Осындай ұзын боймен және 160 келіден аса салмақты арқалап, жүріп-тұру оңай емес мен үшін. Сондықтан балдақтың көмегіне жүгінемін. Соңғы жылдары шетелден шақырту көп түсуде. Саяхат кезінде көлік пен ұшаққа мінерде қиналамын.  

Алып денелі азаматқа жақында ғана америкалық режиссерлер ұсыныс айтып, Голливудқа шақырған. Осылайша, алдағы күндері кино әлемінде бағын сынап көрмек. Бір жыл бұрын шаңырақ көтерген Сұлтан Көсеннің көп баланың әкесі атансам деген арманы бар. Айта кетейік, бұған дейін әлемнің ең ұзыны Бао Сишун есімді Қытай азаматы болған. Оның бойы - 2.36 см. 

Мен, Сұлтан Көсен, әлемнің ең ұзын адамы ретінде «Астана» каналы арқылы Қазақстанға сәлем жолдаймын.  


Самат СҮЛЕЙ

http://astanatv.kz


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Әлемдегі ең ұзын адам Түркияда тұрады
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-06-17/777.html