Гонконг билігі қоқыс қалдығын қайта өңдеу ісін қолға алмақ
Халқы тығыз орналасқан Гонконг тұрғындары қоқыстың азабын тартып отыр. Өйткені қалдық тастауға бөлінген аумақ тарылған. Ал билік оны қайта өңдеу немесе жою жүйесін ретке келтіре алмай әлек.
Пластик бөтелке, түрлі қаптама және өзге де ұсақ-түйек. Осының бәрі жиыла келе таудай қоқыс болады. Бүгінде оны азайту Гонконг билігі үшін өткір мәселеге айналған. Соңғы отыз жылда мұндағы қоқыс тастайтын аумақтың көлемі 80 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар халық саны да артып жатыр.
Кристин Ло, Гонконгтің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі министрінің орынбасары:
-Үкімет қоқыс тастайын жердің аумағын белгілеген кезде маңайында тұратын адам аз болған. Қазір жан-жағының бәрінде тұрғындар қоныстанды. Енді оның көлемін үлкейте алмаймыз. Ал қоқысты қайта өңдеу ісі бізде аса дамымаған. Сондықтан басқа тың жүйе ойлап табуымыз керек.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, 7 миллион халқы бар шаһардың әрбір тұрғыны тәулігіне 1,5 келі қалдық тастайды екен. Ал оны өңдеу, жою жолға қойылмаған. Азиядағы жетекші қаржы орталығының мұндай күйге қалай түскенін мамандар былай түсіндіреді.
Пол Циммерман, аудандық кеңес мүшесі:
-Гонконгті Қытайдың құрамына қайтарған 20 жылдың ішінде жергілікті билік мұндай мәселелерге мән берген жоқ. Олар саяси және конституциялық реформалар енгізумен айналысып кетті. Сондықтан осындай проблемаға тап болып отырмыз.
Енді жергілікті билік қалдықты қайта өңдейтін немесе жоятын жаңа нысандар салуды жоспарлап отыр. Оған қоса қоқыс тастағаны үшін алынатын салықтың да құнын өсірмек. Мәселен, Тайбэй мен Сеулде осындай қадам қоқыс көлемінің 20 пайызға дейін қысқаруына септігін тигізген. Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Жадыра Джазина
Дерккөз: Www.24.Kz
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Гонконг билігі қоқыс қалдығын қайта өңдеу ісін қолға алмақ
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-06-20/786.html