UNWTO бас хатшысы: Қазақстанның болашағы – туризмде

UNWTO бас хатшысы: Қазақстанның болашағы – туризмде

27 наурызда «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UNWTO) бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен кездесті.

Кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнура Мұрзамәдиева және «Kazakh Tourism» ҰК Басқарма Төрағасы Рушид Күзембаев қатысты.

Басқосуда тараптар визалық-миграциялық тәртіп, Қазақстан арқылы транзиттік жолаушылар ағымын дамыту әлеуеті, сондай-ақ Қазақстан өнімінің бірегейлігін анықтау мәселелерін талқылады.

«Үкімет Қазақстандағы туризмді дамудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Бүгінде өңірлерде осы саланы дамытуға айтарлықтай назар аударылып отыр. Біз барлық өңірдегі туристік нысандарға инвентаризация жүргіздік, жол картасы дайындалды, өңірлік туристік қауымдастықтар құрылды. Өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен құрылған қауымдастықтар туристік фирмаларға, көлік компаниялары мен қонақ үй бағытында қызмет атқаратын кәсіпкерлердің басын қосып, мәселелерді талқылап, түсіндіре алады», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов. 

Өз кезегінде Зураб Пололикашвили Қазақстанға деген ықыласы мен зор алғысын білдірді. Сонымен қатар Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

«Қазақстан байтақ та көркем. Қызықты орындар өте көп, өкініштісі, өзім әлі ол жерлерге бармадым. Алматы туралы көп естідім. Сондай-ақ, Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы, оның ішінде туризм саласында қауіп өте төмен екенін атап өткім келеді. Көршілес жатқан Қытай мен Ресей – туристер ағымының кепілдендірілген нарығы. Бір ғана міндет – сапалы өнім шығару», –деп атап өтті UNWTO бас хатшысы.

Тараптар Қазақстан арқылы транзитті дамыту үшін жаңа әуе бағыттарын ашу мүмкіндігін де талқылады.

«Біз Астана–Мадрид немесе Астана–Барселона бағыты бойынша жаңа бағыт ашуға қолдау көрсету мүмкіндігін талқылағымыз келеді. Бұл Испания мен Португалиядан келетін туристердің санын арттыруға мүмкіндік берер еді», – деп ұсыныс білдірді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

UNWTO бас хатшысы бұл бастаманы қолдауға әрі Астанада да, Мадридте де мүдделі тараптармен келіссөз ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін айты. Мұнымен қоса, Зураб Пололикашвили Қатар арқылы да тікелей бағыттың жоқтығына назар аудару керек екенін ұсынды. Оның айтуынша, Қатарда рейс ашу Қазақстанның туристік саласына инвестор тартуға септігін тигізер еді.

Кездесу соңында Зураб Пололикашвили «Атамекен» ҚР ҰКП басшылығымен өткізетін келесі кездесусге туризм саласында жүзеге асыратын дайын жобаларды алып келуге уәде берді, сондай-ақ  Қазақстан брендімен байланысты «Қазақстан болашағы – туризмде» деген ұранды да айтты.

UNWTO бас хатшысы Зураб Пололикашвили болған кездесу Қазақстан Үкіметінің арнайы шақыртуы арқылы болған іс-сапары аясында өтті. Бұл жаңа Бас хатшының шетелге алғаш рет ресми жасаған сапары, бұл UNWTO мен Қазақстанның арасындағы байланысты жоғары деңгейде екенін көрсетеді. 

2019 жылдан бастап Астанада UNWTO қолдауымен тұрақты түрде ITB-Eurasia халықаралық туристік көрме өткізу жоспарланған. Бұл ТМД елдері арасындағы ең ірі шараға айналмақ.


Алия Кемелбекова

"Атамекен" ҰКП сайты

қазақ редакциясының журналисі

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » UNWTO бас хатшысы: Қазақстанның болашағы – туризмде
Тұрақты сілтеме: /A_news/2018-04-03/1095.html