Олар да бұл Қасымды бір байқасын ...
Олар да бұл Қасымды бір байқасын ...
Бекен Ыбырайыммен сұхбат
– Қазақ поэзиясына үлкен өзгерiстер әкелген Абай хакiм екенi даусыз. Одан кейiнгi жаңаша өлең үлгiсi Қасым поэзиясынан анық байқалады. Осыған алып-қосарыңыз...
– Егер жаңашылдық мәселесiне келсек, мысал өте көп. Мәселен, жыраулар поэзиясы – өз кезi үшiн жаңалық. Олардың ойлау, толғау әлемiндегi көркемдiк жаңалықтар қазақ поэзиясына әлi күнге әсер етiп келе жатқаны хақ.
Әрине, қазақ поэзиясына, жалпы рухани әлемiмiзге Абай секiлдi қисапсыз жаңалықтар әкелген деп ешкiмдi де бөлектеп айта алмаймыз. Сондықтан да Абай – ұлы ақын. Абай туралы қаншама зерттеулер жазылса да, әлi де ұлы ақынның барлық қырын түгелдей аша алған жоқпыз. Абай – бөлек әңгiменiң арқауы.
Ал, Қасымның алдында қазақ өлеңiне айтулы көркемдiк жаңалықтар әкелген iрi тұлғалар, қазақ әдебиетiнiң классиктерi – Мағжан мен Iлияс. Қасым қазақ ақындарының шығармаларымен ғана емес, өзiне дейiнгi қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетiмен де, орыс тiлiне аударылған Шығыс әдебиетiмен де, Батыс әдебиетiмен де терең танысқаны, нәр алғаны, iштей жарысқаны аңғарылады.
Абай өлеңiнен Шығыс пен Батыс поэзиясының көркемдiк тәжiрибесiн игеру, данышпанға ғана лайық терең ойшылдықты айқын көремiз. Абайдың заман мен замандарды, қоғамдарды, адам мен адамзатты асықпай салыстырып, кеңiнен байыптауға кең ойлап, кемел толғауға мүмкiндiгi жеткiлiктi болғаны мәлiм. Әрине, гәп – мүмкiндiкте ғана емес, ең алдымен – Тұлғада. Абай – өзiнен кейiнгi барлық ақындарды ғана емес, күллi қазақ халқын тәрбиелеген ұлы Ұстаз, қайталанбас тұлға. Абай секiлдi философ ақындар қай халықтың да тарихынан аз да болса табылады.
Немесе Мағжанның «типiндегi» ақындар орыс поэзиясынан да, өзiмiзден де ұшырасып қалады. Мәселен, Бернияз жырларын оқып көрiңiз. Iлияс сияқты арқалы, адуын екпiндi ақындардың «мақамы» – «стилi» көзiмiзге бiрден оттай басылады, бұрын естiген-көрген тәрiздiмiз. Бiрақ Iлияс бiз көргеннен, естiгеннен әлдеқайда асырады, үстемелете тасқындатып толғайды. Сонысымен тәнтi етедi. Абайға, Мағжанға, Iлиясқа ұқсап жазатын, оларды айтпағанда, Күлтегiн мен жыраулар рухын, Махамбеттi еске салатын өлеңдер қазақ поэзиясында баршылық.
Ал, әдебиетке Қасым Аманжолов келгенде, «көк дауылдай кеуделi» ақын күллi елдi аң-таң қылды. Жырлары жүрегiмiзге жақын, ешкiм жатырқамайды, мөлдiреп-ақ жатыр. Бiрақ... сөзi, өрнегi, әсiресе, рухы мүлдем бөлек. Ежелгi Шығыс пен Батыс поэзиясының небiр қасқа мен жайсаңдарын еске алып көрiңiз, ескерiп көрiңiз. Әлем поэзиясында көркемдiк сипаттары бiрiн-бiрi еске салатын шайырлар жетерлiк. Бiрiнен-бiрi көбiне бейнелiк әлемiмен айрықшаланады. Ал, ақындық мектептегi, ақындық жарыс-тағы өрнек-үлгiлерде «қайталаулар», «елiктеулер», бiрiне-бiрi қарап «ажырасу» да аз емес.
– Осы айтқаныңызға мысалдар келтiрiңiзшi...
– Е, е, Айнара, оның бәрiн ғылыми тұрғыдан сықитып тұрып жазып, дәлелдеу үшiн айлар керек. Бұған дейiнгi оқыған ақындарымды iштей шолғанда, алған әсерiм ғой. Сонымен...
Қасымды ешкiмге ұқсата алмайсыз. Дәлiрек айтқанда, Қасым ешкiмге ұқсамайды, ешкiм де Қасымға әлi күнге «ұқсай» алмай келедi. Қасымның асау рухы, бейнелiк әлемiндегi қадам басқан сайын әрi өр, әрi «кiшiпейiл», әрi дана, әрi «бала» сөз саптау, бейнелеу үлгiлерi – бұған дейiнгi қазақ поэзиясында ұшыраспаған қисапсыз жаңа-лықтар. Ақын шығармаларында жан дiрiлiн, шыңырау сырдың тұңғиығын шарлайтын, замана шерi мен қоғам құбы-лыстарын, тарих толқындарын барлайтын терең сезiну бар. Нәзiк лиризм мен көкжиектi қамтыған эпикалық байтақ әлем, философиялық тамырлар бiте қайнасып, тұтасып жатады. Мұның бәрi – ақындық шеберлiктiң ғана емес, ең алдымен, ақындық табиғаттың, интеллектуалдық тереңдiктiң нәтижесi. Зерделi, естi, асау рух, сол рухтан нұр алған, сол рухпен суарған, сол рухтан ту алған шығармалар – «көрнектiлену» үшiн де емес, көсемсу үшiн де емес, көкiректегi шежiре шердi немесе басқа да әрқилы тебiренiстерiн жеткiзуге деген табиғи қажеттiлiк, табиғи ықылас.
Осы ықыластың қуаттылығы соншалық, Қасым Аманжолов қазақ әдебиетiне, сол арқылы әлем поэзиясына көркемдiк ойлаудың адамзат тарихында бұған дейiн болмаған жаңа құбылыстар, тың толқыныстарын әкелдi. Болмысты сезiну мен бейнелеудiң, көркемдiк тәжiрибенiң адамзатты байытатын жаңа типiн тарту еттi. Ендеше, Қасым Аманжолов – ұлы ақын. Қасымнан кейiн дүниеге келген ақындардың iшiнде оған бас имеген, тағзым етпеген ешқайсысы жоқ.
– Осы пiкiрiңiздi мысалмен тұздықтасаңыз жақсы болар едi...
– Жұрт жатқа бiлетiн өлеңдердi мен де мысалға келтiрiп, уақытты алмайын. Әрi бұл – үлкен мәселе.
– Ендеше, неге жазбайсыздар?
– Ақын туралы аз жазылған жоқ. Алайда, көпшiлiгi мүшелтойлар қарсаңында асығыс жазылады. Қасым Аманжолов сияқты бiр ғасырда бiр-ақ рет туатын ақынды толық тану үшiн бiр жыл немесе бiр ай аздық етедi. Әде-биеттегi шын мәнiндегi эстетикалық құбылыстарды зерттеу, байыптау және дәлелдеу үшiн сол арнада үнемi iздену қажет.
– Ғалымдар неге iзденбейдi? Мүшелтойларға орай мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлу дәстүрге ай-налған жоқ па едi?
– «Неге iзденбейдi?» деп сұрақ қою оңай. Iздену үшiн қажеттi қамқорлық, жағдай жасалуы шарт. Рас, мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлiнедi. Сол қаржының қайда жұмсалатынын да естимiз. Бiрақ... Бiздi қинайтын – сол «бiрақ» қой баяғы. Барлығы дерлiк асығыс жасалады. Мәселен, биыл Жамбылдың 165 жылдығы, Қасымның 100 жылдығы... Мұндай атаулы күндер, тойлар бұған дейiн де дүркiреп өтiп жатты. Басқасын айтпағанда, осы екеуiне қатысты зерттеулерге конкурс жарияланды ма, немесе әдебиетшiлерге қажеттi қамқорлықтар жасалды ма? Жоқ! Шығармашылық тұлғаның шын мәнiндегi қадiр-қасиетiн университеттер мен институттар да, тойлардың төрiнде қонжиып, ақын-жазушыларды дүниеге келтiргендей бәлсiнiп, шiренiп отыратын шенеунiктер де, күшi асып, өзiнен төмендi басып кететiн балуандар да, әуенiн аспанға әуелеткен әншi-лер де, айтысқанда айызыңды қандыратын ақындар да, т.т. таныта алмайды. Тұлғаны Тұлға таниды. Шығармашы-лықтың қадiрiне жететiн, жеткiзiп айта алатын – дарынды, сирек әдебиетшiлер ғана.
Кеңес заманынан қалған «дәстүр» бойынша министрлiктер мен әкiмшiлiктер тарапынан бiлiктi, зерделi зерттеушiлерге өтiнiш айтып, жағдай жасағанын әл-әзiр көре қойған жоқпыз.
Халқымыздың рухани-көркемдiк кемелденуiне қайталанбас, кемел үлес қосқан Абай, Махамбет, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Iлияс Жансүгiров, Қасым Аманжолов, т.б. сияқты әдебиет алыптарын зерттеу тойлардың қарсаңында емес, жыл бұрын жүргiзiлуi керек. Мәселен, қай оқу орнында Қасым Аманжолов туралы семинар жүргiзiледi, қай жерде Қасымтану орталығы, ең болмағанда зерттеу тобы бар?!
Сөз ретi келгенде айта кету керек шығар, бұрын бұл секiлдi мәселелермен Бiлiм министрлiгiнен бөлек Ғылым ми-нистрлiгi айналысушы едi. Екеуi бiрiккелi ғылымға тиiстi дәрежеде көңiл бөлiнбей-ақ келедi. Сол себептi, ендi облыс әкiмшiлiктерi ырду-дырду уақытша шараларға толы өшпелi де көшпелi, дүңкiлдек, күмпiлдек тойларға шашылғаннан гөрi, Тұлғаның нағыз келбетiн танытатын ғалымдарға мойын бұруы – қазiргi күннiң айқын да зәру талабы. Мәселен, туғанына биыл 100 жыл толатын Қасым Аманжоловтың академиялық басылымы әлi күнге шықпауы – ұят. Осы мәселенi Жамбылға да қатысты айтудың қисыны бар екенi күмәнсiз. Ғылымның қоғамдағы маңызын жалпылама жаппай бiлгенiмен, тиiстi дәрежеде мән бермеу – өркендеуiмiзге кедергi.
– Ғылымға деген қамқорлық қазiр күшейiп, жағдай түзелiп келе жатқан сияқты ғой...
– Сияқты, әрине. Әлмисақтан белгiлi шындық – ғылымды ең алдымен, Тұлғалар жасайды. Әрине, ұжымдық зерт-теушiлердi қажет ететiн мәселелер туралы сөз басқа. Әзiрге жаңаша қамқорлық үрдiсiн көрiп жүрген жоқпыз... Жамбыл, Қасым сияқты айтулы тұлғалардың мүшелтойларынан бiрнеше жыл бұрын министрлiктер тиiстi шараларды ойластыруды қолға алғаны мақұл. Осы орайда бiрнеше шаруа тындырылар едi. Бiрiншiден, шығармашылық тұлғаның айтылмаған немесе жөндi зерттелмеген қырларын айқындар едiк. Екiншiден, үздiк зерттеулердi шетел тiлдерiне аударсақ, халқымыздың рухани-шығармашылық әлеуетiнiң деңгейiн әлемге танытар едiк. Үшiншiден, қайраткерлерiмiздiң ең асылдары айқындалып, шет тiлдерге аударар едiк. Сөйтiп, халқымыздың тағдыры мен тарихын, табиғатын әлемге танытар едiк. Егер танымаса, бiлмесе, басқалардың құрметi де, көзқарасы да көңiлдегiдей болмайтыны тарихта сан рет дәлелденген. Төртiншiден, қазiр жасыратыны жоқ, жоғары оқу орындарында, орта деңгейдегi оқу орындарында оқулықтар мен оқу құралдары жетпейдi. Қайраткерлерiмiздi бүгiнгi күннiң биiк талабы тұрғысынан таразылау сол оқу құралдарын жазуға септiгiн тигiзедi.
– Қасым Аманжолов туралы көп томдық «Қазақ әдебиетiнiң тарихында» өзiңiз жазған едiңiз ғой...
– Иә, жазғанмын. Бiрақ ол шығармашылық шолу портрет. Ақын шығармашылығын кешендi зерттеу, кеңiнен және түрлi тұрғыдан таразылау ондай портреттiң аясына сыймайды. Асықпай, көз майын тауысып, ұзақ зерттеу керек. Мәселенiң бiр қырын ғана қарайық. Қасымның бiрнеше рет жинақтары шықты. Үш-төрт том болып та, таңдамалылар болып та. Бұрнағы жинақтарымен салыстырғанда томдықтарда да, басқа кiтаптарында да «жекелеген» «түзетулер» жасалды. Бұл жайында сол кезеңнiң шындығын көп бiлетiн, көзi көрген, куәсi болған С.Қирабаев «Әдебиетiмiздiң ақтаңдақ беттерi» (1995) деген кiтабында айтқан болатын. Ақынның 1948 жылы шыққан «Дауыл» атты жинағы мен кейiнгi басылымдарын салыстырып, бiрталай мысалдар келтiредi.
Осы орайда мен де бiраз мысал айтайын. «Ақын өлiмi туралы аңыз» поэмасындағы:
Қанды қырғын қапылыста
Жалғыз қап бар жолдасынан,
Жараланған жолбарыстай
Өрт жанарды бiр жас ұлан, –
(Қасым Аманжолов, «Дауыл». 1948, 28-бет).
деген шумақ кейiн түсiп қалған.
Осы поэманы 1961 жылы шыққан бiр томдық таңдамалы шығармалар жинағымен салыстырдым. Бiразын Серағаң да айтқан екен. Қайталамай басқаларын тiзiп көрейiк.
«Темiр гүрзi қақтап отқа» дегендегi гүрзi дiни ұғымдарды еске салады деп «қауіптенген» бе, «темiр болат қақтап отқа» деп «дұрысталыпты».
Қанатын жел жайып қарсы
Сабалады жауды бетке, –
(сонда, 29-бет) деген жанды бейнелi, әдемi жолдар «түсiп қалған» да, орнына бiр қарағанда асқақ сезiлетiн, шындап қарасаңыз, арзан патетикалық:
Ашулы жел ащы дауыс
Тұндырғандай жау құлағын, –
дегенге «айырбасталған». Осы шумақтың келесi екi тармағын оқиық.
«Дауылда»:
Сол аймақтың әрбiр тасы,
Ұшқандай ед құс боп көкке. (29-бет).
Бiр томдықта:
Сол аймақтың әрбiр тасы,
Күйретердей жау қамалын.
Кейiнгiсiнiң идеялық бағыты «дұрысырақ». Ал, көркемдiк деңгейi мен логикалық қисыны жағынан алдыңғы мысал анағұрлым жоғары. Снарядтар атқылағанда, топырақ тозаң боп, тасыңыз қиыршықтай ұшпай ма? Алғашқы мысалда сол көрiнiс образға айналмай ма? Кейiнгi мысалдағы әрбiр тасы күйретердей жау қамалын дегенде, көз алдыңызға образды көрiнiс келмейдi, сол жылдары айтыла-айтыла жауыр болған мағыналық, айқындық қана сезiледi. Оның үстiне соғыс Кеңес Одағының жерiнде, орман «етегiнде» болып жатыр. Абдолла (1915-1941) әлi жау қамалына жеткен жоқ. Олай болса, «күйретердей жау қамалын» деудiң не қисыны бар.
Ар қарай кеттiк...
«Ақырын ғана тартып сырнай» – «Жайлап қана тартып сырнай»...
«Ұрлық отын жағып отыр» – «Зұлымдық от жағып отыр».
«Түскен ұры терезеңнен» – «Түскен дұшпан терезеңнен» – болып «өңделген».
Алғашқы басылымда поэма «Абдолла» (Ақын өлiмi туралы аңыз) деп аталса, кейiн Абдолла аталмай, «Ақын өлi-мi туралы аңыз» деп қана жазылады. «Дауылдағы»: «Құдiрет күшi жер жаһанның», – деген аса асқақ дауыс кейiн «өзi-мiзге» қарай икемделiп, «қасиеттi күшi Ұлы Отанның» болып, идеялық жағынан «бетi берi қарайды».
«Жарқ-жұрқ етiп жан ашуы», – деген тегеурiндi, темiрдi темiрге соққандай серпiндi жол: «Болып серiк (?) жан ашуы», – болып солғындайды. «Ер күрсiнiп алды демiн» деген жол мүлдем жоқ.
Мұндай мысалдар тiзе берсек, әлi де бiраз бар. Уақыт ұту үшiн ықшамдап айтайын. Кейiнгi жинаққа мүлдем енбегендер:
Түсiргендей көктiң майын,
Зiркiлдедi зеңбiректер.
Естiгендей дозақ күйiн,
Көрден ытқып шықты өлiктер...
Айтып жұмбақ өлеңдерiн,
Аңыз болып бiр сұлу жар.
Желпiп жалын желектерiн,
Келе жатты от сұлулар.
...От сұлулар ыстық тiлмен
Өттi ұланды сүйiп-сүйiп...
...О, құдiрет, құнсыз темiр,
Кеше ғана жатқан шаңда.
Бiткендей-ақ бойына өмiр,
Зiрк-зiрк етiп қан майданда,
Көрдiңдер ме, ендi мынау,
Сайысады адаммен бұл.
О, зымиян, сұрқия жау!
Қайран өнер, қайран ақыл! –
Дедi де ол жалын шарпып...
Ендi «жөнделген» жолдарға назар аударайық:
Зiлзала боп жер мен аспан, – дегенде, астаң-кестең дүниенi меңзесе, кейiнгiде мағынасы оған тiптен кереғар: «тұтасқандай жер мен аспан» болып кеткен. «Өрт топанын кешiп Нұхтай дегенде», «Өрт топанын кешiп, таптай (?)» болып, «саяси» жағынан «дұрысталған». Сол сияқты:
«Жау алмасын, сен алшы өрт» – «Жел, туған жерге алып жет»;
«Қайран халқым, қайран жұртым» – «Туған халқым, туған жұртым»;
«Ту сыртынан сығып жанын» – «Ту сыртынан шығып (?) жанын»;
«Жалт бердi ту, жалт бердi өмiр» – «Аялдамай, жалт бердi өмiр» –
деген «өзгерiстерде» ырғаққа нұқсан келгенi, қарабайырланғаны ап-айқын.
Осы поэмадан соңғы мысал:
От сұлулар ыстық тiлмен,
Өттi ұланды сүйiп-сүйiп.
Қайсар батыр от киiнген,
Күш-қайратын тiске жиып, –
деген жолдардың алғашқы екi жолы алынғанын айттық. Ал келесi тармақтарының орнына, «тiске жиыптан» кйiн:
Жаңағы (?) ақшыл (?) ер жүзiнен
Жалын тiл тұрды сүйiп, –
делiнген. «Жаңағының» бұл араға не қатысы бар? Қан майданда түтiгiп, от iшiнде арпалысқан жауынгердiң ақшыл жүзiн кiм көрiптi?!
«Жалын тiл тұрды сүйiп»-те бiр буын жетпей, тармақ ақсаңдап қалған.
Осындай ықшамдаулар өлеңдерiнде де бар. Бәрiн жiпке тiзбей, екi мысалмен кiдiрейiк:
«Ғалиға жауаптың» (1944) «Үшiншi сөзiндегi»:
Сыпырып кiреукесiн жiтi (?) түннiң,
Жүзiне қараймын тiк келер күннiң.
Жұлығын қан жалаған ботинкаммен,
Төрiне шығармын бiр мен елiмнiң, –
деген шумағы мен «Жамбыл» (1946) атты жырындағы:
Бiлмеймiн ұнадым ба, сынады ма,
Мұндайда ақын жаны тұнады ма?
Кеудемнен алып ұшты көңiл-күйi,
Жас кезiм оның кәрi құлағында, –
деген шумағы алынып қалған. Мысалдарды тiзудегi мақсат – ақын шығармаларының академиялық басылымын немесе таңдамалы шығармалар жинағын бұрынғы басылымдарымен салыстыра отырып шығару қажеттiгiн қайталап еске салу. Бұл пiкiр бұрыннан айтылып келедi. Бiрақ неге екенi белгiсiз, «баяғы жартас бiр жартас»...
Ақынның жан тереңiнен шымырлап шыққан жырлары оның өз творчествосының да, жалпы қазақ поэзиясының да өзiндiк құбылысына, соны көркемдiк сипаттарына айналды. Қасымның көптеген өлеңдерiне буырқанған бұла күшке, екпiндi ерлiкке толы, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды қайраты, тепсiнiп темiр үзердей iшкi қуат, сапырылыса, шайқала шапшыған сезiм драматизмi тән. Ақын небiр уытты, сұрапыл серпiндi, болатты болатқа соққандай жiгерлi де отты сарындарға көбiрек көңiл қояды. Осынау рухани қасиет оның творчествосындағы бiрегей стильдiк ерекшелiктiң де бедерленуiне әсер еткен. Ақын «Сырбайға екiншi өлеңiнде»:
Мен едiм от жүректi Қасым ағаң,
Дүние қасiретiне жасымаған.
Дауыл ғой, дауылдан бiр тұрған бойым,
Мен қайтiп iштегi өрттi жасыра алам, –
деп, өзiнiң ақындық табиғатын тап басып айтады. Оның творчествосын шолғанда, стиль ерекшелiгiн, талғамы мен табиғатын аңғартатын сипаттар молшылық. Соның бiрi – ақынның толқуы мен толғамын, тебiренiсiн бейнелеуге қолайлы, қажеттi сөз асылын iрiктеп, өлең сәукелесiне гауһардай қадай бiлуiнде. Бұл ретте жиi ұшырасатын сөздер: ай, алтын, ән, бұлбұл, бұрқап, дариға, дауыл, дүние, ел, ер, жаз, жаһан, жер, жүрек, жыр, күй, көз, күн, нажағай, намыс, нұр, от, ой, өлең, өрт, сұлу, тау, тас, теңiз, темiр, топан, теңселу, т.т. Ақын табиғатының айрықша айшықары – жарқылдаған жасын мiнез, өр дауыс, асқақ пафос.
– Сiздiң пiкiрiңiзге қарағанда, ақын туындыларынан сонау Абайдың, Мағжанның дәстүр жалғастығы байқалып тұрады. Сонда кезiнде атын айтуға жасқанған арысымыздың шығармаларымен ақын өз бетiнше танысып, бiлген бе?
– Иә, ақын өлеңдерiнен алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы байқалатыны рас. Мәселен, «Сұлудың сымбатынан» Абайдың «Қақтаған ақ күмiстей кең маңдайлы-сының» iзi көрiнедi:
Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзi нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерiн, меруерт тiс,
Бейне мақпал қызыл тiл шекер балдай.
Төгiлер иығына қара шашы,
Жiбектей жүз құлпырған дамыл алмай.
Немесе
«Көктем» өлеңіндегі:
«Алақанын тұр жайып, жас ағашта жапырақ. Балғын өмiр ғажайып, Жас дауыспен жамырап» секiлдi сыршыл образдылық Абайдың «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» сияқты толғаныстарымен үндесiп жатыр. Осындай сәттерде Абай тәсiлi, Абай пай-даланған көркемдiк өрнектер, бояулар бiрден «менмұнда-лайды».
Сонымен қатар, ақын шығармаларынан Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов өлеңдерiндегi ой-толғау, сыр ақтару сарыны мен машығы белгi бередi. Мысалы: «Тойла, қазақ!» атты өлеңiнде:
Кiм едiң, кiм болдың сен, ойла, қазақ!
Бiрақ та ойлап қана қойма қазақ!
Көсемiң, ұлы Отаның болсын риза,
Табысты таудай үйiп, тойла, қазақ! –
деп түйiнделген. Жинақталған бейне ретiнде алынған ел-халыққа арнап тiл қату, үндеу тәсiлi Мiржақып Дулатов-тың «Оян, қазағын» жаңа заман талабына сәйкес жаңартады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б. халық жауы ретiнде қаралау майданы басталып, одан тамам ел түгел құлақтанса да, жас, албырт ақын жанына жақын әуен мен тәсiлден бас тартпайды, жаңа заманға бейiмдеп қолданады. Яғни ақын тек өмiршең, озық дәстүр ғана көркемдiк әлемiнде жоғалмайтынын, жойылмайтынын сезiне бiлген. Сондықтан да сол дәстүрдi өз жүрегiнiң көрiгiнен өткiзедi, өзiнше жаңғыртады. Ал Мағжан жырының жаң-ғырығы, А.С. Пушкиннiң қайтыс болуына 100 жыл толуына орай жазған «Ақын» өлеңiнен нышан танытады:
Күн боп туған ұлан күнше күледi,
Күндес болған түн өзегiн тiледi...
Жас ұланның таза қаны күйедi...
Қара түнде қара киiп қайғырған
Сұлуларды құшады да сүйедi... –
сияқты тармақтардан Мағжанның көркемдiк әлемi елестейдi.
Үздiктер үлгiсiнен үйренуге құштар ақынның қалыптасу, өсу кезеңiнде дүниеге келген туындыларынан С.Сейфуллин, I.Жансүгiров, Б.Майлин шығармаларының да әсерi аңдалады. Алайда, Қасымның iзденiстерi ырықсыз, көзсiз елiктеу емес, саналы түрде дәстүрден үлгi алумен бiрге, өзi-нiң үнiн танытуға, табуға деген ықылас басым.
– Әдетте, Қасымды лирик ақын ретiнде қабылдаймыз. Ал басқа да қандай қырлары болған?
– Иә, Қасым – лирик ақын екенi рас. Ақын өлеңдерiнiң лирикалық кейiпкерi көңiл-күйiне қарай алуан кейiпте көрiнедi. Бiрде өр, тәкаппар, ендi бiрде үлбiреген нәзiк, соншалық сезiмтал. Дегенмен, буырқанған бұла күш пен асау арын лирикалық кейiпкердiң жанына жақын. Өлең өрнегiндегi өзгеше, өршiл сарын, бөлекше бейнелiлiктiң бедерленуiне себепкер – лирикалық кейiпкердiң түйсiнуi мен толғанысы. Кейiпкердiң заман биiгiнен толғауы, кәдуiлгi тiршiлiк пен мәң-гiлiк мәселелердi дәуiр талабына сабақтастыра сезiнуi – ақын парасатының, шабыт пәрменiнiң айшықтары. Ақын жырларындағы сыршыл да сыншыл пайым – соның бiр көрiнiсi.
Ақынның өлеңдерiнен бөлек драматургия саласында жазған шығармалары, мақалалары бар. «Қорлығайын» (аяқталмаған драмалық поэма), «Әлем сахнасында», «Аңқау Жүсiп», «Досымның үйленуi», «Ауру мен ажал» сияқты нәрлi тiлiмен, кейiпкер табиғатын айқын танытуымен, драмалық, комедиялық тартыстардың әлеуметтiк тамырының тереңдiгiмен назар аударады. Ал «Халық ақындары туралы», «Қалибек Қуанышбаев», «Абай шығармаларының аудармасы», «Ұлы трагедия ақын туралы», «Иса ақынмен соңғы кездесу», «Жамбыл шығармаларының аудармасы», т.б. мақалаларында ақын өлеңге, жалпы поэзияға қоятын биiк талабын айтады, қаламдастары туралы әдiл, қамқор пiкiр бiлдiредi. «Айқасу» очеркiн, «Еңбек еншiсi» әңгiмесiн жазғанымен, прозамен дендеп айналыспаған.
– Сұрапыл соғыс тақырыбы көптеген ақын-жазушыларымыздың қаламына iлiнгенi анық. Бiрақ сол кезеңдегi қазақ психологиясын дәл Қасым ақындай жеткiзе алған ешкiм болмаған сияқты көрiнедi маған. Бұл жөнiнде не айтасыз?
– Отанға қара бұлттай қатер төнiп, жан-тәнiңдi жаншып, таптап өтпекке жанталасқанда, екi-ақ таңдау бар. Бiрi – көну, жеңiлу. Екiншiсi – бағзыдан берi бұлжымай келе жатқан, баба қазақтың байырғы ұраны – «Қанға қан, жанға жан!» Ата жаумен арпалысқан айбынды ұланды ұлы ететiн, жаужүрек батыр ететiн – оның Отанға деген махаббаты. Елiн, жерiн тебiрене сүйген адам ғана батырға айналады. Мәселен, мына толғанысын алып қарайық:
...Күллi әлемнiң ашу-кегi,
Орна менiң кеудеме кеп!
Жау жолына атам сенi,
Бомба бол да атыл жүрек!
(«Ақын өлiмi туралы аңыз»).
Махаббат пен ашынудан серпiлiп туған сұрапыл жiгер-қайратты өзiнiң өр кеудесiне лық толтырған жалынды жастың өршiл толғанысында қаншама астарлы да ажарлы сурет, кестелi келiсiм бар. Өлiмнiң өзiн әлем әдебиетiнде сирек кездесетiн романтикалық, әрi философиялық категория пафосқа айналдырып, асқақтата жырлаған. Ақынға майданда мерт болған досы Абдолла Жұмағалиевтiң өлiмi қатты әсер етедi. Сөйтiп, ақын шығармашылығының шыңы, қазақ поэзиясының айтулы туындысы – «Ақын өлiмi туралы аңыз» поэмасы дүниеге келедi. Аяулы досқа деген махаббат, өкiнiш сезiмi ақынның жан азасы мен тебiренiсiне ұласып, жиырмасыншы ғасырдың жойқын алапатына әрi поэзия, әрi философия тұрғысынан қарауға серпiн берген. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың сипаты мен сиқын, адам қасiретi мен қасиетiн, айбарлы өлiм айбынын терең де жедел толғаған «Ақын өлiмi туралы аңыз» – қазақ жырындағы ғана емес, жаһан поэзиясында ұшырасатын жауһар туындылардың бiрi.
– «Дариға, сол қыз» да дәл осындай майдан даласындағы шындық пен қасiретке және сол қиындыққа қарамастан өмiр сүруге деген құштарлыққа толы өлең. Мүмкiн, бұл өлең ақынның төлқұжаты десем де қателеспеспiн, әлде...
– «Дариға, сол қыз» – майдан арпалысы мен қасiретiн, тарихи шындық, әлеуметтiк трагедия мен жеке адамның басындағы трагедия, соның бәрiнен аман алып шыққан өмiрге деген құштарлық оптимистiк рухпен жеткiзiлген шығарма.
(Басы 1,8-беттерде).
Шығарма ырғағымен де, заман шындығын, лирикалық кейiпкердiң тебiренiсiн бейнелеу ерекшелiгiмен де сол кезеңде айрықша жаңалық ретiнде сүйсiндiрдi. «Көрсетпей жүзiн, естiртпей сөзiн, қаһарын төгiп тұр долы соғыс» деген жолдарда замана аласапыраны жол кессе, «арманым бар ма, өлсем бiр көрiп, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» деген сәттерде кейiпкердiң жарық дүниеге талпынған өлмес құштарлығын, «қолымда найза, шағылып айға» дегенде, асау қайратын, жiгерлi табиғатын, асқақ рухын аңғарамыз. Бұл жырда ақынның қайраты мен айбаты, қайғысы мен қамығуы, үмiтi мен күдiгi, мұңы мен тiлегi қат-қабат.
– Ойға құрсау салған идеологияның әсерi ақын шығармаларына қалай ықпал еттi?
– Сол кездегi белсендi идеологияның талабына орай қалам иелерiнiң көптеген саяси оқиғаларға, жаңа қоғамды дәрiптеуге жаппай атсалысқаны белгiлi. Ол кез үшiн мұндай қарекет қоғам, мемлекет үшiн идеологиялық, әрi әлеуметтiк қажеттiлiк болса, шығармашылық өкiлi үшiн ерiксiз өмiрлiк, мәжбүр қажеттiлiк болғаны мәлiм. Идеологияға икемделiп үн қатпаса, қайтсе де амалын тауып немесе көпе-көрнеу жалған айып тағып, айдалатын, ату жазасына кесiлетiн. Демек, Қасымның да заман талабына орай туған жырларына, дастандарына қоғамның ерекшелiгi әсер еттi. Мәселен, «Құпия қызда» Қызай қызы Ләзаттың бостандық iздеп, ауылдың етi тiрi жiгiтi Нұрманның қолдауымен Кеңес елiне қашқаны, Нұрман мен оған ерген қойшы жiгiт Жақыптың мерт болғаны, Ләзаттың Кеңес елiне келiп бостандық алғаны халық ақындары дәстүрiнде жырланған. Бұл поэманы жазуға 1938-1939 жылдары республиканың сол кездегi Орталық Комсомол Комитетiнiң жастар өмiрiн өзек еткен поэмаларға арналған бәйге жариялауы себеп болған. «Құпия қыз» осы бәйгеде жақсы бағаланған. «Қытай қызында» да уақыт талабына қарай бейiмделiп жырлау айқын байқалады. Ал «Боран» өлеңiнде сол талап сезiлгенiмен, ақындық қуат молырақ екенi байқалады. «Бикеш» поэмасы да ақынның идеологияға икемделiп жазған туындысы. Қ.Аманжоловтың басқа да бiраз өлеңдерi сол кездiң талғамы мен талабына лайықталып жазылған. Бұл шығармаларында ұраншылдық сарындар ұшырасып, тебiренте бермейтiн, қаншама құлшынғанымен ақынның өзiн толқытпаған соң, басқаны да әсерлендiре қоймайтын туындылар кездеседi.
– Ақынның өткенi мен бүгiнгiсiне ой жүгiртiп, өз-өзiне сын көзбен қарай жырланған «Өзiм туралы» өлеңi кейде ақынның бақұлдасу сөзiндей боп көрiнетiнi бар...
– «Өзiм туралы» – Қ.Аманжоловтың өз өмiр жолын ой елегiнен өткiзу, өз болмысын тануға және танытуға деген талпынысы, заман мен келешектi шолуы һәм таразылауы, алдағы күнге деген үмiтi, арман-сенiмi, әрi болмысты философиялық-көркемдiк тұрғыдан байыптауы. Сонымен бiрге, бұл – айықпас дертке шалдыққан, мәңгiлiк сапарға бет бұрған ақынның ақтық аманаты, арнау сөзi, реквиемi. Сыншы Е.Ысмайыловтың айтуынша, өлең аяқталмаған. Соған қарағанда автор философиялық поэма жазуды дiттеген сияқты. «Шарлаған жолым жатыр жер бетiнде, Кө-рiнер көлеңкесi келбетiмде» деп күллi өмiрiн көз алдынан – таразыдан өткiзген ақын бiр сәт «Арпалыс ала құйын заманалар, арбасып тұрып алды мен не етемiн» деп назаланса да, шындықты бейтарап сараптап:
Өкiнбен мен де бiр күн өлемiн деп,
Өкiнем ұқсата алмай келемiн деп.
Күнiне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзiммен бiрге өлмесiн өлеңiм деп... –
дейдi.
– Ақынның аудармалары, орыс тiлiнде жазған өлеңдерi жайлы айта кетсеңiз.
– Ақын шығармашылығының құнарына, әуен-сарын, бояу алуандығына игi ықпал еткен факторлардың бiрi – орыс және басқа да халықтар өкiлдерiнiң поэзиясы. Пушкин, Лермонтов, Маяковский, т.т. Сондай-ақ, 30-жылдардан бастап бiрге жүрген достарының бiрi Ғ.Слановтың айтуынша, ол аталған ақындарға қоса, Шевченко, Байрон, Руставели, Низами шығармаларын көп аударды. Ақындық тәжiрибенiң молаюына, өмiрдi көркемдiк тұрғыдан тануына, өзiндiк мә-нерiнiң қалыптасуына аударманың да айрықша септiгi тигенi рас.
Арқалы Қасым ақынның от пен оқтың арасында жүрiп, орыс тiлiнде жазған өлеңдерiнiң қазақша нұсқалары да бар. Бiрақ ол өлеңдер алдымен орысша жазылды ма, әлде қазақша жазылды ма, ол жағы анық емес. Мәселен, ақынның шығармалар жинағында берiлген «Зұлым жау» өлеңiнiң тү-сiнiкте келтiрiлген орысша нұсқасы небәрi 6 жолдан ғана тұрады, қазақшасы 8 шумақ –32 тармақ.
Зер салып, салыстырып оқысаңыз, «Зұлым жаудың» орысшасы қазақшасына қарағанда, ашынуы мен ашуы араласа айқын тасқындап, асқындап, аспанға өрлеп тұр. Мәселен, қазақшада:
Қандай ғана дозақтан түстiң сен сұм,
Қандай у мен тәжiңдi бояғансың,–
десе, орысшада:
Из какого ада брошен ты подлец,
Каким же ядом пропитан твой венец? –
деп, шапшып шығандайды.
Тәждi қараптан-қарап бояу қазақы ұғымға бiрден қона қоймайды. «Түстiң сен сұм» да жүрiстен жаңылысқан. Ыр-ғақтың аяғы шалынысып кеткен қапы сәтi бiрден көзге түседi. Бұларға «еркек ажар» (М.Әуезов) берiп тұрған жайт дозақ емес, «қандай ғана дозақтың» эмоциялық қызулы қуаты әлдеқайда айқын. Әйтсе де «дозақтан түстiң» дегенде, дозақ аспанда әуелеп, көктi жайлағандай, сұм содан салбырап түскендей әсер етедi. Орысшада сол дозақтың өзi түңiлiп, жиырыла жиiркенiп, жыны ұстап лақтырған немесе жазира жарық дүниеге лаң салу үшiн қасақана лақтырылған. «Подлец», «венец» деген қатқыл дыбыстар шоқпармен ұрғандай әсер етедi, «каким же» деген таңданысы мен ызбары, ызғары қабаттаса ширыққан эмоция қазақшада көрiнбейдi.
Қалай дегенде де «түстiңге» қарағанда «лақтырылғанның» зiлi де, кесапаты да жойқын, жер астынан жiк шыққандай тосын. Сол жойқындық, сол тосындық жүрегiңдi дiр еткiзедi.
Қазақшада:
Қандай әйел тапты екен сенi неге,
Қандай сайтан енгiздi дүниеге...
Осы жолдардың қазақша табиғи, әдемi шықпай жатқаны талассыз. «Сенi неге» деген екi сөз үйiрлеспей, үйлеспей, бiрiнен-бiрi үркектеп, зордың күшiмен ғана қатарласқан. Сол секiлдi «енгiздi дүниеге...» қарабайырланып, жайдақ мақала «стилiне» ыңғайланып кеткенiн көрмеу мүмкiн емес. Орысшада:
Какая злодейка родила тебя?
Какая ведьма в мир вводила тебя?
Қазақшада:
Тау бүркiтке (?) атылған сен бiр жылан,
Долы сайтан, дүниеге салдың ылаң...
Орысшада:
Кинулся на мир, как змея на орла,
Как сатана, как ведьма злостью полна...
Қазақшадағы: «Тау бүркiткенiң» жатық шықпай жатқанына мән бермесек те, орысшадағы ойыңнан кетпейтiндей, жан тiтiретерлiк соншалық зiлдi де зұлымның ұсқынын қашыра, бетiне шыжғыра екпiндеп, еселенiп айтылған зор айыптау, кегi қаулаған өктем үн қандай? Қайда қашса да құтқармайтын, серпiнi жойқын айыптаумен бiрге, жарық дүниеге шүйiлген қара ниет, қайырымсыз, қанқұйлы тажалдың табиғатын жазбай таныған байыптау қандай? Байыптау арқылы тарихтағы тажалды, адамзатына аранын ашқан ажалды, таймай-тайынбай үстi-үстiне төпелеп әшкерелеуi қандай?
Тажал мен ажал тiзе қоспақ түгiл, тұтасып кеткен, озбырлығынан зұлымдығы асқан, зұлымдығын одан әрi қоздыратын озбыр ойраны тiптi озған, жарық дүниенi «жалт-жұлт еткен кең мекен» емес, иманың қасым болатын ала-сапыранға айналдырған.
Орысшадағы «подлец», «сатана», «ведьма» секiлдi бiрiнен бiрi өткен, өрт өшпендiлiгi соншалық зiлдi сөздер қа-зақшада «сұм», «сайтан» болып сәл де болса қуаты қожырай бастаған. Сол сияқты «какая злодейка», «какая ведьма» дегендегi қайталай айыптау, оқыс зiлдену «қандай әйелмен» шектелген. Бұл «какая» «қандай ғана» деп аударылса, әсерлiрек шығар ма едi?! Алайда, олай аударса ырғаққа нұқсан. «Сен неге» дегенде, «неге» ұйқастың ұясына енгiзу үшiн ғана ентелеп келген. Айқыны сол – орысша нұсқаның эмоциялық экспрессивтiк қуаты, поэтикалық мазмұн ауқымы, көркемдiк мағыналық көкжиегi кеңiрек.
Бұған қарағанда, өлең әу баста орысша жазылғанға ұқсайды. Өйткенi, майдан газеттерi негiзiнен, орысша шығады ғой. Соған ұсыну үшiн бiрден орысша жазғандай. Сол кездегi майдан газеттерiнiң бiрiнде бұл өлең орысша жарияланды ма, ол жағын бiлмеймiн. Ал, қазақшалай қатырып жатуға соғыс кезiнде, әлбетте, ақынның уақыты болмаған.
Қасымның бұдан басқа да бiраз орысша жазған шығармалары бар екенi бертiнде ақынның сүйiктi қызы – Да-риға Аманжолованың «Қазақ әдебиетi» газетiнде шыққан мақаласында айтылды. Сол қолжазбаларды табу майдан газеттерiнде жариялануы мүмкiн жырларын iздеу, салыстыра зерттеу – алдағы мiндеттердiң бiрi.
Анығы сол – Баубек Бұлқышев сияқты Қасым Аманжолов та орысшаға жетiк болған. Орыс тiлi арқылы әлем поэзиясымен, қолы жеткен шығармалармен байыптап танысқан. Орыстың ұлы сыншысы Белинскийдiң мақа-лаларын аударған. Әр тiлдiң өзiндiк қалыптасқан әлемi бар екенi ғылымда баяғыда-ақ дәлелденген. Қасымның асқар биiкке көтерiлуiне екi тiлдiң әлемiнде еркiн жүзуi, екi тiлдiң көркемдiк құнары мен қуатын бойына еркiн сiңiруi де әсер еткен. Бұл орайда Ш.Уәлихановтың, Абайдың, Ы.Алтын-саринның, Мағжанның, т.б. шығармашылығындағы «кәдуiлгi» қазақшадан бөлекше ойлап кететiн сәттерiн еске алсаңыз, әр тiлдiң ғасырлар бойы жинаған тәжiрибесiнiң шығармашы-лыққа әсер ететiнiн қайыра еске аламыз. Аристотель мен әл-Фарабиден бастап, бүгiнге дейiнгi ғылым мен шығармашылық өкiлдерiнiң өмiрiнен келтiруге лайықты мысалдар қыруар...
Қасымның шығармалар жинағында «Бүгiн майдың отыз бiрi» деген атпен күнделiк дәптерден келтiрiлген үзiндiлерде подполковник Әлпиннiң ақынды «Отан үшiн соғысқа» деген орысша газет редакциясына орналастырғаны, ондағы редактор, аға лейтенант Кулагин Қасымның жазған мақала, хабарларының берекесiн кетiргендiгi туралы айтылады. Және де мұнда ақын: «...орысша-қазақша бiрнеше өлең жаздым. Бiрақ көбi-ақ шабытсыз, көңiлсiз жазылды. Бiрiншiден, науқас болдым, екiншiден, редактордың қыңыр мiнезi көңiлiмдi көтертпедi, соның өзiнде июньнiң тоғызы «Брянские леса» деген өлеңiмнiң басын жазып қойған едiм, бүгiн аяқтағалы отырмын» деп, ағынан жарылады. Бiрақ осы «Брянские леса» бiздiң қолымызға түспедi. Қасым еңбек еткен майдан газетiнде жариялануы әбден ықтимал. Iздеу, табу жариялау кезектегi шаруа.
– Сөзiмiздi түйiндесек...
– Түйiнi – Қасым Аманжолов шығармашылығы, ғажайып ақындық қуаты әлi де арнайы, терең зерттелуi керек. Ұлтымыздың ғасырлар бойы өлмей, өшпей бүгiнге жеткен, келешекке ұмтылған ұлы ағысты талабын, қайталанбас өзiндiк керемет рухани әлемiн, шығармашылық зор әлеуетiн танытатын бiрегей, тарихи тұлға – Қасым Аманжолов. Адам мен адамзаттың қиялына қанат бiтiретiн, рухына жiгерлi серпiн беретiн Қасым сияқты ақындар әлем поэзиясында сирек. Ендеше, Қасымды зерттеу, асыл мұрасын алуан тiлдерге тәржiмалап, таныту – елдi-гiмiздiң iргесiн нығайту, кешегi күндерде кеткен есемiздi қайтару, жоғымызды түгендеу, бақытты болашаққа ұмтылу деп, сөзiмдi тәмамдайын.
Әңгімелескен Айнара Ашанова
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Олар да бұл Қасымды бір байқасын ...
Тұрақты сілтеме: /A_suhbat/2017-06-10/755.html