Т.Құлыбаев: Шағын және орта бизнестің салық аударымдары бизнестің өзін дамытуға жұмсалу керек
Талдықорғанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлайды.
Ұлттық палатаның басшысы әкімдік пен бизнес-қоғамдастықтың назарын отандық тауар өндірушілерді қолдауға аударды.
«Атамекен» отандық тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту тапсырмасын берді. Әрине бұл үдеріс отандық тауар өндірушілер арқылы жүргізіледі. Кез келген инвестор нысан ашқан кезде отандық өндірушіге айналады. Осылайша жұмыспен қамту мәселесі шешіледі және салық аударымы ұлғаяды», - деді Тимур Құлыбаев.
Төралқа төрағасының айтуынша, жергілікті атқарушы органдар сатып алуларды жүзеге асырып жатқанда өңірлік өндірушілерге басымдық таныту керек.
Тимур Құлыбаев отандық кәсіпкерді қолдау туралы айта отырып, Текелі қаласында салынған автожолды мысалға келтірді. Бұл жол 7 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген, сапасы жағынан шетелдің танымал компанияларынан кем түспейді. Төралқа Төрағасының айтуынша, осы жұмыс отандық өндірушілерге сенім білдіруге болатынын көрсетеді.
«Өңірлік палата отандық тауар өндірушілердің тізімін дайындауы қажет, ол әкімдіктерде болуы керек. Осылайша тапсырыс жасағанда өңірлік және жергілікті өндірушілерді назарға алу қажет», - деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Төралқа төрағасы сонымен қатар «Атамекен» шағын және орта бизнестің салық аударымдары өз өңірінде қалсын деген ұсыныс білдіргенін атап өтті. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытудағы қызығушылығын арттырады.
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Т.Құлыбаев: Шағын және орта бизнестің салық аударымдары бизнестің өзін дамытуға жұмсалу керек
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-05-07/634.html