Отандық аккумуляторлар енді Еуропа мен БАӘ нарығын бағындырмақ

Талдықорғанда дайындалатын аккумуляторлар ТМД елдерінің аясынан шығып, енді Еуропа мен Араб Әмірліктеріне жетпек. 

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының тұрақты қатысушысына айналған кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін алыс-жақын шет мемлекеттерге шығарады. Биылдан бастап кәсіпорын Қытай нарығынан да орын ала бастады. Серіктестермен жасалған келісімге сәйкес аталған елге 700 мың дана аккумулятор жіберілетін болды. 40 жылдан астам тарихы бар зауытта көненің ізі байқалмайды. Бәрі жаңарған, талап күшейген. Қадам басқан сайын жаңа технология, жаңа желілер. Шығарылып жатқан аккумулятор батареяларының қай-қайсысы да шетелдікінен кем емес. 

Тілеуқабыл Мыңжасар, тілші: 

– Кәсіпорын үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында мемлекеттік қолдауға ие болып, жылдан-жылға дамып келеді. Нәтижесінде өндіріс көлемі 2009 жылдан бері 8 есеге ұлғайған. Қазір зауыт бәсекеге толық қабілетті. Ал оның өнімдері әлемнің бірнеше еліне шығарылып жатыр. Талдықорғанда дайындалатын аккумуляторлар ТМД елдерінің аясынан шығып, енді Еуропа мен Араб Әмірліктеріне жетпек. Қазір онымен айналысатын өкілдіктер ашылып жатыр. Ал көршілес Қытай елі – үлкен нарық. Ондағы серіктестермен арадағы байланыс нәтижелі болып тұр. 

Қуаныш Әжмағамбетов, Кәсіпорын бақылау кеңесінің төрағасы: 

– Олар біздің аккумуляторға сеніп, біздің мүмкіндігімізге сеніп, 700 мың аккумулятор алу үшін бізбен келісімшарт жасасты. Бірінші 9 мыңын қаңтар-ақпан айларында жібердік. Келесі 20 мыңды қазір дайындап жатырмыз. 

Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары. Күні ыстық Африкаға да шыдамды. Сондықтан болар қытайлық серіктестер оны бізден алып, Бенин Республикасына да жібере бастаған көрінеді. 

Қуаныш Әжмағамбетов, Кәсіпорын бақылау кеңесінің төрағасы: 

– Қытай шикізатты қабылдай береді. Ал дайын затты кіргізбеуге тырысады. Біз ол кедергіден өтіп, қазір сол жаққа кірдік. Бірақ біздің затымыз Қытайда шыққан өнімнен 15 пайызға қымбат. Соны біз қалай жеңуіміз керек, қалай соны жеткізуіміз керек? Әрине, бұл арада Үкіметтің көмегі керек. 

Былтыр кәсіпорын 1,8 миллион дана аккумулятор шығарған. Биылғы меже – 3 миллион данаға жеткізу. Қазақстан үшін оның 1 миллионы жеткілікті. Басқасы экспортқа шығарылады. «Егер Қазақстанда дайындалатын қорғасынды аккумуляторларға пайдаланатын болса, келешекте экспорт көлемін 14 миллион данаға жеткізуге болады», – дейді кәсіпорын басшылары. 

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов

Дерккөз: www.khabar.kz


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Отандық аккумуляторлар енді Еуропа мен БАӘ нарығын бағындырмақ
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-06-06/741.html