Үнемшілдік кедейліктен сақтайды

Расында, кез келген көзіне түскен нәрсеге қызығып, содан лездік  мауқын басып сатып ала беру – ол кедейшіліктен шыға алмаудың басты себебі. Жалпы бұл ысырапшылыққа жетелері де сөзсіз. Сондықтан, үнемшілдік қашанда әуелі кедейліктен сақтап, сізді байлыққа жеткізеді. Ең бастысы, үнемшілдік Алла Тағала берген нығметті орынды жұмсап, ұқсатып пайдалануға саяды. Осы тұрғыдан келгенде, адам бікен үнемшілдік арқылы кедейліктен құтылары белгілі.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Сабырлылық, үнемділік және қажетсіз ысырапкершілікке жол бермеушілік, пайғамбарлық сипатының жиырма төрт қасиетінің бірі. Ысырапкершілікке жол бермеңіз», - деп қатаң ескертеді.

Негізі, адамдардың басым бөлігі әрбір тапқан тиынын лезде жұмсап, қарызға және несиеге дүние алуға бейім тұрады. Егер де осы әдетіңізден құтылмасаңыз сізде ешуақытта ақша болмайды, яки еш байымайсыз. Үнемшілдікті тіпті әдетке айландырыңыз. Ақшаны бет алды шашпаңыз. Байлыққа баратын жолды аңсап тұрсаңыз, ол жол базарға барғандай қарапайым әрі түзу. Ол негізінен мына екі сөзден тұрады – ынтаңыз бен үнемшілдігіңізден. Уақытыңызды бет алды ысырап қылып, ақшаңызды рәсуа қылып шаша бермеңіз. Осы уақытыңыздың да, қаражатыңыздың да қарымтасы  барынша қайтатындай етіп ақшаңыз бен уақытыңызды жұмысқа жегіңіз, мүмкіншілікті ұтымды пайдаланыңыз. Адам табиғатында өмір сүруге керекті жанталастың тұқымы салынған. Осы өмір үшін жанталас – адамзаттың алға жылжып дамуының басты себебі. Туғаннан өлгенге дейінгі аралық, пенде үшін алма-кезек қайталанып жататын сынақ алаңы. Осы өмір үшін күресте біз баға жетпес тәжірибе жинақтаймыз. Осы күресте, алдымызға қойған мақсатымызға жеткізетін даналық, күш, қуатқа ие боламыз. Өмірде жолы болмаған пенделер өздерінің өмірлерін «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» өткізгісі келеді. Олардың түсінбейтіні, өмір осыларды езіп жіберетіні. Өмірдің шырғалаңдарына қаймықпай қасқайып қарсы тұру үшін мықты мінез, айқын мақсат, нақтылы жоспар болу керек. Өмірдің мәнін түсінгеннен кейін, біз осы мақсатқа жетелейтін күрестің шартын қабылдаймыз. Нәтижесінде ерінбей еңбек етіп, көрсеқызарлықтан, бет алды тапқан табысыңды оңға-солға шашып, қарызға кіре беруден құтылмай мақсатқа жетуге болмайтынын түсінеміз. Егер де басқа біреулерге: жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге өндірген өніміңізді, қамқорлығыңызды шын ниетіңізбен, ықыласыңызбен ұсынсаңыз, сіздің табысқа жетудегі мүмкіншілігіңіз арта түседі. Адамдармен араласып қарым-қатынас жасағандағы ниетіңіз көп жағдайларды анықтайды. Басқаларға шын ниетіңмен жәрдем берсеңіз, онда өзіңіздің табысқа жетуіңізді жылдамдата түсесіз. Жамандықтың да, жақсылықтың да қарымтасы бүкіл әлемдік әділеттілік заңына сәйкес адамнан емес – Алладан қайтатынын санаңызға сіңіріп, миыңызға қашап жазып алыңыз!

Шын мәнісінде, ешнәрсе істемейтіндер ғана қателеспейді, нәтижесінде бір қадам да алға жылжымай өзінен озып кеткендерге қызғанышпен қарайды, озғандар – тәуекелге барғандар. Өткен кемшіліктер мен қателіктерді тәжірибе жинаудың мүмкіншілігі деп қабылдау керек. Сіздің күшті не әлсіз болуыңыз – өзіңіздің іштей дайындығыңызға, көңіл күйіңізге, елестеткен ой өрісіңізге байланысты.

Осы орайда өмірге қалай қарайсың, өмір саған солай қарайды. «Не ексең, соны орасың». Біздің іс-әрекетіміз, ой-өрісіміздің нәтижесі, ал біздің іс-әрекетіміз басқа адамдардың сезіміне, көңіл күйіне, іс-әрекетіне әсер етеді. Қалыпқа түсу дегеніміз, белгілі жүйеде ойлауға әдеттену. Бұны үйренуге, жинақтап жүйеге түсіруге болады. Бұдан шығатын қортынды: біз өзіміздің көңіл күйіміз бен ойлау жүйемізді бақылауға алып, көрсеқызарлығымыздан арылып,үнемшілдікке бет алып, өз өмірімізді өзіміз басқара алатын боламыз!


Д. САПАРБАЕВА

Дерккөз: http://www.jastar.kz

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Үнемшілдік кедейліктен сақтайды
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2017-07-31/855.html