«Атамекен» экспортты қаржылай емес қолдау операторы атанды

«Атамекен» экспортты қаржылай емес қолдау операторы атанды 

Кәсіпкерлерге өнімдерін шетелге шығаруға жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтеледі, сондай-ақ шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнатуда көмек көрсетіледі .

Биылдан бастап «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экспорттаушыларға ықпалдасу бойынша мемлекеттік бағдарлама операторы болып танылды. Аталаған бағдарлама аясында отандық өңделген тауарларды шығаратын индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындарын өтеу қарастырылған. 

 Өнім жарнамасы, шетелдік көрмелер, жәрмеңкелер мен фестивальдарға қатысу, сондай-ақ жарнамалық каталогтарды әзірлеу және таратуға кеткен шығындар өтеледі.  

Бұған қоса шетелде өкілдік, сауда нүктесі немесе қойманы жалдауға жұмсалатын қаржының бір бөлігі, тауар белгілерін тіркеу және  өнімді сертификаттау шығандардың жартысы өтелетін болады. 

 Кәсіпкерлерден өтінім қабылдау (БАҚ көздеріне хабарландыруды жариялаған соң) екінші тоқсаннан басталады. Өтінімдерді жұмыс тобы мен ведомствоаралық комиссия қарайды, нәтижесінде кәсіпкермен қаражаттарды аудару туралы келісім жасалады.   

Осы ретте «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еншілес компаниясы – Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы отандық кәсіпорындар үшін Ресей, Орталық Азия, Қытай мен Иранның шекаралас аймақтарында 15 сауда-экспорттық миссияны өткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкерлерге шетелдік әріптестерді іздеу бойынша арнайы алаңдар беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, шетелдік сауда миссияларына қатысу тауар мен қызмет көрсету экспортының ауқымын айтарлықтай кеңейтеді (сауда-экспорттық миссияларды және басқа да іс-шараларды өткізу тәртібі қосымша жарияланады).  

Сонымен қатар Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы отандық бизнестің түрлі халықаралық көрмелер мен конференцияларға қатысуын ұйымдастырмақ. Осы жылға Қазақстанда халықаралық сарапшылар қатысуымен өтетін бірқатар семинарлар мен отандық тауар мен қызмет көрсету экспорты мәселесіне қатысты 14 вебинар өткізу жоспарланған. Мұндай вебинарлар бизнеске өндірістен қол үзбей, экспорт мен халықаралық саудаға  қатысты барлық ақпаратты алуға мүмкіндік береді. 

 Тағы бір маңызды жаңалық: биылдан бастап «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экспрттаушылар өтінімдері бойынша шетелдік нарықтарға талдау жүргізетін болады. Ұлттық палата мен ҚР  Инвестициялар және даму министрлігі сәйкес келісімге қол қойды. Бұл дегеніміз әлеуетті экспорттаушылар қандай мемлекеттер қазақстандық өнімге және қандай өнімге қызығушылық танытып отырғаны жайында маңызды ақпарат алып отырады. Сонымен қатар бизнес жуық арада қандай тауарды шығару тиімді деп болжам жасай алатын болады.  Аталаған ақпарат Қазақстанның өңірлер кескінінде ғана емес, шетелде де қолжетімді болмақ. 

Барлық сұрақтар бойынша ақпаратты экспорттаушылар «Атамекен» ҚР ҰКП байланыс орталығынан біле алады – 1432.

 

Алия Кемелбекова

"Атамекен" ҰКП сайты

қазақ редакциясының журналисі

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » «Атамекен» экспортты қаржылай емес қолдау операторы атанды
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2018-04-22/1099.html