Балаңызға қандай кітап оқытасыз?

Ұйқыға жатарда балаңызға қандай кітап оқып бересіз? Жалпы, балаңызға кітап оқытасыз ба? Балаңыз кітап оқи ма? Осындай сұрақтарға бүгінгі таңда кез келген ата-ана жауап таба алмауы мүмкін. Неліктен? 

Дәл қазіргі уақытта біздің қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі – кітап оқу дең­гейінің төмендеуі.Бала тұрмақ, арнайы тіл мамандары немесе сол са­лаға жақын қоғам иелері болмаса, ересектердің өзі де кітап бетін ашпайтын халде екені – ащы шындық. Бұл мәселе тек бізде ғана емес, шет мемлекеттердің көбінде, тіпті кітап өркениеті дамыған Батыс Еуропа елдерінде де дабылқағарлық деңгейге жетіп отыр. Мұндай қауіп адамгершілік және құқықтық өлшемдері жетіл­ген, өмірлік құндылықтар жүйесі нақтыланған қоғам орнату үшін үлкен кедергі болатыны сөзсіз. Сол себепті де, әсіресе, біз­дің еліміз үшін, кезек күттірмей шешілуі тиіс түйткілдің бірі – қоғамның, оның ішінде жастар мен балалардың кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы деп ойлаймыз.
Көтеріп отырған тақыры­бымызға барлай қарайтын болсақ, кітап оқу мәдениетін жақсартуға білім беру саласының өкілдері, ресми ұйымдар, ғалымдар тара­пынан жасалып жатқан ізденістер жоқ емес. Білім беру және зерттеу-әдістемелік ұйымдары да бұл іске жаппай кірісіп, өз қал-қадерінше жұмыс атқаруда. Ол үшін осы уақытқа дейін жиналған тәжіри­белер мен отандық және шетелдік жетістіктер салыстырыла қарас­тырылып жатқаны мәлім. Кітап оқу мәселесін көтерген көптеген зерттеулер мен БАҚ беттерінде қозғалып жүрген мәселелер түйінделе келіп, негізгі шешімдерге тоқталуда. Солардың бірі – адам бойында кітапқа деген қызығу­шылық пен дәстүрлі дағдының қалыптасуы үшін кітап оқу әрекетінің бала жасынан сіңірілуі. Демек, бұл мақсатқа жету үшін балаларға арналған әдебиеттер сұранысты өтей алатын деңгейде сапалы әрі жеткілікті болуы тиіс. Осы тұста біз нысанаға алған негізгі мәселеге сөз бұруды жөн деп білеміз.
Рас, ұрпақ қамын жеген азаматтар газет беттерінде балалар әдебиетінің ақсағаны, жаңартулар мен жетілдірулер керек екенін айтып, қоғам назарын аудартуға тырысып жатыр. Бірақ нақты әрекеттер мен нәтижелер көзге көрінерлік деңгейде ме? Әлі де қойыртпақтанып, нақты бағыт-бағдарын, шешімін таба алмай жатқан проблемалар көп. Ол мәселелерді күрделілігі мен бағытына қарай келесідей жіктеп қарастыруға болады:
1. Балалар әдебиетін жазатын отандық, оның ішінде қазақтілді авторлардың тапшылығы немесе ұзақ жылға созылған шығарма­шылық дағдарыс, ізденіссіздік;
2. Балалар әдебиетіне теория­лық және оқыту-әдістемелік тұр­ғыда жасалған зерттеулердің, сарап­тамалық нәтижелердің тапшылығы;
3. Отандық авторлардың тап­шылығынан туындаған шетелдік шығармалардың аударылуына деген мұқтаждық және аударма саласындағы қиындықтар;
4. Балаларға арналған басылым­дар: олардың таралымы, сапасы, қолжетімділігі, бәсекеге қабілет­тілігі, т.б. мәселелер;
5. Ең негізгі проблема – балалар­да кітап оқуға деген ынтаның жойылуы.
Балалар әдебиетін жандан­дыруға ниеттеніп, жоғарыда көр­сетілген бес негізгі бағыт бойынша ізденіс жасайтын болсаңыз, атқарылар шаруа шаш етектен.Тіпті бұлардың әрқайсысына арнайы мақала, арнайы моногра­фиялық жұмыс арнауға болады.
Біз осы мәселелердің ішіндегі екінші тармаққа ден қойғымыз келіп отыр.
Балалар әдебиетінің зерттелу қарқыны көңіл толтырарлық. Осы уақытқа дейін жасалған біршама ғылыми еңбектер бар. Бірақ көпшілігі балалар әдебиетіндегі нақты шығармаларға немесе олардың авторларына арналған. Мектеп бағдарламасындағы шы­ғармалардың оқытылуы, яғни, оқу-әдістемелік тұрғыдан қарас­тырған зерттеулер де жоқ емес. Дегенмен бүгінгі таңда ата-ана үшін өте қажетті, бірақ зерттеу­шілер тарапынан тасада қалған бір мәселе бар. Ол – балаларға ар­налған әдебиеттердің жас ерекше­ліктеріне сай жіктелмеуі. Бұл мәселе баланың кітапқа деген қызығушылығын оятар еді. Оны дағдыға айналдыруда және өмі­рінің ажырамас серігіне айналдыру үшін бұл мәселе өте маңызды. Мәселен, 6-7 жасар бала мен 7-8 жасар баланың арасындағы айырмашылықты байқау қиын. Бірақ психикалық тұрғыдан терең үңілетін болсақ, 7 жас пен
8 жастағы баланың дүниеге деген көзқарастарында елеулі айырма­шылықтар болады. 5-10 жас ара­лығында бала қарқынды жыл­дамдықпен дамиды. Әр жыл сайын ақпараттар молая түседі, физи­калық дамуы да баланың ой-өрісіне өзгешеліктер әкеледі. Бұл – өте нәзік әрі тереңірек үңілуді қажет ететін мәселе. Сондықтан осындай факторларды ескере отырып, баланың әрбір өсу кезеңіне лайықты шығармаларды ұсына білгеніміз жөн. Бұл тұста мектеп бағдарламасына арналған зерттеулер жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі, баланың ой-өрісін дамыту әрі кітап оқу дағдысын қалыптастыру үшін тек мектеп бағдарламасымен шектелуге болмайтыны анық.
Біздің қоғам үшін таңсық болғанымен, басқа мемлекеттерде бұған қатысты тәжірибелер бар­шылық. Мұның үлгісін архив ақтарып, кітапхана кезбей-ақ, ғаламтордағы арнайы сайттардан көруге болады. Ізденемін деген ата-анаға: whatisgood.ru, hobbitaniya.ru, babybooks.com.uа сайт­тарында орыс авторлары мен әлемдік деңгейдегі авторлардың, үздік классикалық балалар әде­биетінің үлгілерін әр жастағы балаларға арнап ұсынған. Мәсе­лен,whatisgood.ru сайтындағы «Книги– друзья: Список детской литературы по возрастам» атты мақалада балаларға ұсынылатын әдебиетті жас ерекшеліктеріне орай жеті топқа жіктеген: 3 жасқа дейінгі, 3-5 жас аралығындағы, 5-8 аралығындағы, 9-12 аралығындағы, 12-14 аралығындағы, 14 жастан жоғары. Жетінші бөлімінде «Адам­гершілік сана-сезімін қалыптас­тыруға арналған әдебиеттер» көрсетілген. Әр бөлімге (әр жасқа) қатысты шығармалар «орыс әде­биетіндегі» және «әлем әде­бие­тіндегі» деп екі топқа жіктелген. Осы бөлімде адамгершілік құнды­лықтарды нақты ұғымдармен көрсетіп, сол бойынша орыс және әлемдік авторлардың шығарма­лары берілген. Жіктеуден қысқаша мысал беріп өткіміз келеді:
1. Адамдарды сүйе білу – жек көрушілік: Катаев В. «Цветик-семицветик»; Зеленая Р., Иванов С. «Рассказ взрослого человека»; Куприн А. «Слон»;
2. Өзара көмектесу, көпшіл болу – өзімшілдік: Толстой Л. «Рас­сказы для маленьких детей»; Неверов А. «Жучка», «Коллектив»; Русская народная сказка «Зи­мовье»; Берг Л. Рассказы о ма­леньком автомобильчике.
3. Сараңдық – жомарттық: Ушинский К. «Вместе тесно, а врозь скучно»; Андерсен Г.Х. «Дюймовочка»; Осеева В. «Три товарища»; Сказка народов Индии «Чьи руки краше».
4. Әдептілік – дөрекілік (Веж­ливость (тактичность) – грубость): Осеева В. «Волшебное слово»; Русская народная сказка «Приве­редница»; Ладонщиков Г. «Дикарь в лесу».
5. Шыншылдық – жалғаншылық: Братья Гримм. «Заяц и ёж»; Толстой Л. «Лгун»; Ушинский К. «Страшная коза»; Даль В. «Ворона».
6. Әділеттілік – әділетсіздік: Осеева В. «Печенье»; Погорельский А. «Черная курица или подземные жители»; Аксаков С. «Аленький цветочек»; Заходер Б. «Лисицин суд».
7. Сыпайылық – ерсілік: Ко­рейс­кая сказка «Братья»; Ита­льянская сказка «Как осел петь перестал»; Гаршин В. «Лягушка-путе­шественница»; Толстой Л. Пав­л­ин. «Павлин и журавль»; Маршак С. «Рассказ о неизвестном герое».
Сонымен қатар: үнемділік пен ысырапшылдық, ақкөңілділік пен қулық, батырлық пен қорқақтық, рақымдылық пен мейірімсіздік, бойсұнушылық пен қыңырлық, жақсылық пен жамандық сынды адамгершілік қасиеттерге арналған әдеби шығармаларды атап өткен. Бұл жіктеулер психолог мамандар және ата-аналардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріле отырып жасалған. Нәтижесінде, әртүрлі жастағы балалардың жас ерекше­ліктеріне сай оқытуға болатын әдебиеттердің дайын тізімін көріп отырмыз. Мұндай тізімдердің бір­неше үлгілері бар. Олардың өзара ұқсастықтары мен айырма­шы­лықтары жіктеудің принциптерін көрсетеді. Осы әдісті біздің қоғамға лайықтап, яғни, «Тәуелсіз Қа­зақстан қоғамының бүлдіршіндері мен жеткіншектері қай уақытта, нені оқуға болады?» деген сауал тұрғысында ізденістер жасап, жас оқырмандарға, олардың негізгі қадағалаушылары – ата-аналар мен ұстаздарға дұрыс бағыт-бағдар көрсеткен жөн секілді.
Бұл жіктеуді, оның принцип­терін әзірлеу барысында қандай мәселелерге назар аударғанымыз жөн? Бұл өте мұқият зерттеуді және ауқымды тәжірибелік жұ­мыстарды қажет етеді. Дегенмен осы сұраққа қатысты біршама ізденіс­тер жасаған нәтижелі бір еңбекті таныстырғымыз келеді. Ол – 2015 жылы Мәскеуден шыққан «Қазақ­стандағы балалар әдебиеті: пікір­та­ластар мен шешім жолдары» ат­ты ұжымдық монография.
Н.Шай­мерденова, Д.Аманжолова, М.Бурибаева сынды білікті ғалым­дардың күрделі ізденістері нәти­жесінде, жарыққа шыққан еңбекте дәл қазіргі таңдағы Қа­зақстандағы балалар әдебиетінің сыздап тұрған мәселелері сөз болған. Сөз болып қана қоймай, арнайы тәжірибе жұмыстар не­гізінде қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып, біршама проб­лемалардың шешілу жолдарын ұсынған. Еңбекте жаһандану дә­уірінде өсіп келе жатқан ұр­пақтың басына төніп отырған кітап оқуға деген жиіркеніс, инновациялық технологияларға байлану, ақ­параттық қауіп сынды пробле­ма­лардың туу себептері мен салдар­лары, алдын алу амалдары қа­­рас­тырылып, шешім жолдары ұсы­нылады. Кітапта біз қозғап отырған мәселеге қатысты ма­ңызды пікірлер айтылған. Мәсе­лен, зерт­теудің кіріспесінде «жеке тұлға мә­дениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал – әлемдік әде­биеттің нәрімен сусындау» екенін айта келе, «әдебиетті оқыту – адам өміріне қажетті құндылықтарды балаға танытудың ең ұтымды әдісі» дейді.
Баланың жас ерекшелігіне сай оқытуға байланысты Н.Шаймер­денова өз тараушасында былай дейді: «Қазақстандық кітап өнім­деріне жүргізілген мониторинг бойынша, балалар әдебиеті көп жағдайда орыс халық ертегілерінің және қазақ тіліне аударылған басқа да әлемдік ертегілердің негізінде құралғандығы анықталды. Аға­йынды Грим, Г.Андерсен секілді авторлардың тамаша ертегілері балаға өте маңызды мәдени таным, тағылымдық әсер сыйлайды. Бірақ олар ұлттық мәдениеттің өзегі сіңірілгеннен кейін ғана оқытылуы тиіс». Демек, ғалым баланың сана­сына алдымен ұлттық құндылық­тар танылуы тиіс екеніне назар аудартады. Осы тұста ұсынылатын әдебиетті саралаудың, сүзгіден өткізудің маңыздылығы көрінеді.
Д.Аманжолованың «Совре­менные требование к детской книге: быть или не быть?» атты тарауында балалардың түрлі жасына арналған шығармаларды жазуға, оқытуға қатысты өлшемдер мен ақыл-кеңестер ұсынады. Ба­лалардың оқу-қабылдау деңгей­лерін: 1 жасқа дейінгі, 1 жастан 3 жасқа дейінгі, мектеп жасына дейінгі (4-6 жас), кіші мектеп жасы (7-11 жас), орта және жоғары мектеп жасы (5-8, 9-11-сыныптар)деп бөлген ғалым әр жастың өзіне тән психикалық ерекшеліктері мен оларға ұсынылуы тиіс әдебиет­тердің өзіндік қасиеттерін атап көрсеткен. Мәселен, оқиғаның шытырмандылығы мен қызықты­руына байланысты Джоан Роу­лингтің «Гарри Потері» (алғашқы үш тарауын ғана) мен Клайв
С.Льюистың «Нарни хрони­калары» атты кітаптарын кіші мек­теп жасындағы балаларға ұсынуға болатынын айтады. Осындай зерттеулердің қазақ баласына, көптілді және көпмәдениетті Қазақстанның бүлдіршіндеріне сай жіктеп, реттеп ұсыну маңызды мәселе деп ойлаймыз.
Бұл мақаламызда көтерген мәселеге балалар жазушылары мен әдебиеттанушылар, тіл мамандары, психологтар мен қоғамтанушылар, баспагерлер және т.б. ұрпақ қамын жеген қоғам өкілдері назарын аударады деген үміттеміз.

Қазбек ҚАШҚАБАЕВ,
Кембридж университеті
білім-менеджмент саласының магистрі,
Темірлан ЖОРАБАЕВ,
ҚазҰУ-дың магистранты


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Балаңызға қандай кітап оқытасыз?
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2017-05-02/587.html