Өмір қызықсыз болса, не істеу керек?

Өмір қызықсыз ба? Жұмыс бір сарынды, үйде іш пысады, достармен бірге өткізетін думанды бас қосудың бәрі еш ләззат сыйламайтын болды ма? Күнбе күн бір көрініс қайталана бере ме? Ештеңені өзгертуге құлқыңыз жоқ па? Кейде бір орында тұрып қалған өмірден әбден жалыққанда ұлығыңыз келе ме? Қызықсыз. Себебі, қайталана беретін күнделікті жағдайлар. Өмірде еш өзгеріс жоқ. Жаңалық күн өткен сайын азайып, не нәрсеге де таң қалудан қалып барасыз ба? Тіпті ойын-сауықтың өзі еш рахат сыйламайды. Ешбір қызыққа айыз қанбайтын болды ма? Мұндай кезде өзіңізді қолға алыңыз.

Тәжірибе жасаңыз. Асханадағы ескі рецепттер кітапшасын аулаққа тығып тастаңыз. Ерекше тағам даярлаңыз. Тәжірибеңізді молайтыңыз. Күнделікті тамақтың орнына мерекелік дастархан жайыңыз. Бұрын пісірмеген тағамдарды, тәттілерді даярлаңыз. 

Өзгеріңіз. Киімді, шаш қоюды, оның түсін өзгертіңіз. Бүгінгі сәннің ықпалында емес, өз қалауыңызша киіне біліңіз.

Ешкімге көрсетпейтін сезімдеріңізді сыртқа шығарыңыз. Өзіңізді шамамен бір сағатқа еркіндікке жіберіңіз. Осы бір сағаттың ішінде ойыңызға не келсе, соның бәрін жасаңыз. Қысылмастан айғайлаңыз, секіріңіз, ән салыңыз, ойнаңыз…

Түйсікті тыңдай біліңіз. Өзіңізге медитация түрін (мұсылмандар үшін намаз) таңдап алыңыз. Ыңғайлы жайғасып, босаңсуды үйреніңіз. Бұл әлемде сіз жоқсыз деп есептеңіз. Санаңыздағы сапырылысқан ойларыңызды бақылаңыз. Сыртынан ғана қадағалап отырыңыз. Немесе табиғат туралы әуездерді таңдап алып, табиғатпен кірігіп кетерліктей сезімге бой алдырыңыз.

Өз меніңізді сақтаңыз. Қоғамдық пікірге ілесе бермей, өз ойыңызды ашық айтып үйреніңіз. Бөтеннің құндылығын анықтай біліңіз, оны өзіңізге таңуға жол бермеңіз, сыртқы стереотиптерге бой алдырмаңыз. Оның бәрін тыс қалдырыңыз да, өзіңіздің ішкі жан дүниеңізге үңіліңіз, жан сұлулығыңызға мән беріңіз. Өйткені, сіз ерекше адамсыз, ешқашан өзіңізді өзіңіз қайталамайсыз. Өзгеге еліктемеңіз, өзіңіздің меніңізді олай өлтірмеңіз.

Өзіңізді сезіне біліңіз. Әр түрлі жағдайда, бөгде жерлерде, сан түрлі оқиғалар кезінде… Өзіңіз не сезетініңізді, айнала қалай әсер ететінін біліп жүріңіз. Өзіңізді – қоршаған ортаның бір бөлшегі ретінде, қоршаған ортаны – өзіңіздің бір бөлшегіңіз ретінде қараңыз.

Өзіңді сүй. Сізде тек сіз барсыз. Әр адам өзін жақсы көре білуі өте маңызды. Кемшіліктерді ойлап таба бермей, қандай болсаңыз, сол күйі өзіңізді қабылдап, жақсы көріңіз.

Әр күніңізді ең соңғы күндей көріңіз. Бес күндік дүние жалған екенін әсте естен шығармаңыз. Бәлкім, бүгінгі күн жер бетіндегі ең соңғы күн шығар?! Басқа қаладағы туысқаныма бара жатқанда жол бойында апатқа куә болдым. Үш көлік соғысып қалыпты. Екеуі қарсы келіп соғысып қалса керек. Осы апатта өрімдей жас қыз қайтыс болды. Осыны көрген кезде ойыма бір ғана нәрсе келді: «Өмір сүруге асығу керек!» Бұл нені меңзейді? Айналаға қараңызшы! Адамдар тым қарабайыр өмір сүреді. Өз қалауына ынтықпайды. Олар басқаша ойлайды. Ел не дейдіден аса алмайды. «Қазір қызық болмаса, біраз уақыттан соң бәрі өзгерер...» деп күтеді. Немесе «бүгінімді отбасыма, достарыма, жұмысыма арнасам, сосын өзім үшін өмір сүремін» дейді. Нәтижесінде не болмақ? Ертең өліп кетсе, өзі үшін бір күнде өмір сүрмеген болып шықпай ма? Өмірін ертеңге қалдырып жүріп… Өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүрді. Ал, ертеңнің болмай қалатынын ескермейді. Өмірді бүгін сүр. Ең бастысы осы.

Өзіңізді көрсете біліңіз. Әр жұмысқа шығармашылық көзқараста болыңыз. Сонда өзіңізге де ол жұмыс ұнай бастайды. 

Қуануға асығыңыз. Тіпті болмашы нәрсеге де. Жеңілістерге де қуана білу маңызды. Өйткені, әр жеңіліс бізге сабақ. Келесі бір осындай оқиғада жеңуге мүмкіндік береді. Өткен шақтағы әрбір қателікті сонда қалдырыңыз. Есте сақтап жүрсеңіз, оларды қайта сезінемін деп қазіргі бұйырған өмірдің сәттерін өткізіп аласыз. Әр адам бақытты болу үшін туады. Бұл адамзаттың маңдайға жазылғаны. Неге біз соны ұмыттық? Неге қапалы адамды көру қалыпты жағдайда, ал қуанышты, бақытты адамдарды көрсе, жұрт оларға есі ауысқандарға қарағандай қарайды?

Таңдануға асығыңыз. Өмірдің тамашасына, табиғаттың ғажабына. Күрт тоқтаңыз да, айналаға бір сәт көз салыңызшы. Ойыңызды тоқтатыңыз. Күлімсіреңіз.

Дүние дүрмектің ғаламатын сезініңіз, адам болып өмір сүрудің өзі бір ғанибет емес пе? Қалай ғана таңданбауға болады?


Юлия Джумм

Аударған: Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Өмір қызықсыз болса, не істеу керек?
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2017-08-02/856.html