Ізденіс - ертеңнің кілті, өткеннің құлпы
Ізденіс – ертеңнің кілті, өткеннің құлпы
Танымал ресей әртісі атағы шықпай тұрғанда алғашқы гастрөлге шыққан кездегі бір оқиғаны баяндапты.
Шетел. Қонақүй. Түнгі кезектегі портье нөмірінің кілтін ұсынады. Есікті ашады. Титтей бөлме: төсек, шкаф, жуынатын бөлме. Бірақ, әртіске бәрі дұрыс секілді көрінеді. Кешегі студент үшін гастрөлге шығудың өзі арман еді ғой. Ол өзін әлі жұлдыз сезіне қоймаған. Өзімен бірге алған заттары да көп емес. Сондықтан ол бәріне дән риза. Бір жаманы терезе жоқ. Мейлі дейді. Гастрөлі бір аптаға созылады. Таң атпастан шығып кетеді, түн жарымында қайтып келеді. Келіп-кеткен сайын қонақүйдің қызметкерлері оған бір түрлі көзбен ішіп-жеп қарайды. «Нақтырақ айтсам, таң қалып қарайды» - дейді әртіс. Бір күні шыға берісте бөлме тазалаушы әйелмен бетпе бет келеді. Ол қолын сермеп, «Биг, биг» дейді. Ағылшынша білмеген бұл көзін төменге салып, «сенкью» деп шығып кетеді. Кететін күні нөміріне портье мен бөлме тазалаушыны шақырады. Нөмірлерін тексеріп алсын деп ойлаған. Тәпішкелер орнында, киім ілгіштерін салып алмадым дегенді меңзейді ғой. Екеуі келеді. Есікті тықылдатады. Кіреді. Ары қарай бір ғажап болады: портье кіре сала шкафтың есігін айқара ашады. Ашады да ішіне кіріп кетеді. Сөйтсе, әртіс бір апта бойы абажадай терезесі бар люкс нөмірдің кіреберісінде өмір сүріпті. Білмепті! Оған осы кіреберістен басқаға лайықпын деген ой келмеген екен! Аяқкиім ауыстыруға арналған тар тақтай төсекте жатып жүріпті. Өзімен бірге әкелген екі жемпірін мыжылатын киім емес деп шкафқа да ілмеген. Сондықтан оның есігін ашып та қарамаған. Әртіс отырған жерінде күле беріпті, күле беріпті. Есін жиған кезде, бас салып жылапты. Бір апта бойы патшадай өмір сүруден қағылғанына налиды. Өзіне лайық көрген дүниеге қарап ойланады, ештеңе күтпей өмір сүретіндігін түсініпті. Тақтай төсектен артыққа лайықпын демепті. Тағдырдың ұсынғанынан да артықты қалау керектігін білмепті.
Осы хикаяны естігенде өмірдің кіреберісінде күнелтіп жүрген қаншама адам бар деген ой келді. Қасындағы есікті ашса болғаны, басқа әлемге, бүтін өмірге, қиял-ғажайып Нарнияға күмп ететінін сезбейді де.
Іздемейміз. Қасымыздағы есіктерді ашпаймыз. Алдын ала бәріне тәубе деп қоя саламыз. Ескекті есуге ерінеміз. Қашан қайығымыз қайраңға кеп тірелер екен деп күтеміз де отырамыз. Қайда баратынымызды, нені қалайтынымызды білмейміз. Іздеуге де тырыспаймыз. Тағдырдың бергеніне шүкір деуден танбаймыз. Ескек есіп үйренсек, арманға жету оңай ғой. Желкеніңді керіп, желдің бағытын анықтасаң болғаны. Қолда бардың бәріне шүкір десек те, өзіңнің «меніңді» іздей беруге әбден болады. Өмір деген квест, мәңгілік ізденіс. Өмірдің жауабын білу үшін есіктерді ашып үйрену керек. Сіздің өмірдің кілті сол көп есіктің бірінің артында тұр. Бәлкім, ол әлі іздеп табуға тиісті басқа бір есіктің кілті болар.
Аударған Шынар Әбілдә
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Ізденіс - ертеңнің кілті, өткеннің құлпы
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2017-08-08/865.html