Махаббат пен қанаттар туралы әпсана

Шәкірті Ұстазына келіп: 

- Ұстаз, жүрегіме махаббаттың оты жанар деген дәмемен әр түрлі әйелдермен кездесіп көрдім, алайда әр кездесуден көңілім құлазып қайтады. Жүрегімдегі махаббаты ояту үшін не істесем болады? Махаббат шынында да бар ма? Әлде менің жүрегімде махаббатқа орын жоқ па? Осылай болуы мүмкін бе? 

- Маған екі қанат әкеп бер, - дейді Ұстазы сақалын сипап отырып. Шәкірті кептердің қос қанатын әкеледі. Ұстаз соның бірін аялап алақанына салады. Алақанын биікке көтереді. Бос қолымен екінші қанатты умаждай бастайды. Шәкірті ұзақ күтеді. Сол арада екінші қолмен умаждалған қанаттың пәрше-пәршесі шығады. Соны алып еш өзгермеген, үлпілдеп тұрған бірінші қанаттың жанына қояды. Сәлден соң жел соқты. Ұстазы үлпілдеген қанат бар алақанын жоғарыға созады да, оны желдің ырғағына қосып, ұшырып жібереді. Ал умаждалған қанатты жерге үрлей салады. 

- Сұрағыңның жауабын түсіндің бе? – деп сұрайды шәкірттен. 

- Жоқ, Ұстаз, түсінбедім, - дейді ол көңілсіз. 

- Бәрі сондай қарапайым, - деп күлді Ұстазы, - біріншіден, махаббат бар, ол әр адамның жан жүрегінде сақтаулы, сезімді сыртқа шығару арқылы көрсетеміз. Адам әр кезде махаббатқа дайын. Жаңағы ұшып кеткен қанат секілді. Тек желдің тұрғанын күтсең болғаны. Әр адамның өзіне лайық жел тұрады. Екіншіден, махаббат жоқ болса, оны өзің іздеп әуре болма. Төзімді бол. Қателесіп махаббат деп – құмарлыққа, әуестікке, сұлулыққа сұқтануға алдансаң, онда түңілу сені морт сындырып, бағанағы умаждалған қанат секілді жұлмалап, ұшуға жарамсыз етеді. Үшіншіден, ешқашан өзіңнен көңілің қалмасын. Сен әрқашан махаббатқа дайынсың, осыны есіңнен шығарма. Сен махаббатқа лайықсың. Сабырлы болып, жүрек пәктігін сақтай алсаң, өзіңе деген сенімге селкеу түсірмесең, сенің желің сені табары сөзсіз. 

Шәкірті үн-түнсіз иіліп, шетке барып тұрды. Айтылған сөздің бәрін санасына сіңіріп жатты. Ұстазы «Балам-ай, уақыты келгенде төртінші шарты бар екенін де білерсің» деп заңғар көктегі бір нүктеге ұзақ қарап тұрады. «Көзің жайнап, жүрегің дүрсілдеп, қаныңда жастық жалын мен ыстық тілектерің тулап тұрған асау шағыңда менің сөзімді қаперіңе алар ма едің? Төртіншіден, кез келген күшті дауыл да бір күні басылады. Қанат бәрібір жерге түседі. Бұны білу керек, осыны есте сақтау қажет. Себебі, үрей махаббатты жоқ қылады, бірақ қалықтап боп құлаған соң білім мен парасат жұбатады...»


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Махаббат пен қанаттар туралы әпсана
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2018-09-22/1116.html