Әділет Ахметұлы: Көшпенділер неге қала салмаған

Әділет АХМЕТҰЛЫ: Көшпенділер неге қала салмаған


Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап,  Шинжяңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы атажұртқа оралған.

Бала кезінен әдебиетке аса бір әуеспен келген Әділеттің  «Қарғалдақ махаббат» атты өлеңі 2008 жылы Шинжяңдағы «Құмыл алқабы» журналынан жарық көргеннен бері, «Шинжяң газеті», «Алтай газеті», «Іле жастары», «Шұғыла», «Мұра» сынды ел  іші-сыртындағы түрлі басылымдарда 80-ге жуық өлеңі,мақалалары және аудармалары жарияланған. Арғы бетте жүрген студент кезінде еліміздегі «Сыр дидәрі», «Қала мен дала» газеттерінде жас ақынның өлеңдеріне орын берлілген. «Сан ғасырлық сағыныш», «Күрең бел» қатарлы жинақтарда және «Таңшолпан» журналында өлеңдері жарық көрген. «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасы Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшайрасының 2 дәрежелі жүлдесін, “Қаз –айтыс” сайты ұйыстырған “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” жобаысының ай жеңімпазы жүлдесін, 2016 жылы қазанда “Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі” атты халықаралық жыр мұшәйрасының бас жүлдесін еншілеген.


Нән қаладан кең далаға


Сен көркем ең сетер ауыл,  секемшіл.

Жүйкемдегі дертті саған емдеттім.

Ай жылдан соң оралғанша есен тұр,

Қапырық күн қала жаққа мен кеттім.


Симфония шалып сұлу төңірек,

Желпіндірер желемікті тау іші.

Мөшке сыйыр мезет-мезет мөңіреп,

Сән қосатын ақ тобеттің дауысы.


Қырат үсті әсем нұрға боялып,

Қуатты күн ұясына бататын.

Мезгілдердің мерейнен ой алып,

Қойдан озып әкем келе жататын.


Нән ғылымның нәрін бастап үйретіп,

Әрбір үйде айтылатын ертектер.

Жон-жотада шаналарын сүйретіп,

Әжелерден қашатұғын тентектер.


Әр ошақтан от әлсіреп өшпейтін,

Тірлігінің ұшқынындай ертеңгі.

Суреттеуге тілім менің жетпей тұр,

Ауыл сондай кеніш еді,  көркем-ды.


Сапар шегіп елден ерек екпінмен,

Қалды артымда табысы мол әр шағым.

Алып қала ауласына жеттім мен,

Жеттім дағы жер аттамай шаршадым.


Тау жігіті мұнда неге қиналар? ?

Бір ауырлық басты менің еңсемді.

Биік-биік бой таласқан биналар,

Тыныс берер ауасы да өлшемді.


Тегін қолын беретұғын ісіңе,

Жан таппайсың ес кеткенде,  жан шыға.

Адам _ толқын теңізінің ішіне,

Сіңіп кеттік айналдық та тамшыға.


Таулік бойы дүрілдек пен шуылдақ,

Тынымсыз жұрт,  қарап қалсаң әйнектен.

Қалтарыста нелер сұмдық туындап,

Адамдар жүр жалған күле сөйлескен. . .


Жұртты сөгу болмас менің мақтаным,

Өз мәнінде шырқалсын ел өлеңі.

Шұбыр қала босағасын аттадым,

Келмей жатып қайтып кеткім келеді.

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Мен даланың бөрісі едім _ себебі. . . !


 


Көшпенділер неге қала салмаған


Әлемдегі он ғажаптың біреуі,

Алып Бейжиң боз пердесін кір шалған.

Әйтеу ұзақ тарихымен ұлы еді,

Мен білмеймін бұл қаланы кім салған? ?


Өзгермейтін заң қалдырған далаға,

Төрткіл шаһар,  түспес оған теңбіл мұң.

Күллі жұртты таңдандырған қалада,

Ешнәрсеге тамсана алмай мен жүрмін.


Мен бүгін түн таң атырдым көз ілмей,

Шуылды аула,  шырық бұзды не түрлі үн.

Жұмсақ төсек жанға жайлы сезілмей,

Жасап қойған жасыл бақта отырмын.


Отырдым да сағындым-ау даланы,

Таңғы әуені түрленетін бүлбүлмен.

Сосын тағы есіме алдым бабаны,

Дүниені дүбірлеткен дүлдүлмен.


Көшпенділер неге қала салмаған? ?

Деп көлденең келе қалды бір сұрақ.

Бізге неге қала мекен болмаған? ?

Тұрды сауал жауыр миды шымшылап.


Бұл туралы мынадай бір аңыз бар,

Аңыз айтар ақиқатты қашан да:

Баяғыда,  біздің Қаған бабамыз,

Түскен екен аты мәшһүр шаһарға.


«Оһо,  нағыз өркениет ошағы,

Бұдан артық мәнді тірлік болмаған.

Жұртшылықта тұрмыс та жоқ жапалы,

Жаннат-ақ» -,  деп таңданыпты сол қаған.


Әлем-жәлем көшелердің бірінде,

Ханекеміз түстенгелі Түсіпті.

Хан көріпті жылы пештің түбінде

Быр-быр етіп ұйықтап жатқан мысықты.


Қаған сонда селт еткендей ойынан,

Ақ мысыққа қадап қайта ойлы көз:

«Түз тағысы еді-ау мынау қаюан,

Болып қапты-ау ұйқы-тұйқы бойкүйез? ? !


Егерде мен тасты кезіп,  тау аспай,

Қала салсам бөрі тектес жұртыма,

Мысыққа ұқсап тек ұйқыдан көз ашпай,

Жігерсіздік ұялайды-ау рухына! ? ?


Тышқан алмас мнау мысық тірліктің

Көшпенді елге қажеті жоқ,  құрысын.

Дастүрімен бөрі текті бірліктің,

Менің халқым тауға қарап ұлысын! »


Бағамдасақ мұнда ұлық мән жатыр,

Кең көкірек Хан осылай ой қортқан.

Сағым дала,  сары белде сан ғасыр

Көшпелі жұрт емес әсте жай жортқан. . .


Мен отырмын манағы сол бақшада,

Қалалықтар маңымда жүр сейілдеп.

Тұрдым мен де азынаулақ ақшама,

Ертеңгілік дәмді құжыр жейін деп.


Менің мінім,  айта алмасам өр ұғым.

Қала деген есігі емес ұшпақтың.

Әй, көз ашпаған күшіктері бөрінің

Кетпегейсің үй мысыққа ұқсап тым. . . !


Күн 


Қайырлы таң,  ару әлем,  арлы әлем,

Қайырлы таң,  адыр,  қырат,  арда бел!

Қайырлы таң,  көтерілген алтын күн,

Ей,  жарқын күн,  жалғызымсың жар деген. . .


Қышқыл әрі тым жағымды мұң жалбыз,

Жаратушы жалғыз және күн жалғыз.

Жанары өрт,  жамалы өр күн ару,

Күллі әлемге күле қарап тұрған қыз.


Қызыл көйлек киген күн қыз періште,

Періштенің әр күлкісін жер ішкен.

Бағызыда тағылымы тау баба жұрт,

Әр таң сайын күнмен жылап көріскен.


Тіршілікке тамыр берген тым дара,

Күнсіз әлем,  қара түнек,  мұң нала,

Қартайды жер,  тартылды көл,  өлді ағаш,

Миллиярд жыл қартаймаған күн ғана. . .


Періште қыз кәртеймейтін күн ару,

Күнсіз өшер мынау думан,  мына ду.

Күн сыйлаған жалғыз мінез- қуану,

Күнсіз әлем жылау,  іздеу,  құлазу. . .


Балқы дүние,  ойы шүлен,  бойы аппақ,

Жалқаулықпен жата көрме тояттап.

Күн- құдырет,  жымиысы,  жылуы

Жалпақ жаһан жасушасын оятқан.


Кірлеңкіреп түгі түскен кілем жер,

Күрсінісің көбейді ғой,  білем мен.

Ей,  өмірді сүйген әлсіз тал шыбық,

Алтын күннің амандығын тілеңдер! !



Бұлаң дүние


Алматыны басып тұр соқыр тұман,

Көліктер көзін ашты от ыршыған.

Бұйра бұйра бұлттарды жерге қойып,

Бізді аспанда бір кісі отыр сынап.


Ашық қойып тек қана көз көрім жер,

Бізге сынай қарады өзге кімдер? ?

Тұмшаланған табиғат құшағында,

Жарты сағат жарықсыз төзбедіңдер.


Енді тұман ішінде сөнер ақшам,

Енді тұман ішінде келер ақ таң.

Машиналар тізбегі соғылуда,

Құйрықтарын тістесіп келе жатқан.


Жадырап жүрген жаңа жұрт өзгерді,

Көңілдегі шаттықтар күрт өзгерді.

“Қап,  қырсық ай,  боз тұман!  ” дейді налып,

Аспандықтар естіп тұр бұл сөздерді.


Ақ қыздан бақыт күтіп әппақ арай,

Жігіт оны шақырған баққа қарай.

Төңірегі тұтасқан түтін сынды,

Жігітке бұртиды қыз жас баладай. . .


Боз бала да бұл күнді ырым қылды-ау,

Бұртиған қыз сөйлемнен сүріндірді- ау.

Бозаң күнде басталса бұл кездесу,

Болар ма деп жүрер жол бұлыңғырлау.


Айтармыз бұлдыр-бұлдыр бүгінге қош,

Құбылумен тәтті екен ғұмыр белес.

Ақ тұманнан ақынды мазалайды,

Бұлтқа сіңіп жоғалған бұрынғы елес.


Табанының астында тарғалаң жар,

Артта қалды асу,  бел,  алда заңғар.

Дымқыл ауа тізесін дірілдетіп,

Күннің нұрын сағына қалды адамдар.



Аңсай қалды жер беті күн дидарін,

Шытқылданды шық қонған бұл күй мәлім,

Өмір мәңгі тұрмайды бір қалыпта,

Бірде ашық,  бірде тұман,  сырғиды ағып. . .


Алатаудың баурына тұман сіңді,

Күрмеуі жоқ баянсыз күмән сынды.

Хамелондай өзгерген бұлаң дүние,

Мінезіңнен әйтеуір ұғам сырды. . .


 

Көктемдер


Өрім-өрім өлең сынды өңірлер,

Үнсіз тынып жатырсың-ау, қоңыр бел.

Батыр елді бәйге атындай баптадың,

Байыптылық бағың ба еді момын жер?!


Көктем келді, жердің беті бусанды,

Тың тіршілік дүр сілкініп тым сәнді.

Беу, туған жер, мен сағындым жусанды,

Құт ұйыған, қыдыр қонған қырқаңды…


Ұйқылы өзен оянады еріп мұз,

Ерке көктем жетер солай елік қыз.

Жаз бен қысы бір күнгідей қалада,

Ескі қыстау еске келер еріксіз.


Біздің ауыл тым керемет емес-тін,

Естен кетпес естетика, елес түн.

Ғасыр сазын бауырына алып жататын,

Ғұмыры ұзақ еді қырқа, белестің.


Біздің ауыл, бақытты еді, бай еді,

Мәрмәр салттың сонда қалған мәйегі.

Төрт маусымы түгел еді түрленген,

Төрт құбыла тең, төрт түлігі сай еді.


Ол – әулие, ол – данышпан, ол – ақын,

Жазып кеткен табиғи заң жорасын.

Өткенімен қасиетті мекеннің,

Көктемі де қарапайым болатын…


Боз адырда боз жусанды қолға ұстап,

Өзіме өзім сыр айтушы ем, жол нұсқап.

Өркеші тау ойсылқара мекені

Болды бүгін сортаңы көп сол қыстау.


Біздің ауыл қарағанды, жыңғылды,

Топырағына тораңғы өнген мың жылғы.

Сыңсып орман сыр айтатын сыңғырлы,

Сенен жырақ кетерімді кім білді?!


Кейі далам, кетті бір ұл тым жырақ,

Шымыр-шымыр сағынышым шын бірақ.

Тұнығыңа қараушы еді ұялып,

Ертең ақын болар балаң тұнжырап.


Қыратты жал қызыл бояу керіштер,

Миллион жыл салған сурет періште,

Маған ыстық бетегелі бұйырғын,

Семсер мінез, сексеуіл мен теріскен.


Маған ыстық тарғыл өңді тас беткей,

Әдемі өлең жазсам саған әспеттеп.

Танауымнан бір сүймесе самалы,

Тамағымнан қалар кейде ас та өтпей.


Әздің лебі әр маңдайдан өпті ме?

Ары таза аймақ еді, текті де.

Қар кетпестен қарға құстың туысы,

Сыңғыр қағып сақау ұзақ жетті ме?


Туған дала, қаһарың қыс, кеудең жаз,

Тағылымың “алтын қазсаң белден қаз.”

Есен бе екен, айтыңдаршы, есен бе,

Гүл көктемнің назын айтып келген қаз?


Сайран еді салтанаты, санаты,

Бұл өмірдің жанаты еді, шамасы.

Қара қостың шаңырағына қонды ма,

Аман ба екен қарлығаштың қанаты?


Басқа көктем, бөтен тірлік, жат қыбыр,

Бұл өлкеде тал мен қайың тақты бүр.

Шын сағыныш азабы бар дүние,

Ал, ләззаты – жазғызады жақсы жыр…


Туған мекен, төл өлеңім, төл мұңым,

Өзеніндей өркештенген өрлігім.

Өз еліне арнапты деп білгейсің

Өзегінде жатқан сөздің мөлдірін.


Ауылда еді, әдемілік, алыптық,

Ақын болдық, қанымызға дарып құт.

Құдайдан соң қара жерге бас идім,

Сен ұлысың, еһ, туған жер, жарықтық!



Атақтылар


Өлеңі елге мәлім, өр мүсіні,

Еңгезердей еді ғой ер бітімі.

Бұл жолғы сәлихалы сапарымда,

Көрмей-ақ қайтайыншы сол кісіні.


Ағаларды дейтұғын – тұғыры елдің,

Мәрмәр жүрек қазақтың бірі менмін.

Бірі менмін үлкенді сыйлайтұғын,

Кішілігін ұмытпас інілердің.


Таудай көріп келгенмін тұлғаларды,

Тұлғалардан туған жұрт үлгі алар-ды.

Сол таулардың қасына барамын деп,

Байқамаппын жымысқы жылғаларды…


Содан бері үмітім ұсақталды,

Талпынысты мәлім күш тұсап қалды.

Қадірлеуші-ем, солардың аты менен

Суреттері басылған кітаптарды.


Романын оқыдым, жыр жинағын,

Белгілі, санаға мол сыр құйғаным.

Армандаушы ем, еһ, шіркін ағаларға,

Кездесіп көрер ме ем, деп нұр дидарын.


Қорғанына балайды ақын елді,

Қорғаны қорғаштайды асыл ерді.

Алатаудай көретін ағаларға,

Сәлем беріп қайтудың сәті келді.


Шың секілді тұлғамен жүздестім-ау,

Бұлбұлдай ұшты көзден тізбек сұрау.

Тауға келіп тау жайлы әңгіме айтса,

Тау ренжіп қаларын білмеппін-ау.


Ағайынды деп жүрсем әр алашты,

Тау менен тау соғылды,

Қара басты.

Басқа ағаның басты ағам иығынан,

Өзі де аласарып бара жатты…


Атақ сонда болғасын енші кімде,

Атақты адам болмаймын мен түбінде.

Деп тұрғандай Алатау бір қарасам:

“Аласармау – тек менің меншігімде”.


Қарайғанды тау көріп қалмағайсың,

Жыбырлаған тірлік қой жердегі айтыс.

Тау болғысы келетін мінезімен,

Жау көреді бір-бірін пенде байқұс…


Бұл күнде заман бөлек, адам да ерек,

Ертеңге қарапайым қадам керек.

Атақты адамдармен жүздеспеймін,

Жүрегімді ауыртып алам ба деп…


Ұқсамайды бүгінге кешегі төр,

Төбешіктер көп екен етегі сор.

Биіктікті сағынған сәттерімде,

Алатауға қараймын.

Жетеді сол…


"Қабылан ақпараттық порталы"

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Әділет Ахметұлы: Көшпенділер неге қала салмаған
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-05-12/672.html