Тақырбас еркектер және шаш туралы әзіл

 

Тақырбас еркектер және шаш туралы әзіл


Тақыр болу болмаса да жоспарым, 

Шаш күтудің жасамаппын еш қамын.

Шашың неге ерте түсіп қалған деп, 

Мазалайды мені жиі достарым.


«Ол әншейін, заңдылық қой» - деп едім,

Бас шайқады таппағандай керегін. 

Әлі күнге әуре болып келеді,

Біреуі де дұрыс таппай дерегін. 


Кетердей іс болмаса да ісініп, 

Кейбіреулер көрсетіп жүр кіслік.

Еркектердің Тақырбасы жөнінде, 

Бере кетсем деп отырмын түсінік. 


Қарап тұрсаң не керемет бастар бар,

Әрбір баста бір-бір тарих, астар бар. 

Қартайғанша қараятын шаштар бар,

Шашпен ерте қош айтысқан жастар бар.


Оған себеп ыс пен газдың уы ма? 

Тамақ, ауа, трубаның суы ма?

Түсіп қалған шығар, бәлкім, ол шаштар,

Шыдай алмай парасаттың буына! 


Жантақ жеуге жаннан кешкен нар шыдар,

Кей тілден бал, кей тілден зәр тамшылар.

Кім біледі түсуіне бұл шаштың,

Әйелдердің үлесі де бар шығар.


Қанша көктеп шықсадағы жоғары,

Ұстарада болсын оның обалы. 

«Жүздің көркі-сақал» - деген мақал бар, 

«Бастың көркі-шаш»- деген сөз жоқ әлі.


Емес мұным, шашы барға қызғаныш, 

Шашты күту, жасау деген бір барыс.

Төбелесте жауың тұр ғой жарың да, 

Шаштан ала түсетіні тұрған іс!


Шаш-антенна, елес қосар елеске,

Деп айтады, көп ғылми кеңесте.

Ал, ендеше, Тақырбастар кәдімгі,

Автоматты сымсыз торап емес пе? 


Иә, болмыстың барлық емін ми табар,

Бар тіршілік күннен қуат, сый табар. 

Тірлік мәнін толық сезіп кете алмас, 

Күннің көзін көрмей өткен құйқалар. 


Кейде бұл шаш, мисыз басқа құр айбар,  

Бәрін теңшеп тұратұғын Құдай бар.

Шырқау шыңға шөп-шалаң да шығады,

Өйткені, онда алтын, күміс, мұнай бар. 


Бас дегенің таусылмайтын күй табақ, 

Шашты басқа бит-қожайын, би-тарақ.

Жүнді басты қопсытқанша құйқалап, 

Тақыр басты жатқан жақсы сипалап. 


Ал, ағайын, сіздерге айттым аз әзіл,

Шаш болмасын ортамызға әзәзіл. 

Қасқа болсаң, зерттеп, ұғып, жаза жүр, 

Шашты болсаң, жуып-шайып, таза жүр.


 Ойлар болсаң, басыма бақ қонсын деп,

 Тілек айтам: басың миға толсын деп.

 Сөздің соңын тоқтатайын осымен,

 Шашың емес, басың аман болсын деп! 


Адал Қалиұлы


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Тақырбас еркектер және шаш туралы әзіл
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-06-14/765.html