Дәулетбек Байтұрсынұлы : Қайтейін-ай!

ОДА  ОҚЫП...

Икемделдім жазбақ болып бірдеме,

Шырақ салдым сана деген түрмеге.

Тор есіктен, тар есіктен көлбейді,-

Божыр қара тас секілді бір дене.


Илектелген тері ме деп үңілдім,

Шала жансар тұтқын  екен түңілдім.

Сыртым сұлу, ішім быт-шыт сүреңсіз,

Болжап еді бұл сұмдықтың түрін кім?!


Берсем деп ем бесігіңе жыр бөлеп,

Қиялымды тастаған кім түрмелеп?

Миқынатын тартқан мынау өмірдің,

Ми байқұста мандырайды  мың бөлек...


Тереңімнен тепсінеді бірдеме,

Адамзаттың мінгескені бір кеме.

Асыл ой деп іздегенім тұтқын боп,-

Талануда қандала, бит, бүргеге...


Көз жаздым мен, ізгіліктен мың түмен,

Қаймақ ойым қайда кеттің кілкіген?

ОДА  оқып қол соқтырар жайым жоқ,

Әрібінен нәжіс иісі мүңкіген!..


ЖАУЛАНУ

Жаным сыздап отырмын жарылардай,

Бір қызыл шоқ тәнімді қарығандай.

Малын алсаң ала бер, жанын алсаң,-

Мынау бейбақ  халықтың арын алмай!..


Оқиғалар тууда мүлде шетін,

Қарын үшін  болыпты күн кешетін.

Ару қызы қазақтың қайдағы бір,-

Кок аттыға көлденең мінгесетін...


кез болғаны-ай...

ұятым қолды болған,

Серіппейтін тұяғын сорлы болған.

Не биліктен, не елден тиым болмай,-

Не жігіттер шықпайды орғып ордан.


Қыздарыңа қырғидай тиіп бөтен,

Жаттар жалмап жатқанға күйіп кетем.

Қыз бұлқынбай бұл күнде, ер жұлқынбай,

Тапталасың осылай «күйіс» десең!..


Қызын зорлап басқанда Жапон келіп,

Бас көтерген қытайда от ән керіп.

Қыз намыссыз, ерлер ез... селт етпейді,-

ауланғаны жас қыздың –отан деп ұқ!


Ғылым іздеп барған қыз байланады,

Мем-арнадан мақтанға айналады.

Қысық көзбен, қаралар қызықтап жүр,-

Төсек салып төріңе... аймалады.


Иман кетсе, ар кетсе ет өледі,

Табылмай тұр әзірге кесел емі.

«озық»  елге жетерміз ақшамызбен,-

Қайтіп қана намысың  өтеледі?!


ҚАЙТЕЙІН-АЙ!..

(1995 жылы Жүсіпбек Қорғасбек аға осы өлеңімді «Қазақ әдебиетіне» басып еді. Сол шумақты еріксіз еске түсіріп, жалғастырып жазуға тура келді)

«Ешкі, түйем тұрған жоқ түбіті өсіп,

Қазына да қолда емес, кіліт-есік.

Мұқым жұрттың шығар ем мұқтажынан,

Қайтейін-ай, қалтамның түбі тесік!..»


...деп жазып ем, жиырма бес жыл бұрын,

Бүгін тағы қысылып естілді үнім.

Өзім үшін болғанда тіс жармас ем,

Көрінгенге айтпайды-ау, ешкім мұңын!..


Сырын айтты «көмек...» деп бір қарындас,

Көрер көзге байдаймыз... бір қалың Бас.

Сәбиімен отырған жас анаға,

Жерім осы болдығой тынған рас...


Денсаулықпен әлек боп үш жыл өтті,

Тағдыр солай Дәукеңді мүшкіл етті.

Аты дардай болған соң «ақын» деген,

Сүйреп жүрген жағдай бар Склетті...


«Итке арығын білдірмес Бөрі сынды»,

Күпиемін күзетіп өрісімді...

Бірін ғана біледі былайғы жұрт,

Жасырамын жалған-ай, он ісімді.


«Көмек» сөзі құлаққа естілген де,

Азаптандым айта алмай ешкімге де.

Шымылдады жүрегім, шырылдады,

Сол бір жанмен сор-батпақ кештім менде...


Қалам-қағаз серік қып жатыр едім,

Әй, жас ана, кім жасар ғасыр емін?

Қанағатпен  қарынын тойдыратын,

Ары семіз, малы арық пақыр едім.


Бас көтердім жүрекпен дұға жасап,

«Ғани-Алла, шуақ шаш анаға шат!».

Бір әлсізге көмегін бере алмаған,

Не бітірдім сонша жыл араға сап.


Ешкі, Түйем тұрған жоқ түбіті өсіп,

Қазына да қолда емес, кіліт-есік.

Мұқым жұрттың шығар ем мұқтажынан,

Қайтейін-ай, қалтамның түбі тесік!..


СӨЗ ЕТПЕ

Осыған дейін де,

Мыңдаған патшалар отырған,

Алтын тақ үстін де.

Осыдан кейін де,

Талайдың омыртқасын опырар,

Тізесі батады міскінге.

Патшалар келеді,

Кеудесін кереді,

Жүздірер теңізде,

Жүз мыңдап кемені...


Бар болса, тарихқа керегі,

Шыңғыс Хан секілді көмеді.

Бір тал тас немесе бір құлаш тақтайды,

Іздейді таппайды.

Атағын базарға салғысы келгендер,

Қазады шаңдатып көрден көр...

Бір құдірет сақтайды, 

Қандай ақылды Қағанды көмгендер!


Патшалар, патшалар,

Тағдырдың сынағын артқан ол түйелер,

Болғысы келгені бәтшағар,

Өзінің нәжісіне үйелер.

Біреуі қаруға, біреуі аруға сүйенер,

Қаталы қарғысқа қақалар,

Әділі тарихтан Си емер!


Келеді, кетеді,

Олардың мінезі,-

Пенденің пиғылы.

Жалғасқан бұл өзі,

Көретін елінің «силығы».

Сондықтан сөз етпе патшаны,

Шаруаңды күйітте,

Қайтесің адамды тақтағы,

Басыңды тірідей үйітпе!


Қойыңды қорала,

Егінді ерте еккін,

Саудаңды сауып іш суалмас.

Харекет етпесең бұлбұл құс қона ма?

Қызығы таусылған ертектің,

Тартылған шандырға сәбиің жуанбас!


Перғауын, Ескендір, Хан Шыңғыс...

Ызғарың қариды артың қыс.

Көзіңе сенбесін көңілің алқынғыш,

Марқадам таппаған қаншыл күш...

Жас парлар ашыған жанардан,

Қайтесің оларды,

Пияз секілді аршылғыш!..


"Қабылан ақпараттық порталы"

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Дәулетбек Байтұрсынұлы : Қайтейін-ай!
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-06-29/796.html