Қырғыз ақыны Тынчтыкбек Нурманбетовтың өлеңдері
Назарларыңызға қазіргі қырғыз поэзиясының өлеңдерін ақын Саят Қамшыгердің аударуымен ұсынып отырмыз. Тынчтыкбек Нурманбетов - Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Кырчын» балалар мен жасөспірімдер журналының бас редакторы. Бауырлас бұл қырғыз ақынының жырлары қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр.
Қырғыз ақыны Тынчтыкбек Нурманбетовтан аударма:
Бала тұрып бала жасап ойнаған,
Бала тұрып бала қамын ойлаған.
Жаннан артық жарала ма қыз деген,
Қылығына жүрек балқып тоймаған.
«Әке» десе ерекше күй сезінем,
Елжіреймін, тебіренем, езілем.
Телегей бір теңіз болам сол замат,
Теңдесі жоқ бақытпенен кезігем!
************************
Айдай қызым, Ай берем,
Күндей қызым, Күн берем.
Күліп өмір сүрсін деп,
Жаңа ашылған гүл берем.
Батқан күнді тигізем,
Жұлдызды ерттеп мінгізем.
Көз сүзбесін басқалар,
Нұрдан көйлек кигізем.
Жарыстырам желменен,
Көкке қанат сермеген.
Ұзақ өмір сүр, ботам,
Берекелі елменен!
******************************
Ойнағым келет баладай
Баламменен ойнаймын мен баладай,
Бұл тіршілік бітпейді екен, құрысын.
Қойшы жарым, таң қалғансып қарамай,
Шаршап келдім жаңа бітіп жұмысым.
Қоя тұршы, келтірейін орайын,
Балалық шақ қайталанбас екінші.
Еш қажымас арғымағың болайын,
Қане, ұлым, мойыныма секірші.
Баламменен ойнап алсам баладай,
Бақыт құсы қона қалар басыма.
Оянамын көктемдегі даладай,
Бар қуаныш көшіп келер қасыма.
Баламменен ойнап алсам баладай,
Өміріме өмір қосып жасарам.
Жаратқанға арта түсіп құмарым,
Жаным жырғап бір басқаша тазарам!
*************************
Таш-Көмүрде армандарды жасадық,
Таш-Көмүрді бақ қаласы атадық.
Келіңдерші, сыныптастар қимаған,
Кетейікші әуелгідей жасарып.
Таш-Көмүрде бұйырғанша жасадық,
Ыстық қала, ырыс қала атадық.
Келіңдерші, сыныптастар сағынған,
Қартаймасқа кетейікші бата алып.
*********************
Қырғыз тілінен аударған — Саят Қамшыгер
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қырғыз ақыны Тынчтыкбек Нурманбетовтың өлеңдері
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-10-24/971.html