Қырғыз ақыны Атантай Акбаровтың өлеңдері
Назарларыңызға қазіргі қырғыз поэзиясының өлеңдерін ақын Саят Қамшыгердің аударуымен ұсынып отырмыз. Атантай Акбаров — А. Осмонов атындағы сыйлықтың лауреаты. Ақындығымен қоса сазгерлік қырымен де еліне кеңінен танымал. Бауырлас бұл қырғыз ақынының жырлары қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр.
Қырғыз ақыны Атантай Акбаровтың өлеңдері
Қырғыз
Заман сусып, Жер тынысы тарылғанда,
Жырмен бірге тел өсіп жетілген қырғыз.
Аш қалғанда жыр болып жан азығы,
Жырға айналып қайғысын кетірген қырғыз.
Қаптап келсе дұшпаны, жебе тартып,
Қылыштан да өткір жыр сермеген қырғыз.
Жазатайым найзадан жараланса,
Жарақатын жырменен емдеген қырғыз.
Жырдан өзге ешкімге айтпас сырын,
Құдайы да жыр болып танылған қырғыз.
Дүниеге жыр болып сіңіп кетіп,
Жаңа өмірден жыр болып табылған қырғыз.
*********************************
Жалғызым
Ей, періштем! Неге мұнша баурадың,
Ой-дүниемді билеп алдың бүтіндей.
Отқа айналып кетсем дағы сен жаққа,
Саған жетпей сіңем көкке түтіндей.
Мен бір балық, күлкің сенің қармақтай,
Өңімде де шарасызбын түсімдей.
Жел қайықсың күттіруден шаршамас,
Жүрем ылғи өз-өзімді түсінбей.
Сағыныштан әрең тұр ғой жан шыдап,
Сезім шіркін өзен болды сарқырап.
Құсалықтан шыққан мынау демімнен,
Аспан да тұр жарылардай қалтырап.
Сенделттің ғой мені желдей естіріп,
Сенсіз қалай жеңем тағдыр қар-мұзын?
Таусылмайтын арман болдың сен маған,
Тылсым сырлы Ай сияқты жалғызым!
Гүл ерінің ерінімде ерісін,
Келші, қолым моншақ болсын мойныңа.
Тозақ оты болсаң дағы дәл қазір,
тоқталмастан құлар едім қойныңа!..
************************
Құдайға жазылған хаттар
Мен Құдайға хат жазамын,
Құлдық ұрып, қалтырап.
Парақтарым – ағаштағы
Дірілдеген жапырақ.
«Мәңгіліктің жолын көрсет...»
Жауап болмас Құдайдан.
Парақтарым күннен-күнге,
Сарғаюда мың ойдан.
Басқалар да хат жазады,
Сұрақтар көп айтқанда.
«Адам неге өмірге кеп,
Не іс бітер қайтқанда?»
Бәлкім Құдай жауап бермес,
Күнәміз көп, білеміз.
Мүмкін оның жауап хатын,
Оқи алмай жүреміз.
************************
Тіршілікте біздер тірі Отанбыз
Туған жерден түйіп алып топырақ,
Ата-бабам жау қууға келіскен.
Қан майданда қаза тапса дәл осы
топырақты бейітіне себіскен.
Отан деген – әкең, анаң, бабалар,
Сол үшін де Ата Мекен аталған.
Отаныңмен тағдырың бір, жас ұрпақ,
мен елімсіз бір дән дағы тата алман.
Бұл өмірдің шығар кезде өріне,
Сезіміңе ұлтжандылық – от алғыз.
Тізе бүкпей ата салтын ұстанған,
Тіршілікте біздер тірі Отанбыз.
Көтер басты, тосқауылды шарт үзіп,
Отаныңмен даңқтысың сен, бекемсің.
Жақсы жыр мен жақсы істерде өлім жоқ,
Өміріңде жарқ етпесең бекерсің.
Еңбек қана жеткізеді байлыққа,
Жаның – елмен, тәнің – жермен шарықтар.
Дер кезінде іс істей біл, қандасым,
Уақытында уақыттан күш алып қал.
Төмендесең жексен болар Отаның,
Бір-бір уыс топырақ боп жатармыз.
Тізе бүкпей ата салтын ұстанған,
Тіршілікте біздер тірі Отанбыз!
**************************
Қырғыз тілінен аударған — Саят Қамшыгер
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қырғыз ақыны Атантай Акбаровтың өлеңдері
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2017-10-25/974.html