Айкерім Қиықбай : КҮНӘҺАР
Айкерім Қиықбай- Ақтөбе қаласының тумасы. 2013 жылғы Батыс Қазақстан облыстық «Дала дарындары» байқауының бас жүлдегері, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты. Бүгінде Семей қаласында тұрады.
КҮНӘҺАР
Әуежай іші ығы-жығы халық. Асығыс адымдап келе жатқан әйел ізіне ерген кішкене бала қатты тоңып келеді. Күздің күні болса да, қыс ызғары байқалады. Ал әйелдің өзі суықты тіпті елер де емес, мойнына тек сән үшін ғана ілінген жібек орамалы оның көмірдей қара шашына шатасып қалыпты. Түймесіз пальтосының ішінен киген жеңіл көйлек аяғына арнап тігілгендей аппақ етікпен жарасым тапқан.Оқтаудай түзу аяғына жарасқан бұл біз өкше етіктің тық-тық еткен дауысы қара джип көлігінің жанына жақындап барып тоқтады.
- Ооо, сылқым бикеш! Біздің қалаға қош келдің! Не деген қалай деуші еді әлгі... әә, пунктуальность!
- ..Хм.. мен емес, онда сендердің ұшақтарың сондай! Әйтпесе , мен ұзақ жиналып, көп күттіретіндердің қатарындамын.
- Жарайды, не болса да жақсы болды, дәл уақытында жеттің. Қазір студияға тартып отырсақ, шаруамыз оңтайлы болғалы тұр.
- Жо-жоқ, Фируз мырза сен менен олай тез құтыла саламын деп ойлама, дәл қазір тамақ ішпесем сенің өзіңді жұтып жіберуге бармын.
- О не дегенің миледи, бұйрығыңызға құлдық! Розачка, сіз тек мені жеп қоймасаңыз болды! Айтпақшы, мына бала кім?
- Менің ұлым. Есімі Ғани.
- Оны қайдан тауып алғансың?
- Баланы қайдан табушы еді.............
- Жоқ, енді... Оның әкесі қайда дегенім ғой, мен сенің басың бос екен деп ойласам?
- Жарайды қойшы, басқа тақырып таппағандай сен де...
Еркексіз дүниеге бала келмейді ғой, оның да осы әлемнің бір жерінде өмір сүретін әкесі бар. Бірақ қайда екенін өкінішке орай ешкім білмейді. Үлкендердің өзі жайлы сөйлесіп келетінін Ғани білген жоқ. Ол қатты тоңғандықтан екі қолын бір-біріне үйкей берді. Қарны да ашқан сыңайлы... Не үшін өзге қалаға келгенін, қазір қайда жүргеніне бас қатырғысы жоқ, тек өзінің алғаш рет ұшаққа мінгеніне қатты қуанулы.
Көлікке отырған бойда Ғани маужырап ұйқыға кетті. Анасы мен сақалды еркектің қатты сөйлеп, арасында қарқылдап күлген дауыстарын да елер емес. Мұндай сәнді көліктің ішінде Ғани бұрын бір-екі рет отырған. Яғни бұл қымбат көлік те, анасының бұл қылығы да Ғаниге таңсық емес, таныс емес тек ылғи өзгеріп отыратын ер адамдар ғана. Оянғанда Ғани терезеден анадай жерде анасы мен көлік иесінің сөйлесіп тұрғанын көрді. Мына кең дүниеге сыймай қалғандай екеуі бір үйдің бұрышына тығылып алыпты. Әлгі кісі анасының құлағына сыбырлап әлдене айтатындай. Жаңа ұйқыда жатып аңдамаған Ғани өзінің қарнының қатты ашқанын байқады. Анасын көріп бір жағы қуанып кетті. Қазір анасы оған өзі сүйіп житін тәтті тоқашын алып береді. Оған қоса ыстық сүт ішіп алса тіпті жақсы болар еді. Ғани сүтті ерекше жақсы көретін. Бәлкім нәресте кезінде ана сүтін еміп қарық болмаған бала көңіл әлі де сол дәмді аңсайтын шығар. Алайда Ғанидің анасы көлікке отыруға асықпады. Мұның барын да ұмытқан секілді. Көліктен он қадамдай жерде бұрқыратып темекі тартып тұр. Әлгі еркекпен бір нәрсені қызу талқылап тұрғандай. Әйтеуір жарты сағаттай сыртта тұрып екеуі көлікке отырды.
- Мама, менің сүт ішкім келді...
- Жағаласпай отыршы!
- Баланың қарны ашқан шығар, алып берсеңші?!
- Ақылыңды қалтаңа салып қойшы, өзім білемін.
- Ашуланба, продюссердің сені ұнатпай қалғанына мен кінәлімін бе?
- Жолымның болмай қалғанын қарашы... Қанша ақшадан айырылып қалдым. Барлығы анау сары шаштының қалтасында кететін болды! Мына бала да аяғыма оралып...
- Ендеше оралмайтындай ет...
Роза Фируздың бетіне жалт қарады. Ойға батты, жанары әрі бері жүгіріп, санасында көшкен сұрақтың жауабын іздеп кеткендей.
- Сонда не істемекпін?
- Енді... Егер құр қара басың болса мүмкін бір реті табылар ма еді... Дауысың жақсы, өзің сұлусың ғой, ес танарлықтай...
- Саған ұнаймын ба?
- Әрине!
Ғанидің жылап үнсіз отырып қалуынан басқа амалы қалмады. Ол анасының мінезін жақсы біледі, ашуына тие берсе таяқтың астына алады. Ғани күтті, анасының қазір тәтті тоқаш пен сүт алып беретініне сенді. Расында біраздан кейін бұлар көп кішкентай балалар ойнап жүрген бір үйге келді. «Мына үйдің балалары не деген»-көп деп ойлады Ғани. Ғанидің анасы жүзі жылы бір келіншектің жанында сөйлесіп ұзақ тұрды. Одан кейін әлгі әйел Ғаниді қолынан жетелеп, үйге қарай алып кетті. Ғани өз көзіне өзі сенер емес, үстелде Ғанидің бағанадан бері күткен асы тәтті тоқаш пен сүт тұр. Қарны ашқаны сонша ол жан-жағында не болып жатқанынан бейқам күйі тамаққа бас салды. Маңдайынан бұрқ етіп тері шықты. Содан кейін ғана ол өзін осы жерге ертіп әкелген мейірімді апайдың көз алмай қарап тұрғанын аңғарды.
- Тағы жейсіңбе Ғани?
- Сүт қана...Сүт қана ішемін.
Әлгі мейірімді апай стақанға тағы ыстық сүт құйып әкелді. Ғани әйелге алғыс айтқандай күлімсірей қарады. Әйел Ғанидің басынан сипап қайыра күлді.
- Ертең тағы бересіз бе? Мен сүт ішкенді жақсы көремін!Мен ертең тағы келемін осында. Анама айтамын мені алып келсін деп.
Мейірімді апайдың осы кезде көзі мөлдіреп кетті. Ғани не болғанын түсінбей қалды.
- Жарайды, жыламаңызшы, егер сүт болмаса айран да іше беремін!
Мейірімді апай бұл кезде жанарынан ажырап үлгерген бірнеше тамшыны лезде сүртіп, басын изеді. Бәлкім баланың аузына Алланың өзі салып тұрған шығар. Ол расында ертең де ыстық сүт пен тоқаш жейді, осы жерден. Және әлі қанша уақыт осында болатыны белгісіз, себебі бұл ата-анасыз қалған балалардың мекені еді...
Айкерім Қиықбай
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Айкерім Қиықбай : КҮНӘҺАР
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2018-02-23/1066.html