Бойыңыздағы дарыныңызды оятуға қорықпаңыз
Шығармашылықты шыңдай біл
Кез келген шығармашылықты қолдап отыру керек. Сурет салыңыз, күнделік жазыңыз, домбыра да, не гитарада ойнаңыз. Шығармашылық әрекеті адамның миын сергек етеді. Олардың көп болуы адамның зейінін мықты қылады. Күтпеген жерде тосын шешім қабылдауға бейімдейді.
Әдебиет жанры бойынша Нобель сыйлығын алғандарды зерттеген кезде олардың барлығы дерлік әдебиеттен өзге басқа бір шығармашылықпен айналысқаны анықталған. Сурет салу, театр, би. Эйнштейн музыканы керемет жақсы көрген. Физик болмағанда музыкант болар едім дейді екен.
Ешқашан мойымаңыз
Бастаған ісіңіз еш нәтиже бермей, бір орыннан қозғалмай жатса, бітбеткейлік танытыңыз. Жазушы Роди Дойл тоқырау болған кезде қағаз бетіне ойына келгеннің бәрін жаза беретінін айтады. Сосын сананың шаршауы басылады. Хемингуэй роман жазуға отырғанда бірінші сөйлемнің он шақты нұсқасын жазады екен. Өзі сенетін сөйлемін тапқан соң ары қарай оңай жалғастыра береді-мыс.
Бір нәрсеге байланып қалмаңыз
Бірбеткейлік көмектеспесе, онда басқа нәрсе істеу керек. Назарды алдарқататын бірдеңеге бұру қажет. Сыртқа шығып серуендеңіз, бөгде жандармен сөйлесіңіз. Дүние о баста ойлап табылған, бәрі белгілі бір кесте бойынша орындалады, бәрі де маңдайға жазылған деген сыңайлы теоремалар бар. Оның жауабы әр адамның ішінде. Тек дұрыс толқынды таңдай біліңіз. Сезіміңізді ести білуіңіз керек. Ыдыс жуып жатып, орманда сейіл құрып жүріп, рок-концертке барып та демалуға болады. Ең бастысы, сіздің ішкі диалогты өшіретіндей бірдеңеге алданыңыз. Осы сәтті ғана ойлаңыз.
Шығармашылықты ойын сияқты көріңіз
Шығармашылық – көңіл-күйді көтеретін, шабыт сыйлайтын дүние. Оған тым күрделі деп қарамаңыз. Неге екенін мына тәжірибе дәлелдейді.
2001 жылы Мерилендте бір топ студент лабиринттен тышқанды ірімшікке қарай бағыттап отырып жетеді. Екінші топ сол лабиринтте үкіден қашқан тышқанды бағыттап отырады. Екі топ та бір мезетте лабиринттен шығады. Тек екінші топтың студенттерінде қашу деген ой қосылады да, үрей мазаны алады. Алдыға қойылған мақсат 50% нашар орындалған.
Ең бастысы – бастап кетіңіз
Бала күнінде көп адам музыкант, суретші, әртіс болғысы келеді. Бірақ дер шағы келгенде басқа мамандықты таңдап жатады. Армандарды сандықтың түбіне сақтап қояды. Бетси Эдвардстың теориясы бойынша, қазіргі заман адамдарында жасы келген сайын мидың сол жақ бөлігі басқаруға бейімделеді. Ол талдауға, әрекеттің жүйелі болуына жауапты. Ойын ойнағанда, аспапта ойнағанда, сурет салғанда мидың сол жақ бөлігі бұны қой, басқа нәрсемен айналыс деп белгі береді.
Ішкі сыннан аттап өтіп, жаңа нәрсемен айналысу оңай емес. Тілегің мен жүрегің жетсе, бастап кетесің. Ішкі дауыстың «мынауың түкке тұрғысыз» дей беретіні де уақыт өткен сайын бәсеңси түседі. Бастау бәрінен қиын.
Қорытынды
Шығармашылық ой әр адамның бойында бар. Мәселе, тек соны шыңдай білу. Мидың шарықтау шегін ұғыну. Шпагатқа бірден ешкім отыра алмайды. Бірақ жаттыға берген адам соған қол жеткізеді. Бастысы – жаңа нәрсені бастауға ешқашанда кеш болмайды. Сурет салу, аспапта ойнау, өлең жазу, әңгіме жазу... Бойыңыздағы дарыныңызды оятуға қорықпаңыз.
Аударған Шынар Әбілдә
"Қабылан ақпараттық порталы"
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Бойыңыздағы дарыныңызды оятуға қорықпаңыз
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-06-28/795.html