Айдаһардың махаббаты

Айдаһардың махаббаты  

 (повесть)

      Менің сүйікті мекенім - Алматы шаһары. Саяхат. Жаздың аяғы, күздің басы. Жапырақтар енді сарғая бастаған шақ. Кешкі іңірдің қып-қызыл нұрына шомылған ұзын сонар көшелер. Автобустар мен көліктердің бипылы. Бір-екі сағатқа созылған кептеліс. Шопырлардың боқтауы, үйіне асыққан жолаушылардың табанының гүрсілі, ғашығына асыққан Мәжнүндердің жүректерінің дүрсілі, түрлі-түрлі сатушылардың бақырған дауысы, кондукторлардың құлақ жарар үндері – бәрі-бәрі тоғысып, үйлесіп жатты. Қарбалас тіршілік, ешкімнің де ешкімде шаруасы жоқ. Әркімнің өмірі өзіне.

      Райымбек көшесінің бойымен құлдилап Шәріп келеді. Оған бұл шаһар жиырма жылдан бері таныс һәм бөтен... Осы қалада туылды, өсті, арғы жағы белгісіз жұмбақ... Ақшамның уақытын айқындап Орталық мешіттің азаны шырқала жөнелді. Бір-біріне қарама-қарсы адамдар, ойлар, көздер, жолдар өтіп жатты, кетіп жатты. Шәріп осынау алып шаһарға да, қоғамға да білінбей өзімен-өзі келеді. Оның өмірі, ойы, көзқарасы, сезімі, жүрегі ешкімге қызық емес және таныс емес. Ол жетім еді... Өмірінің басын интернатта өткізіп, кейіннен теріс, небір бұралаң жолдарға түсіп, сорлы басын тауға да, тасқа да соқты... Ақыры жалған намыс үшін төбелескен күндерінің бірінде аяғын сындырып, артынан оны емдемей, ақыры қисық бітіп, мүгедек болып қалды. Жетім Шәріп жетім шаһарда жетім қоғамға көз тастап келеді. Мүгедек жандарды мүсіркеп келеді. Жетімнің жанарында бәрі де жетім. Ол бәрін аяйды...Оның өмір кітабын оқып көрсеңіз еш қызығы жоқ бұлыңғыр һәм күңгірт. Көңілі бәрінен қалған, сатқындыққа, надандыққа, азғындыққа көмейінен тойған. Оған еш нәрсе қызық емес. Ол әлдеқашан өмір сүріп жүргенін ұмытқан тірі өлік. Бала кезінен бір тірі жан жылы көзбен қарамаған соң сорлы жүрегі тоңып қала берді... Жастық жалыны сөніп, тасыған күш қуаты әлсіреп барады. Оның өмір сүріп жүрген жалғыз ғана сүеніші – кітап. Бала кезінен кітап оқығанды жаны сүйеді. Сол өмір бақи әдетіне айналып кетіпті. Кітапсыз бір күнін де елестете алмайды. Интернатта түнде фонариктің шамымен көрпе астына тығылып, ертегі оқып жататын. Кітаптағы сансыз мейірімді адамдарды көріп жаны жай табатын. Ол оқыған кітаптарда үнемі әділдік жеңуші еді. Кітаптағы кейіпкерлермен сырлас болып, өмірден таппаған достарын кітаптан табатын. Оның ертегі, әфсана, хикаят, роман, повесть, поэзиядан оқымаған кітабы қалмаған шығар. Біраз кітаптарды мектеп кітапханасынан алып жүрді. Бірақ соңғы кездері кітапханадан емес, қоқыс жәшіктерінен табатын болды. Бір сандық қоқыстарға тасталған кітаптарды көргенде не қуанарын, не жыларын білмей: «О, тоба! О заман да, бұ заман кітабын қоқысқа тастайтын тас жүректер де болады-ау!» деп қайран қалатын.  Қазақ прозасы мен поэзиясындағы авторлардың кітаптарын қайталап оқи бергенді жақсы көретін. Шетел әдебиетінен де біршама кітаптарды оқып шықты. Ол – ақын еді. Жүрегі нәп-нәзік, алайда мұзға айналған гүл еді. Поэзиямен ұйықтады, оянды, өмір сүрді тіпті жұмыс істеді. Ол өмірінің де, өзінің де кітапқа айналып бара жатқанын сезбеген еді...

         Күнделікті жұмыс орны осы «саяхаттың» ар жақ, бер жағы. Әдеттегі бұрышына барып тұрды. Қап-қара чемоданынан аппақ қардай қағаздарды ала бастады. Көк сиямен боялған парақтарда шимай-шатпақ ғазалдар. Бірі мыжылған, бірі жыртылған. Күс-күс болған саусақтарымен қағаздарды реттей бастады. Қара чемоданын ашып қойды. Кәдімгі сахнада тұрған адамдарша бойын тіктеп, тамағын кернеп қойды. Ұзын қара шашы су көрмегелі біраз болған-ау оңай қайрылмаған соң, түкіріктеп жеберді. Сахнаға шығып, көрермендердің алдында өлең оқу бала кезінен бергі арманы еді. Бұл жердің де сахнадан еш кем жері жоқ, өлең тыңдаймын дегендер қай жерде де тыңдайды емес пе? Ол өзін мәдениетті адамша сезініп өтіп жатқан, кетіп жатқан көрермендерге қарап басын изеді. Біреулер бұған қарап күлсе, енді бірі, мазақ қылып, тағы бірі амандасса, кейбір сотқарлар бес саусағының ортан терегін көрсетіп өтетін. Қолында аппақ парағын бір сілкіп қойып бұл ешкімге мән берместен поэзияны оқи беретін. Көп өлеңдерді және өзінің жаңа өлеңдерін жатқа оқитын. Ырғағын келтіріп, баппен, асықпай, саспай мәнерлетіп әкететін. Абайдан бастап оқып, әрі қарай Сұлтанмахмұт, Мағжан, Төлеген, Мұқағали, орыс ақындарымен жалғастырып, Пушкин, Есенин, Некрасов, ақыр аяғында өзінің жырларымен аяқтайтын. Ол өлең оқыған кезінде ерекше әсерге бөленіп, күллі әлемді ұмытатын. Поэзияның музыкасына Алматыны тербететін. Қала, көше, адамдар, бәрі де тәтті бір өлең-жырға сусындап, кепкен таңдайлары шөлін қандырып қалатын. Ол өлең әсерінен шыққанда айналасына халық үймелеп қалушы еді. Қара чемоданы да әжептәуір бақырға толып қалатын. Айналасын қоршаған қара халық шапалақ ұра жөнелетін. Көше сымдарына қонған кептер, торғай, қарғалар да ұйып тыңдап отыратын, өлеңін оқып біткенде ұша кетіп қос қанаттарымен шапалақ ұрғандай қошеметтейтін. Төбесінде қалықтап тұрып алатын. Поэзияның әсерінен жан-жағындағы қарағаш, қайыңдардың жапырақтары сағыныштан сарғайып бара жатқандай еді... Айналадан «Браво! Қайыршы ақын жарайсың! Молодец!» деген қошеметтер гу-гу естіліп жатты. Күн де осылай, әрине, бола бермейді. Кей адамдарды танып жатады, олар күн сайын осының өлеңін есту үшін әдейі келеді... Біреулер мазақ етіп, телефондарына түсіріп әжуалап жатса, тағылары келемеждеп, ұрылар ақшасын ұрлап жатады. Алайда ол өзін басындырған емес. Оның қаруы жұдырығы. Төбелестің неше түрлі әдіс-тәсілін біледі, тек аяқ құрғыры ғана шегіне береді. Оның өміріне әрбір күн ақ параққа жазылған өзінің шимай-шатпақ өлеңдеріндей бірі келіп, бірі кетіп жатты...

        Жауынды күндері жер төленің астына кіріп алып, өлең оқимын. Ол жерде баян тартатын кәрі шал бар. Бір жерге тесіліп алады да, баянын тартып, күн ұзаққа тұнжырап отырады. Сөзге сараң. Бір-екі рет самса мен шәй алып беріп едім, қуанып, «Рахмет, айналайын!» деді, басқа ештеме айтпады. Мен де сөзге шорқақпын, тек көзбен ғана ұғысамыз. Менің тыртық басқан шекеме қарап жүрегімді ұғып тұрғандай, мен оның әжім басқан маңдайына қарап өмірін түсінгендей болам. Ол Шәмшінің әндерін әуендеткенде ет жүрегім босап қоя беретін. Ондайда мен Мұқағалиды оқитынмын. Ол Нұрғисаны тартса, мен Төлегенді оқимын. Бұл шалың да сөз қадірін білсе керек, мен оқыған өлеңдердің кей жерлерінде басын шайқап қояды. Не керек шал екеуміз ақын, композитарлардың, хас таланттардың шығармаларымен жер төлені әуенге, жырға толтырушы едік. Поэзия мен музыка үйлескенде шіркін-ай, сағынып, мұңайып, армандап кететінбіз. Поэзия мен музыка екеуін бір-бірінен айыра алмас егіздей еді. Менімен шал да егіз, екеумізде жетім едік...

       Таңдар атып, күндер батып жатты. Менің үйім подвалда. Қала шетіндегі ескі бес қабаттық тамның астында. Темірмен қоршалған терезесі бар. Оны ашудың тілін мен ғана білемін. Тұрғаныма бір жыл болды. Ешкім ештеңе деген емес. Іші әрине лас әрі ауа тар. Бірақ, қонуға болады. Шамам келгенше, аптасына бір рет «генеральная уборка» жасап тұрамын. Көп болса, бес адам сиятындай бөлме. Ішін кітаптарға толтырып тастадым. Жалғыз стөл мен жалғыз орындық. Көне ғасырдағыдай майшам жағып жатамын. Түнімен кітап оқимын, шабытым келсе, өлең жазамын. «Өз үйім – өлең төсегім» қысты күндері қатты суық. Ал жазда қапырық, ыстық. Әйтсе де, үйреніп кеткенім рас, басқа жерге көшуге ниетім жоқ. Көшкен күнде де қайда барып, қайда қонар едім? Жоооқ, маған бұл жер бес жұлдызды қонақ үйден де артық. Жұмыстан түскен ақшама нан, май аламын, қалғанын жинап жүрмін. Білмеймін не үшін жинап жүргенімді, әйтеуір бір жыртығыма жамау болар деп сақтап келем. Одан артылған аз-маз ақшаны конализацияда тұратын орыс шал мен кемпірге апарып беремін. Есімдері Евгений мен Марина. Кезінде зиялы адамдар болған көрінеді. Сөйлеген сөздері, істері мәдениетті. Дегенмен байқұс шал-кемпірді аяймын. Өзінің туған баласы әке-шешесін арақ алып кел деп жұмсаған, таппаса ұрған, одан қалса тепкілеген. Қорыққаннан шал мен кемпір өз баласынан өздері безіп кеткен. Әкесінің басы жарылған, әлгі «ит» таспен ұрыпты. Шешесінің қолын сындырған. Өз ауыздарынан осыны естігенімде жағамды ұстадым. Әлгі «доңызды» тауып алып әке-шешесін танытқым келді. Екі қария қорқып қалған, бір нәрсе тарс етсе жалт қарайды. Қазір көше кезіп, қоқыс жәшігінен нәпақасын іздеп жүр. Мені өз балаларындай көреді. Қолымнан келгенше күн сайын нан-шәйімді ала барамын. Өз әке-шешем болмаған соң, өзімді де, оларды да алдап, «мама, папа» деп қоямын. Олар мәз болады, содан кейін жылайды...

       Мен өзімнің жұмысымды қайыршылық деп айтпас едім. Себебі таң атысы, күн батысы өлең оқу, оларды жазу оңай шаруа емес. Тамағың кеуіп, аузың құрғап, жүйкең тозады. Еңбек етем, халық еңбегімнің ақысын береді. Егер де еш өнерімді керсетпей құры отырсам, басқа әңгіме. Ендеше, нағыз тіленшінің, сығанның өзі болып шықпаймын ба?!

       Кешке жұмыстан келіп, «үйіме» жайғасып, ауқатымды ішіп, көптен күткен, сағындырып жеткен кітаптарыма қауышамын. Кітаптарды ары ақтарып, бері ақтарып шықтым. Подвалдағы барлық кітапты тауысып болыппын. Енді жаңа кітап табу керек. Бұларды бірнеше рет қайта оқып шыққанмын. Не істесем екен? Кітапханалар жабық. «Қалай да амалын табу керек, іздеу керек» дедім де, көшеге атып шықтым. Көшелерді іздеп келемін, әйтеуір табармын деген тәтті үмітім бар. Қоқыстарды, көшелерді, жол бойын да қарап шықтым. Мазам қашты. Түк шықпаған соң, үйге қайтуға тура келді. Ақыры сандалып «үйге» бұрылдым. Қарасам, біраз жер жүріп тастаппын. Қараң-құраң үйлердің арасымен келемін. Айналам тып тыныш. Бірен-саран көліктер «зу» өтеді. Шаршағанымды байқап, жолда кездескен бір орындыққа отыра кеттім. Сәл демалып, қайта тұрармын деп ойладым. Ұйқы қыса бастады. Терезелерден шашыраған үйлердің балауыз шамдарына қарап отырдым. Бәрі де бөтен, алыс, жылусыз, жасанды шамдар. Мені жау, ұрлықшы көреді. Ха-ха-ха, «үйімізді тонап кетеді» деп қорқасыңдар ма, әлде «алтынымызды алып кетеді» деп қорқасыңдар ма? Өңшең қорқақтар... Есіктеріңнің үстіне есік қойып, ағашпен, темірмен қаптап тастадыңдар. Он кілттерің бар. Өздерің әзер кіресіңдер. Терезелеріңді темірмен орадыңдар. Түрмеде отырғандарыңды білесіңдер ме? Маған және өздеріңе қараңдаршы, кім бостандықта, кім еркіндікте? Кімнен, неден қорқасыңдар? Жоооқ, сендер бізден қорқасыңдар! Өздерің тас жүректеріңмен үйреткен, мейірімсіздікпен көрсеткен, ұрып, қоғамнан қуып тәрбиелеген, біздерден «жетімдерден» қорқасыңдар. Жетімнің бәрі сотқар, бұзақы, надан дейсіңдер ме? Ей, жылусыз шамдар, ең болмағанда өшпеңдерші... Мен осылай ойға батып отыра бердім. Төбемдегі екінші қабаттың ас бөлмесінен бір отбасыны көрдім. Әкесі, анасы, бірнеше қыз, ұлдары кешкі асын ішіп отыр. Азан-қазан әңгіме, күлкі, әзіл-қалжың... Әкенің арқаңды қаққан салмақты, байсалды алақаны, ананың ып-ыстық мейірімге толы шашыңды сипап өткен саусақтары... дастарханында не бар десеңші шіркін! Мммм- мынау еттің исі ғой. Жайылған қамыр, үстіне себілген пияз, оның үстінде қазы-қарта, ет, төс оуууу шіркін-ай десеңші! Жып-жылы үй. Бақытты шаңырақ.... Мен бұдан артық шыдай алмадым. Көкірегім өртеніп кетердей болды, суық та болса өз «үйіме» асықтым. Кете беріп едім әлгі үйдің бірінші қабатындағы гүл бағына көше шамының сәулесі төгіліп тұр екен. Арасында бір затқа көзім оттай басылды. Бақшаға кіріп бардым. Раушан гүлдерінің ортасында мектеп партасының сынған орындығы тұр. Үстінде сабылып жер жаһанды кезіп іздеген менің махаббатым – кітап тұр. Біреу алып қоярдай қолыммен жұлып алдым. Бірден иіскедім. Жаңбырдың, гүлдің, тозаңның және 50 жылдық ғұмырдың исі аңқиды. Расында да мұқабасы ескі екен. Құшағыма қысып алдым да, жүгіре кеттім. Подвалға кіргенше, оқығанша асығып келемін. «Қандай кітап болды екен, не жайында, поэзия ма, проза ма, ғылыми кітап па? Әлде, оқулық па?» деген түрлі сауалдар көкейімді тесіп келеді. Ақыры орындығыма отырып «биссмиллә» деп кітапты ақтардым. Қарасам сыртқы мұқабасы және алғашқы бір беті бар, кейінгі он беті жоқ. Авторы да, шыққан жылы да белгісіз. Ортасында жетпіс шақты, соңында қырық шақты беттер жоқ екен. Ал керек болса! Өзі 400 беттік кітап. Авторсыз оқысам әрі соңында не боларын білмесем қызықсыз һәм түсініксіз болмай ма?! Бірақ әзер тапқан кітабым  «Жоқтан бар жақсы» деп тәуекел еттім де оқи бастадым. Алғашқы бетінде «Ерте, ерте, ертеде, қазақ-түркі даласында, Көкшетау өңірінде бір алып айдаһар өмір сүріпті...» деп басталады екен. Сонда бұл кітап ертегі болғаны ғой. Қызық екен, әрі қарай «Айдаһардың ең әлсіз жерін ешкім біле алмапты, көрген көсем қариялар оны өлтіру мүмкін емес десе керек-ті. Халықтың малын, адамдарын жеп, егінін өртеп әбден әбігер қылған екен. Көшейін десе туған жері... Көшпейін десе айдаһар. Небір палуандар, батырлар айдаһардың көзін құртуға аттанып, ажал құшып қайтыпты. Күндердің бір күнінде Сексенбай деген байдың Ай десе аузы, Күн десе көзі бар ең кенже Ләйлә деген қызы болыпты.» Пах, шіркін, «Ләйлә» не деген әдемі есім. Мәжнүннің немесе Жұматайдың Ләйләсіндай болармысың? Махаббат туралы ертегі болса, ғажап болар еді. Сонымен Ләйлә, «Ол өте сұлу әрі әсем болды. Жер бетінде оның сұлулығына тең келетін жан болмады. Ол жүргенде шөптер ырғалып би биледі, сөйлесе, құстар ән айтады, жүгірсе, көбелектер жарысады,  ұйықтаса, жер тербеледі. Ләйләнің шашы қоп-қоңыр күзгі жапырақтың түсіндей, алты өрімі тобығына жететін. Кірпігінен нұр сібірлеп, жанарынан таң күлімдеп тұратын. Оның ары қардай аппақ, жаңбырдай мөлдір. Аққұба жүзіне ай сәулесі шағылысып тұратын. Нәп-нәзік саусағымен түрлі-түсті сырмақ, кілем, кестелер тігеді. Оған жер жаһаннан сан мың «мен» деген ер жігіттер құда түсуге келетін. Алайда Ләйлә ешбірін өзіне місе тұтпайды. Оның жүрегіне от тастаған бірде-бір азаматты кездестірмейді. Сексенбай қызын он сегізге толғанша тұрмысқа бермеймін деп сөз берген. » Осы жерден бастап он беті жоқ. Қап... Қызық жеріне келгенде. Ләйлә, шіркін-ай, не деген әдемі, керім қыз еді. Менің өмірім де бір де бір ғашығым болмапты-ау, ғашығым былай тұрсын ғашықта болмаппын. Маған кім қарасын, құлағым қалқиған, шекем шыққан оның үстіне маңдайымда тыртығым бар, сосын мүгедекпін. Ең жаманы қайыршымын. Ақшасы жоқтың қадірі жоқ қоғам болды ғой бұл. Сонау көне ғасырға кетер ме едім шіркін! Мен осынау кітаптардың ішінде өмір сүрсемші. Бала кезімде ертегілерге сенуші едім! Әлі күнге дейін сенемін... Арманыма жететініме, сүйгеніме қосылатыныма сеніп келем, сене де берем. Мына заманнан басқа ғасырға кетсемші. Мынау ғасыр сыйдырар емес, шетке итеріп тастай береді. «Қайран менің кітаптарым» деп жанарымды үйілген кітаптарға қададым. Олар мені шақыратын секілді. Олардың тілі бардай, өз тілдерінде маған өмірді түсіндіргісі келеді. Өмірді, қоғамды, адамзатты, тіпті өзімді түсіне алар емеспін. Қаншама жыл сотқар, бандит болдым. Есімді жинағанда, жақсы адам болуға ұмтылғанда бәрі маған жау бола кетті. Кеше ғана «рекіт» болғанымда не ішем, не жеймін демедім, бәрі бар еді, бірақ «ар» байқұс жанымды мазалады-ау. Өлсем де ол күнге, ол әлемге оралмаспын. Кім болсам да, ешкімнің ақысын жеп, көз жасына қалмаспын. Адамзатқа зияны тиетін бай болғаннан, қоғамға пайдасы тиетін қайыршы әлдеқайда артық емес пе? Бірақ, осы қоғам мені сыйдырып жатыр ма? Оу, кітаптар, ертегілер, мені әкетіңдерші өздеріңнің әлемдеріңе. О, ертегілер, дәлелдеңдерші рас екендеріңді! Жаңағы кітапты бүгін қалайда бітіруге асықтым. Ертең жұмысқа кеш шықсам да, бітіріп барам деп бекідім. Мен оқыған кітаптарды кейде  «Баяншы шал» тыңдағысы келеді. Бірнеше кітаптарды айтып та бергем. «Көзім көрмейді, әйтпесе оқыр едім, бір көзілдірікке зар боп жүрмін...» дейді. Мен оқығандарымды айтқанды жақсы көрем. Белгісіз кітаптың жоқ беттерін ысырып, ары қарай оқи бастадым. «...Ләйлә ақылына көркі сай ару еді. Бұл ауылға осы қыз үшін талай жау да шапқан. Бірақ өр азаматтар намыстарын аяққа таптатпады. Ләйлә айдаһардың ауылға талай шапқанын көрді. Қорыққаннан жүрегі жарылардай болса да, қанында батырға тән қасиет бар-тын. Ол осы бір айдаһарды көзін жойып, елін пәлекеттен құтқару үшін мынандай шешім қабылдайды. Ләйлә Қаратау шыңының үңгірін көрсетіп тұрып: «Кімде-кім анау аждаһаның көзін жойса, мен оған тұрмысқа шығамын» деп ұсынысын айтады. Бұны естіген жер бетіндегі барлық батыры, балуаны, баһадүрі бар айдаһардың көзін жоюға бел буады. Қаншама азаматтар осы жолда құрбан болды, бірақ айдаһардың көзін жойған асыл ер табылған емес. Әр нәрсенің әлсіз жері болғанындай, айдаһардың әлсіз тұсы болмауы мүмкін емес. Біз соны табуымыз керек деп би, шешендер кеңес құрады. Әлі күнге айдаһардың әлсіздігін адамзат байқаған емес.» Қызық екен... Ләйлә, Ләйлә не деген жүрегіме жылы есім. Қайталай бергім келеді. Сенің заманыңа кетіп, айдаһардың көзін жойып, сені салкүреңге өңгеріп-ап, әкетер ме едім! Оу дариғам менің, менің көз алдыма кітапта суреттегендей сенің жанарың, шашың, нәп-нәзік саусағың елестеп тұр. Мен сені қиялымда суретіңді сап, жүрегімнің қабырғасына іліп қойдым, Ләйлә. Сені бір рет көрсем, тек бір ғана сәт. Менен асқан бақытты жан болар ма еді! Мен бұл ғасырдан, бұл өмірден ғашығымды таппадым, мен ғашығымды кітаптан таптым, авторы жоқ кітаптан... Тәтті қиялға бір шомып, бір сүңгіп, сағыныштың шәрбатына батып, кітапты оқыдым. Маңдайымнан тер шығып, жүрегім қобалжып, кітап ішіне еніп бара жаттым. Кітап қыза түсті... «Айдаһар қаһарын шашып: «маған қарасы таусылмайтын, бітпейтін батырсымақтар не үшін ажалын іздеп жүр» деп ақыра түсті. Ауылдағы қариялар да мұңға батты. Бүйте берсек, жер бетінен еркек кіндікті жоғалады деп топшылады. Ал, алыптардың келуі де, о дүниеге кетуі де таусылмады. Айдаһар мазасын алған мынау тобырды сүйірдей тырнақтарына іліп алып:

-          сендер не, менен қорықпайсыңдар ма, әлде қорқыныштарыңды жеңіп келулеріңе себеп болған күш бар ма?

-           «Махаббат» деді жамырап.

-          «Махаббат», ол не тағы?

-          Ол Ләйлә деген жер бетіндегі ең сұлу ару.

-          Ха-ха-ха-ха, «Ләйлә» дейді. Олай болса, міне сендерге махаббат! – деп аузынан қып-қызыл жалынды төгіп жіберді. Жерде тек қап-қара күл ғана қалған еді. Айдаһар сұлулық патшайымын көруге ынтығып әрі өлтіруге асықты. Айдаһар: «маған барша еркектерді қарсы қоятын қандай қатын ол» деп ойлады. Ол тау-орманның төбесінен ұшып өтіп, ауылға кеп қонды. Жұрт жапа-тармағай қаша жөнелді. Қатындардың у-шуы, иттердің үруі, жылаған, ойбайлаған дауыстар. Айдаһар бар қаһарын төгіп ашулана халыққа көз тастады. Демалып тынысын қайта шығарғанда аяғының астындағы қарағай өртке оранып жатты. Ол жаңғырған жуан даусымен:

-          Ләйлә қайда? – деді. Жұрт үрейінен әлі айыға алмаған соң, Айдаһар:

-          Егер айтпасаңдар бәрің ажал құшасыңдар, – деді. Алыстан сыңғырлап шыққан

нәзік, батыл дауыс:

-          Мен Ләйләмін, – деп киіз үйден шығып келе жатқан Ләйләның қарасы көрінді.

Ашуланған айдаһар өлтіруге бекініп, бір-екі қадам аттай берді. Басқан ізінен үңірейіп шұңқыр қалды. Ләйләның тапжылмай тұрған батылдығына қарап отты көзін тастады. Айдаһар Ләйланың басынан аяғына дейін көзімен шолып шықты. Тұмсығын Ләйләның жүзіне апарды. Қос көзімен Ләйләның жанарына тесіле ұзақ қарады. Ләйлә қорықса да білдірмеуге тырысты. Айдаһардың көзінде  өшпенділік, надандық шоқтары шашырап тұрды. Сескене түскен Ләйлә бір қадам артқа шегіне бергенде. Үлкен таңғалыста қалды. Айдаһардың көзі бірден өзгеріп сала берді. Әлгі шоқтар, оттар жоғалып, бір ерекше мейірім, сағыныш, махаббат мөлдіреп тұрды. О, тоба! Таңғалған Ләйлә жәутеңдеп, қос көзіне қарай берді. Айдаһардың бұндай көзін тек Ләйлә ғана көрді. Айдаһар Ләйлаға ұзақ қараған соң, басын көтеріп:

-          Сен менімен үңгірге кетесің, мендік боласың – деді. Бұны естіген жұрт ойбайлап, зар қақсай бастады. Ләйлә:

-           Бір ұсынысым бар, – деді. Айдаһар:

-          Айт, – деді.

-          Менің халқыма және жалпы адамзатқа қол ұшыңды тигізбейсің ешкімді өлтірмейсің, сонда сендік боламын, – деді. Айдаһар:

-          Келістім, – деді де, қолына аруды алып, тауға қарай ұша жөнелді. Осындай

батыл қадамға барған Ләйлә өзін құрбан етіп, күллі адамзатты құтқарып қалды. Жұрт неше-түрлі қауесет таратты, би-шешендер Ләйләның батылдығына таң қалысып, алайда олар болашққа ұзақ қарап топшылады. «Ләйләның сұлулығы  20-30 жыл көп болса, кәртиген соң, оны айдаһар керек те етпес. Жап-жас қалпында қалса да, бір күні ажал құшады, сонда халықтың күні не болмақ? Айдаһар өз әуеніне қайта көшіп, халықтың қанын судай ағызбай ма? 40-50 жыл бейбітшілік, ал одан кейін ше? Айдаһарды тоқтататын батырдың болмағаны ма? Жер бетіндегі бірде-бір ана айдаһардың көзін жоятын жаужүрек тумағаны ма?» деп қариялар іңірде мұңға батып отырды.

       Халық көптен күткен батыр бар еді. Ол алыс сапардан Айдаһардың көзін жойып, өзінің махаббатына Ләйләсына келе жатты...» Қап... қап... әттең, қызық жеріне келгенде жетпіс шақты беті үшті-күйлі жоқ. Қайран Ләйлә! Күнің не болар екен... Амал жоқ, соңғы бір бетті оқыдым. Ол бір ғана абзацтан тұрды. «Ләйлә өзінің Айдаһарымен қимай қоштасты да, өз жерінде, өз мекенінде мәңгілікке қалды.»  Тоқта, ертегі деген жақсы аяқталуы керек еді ғой... Бұл қалай болғаны. Сонда Ләйлә да айдаһарға ғащық бола ма? Түсінсем бұйырмасын...

Сансыз сұрақтарға көміліп жатып ұйықтап кетіппін. Оянсам тереземнен

күннің сап-сары шашы төгіліп, мойныма оралып қалыпты. Кітап оқыған қалпымда ұйқыға қауышыппын. Жұмбақ кітапқа қарап, бұны қалай да табуым керек дедім. Бәрі қалай? Не болғаны, қандай батыр келгені, Ләйләның кімді сүйгені көкейімді тесіп барады. Орнымнан атып тұрып, қарным ашқанына да қарамай, бірден кітапханаға бардым. Ақтармаған кітабым жоқ, кітапхананың ғаламторынан да іздедім. Таба алмадым. Бұл не баспасы, не авторы, не бас-аяғы жоқ қандай кітап өзі? Таба алмай, біраз сандалған соң, қарын ашып, жұмысқа келдім. Баяншы шал әлдеқашан баянын боздатып отыр. Балуан Шолақтың «Ғалиясын» әуелетіп отыр. Пах, шіркін-ай, махаббат, махаббат! Адамды не істетпеген ол. Мен өзімді де басқаша күйде сезініп тұрмын. Бір жағынан кітапқа басым қатса, тағы бір жағынан ғашық болған секілдімін. Ләйлә ойымнан кетпейді. Қайта-қайта оны көз алдыма елестететіп жымия беремін. «Еееей, сорлы басым-ай, мұнымды жұрт білмесін, білсе жын тиген дер. Қашан көріп едің адамның кітап ішіндегі кейіпкерге, ертегідегі ханшайымға ғашық болғанын. Жұрт не десе, о десін! Мен саған, Ләйлә, ғашықпын! Саған қалай да қолымды жеткіземін, гүлім, шафраным, сиренім!» Аузымнан бұл сөз қалай шыққанын аңғармай да қалдым. Чемоданымды ашып, әдеттегі парақтарымды ақтара бастадым. Бұл жолы «Ләйлә» жайлы оқығым келді. Кімнің Ләйләсы болсын, әйтеуір Ләйлә болса болғаны. Қолыма Жұматайдың «Ләйләсі» түсті. Жарықтық, қайран ақын! Ақынның жанын ақын түсінеді ғой! Сен Ләйләңды үш ақ рет көріпсің, ал мен еш көрмедім. Жұматай, қалай дөп басқансың жүрегімнің қылын! «О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде...» иә, ол өмірде жоқ, ол кітапта. Кім біледі мүмкін бәріміз адам емес, кітап шығармыз. Мынау үйлер – сөрелер, біздер – тізілген кітап шығармыз. Ақындар – өлең, жазушылар – проза, ғалымдар – ғылым, дәрігерлер – ем дәрі, мұғалімдер – оқулық, милиция – детектив жанрындағы кітаптар шығар... Кәрілер ескі кітап болар, шаң басқан парақтары жыртылған, мыжылған. Қайыршылар болса, менің кешегі тапқан кітабым шығар. Не басы, не соңы жоқ, жұмбақ ғұмыр... Өмір – кітапхана шығар. Иә, бәріміз алып кітапханадағы кітаптармыз... Оқылып, оқылып тасталамыз... Менің ойымды Баяншы шал бөліп жіберді:

-          Қош келдің, ақын! Бүгін кешіктің ғой, ауырып қалмадың ба?

-          Жоға, ата! Түнімен кітап оқыдым.

-          Ааа, онда дұрыс болған екен! Ендеше,  оқыған кітабыңды айтып бер кәні!

-          Ол өте жұмбақ кітап, оны кеше мен..., – деп кітапты тапқанымнан, алған әсеріме дейін бөлістім.

-          Мынау кітабың расында да қызық екен, тауып, түгелдей оқы, сосын маған

айтып бер, – деді де, баянын шырқата әкетті. Мен аз-маз тиын-тебенімді алып, Евгени әкем мен Марина шешеме су, нан алып келдім. Олардың хәл-ахуалын білген соң, кітабыммен, Ләйләммен қауышуға асықтым. Білтелі шамымды жақтым да, кітапты тағы оқып шықтым. Күндегі әдетім осы болды. Бір апта күн сайын осы кітапты оқумен болдым. Басқа ешбір кітаптың бетін ашпадым. Жалғыз ғана Ләйлә үшін... Тек сол үшін...

       Күндер, түндер, уақыттар менің бір тілі жоқ қоқыстан тапқан қабырғадағы қара сағатымда өтіп жатты. Менің ес-түсімді, ойымды, жүрегімді орап алған Ләйлаға деген сағыныш еді... Мен оны күндіз де, түнде де оқыдым. Бес қабатты үйдің шатырына шығып-ап, іңірді қарсы алам. Тағы да бір күнмен, тағы да бір ғұмырмен қоштасам. Ләйләның образын ойлап қиялға батамын. Ол мені кітап әлемінен шақыратын секілді. Жан даусы шыға айғайлап, «Шәріп, мені айдаһардан құтқаршы, мені кітаптағы әлемнен әкетші, өмірді көрсетші» дейтіндей. Айдаһардан бейшара махаббатым шошып жатқан болар. Ләйлә, не деген алыста едің, екеуміздің арамызды ғасырлар, аңыздар, шындықтар бөліп тұр. Сен менің қолымдасың, сен кітап ішіндесің, қапастасың. Кітапты көкірегіме қайта-қайта құшақтаған сайын сенің әлсіз жүрегіңнің соғуы, ыстық құшағың маған сезіледі. Мына кітап ішене кіре алсам ғой, сосын сені әкете алсам-шы, құтқара алсам-шы... Авторы кім бұл кітаптың? Жер бетінде жалғыз ғана данасы бар қандай, қайдан келген әпсана бұл?.. Шатырдың төбесін кептерлер үймелеп алыпты. Төбемнен қарғалар ұшып барады. Санам санға, ойым онға бөлініп, көкейім тілініп кетті. Қызарған көкжиекке қарап ұзақ отырдым. Санама бір ой сақ ете қалды... Бір перде түрілгендей, бір есік ашылғандай, бір кілт табылғандай болды. Ақыры бұл кітаптың жоқтаушысы, не басы, не аяғы болмаса, неге маған аяқтамасқа? Толықтырып жазсам ешкім ештеңе дей қоймас. Кітап ішіне тағы бір кейіпкер болып барсам, кітап ішіне енсем, Ләйләмді құтқарсам, оны әкетсем... Осы әлемге әкелсем, бірге отбасы болып өмір сүрсек неткен тамаша, неткен ғажап болар еді! Осы ойыма өзім таңғалып жертөлеге асықтым. Майшамды жағып, кітапты қолыма алдым, бір көз жүгіртіп шықтым. Сөйттім де, терең ой түбіне сүңгіп кеттім. Ақ парақтарды алдыма жинап қойдым. Қалам деген кілтті қолыма алдым да, аппақ парақтың құлпын аша бастадым. Мен қаламнан төгіліп, сия боп бара жаттым... Әріп болып бара жаттым. Кітап ішіне еніп кеттім... Ертегі әлемінің қақпасының алдына келіп, есігін айқара ашып жібердім...

         Автор мен кейіпкер арасындағы махаббат Шәріптің үлкен құрбандыққа

баруына жол ашты...

         ... Шәріп қалқиған құлағымен, кем аяғымен, жаралы жүрегімен

пәниден ертегіге, өмірден кітапқа келе жатты... Ол өзінің сапарының немен басталып, немен аяқталатынын да білмеді. Тәуекел етіп, Ләйләсына ұлы махаббатымен құшақ ашып келеді. Көкшетаудың майда, салқын самалы, жібек желі оның қауғадай шашын сипап өтті. Күннің ып-ыстық ерні кең маңдайынан өбіп келе жатты. Бурабай белдеріне жетіп, сол маңда бір ауылға әзер дегенде ілінген еді. Оны алыстан көрген халайық ләм-мим деген жоқ. Олардың ойынша күнде әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан батырлардың бірі шығар деп топшылады. Олар қателеспеген еді. Бірақ, олар бұның қай әлемнен келе жатқанын еш сезбеген-тін. Аяғы талған Шәріп алғашқы кездескен киіз үйдің есігінен аттай беріп:

-          Амансыздар ма? Менің есімім Шәріп болады, құдайы қонақпын, – деді.

Төрде отырған басында қалпағы бар ақсақал:

-          Кел, төрлет балам! Қайдан жүрсің? Не шаруа? Білсем де, өз аузыңнан

естігенді жөн көріп тұрмын.

-          Жетісудан келдім. Айдаһардың көзін жойып, ертегі әлемін құтқарып қалсам

деп едім.

-          Қо-о-о-ош... Біздің әлеміміз рас, қауіпте. Қаншама батырларымыздан айрылдық.

Айдаһардың көзін жоймасақ, ертегі әлеміне ақырзаман төніп келеді. Сені бұндай көзсіз ерлікке сүйреген нендей күш?

Шәріп «Махаббат» дегісі келді де...

-          Жастық жалын, – дей салды.

-          Құп, бұның жөн екен. Сапарға қашан аттанасың?

-          Дәл қазір...

-          Ендеше, ас ішіп сәл тынығып ал, Айдаһар ешқайда қашпайды. Бастысы, оның әлсіз жерін тап. Осында келген небір баһадүрлерге айтқаным да осы сөз. Айдаһардың әлсіз тұсын таппай оны жеңу мүмкін емес...

-          Жақсы, – деп Шәріп еттен жеп, қымыздан ішіп, жүрек жалғап алды. Шайқасқа

аттанарында  ақсақал қолын жайып бата берді және оюлы қында семсер сыйлады. Шәріп Қаратаудың үңгіріне бет алып кетті...

      Ол аспанға, жерге қарап келеді. Көкейінде сансыз ой... Ертегі әлемінің, кітап ішінің өмірден, пәниден ешқандай айырмашылығы жоқ секілді. Әрине, бұл ертегі әлемінің көне ғасыры... Біздің ғасырдан ертегі елі әлдеқайда артта екен. Оның есіне ақсақалдың сөзі оралды. Айдаһардың әлсіз тұсы... Мен оны әлдеқашан тапқам... Бұл жерге келмей тұрып... Кітапты оқып отырғанымда-ақ. Айдаһар екеуміз қатты ұқсаймыз, тіпті егізбіз. Ол да, мен де халықтан жырақта тұрамыз. Ол – үңгірде, мен – подвалда. Ол да жалғыз, мен де. Ол да, мен де Ләйләға ғашықпыз. Оның да, менің де әлсіз тұсымыз – Ләйлә деп кеудемді ұстадым. Атын атаған сайын жүрегім қаттырақ соғады. Міне, біздің әлсіз тұсымыз осы, «Ләйләның үйі» деп жүрегімді ұстай бердім. Ендігісі айдаһардың жүрегін тауып, суырып алу... Сонымен бәрі де бітеді... Ләйлә маған тұрмысқа шығып, екеуміз ертегі елінен Пәниге-Өмірге кетеміз. Жаным, Ләйлә, саған келе жатырмын. Асылым, жақұтым, сен үшін барша құрбандыққа әзірмін, күт мені!

        Мен тауға көтеріліп үңгірдің алдына жеткенім осы еді. Төбемнен шұрқырап бірнәрселер ұшып өтті. «Айдаһар» деп ойлаған едім. Сөйтсем жарқанаттар екен. Тынысымды терең алып, пыссымылдамды айтып, үңгір ішіне, қап-қара түнекке ене бердім. Қараңғыға көзім үйреніп кетті. Айналам ала көлеңке бола бастады. Қадамымды мұқият, дыбыссыз басып келемін. Шәй қайнатым уақыт жүрген шығармын. Үңгірдің түп жағынан салпыншақтың дыбысы сыңғыр-сыңғыр етеді... О-о-о-о, мынау Ләйләның сырғасы ғой... және жаныңды әлдебір әлемге жетелейтін бір әуен естіледі. Пах-пах! Мынау Ләйләның үні ғой! Не деген дауыс, ап-ашық көмей. Мәреге жетіп қалғанымды сезіп келемін. Жолдың құзында тұрғанымды Ләйләның шолпысынан шашыраған сәуледен байқадым. Кезінде бұл жерде бір патшалық өмір сүрген іспетті. Төменге түсудің амалын іздедім. Белімдегі арқанды қос тастың ортасына байладым да, төменге сырғи бердім. Сонымен үнімді шығармай түсе бердім. Бұл жерге түскен адамның арқаны болмаса, түсіп-шығуы мүмкін емес... Төменге түсіп, қабырғадағы тасқа сүйеніп тұрдым. Бұрышындағы тесікке басымды сұғып қарасам, айдаһар ұзыннан ұзын сансыз адамның бас сүйегіне жатып алған. Бір дәу тастың үстінде Ләйлә ән айтып отыр... Мүмкін емес... Менің қиялымдағы Ләйләның дәл өзі, нақ өзі. Ғажап, қандай сұлулық, неткен нәзіктік... Жанарында мөлдір мұң менмұндалап тұр... Кірпігінен бір жап-жарық сәуле етегіне тамып түсті. Ән тынды. Үңгірді бір қорқынышты алып дауыс алып кетті...   

-          Ләйлә, тағы, тағы да айт, – деді.

-          Айдаһар, менің тамағым ауырып кетті, шаршадым...

-          Тағы айт деймін, 2 ғасыр болды ұйықтамағалы. Дәл сен секілді Дариға атты сұлуға 2 ғасыр бұрын ғашық болғанмын. Оның осындай әуезіне көзім ілініп, 50 жыл ұйықтадым. Оянсам, алдымда бір кәрі кемпір отыр екен. Одан Дариғам қайда деп ақырып едім, жүрегі жарылып кетті. Дариғаны содан бері көрген де, естіген де емеспін... Сен менің тыныштығым болдың, Ләйлә. Сен жанымда болсаң, жүрегім тыныш. Енді еш алаңсыз ұйықтай берсем болады. Шырқашы тағы, Ләйләм менің...    

         Ләйлә тағы бір әсем әуенді еріксіз шырқады.  Түн батқанша айдаһардың ұйықтағанын күтіп отырдым. Бір кезде айналаны үлкен қорыл көтеріп әкетті. Жер сілкініп жатқандай. Ләйлә әлгі алып тастың үстінде тапжылмай әлі отыр. Айналасына қорқынышпен қарайды. Қасында бір қаңқа сүйек жатыр. Мен оның Дариғаның сүйегі екенін білдім. Ләйлә 50 жылдан соң дәл осындай болмай тұрғанда тез әкетейін деп ойладым. Асықпай айдаһардың құйрығының артымен Ләйләға жақындап келдім. Ләйлә мені көріп шошып кетті. Мен «тс-с-с» деп едім, басын изеді. Махаббатым отырған тасқа қарай жақындай бердім. Айдаһардың бөтен иісті тез сезетінін кітаптан оқығанмын, ал мынауың маубас екен, қорылдап жата берді. Түрі өте сұсты. Өмірімде айдаһарды бірінші көруім... Қол-аяғым дірілдеп Ләйләма әзер жеттім. Оған жете бергенімде жанары жанарыма түсіп кетті. Бір-бірімізді мың жылдан бері танитындаймыз. Ол мені білетін секілді, сүйетін секілді... Қолымды соза бергенімде құшағыма секіріп түсті...Көзінен көзімді алмастан оны көтеріп алдым да арқанмен жоғары өрлей бердім. Мен оған ләм-мим дей алмадым. Ол да үндемеді. Тек көзбен ұғыстық, көзбен сөйлестік... Сабылып, сарылып, сағынып, әйтеуір Ләйләма жеттім-ау! Астымызда қалың ұйқыда Ләйләсын түсінде көріп айдаһар қалды...

         Біз үңгірден шыққанда түн қараңғы еді. Төбемізден миллиондаған жұлдыздардың жанары бізге жымыңдап тұр. Ай өзінің сансыз ғасырдан бергі ағарған шашын жайып жіберген. Айнала ғажап... Лептің салқын алақаны Ләйләның әсем жүзін сипап өтеді... Толқынды сүмбіл шашы тобығына төгілген. Алдыңғы кекілі желмен тербеліп тұр... Жанарының іші маған қарап үнсіз сыр шертеді. Мен оған ұзақ қарадым. Осы сәт, осы минут бітпесе-ші деп тіледім. Шіркін-ай, Ләйләм-ау! Мен өзіңе ғасыр бойы қарап тұрар едім. Жанарың неткен терең, тұңғиық!... Тостағанынан қарашығы теңізге батып бара жатқан Күн секілді көрінді. Жүрегім өрекпіп, демім қысылып шықты. Ләйлә үнсіздікті өзінің құс үнімен бұзып жіберді:

-          Мен сізді көп күттім, даусыңызды қайда жүрсем де естіп жүрдім... Мен сізді

Сағындым, – деді. Мен аң-таң боп аңтарылып қалдым.

-          Сен мені, қалқам-ау, білетін бе едің?

-          Иә, сіздің дауысыңыз жүрегімді жарып жіберердей жаңғырып естіледі...

Сіздің мен үшін келгеніңізді де білемін. Мен өзімнің кітап ішіндегі ертегіде өмір сүріп жатқанымды да білемін... Сіз бәрін қиып, бәрін тастап мен үшін келдіңіз, о менің батырым, баһадүрім.

-          Сиренім, гүлім, сенің мынау сөзіңнен кейін мың айдаһардың басын алуға

дайынмын... Мен әр еркектің бір әйелі, теңі барын білетінмін. Бірақ қаншама

Мәжнүндер өз Ләйләсын таба алмай, тапса да қосыла алмай жүр. Менің Ләйләм өмірде емес, ертегіде екенін кім біліпті. Мен сені өз әлеміме әкетуге келдім, гүлім, гүлзарым...

-          Сенің келетініңді, мені сүйетініңді сезгенмін, күткенмін, бірақ, сен туралы,

сенің сол басқа әлемің, өмірің, пәни туралы ештеме білмеймін... 

-          Ләйлә, менің атым Шәріп, мен бай да, хан да, бекзат та емеспін. Менің

әлемім сенікінен әлдеқайда қорқынышты, білмегенің абзал. Мен жетіммін, ақынмын және қайыршымын. Жүрегімде саған деген махаббат, қолымда парақтарым, өлеңдерім бар. Одан өзге ештемем жоқ. Сен секілді ханшайымға бұдан басқа сыйлар, берер түгім жоқ.

-          Маған бұдан артық ешетеңенің керегі де жоқ. Сенің айдаһарды жеңетініңе

сенемін Шәріп, батырым... – деді. Тек, көзінде бір мұң жасырынып тұрды...

-          Айдаһардың ең әлсіз тұсы – сенсің. Яғни айдаһарда да жүрек бар. Сені ол

жүрегімен сүйеді. Жүрегі қай жерінде екенін тауып, сол жеріне қанжар сұқсақ болғаны, іс бітеді. Оның жүрегін байқамадың ба, қай жерінде соғатынын?

-          Оның жүрегі оң қанатының дәл астында. Менімен сөйлескенде, сезімін

бөліскенде сол тұсынан барабанның үніндей дауыстар шығады. Және өте жылдам секундына 20 рет соғатын шығар...

-          Ендеше, мен қазір айдаһардың көзін құртып келемін, - деп, қынабынан

қанжарды суырып, үңгірге бет ала беріп едім, Ләйлә маған:

-          Тоқташы, - деді. Көзінде бір қимастық бар. Мен балқып кеттім. Ол сызыла

маған қарап:

-          Айдаһар оянғанша 50 жыл бар, оған дейін өлтіріп үлгересің... Жүр, мен саған

өз әлемімді көрсетемін, - деді. Мен қарсы бола алмадым. Соңынан ере жөнелдім.

      Уақыт зымырап өтіп жатты...Ләйлә екеуміз бір ай бойы ертегі әлемін шарлап келеміз. Мен өмірімде бұлай бақытты болып көрмеген шығармын. Маған бәрі тамаша, бәрі ғажап көрінді... Неге ертегі әлемінде туылмадым, неге кітап ішіндегі кейіпкер болмадым, неге әріп болмадым деп өз-өзімді іштей жеп келемін. Мен Ләйләға жазған ғазалдарымды оқи бердім. Оған қараған сайын шабытым келеді. Ғұмыр бақи жүзіне қарап өлең жазсаң да жалықпассың... Бұл әлемде құс та, ағаш та, жел де, көбелек, не бардың бәрі адамның тілінде сөйлейді. Бәріне ортақ тіл біреу ғана – сезім... Ақын үшін шабыттың қойнауы осы әлемде екен-ау... Алматының ақындарын осы мекенге әкелер ме едім, шіркін! Ләйлә маған қолының ұшын да тигізбеді... Тек жанарымен ұяла қарайды әрі қымсынады... Көктегі құстар ағаш үстінде ән айтып отырғанда Ләйләның қолынан ұстап ұшқың келеді екен. Мен аспанға ұзақ қарап тұрған едім, Ләйлә ойымды оқып қойды-ау деймін:

-          Уа, достарым, көбелектер, мында келіңдерші! – деп әлдекімдерді шақырды.

Алыстан дауыстар жамырап естілді:

-          Құп, ханшайым! – деді де, түйедей көбелектер қасымызға қонғанда, қынымнан семсерімді суыра бердім. Ләйлә маған қарап:

-          Бұлар біздің досымыз, - деді. Мен түсіндім де, қыныма қылышымды қайта

салдым. Ләйла, көбелекке мінуімді ишара етті. Екеуміз екі көбелекке отырып едік. Көбелектер түрлі түсті қанатын қағып қалғанда жерден көкке самғап кеттік. Орман, көлдің төбесінен қалықтап өттік. Мен өзімді көбелектей сезіндім...

Жерге қонғанда алдымызға ағаштар жүгіріп келе жатты. Құдай-ау мынау сөйлейтін ағаштар ғой, олар:

-          Ханзада мен ханшайым, қандай жеміс-жидек қалайды? - деді де, жеміс

ағаштары бұтақтарын бізге қарай ұсына берді. Бірінің бұтақтарында алма, алмұрт, өрік, шабдалы, көптеген жемістер. Маған бір қария өзінің бұтағымен бір қып-қызыл алманы ұсынды. Мен алманы алып қалтама салып қойдым. Ләйлә маған ертегі әлеміне бірнеше ғасыр бұрын өмірден өте көп адамдар келгенін және олардың мұнда қалмағанын жабырқап айтты... Менің көңіл-күйімді түсірмес үшін әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырды. Ол мені ертіп гүлзарға апарды. Ол маңдағы неше түрлі көздің-жауын алатын гүлдер тербеліп, билеп тұрды. Ләйлә да осылардан аумайтын, арасындағы ләлә гүліндей еді. Бір уақытты көктен жаңбыр төге бастады. Жауын жауғанда роялдың үні естіледі. Неше түрлі симфониялар жүректі тебірентеді. Бір таңқалғаным, қайың ағашындағы жапырақтар өлең оқып отырды... Өлеңдерін тыңдасам, ешбір адам бұлай жаза алмайтын шығар дедім... Есіме сақтап-ап өз атымнан жазсам ба деген жаман ой да келді. Бірақ, тез бұл ойымнан айныдым. Ләйлә:

-          Бұл әлемдегі жапырақтан да, гүлден де ақындар өте көп. Олар өлеңді күндіз-

түні оқиды. Кейде сені сағынған шағымда осы жырларды естігенді ұнататынмын. Бірақ, сенің жырларыңа жететін жыр естімеппін... Ләйләның иығына бұлбұлдар қонып, бәрі хормен ән айтқанда еріксіз көзге жас аласың... Мұндай поэтикалық, ертегі әлемді білмей қаншама адам жүр десеңші... Өмір деген – ертегіде, кітапта екен ғой...

      Бір кезде бір топ қарлығаштар ұшып келді де бізге қарап, суық хабар айтты:

-          Сендердің ауылдарыңды айдаһар өртеп жатыр. Ләйлә сені іздеп жүр, тез

жетпесең, бәрін қырып бітеді. Ешкімді аямайды..., – деп, қарлығаштар ұшып кетті. Көбелектер қасымызға келіп «отырыңдар» деді. Біз екеуміз көбелектерге отыра беріп едік, ағаштар да, құстар да, құмырысқалар да, гүлдер де «айдаһардың көзін жоямыз, бәріміз барамыз» деп әскер бола қалды. Нәзіктіктің батылдығы – ең ұлы ерлік екен. Мен мұны Ләйләдан сосын мынау гүлден, құстан, ағаштан, көбелектен ұқтым. Көбелек үстінде ұшып келе жатқанымызда алыстан ауылдың алай-түлей қап-қара түтіні көрінді. Қара түтін аспанға көтеріліп барып бұлт болып қалған. Ауылдың үстін алакөлеңке басып тұр. Үрей ұялататындай айдаһар аузынан қаһарын төгіп қалықтап жүр. Мен қынабымнан семсерімді суырып шайқасқа дайындала бердім. Ләйләға қарасам өзі-өзін кінәлап жылап келеді:

-          Мен бәріне кінәлымын, сіз үңгірдің алдында айдаһарды өлтіремін дегенде

сізді жібермеген мен едім. Халқым кешірші, мені! – деді.   Мен өз-өзімді қолға алып, ақындық арыныммен, жүрегімнің жалынымен алға ұмтыла түстім. Күллі өмірім көз алдымнан зымырап өтіп бара жатты. Жетімдер үйі... надандықтар, төбелес, ұрлық-қорлық, мейірімсіздіктер, бәрі-бәрі менің ашуымды қоздыра түсті. «Күллі зұлымдық үшін, алға, алға, айдаһарға» деп ұрандадым. Менімен бірге нәзік тіршіліктің барлығы «Айдаһар, айдаһар» деп ұрандай түсті. Ауылға жеткенімізде, бізге отты көзін қадап нақ алдымызда айдаһар тұрды. Ләйләға қарап:

-          Мен сені сүйген едім, сен үшін аш жатсамда үңгірден шықпаған едім, ал сен

болсаң қашып кеттің мынау боқмұрынмен. Осы ма сенің таңдағаның? Бұл да менің табанымда тапталған миллиондаған қаңқаның бірі болып қалады. Ләйлә, сен үшін бәрін тастаған едім, қиған едім жүрегімді. Өлердей сүйген едім. Енді бәрі кеш... Мені енді ештеңе тоқтата алмайды... Мейірімді ететін де – махаббат, жауыз ететін де –махаббат. Мен енді ешқашан махаббатқа сенбеймін, сұлулыққа алданбаймын. Әлемді енді жауыздық қана билейді... Ертегі әлемі тек қана зұлымдық болады, – деп айдаһар бар дертін, ашуын аузынан ақтарып алды да, артынан бізге жалынын шашты. Алдымызға өз өмірлерін құрбан етіп қарағай, терек, қайыңдар тұрып қалды да, өртке оранып кетті. Ләйләны сан мың ағаш, гүлдер, құстар қоршап алды. Мен көбелегіме солға бұрыл деп едім, ол әміріме құлақ түріп солға бұрылды. Мені көрген айдаһар:

-          Сен бе мені өлтірем деген, ей шыбын! - деді.

-          Оу, айдаһар, мен Шәріппін! Мен сен секілділердің талайын көргем. Менің

әлемімде сендейлер жер бетінде кердең басып, шалқайып, сан мыңы жүр. Алайда олар ұлы махаббатты, мейірімділікті жоя алған емес. Сен бір өзің мынау ертегі әлеміндегі махаббатты жоямын демексің бе?

-          Бұл өмірде махаббат жоқ, мен сенгем, ал, енді ол қайда? Лә-ә-әйлә-ә-ә, – деп

бар даусымен, айғайлап жіберді.

-          Айдаһар екеуміз қатты ұқсаймыз. Мені де ешкім түсінбеген, мен де жалғыз

едім. Сонда да мен ғадалат жолынан тайған емеспін.

-          Ендеше сені ғарасат әлеміне жіберейін, сілімтік! – деп, қып-қызыл жалынды

маған шашып жіберді. Мен көбелегіме «төбеге» деп бұйырып едім. Ол төбеге ұша жөнелді. Сол сәтте көбелегімнің сол қанаты жалынға оранып қалды. Біз төменге құлай бердік. Дәл айдаһардың басына жете бергенде көбелектен айдаһардың маңдайына секіріп түстім.  Оның от көзі, менің шоқ көзіме қадалғанда кірпік қақпастан барлық зұлымдықты жек көрдім.  Маңдайының төбесінен мойнына қарай жүгіре бердім. Айдаһар аспанда, ары да, бері де айналып, отын шашады. Кенедей жабысып алдым да, оң қанатынан қысып алдым. Ол біраз тыпыршыған кезде қанатының астына семсерімді сұғып қалдым. Жүрегіне дөп тиіппін, ол жанұшыра айғайлады. Дауысы жер жарардай. Құламас үшін қанатынан қатты қысып ұстап алдым. Ол төменге құлай берді, құлай берді... Соңғы сөзі «Ләйлә» болды. Жерге омақасынан сұлады. Жанарынын ашу мен кектің ұшқыны сөніп бара жатты да, бір тамшы от көзінен ытқып шықты... Мен айдаһардың үстінен енді түсе беріп едім ертегі әлемінің халықтары маған қарап «Айдаһар, айдаһар, айдаһар» деп ұрандады. Содан бері менің есімімді бұл халық Айдаһар атап кеткен еді. Ләйлә маған сан мың гүлдердің арасынан ең әдемі гүл болып қарап тұрды. Жүзінде сансыз қуаныш, бақыттың, махаббатың нұры шашырап тұрды. Тек жанарынан мұңның бір ұшқынын байқап қалдым...

     Айдаһардың ажалынан кейін отыз күн ойын, қырық күн той болды. Бірақ...

мен басқа нәрсе күтіп жүр едім. Айдаһардың көзін кім жойса, соған Ләйлә тұрмысқа шығамын демеп пе еді? Енді неге ешкім ләм-мим демейді. Ләйләда қашқақтап жүр. Ләйләны алғаш кездестіргенімде де, бірге болған сәтте де, айдаһарды өлтіргенімде де, қазір де оның көзіндегі бір мұң кеткен емес, сөнген емес, мөлдіреп тұрады. Күндердің күнінде ызадан жарылардай болып, бейуақта Ләйләны сексен көлдің бірінің жағасына шақырып алдым. Ол келді... Менің не айтарымды сезіп тұрған секілді... Оны көре салысымен:

-          Маған тұрмысқа шық! – дедім ызаланып.

-          Шәріп, мен саған көптен айта алмай жүрген сөзім бар еді...

-          Ештеңені естігім келмейді. Маған тиесің, сосын сені өз әлеміме әкетемін. Сол

жақта өмір сүреміз. Болмаса мен осы жақта қаламын, - дедім.

-          Шәріп... Шәріп... ол мүмкін емес...

-          Қалай мүмкін емес... ашуыма тиме, керек болса қинап алып кетемін, сен үшін

кімнің болсын көзін құртам. Маған қайсысың кедергі бола аласың? – дедім. Ләйлә отты көзіме шошына қарады.

-          Сіз айдаһар болып барасыз, Шәріп, - деп жылап жіберді. Оның көз жасынан

жүрегім елжіреп, жібіп кетті.

-          Ләйлә, сұлуым, түсінші мені! Сен үшін жер жаһанды шарлап келгенімде сен

маған «мүмкін емес...» дейсің. Мен махаббат, мейірім іздеп келіп едім, соны әрең тапқанымда қайта айырмақсың ба? Әлде мені «күттім, сүйем» деген сөздерің өтірік пе? Әлде «қайыршы, жетім» деп , менсінбейсің бе?

-          Тоқташы, Шәріп. Олай демеңізші... Сізге айтқан сөздерімнің бірі де жалған

емес... Саған деген махаббатым күшеймесе, азайған емес... Қара нан мен қара суды қанағат етер едім, тек қасымда болсаң... Бірақ екеуміздің бірге болуымыз мүмкін емес. Себебі сіз пәниден келдіңіз, ал, бұл әлем – кітап. Сіз өмірден келдіңіз, ал мынау – ертегі. Сіз – адамсыз! Ал мен – қиялмын. Сіз тірісіз, мен – әріппін, түсінші, мен бояумын, мен – сиямын. Мен кітап ішіндегі жазу ғанамын. Біз бірге болуымыз мүмкін емес. Сізге бұны ертерек айтуым керек еді, батылым жетпеді. Сізге осында қал, бізбен өмір сүр, менің күйеуім бол дер едім, бірақ, ертегі бітті. Кітап соңына таяды. Сіз айдаһарды жеңіп, ертегі әлемін зұлымдықтан құтқарып қалдыңыз. Енді басқа ертегілер, басқа оқиғалар, басқа хикаялар болады. Есіңізде ме, сізге сіз сияқты талай батырлар сіздің әлеміңізден келді деп ем ғой?

-          Иә, - дедім, күрсініп.

-          Олардың бәрі, осында өз ханшайымын тауып, қалғысы келген. Алайда ертегі

аяқталған еді...

-          Егер бәрі бұлай болатынын білгенде айдаһарды өлтірмес едім...

-          Ендеше, кітап басқаша аяқталар еді, бірақ сіздің мұнда қалуыңыз мүмкін

емес... Кешір мені, Шәріп. Айдаһарым, мен сені сүйгенмін, өлгенше сүйіп өтемін... Сіз авторсыз, мен кейіпкермін. Екеуміздің махаббатымыз – өлмейді. Жүрек атты кеудеңдегі кітапта сақта. Мен сонда боламын. Кез-келген уақытта қасыңнан табылам. Қош бол, Айдаһарым! – деді де, Ләйләның жанарынын көлге үш моншақ тамып түсті. Ол параққа тамған үш нүкте еді. Менің жан-жүрегім езіліп, амалсыз Ләйләммен қоштастым. Қоштасу не деген ауыр еді. Мен ертегіге сенуші едім, ол рас, бар екен, бірақ, оның аяқталатынын ойламағаным нендей өкініш, қандай азап...  Бір түсінгенім менің өмірім де – бір кітап, бұл да бір күні аяқталады...

      Мен подвалда кітапты жазып аяқтадым:  «Ләйлә өзінің Айдаһарымен қимай қоштасты да, өз жерінде, өз мекенінде мәңгілікке қалды» деп соңғы нүктесін қойдым. Кітапты сөредегі кітаптардың ең төбесіне қойып қойдым. Себебі ішінде Ләйлә бар.  Мен Ләйләға жазған ғазалдарымды қара чемоданға салып Саяхатқа, «жұмысыма» бара жаттым. Өмір-пәни мүлдем басқаша... Көктен жаңбыр төгіп кетті, жер асты төлесінің шатырында неше түрлі музыка ойнап жатыр... Қайыршы шал бүгін жұмысқа шықпапты... Мен қара чемоданымды ашып, әдеттегідей өлең оқи бастадым... Ләйләға шығарған өлеңдерімді... Екі-үш өлең оқып болғаннан соң чемоданыма ғазалдарымды салып, басым ауған жақа кете бердім... кете бердім... Алдымда не күтіп тұрғаны белгісіз. Кез-келген жанның өз айдаһары бар: қорқынышы, үмітсіздігі, надандығы, жауыздығы, тас жүректігі... Және кез-келген жанның өз Ләйләсы бар: Иманы, махаббаты, мейірімі, төзімділігі, ерлігі... Мен өз айдаһарымды жеңуге һәм Ләйләмды табуға кетіп бара жатқан едім...

 

 

Аты-жөні: Нұрбек Нұржан Нұржанұлы

Оқу орны: Түркия мемлекеті, «Ардахан» университетінің 1 курс магистры


  


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Айдаһардың махаббаты
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-04-30/575.html