Ұстаз - Әсерлі әңгіме
Әке-шешесі баласына ең жақсы мұғалімді таңдап, жаңа мектепке орналастырады. Таңертең атасы немересін жетектеп, мектепке ертіп әкеледі. Екеуі мектеп ауласына кіргенде оларды оқушылар қаумалап алады.
- Қандай күлкілі ата, - деп ыржиды бір бала.
- Өзі бір қарыс, сақалы қырық қарыс, - деп екіншісі маңдайын тыржитты.
Балалар атасы мен немересін ортаға алып қиқулап, айқайлап, шуылдап жатты. Қоңырау соғылды да балалар сабаққа асығып, жарысып жүгіріп кетті. Атасы немересін қолынан алды да ауладан көшеге шықты.
- Алақай, мен мектепке бармаймын! - деді еркелеген немересі.
- Барасың. Бірақ мына мектепке емес, - деп атасы қабағын түйді.
Атасы немересін үйге ертіп келеді. Баланы әжесіне табыстайды да өзі жаңа мектеп іздеуге шығады. Әр мектепке барғанда қоңырау соғылып, оқушылардың үзіліске шыққанын күтеді. Кей мектепте шалдың түрін келемеждеген балалар кездеседі. Бірінде оны мүлде байқамайды. Ақсақал үндемей кетіп қалады. Шаршап-шалдығып келе жатып ауласы тар, өзі кішкентай мектепке тап болады. Қоршауға сүйеніп тұрғанда, қоңырау соғылады. Балалар апыр-топыр аулаға шығып жатты.
- Ата, бір жеріңіз ауырып тұр ма? - дейді бір бала.
- Біздің аулада отыратын сәкі бар, соған тынығып алыңыз, - дейді екіншісі.
- Мұғалімді шақырып келейін бе? - деп үшіншісі де сұрақ қояды.
Сол заматта аулаға жас мұғалім шығады. Ақсақал оған амандасып, көңілі жайланады.
- Немеремді оқытатын жақсы мектеп іздеп едім, ақыры таптым-ау...
- Біздің мектепті ең жақсы дей алмаймыз, сіз қателестіңіз. Бұл мектеп өте кішкентай әрі тар.
Ақсақал мұғалімге қарсы уәж айтпады. Ол мұғаліммен немересін оқытуға келісіп, үйіне қайтады. Кешке таман келіні атасынан сұрайды:
- Әке, неге немереңізге жаман мектепті таңдағансыз? Мұғалімі де тым жас екен. Тәжірибесі аз болар...
- Шәкіртіне қарап ұстазын таны деген, - деп жауап қатады атасы. – Ұстаз бола білу – ұлы мақсат. Өзі жас болғанмен, бұл ұстаздың жолы үлкен.
Аударған Шынар Әбілдә
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Ұстаз - Әсерлі әңгіме
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-09-26/948.html