Қуат Қиықбай: Қалада жүрген қар қызы
... Түс әлеті болатын. Әппақ қар жауып тұрды.
Қыз мезгілі. Желігіңді басар желтоқсанның суығы. Шарбы бұлттар арасынан күн көрінбейді. Үлкен қаланың бір шетіндегі аялдамада тұрмын.
Аялдамаға қарай бір қыз басып келеді... Әппақ... Ақ ұлпа қардан жаралғандай. Шулы қалаға адасып келген ен даланың қар қызы дерсін. Бұнда неғып жүр? Ауыл қызына келіңкіремейді. Жүріс-тұрысы еркін. Айналасына паңдана, асқан бір тәкәппарлықпен көз тастайды. Сұлу. Өте сұлу. Менің одан көз алмай тұрғанымды бірден білді. (Асылында қыздар ондайды тез сезіп қояды емес пе?!) Сыйдиған түр-әлепетіме сәл қарап алған соң жанарын тайдырды. Ілмиген қалпың қашаннан бері де көз тартпайтыны белгілі ғой. Мен болсам ашкөзденіп қадала түстім. Ол маған ауық-ауық қарап тұр.
Әппақ қыз. Менің қиялымдағы қар қызы. Мен ондай қызды санамда ылғи кездестірем. Өңімде алғаш жүздесуім. Тап осындай әппақ қыздың киген киімі де айрықша. Басына қондырғаны ақ малақай. Үстіне киіп алғаны ақ пальто. (Қазырғы мода, жаңаша стиль). Алқымы ашық екен. Ішінен ақ жейдесінің жағасы көрініп-ақ тұр. Әппақ тамағына жәй ғана орай салған ақ шарфы. Дәл бүгінгі суықты елейтіндей емес. Сәндік үшін ғана оралған іспетті. Аяғына киген биік, біз өкшелі етігіне шейін әппақ. Бәрі әппақ. Бәрі жарасымды.
Ақ ұлпа қар жауып жатыр. Айнала мүлгіген тыныштық. Аялдамада екеуміз ғана тұрмыз. Үнсіздік. Тоңып қалмайын деген оймен арлы-берлі қозғалақтап жүрмін. Аяғымның астында қытырлаған қар сөйлейді. Ғырт-ғырт... Жақын барып таныссам қалай болар екен?! Бұл менің оған сұқтанып алғаннан кейінгі өз ойым. (Көрікті қыз көргенде көп жігіттің санасында жарқ ете қалатын ойды мен айна-қатесіз қайталадым.) Тұрып-тұрып. Ойланып-ойланып.
- Кешірерсіз. Сізбен танысуға бола ма? – дедім мен асқан бір сыпайылықпен үн қатып.
Ол артық сөзге келместен әппақ қолғабын шешіп, жіп-жіңішке әппақ саусақтарын созып:
- Ақтоты – деді.
- ... . . . – мен тосылып қалдым. Тосылып қалғаным таңырқағаным еді. ( Сұлу қыздар танысар алдында еркелегендей болып есімін айтпай есіңді алатын болушы еді ғой. Бұл ондай емес.) Әппақ әлем. Ақ қар әлі жауып тұр. Ақжарқын мінезді Ақтоты сөйлеп берді. Мен де оның көңілінен шығу үшін тырысып, кеудем бір суып, бірі ысып, ағымнан ақтарылып жатырмын...
Бір заматта жол жиегіне қап-қара «Ауди» келіп тұра қалды. Бұл машина Ақтотыға таныс сияқты сезілді. Менің алдымда аздап қысылып қалғандай... «Е, бәсе бұндай сұлулар жаяу жүруші ме еді. Жігіті шығар асыға жеткен» деген жаман ой келді. Бірақ Ақтоты орнынан қозғалған жоқ. (Мен куә болған көрністерде қыздардың талайы ыржалақтай күліп, отыра кететін-ді) Қара «Аудидың» артқы есігін ашып, өзіміз қатарлас сары өңді жігіт түсті де, бізге қарай келе жатты. (Бай баласы екені сөзсіз. Талтаң-талтаң басқаны айғақтап тұр.) Ол маған алара қарап алды да, Ақтотыға сөйледі.
- Мынауың кім? – Жігіттің дауысы қатқылдау шықты. Аман-сәлемі жоқ төбеден түскендей дүңк етті.
Ақтоты үндеген жоқ.
- Жүрші былай – деп ол тағы тіл қатты. Дауысы өктем. әрекеті озбырлау көрінді маған. Ақтоты тырп етпеді. Аздан соң өзіне алара қарап тұрған жігітке жауап қатты:
- Екеуміздің арамызда бәрі біткен. (Оның басы бос. Демек жүрегін жаулап алуым керек)
- Неге? Не болды түсінбедім, саған керегі не – деді анауда ашулана тіл қатып.
- Бай баласы бағым емессің. Маған керегі адал махаббат. Баршы жөніңе – деді Ақтоты әппақ жүзіне қызыл шырай еніп. ( Сіз бәлкім «олай болуы мүмкін емес» деп сенбейтін шығарсыз. Сеніңіз. Куәсі менмін.) Ол шынымен солай деді ме?! Біразға дейін аңырап тұрып қалдым. Жігіт ашуланып барып көлігіне мінді. Ақтоты да бөгелмеді. Көп күттірген автобусына отырып кетті де қалды. Ол қыздың менімен қоштаспай кеткеніне өкіндім. Ол мүмкін екеуміздің тағы да кедесетінімізге кәміл сенген шығар...
...Осы бір оқиға осыдан біраз жыл бұрын болған еді. Ақтотыдай ашық мінезді қызбен танысқаныма еш өкінбедім. Сондай көрікті қызды танудың өзі үлкен қуаныш сияқты. (Енді оны сізде танисыз.) Қиялымдағы қар қызы (Ақтоты), қаланың қай жерінде жүр екенсің?! Қаптаған халықтың ішінен қалай тапсам екен сені?!
Бүгінде қар жауып тұр. Қар емес, қар-көбелектер қалықтап ұшып жүр. Аяғымның астында қар сөйлейді. Ғыррт-ғыррт. Ғырт-ғырт... («күт-күт» - деп жатқан шығар).
Толығырақ: http://alashainasy.kz/proza/kuat-kiyikbay-kalada-jurgen-kar-kyizyi-67304/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі
Қуат Қиықбай
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қуат Қиықбай: Қалада жүрген қар қызы
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-08-19/890.html