Қидың иісі аңқыған қырдың шайы
Қидың иісі аңқыған қырдың шайы
Тұрсынбек Кешубай
Құдай қосқан қосағы дүние салып, келін мен ұлдың қолына қарағалы Мақсұт ақсақалдың оңаша қалып, тұңғиық ойға батуы жиілей түскен. Ол аздайын, көктем басталып, табиғаттың тынысы кеңи түскелі бері Мәкеңнің ашық-жарқын көңіліне кірбеңдік пайда болды. Неге екені белгісіз бір сағыныш сарғайтып, оны әлсін-әлсін терең ойдың тұңғиығына бағыттап қояды. Бірде дүниеден өткеніне жыл жарым болған жары – Жәмиланы еске алса, бірде сүйегі әлде қашан қурап қалған әкесін сағынады. Бүгін де үй маңындағы төбешіктің үстінде шоқайып жалғыз отыр. Мұнда жайғасқанына біраз болса да, маңына жан баласы жуықтаған жоқ. Ара-тұра жүгіріп келіп кететін немерелерінің де, шайға шақырып қалатын келінінің де төбесі көрінбейді.
- Е, е... жалған дүние-ай, «өгізге туған күн – бұзауға да туады» деген осы екен-ау. Міне, бүгін әкем бір кездері жападан-жалғыз жол қараған төбенің үстінде сол тұстағы тепсе темір үзетін жас жігіт – мен отырмын. Ертең ел аман, жұрт тыныш болса, бұл орынға ұлым да жайғасар. Ол да мені сол кезде түсінер. Мен сияқты қайран қартым – қазынам, көзіңнің тірісінде қадіріңе жете алмаппын ғой дер. Мен де малым аман, басым түгел тұсымда әкемнің кей қылықтарын жындылыққа, даңғойлыққа балағам. Сөйтсем, қарт көңілді жер-көкке сиғызбай сүйрелеп тұратын осы сағыныш, осы құлазу екен ғой. Әкем марқұм өмірінің соңғы сәттерінде: - е, е... мені кейін түсінесің, - деп жиі айтушы еді. Дәл мұндай кеш түсінерімді қайдан білейін. Кешір мені, әкетайым?..
Бала күнімде шал болуды армандаушы едім. Бірақ, сол арманымның мұншама тез жетіп, дәл бүгінгідей сүркейге әкеліп соғары үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Одан да әкем тірі болып, қасымда ақыл айтып, шал болып жүре берсе, мен жігіт немесе боз бала қалпымда қала берсем деп армандасамшы. Әттеген-ай! - деп ішінен біраз ойдың шалғайын шолып келіп, әкелерінің бір кездегі өзі ақымақтық деп санаған бір қылығы есіне түсе кетті. Өзімен өзі мырс етіп күліп алған Мәкең, сол сәтті көз алдынан өткере бастады.
Ол – Мақсұт ақсақалдың уыздай жас шағы. Ұлдың кенжесі, «қара шаңырақ иесі» атанып, әулеттерінде дәурені жүріп тұрған еді. Үйленіп, отағасы атанғанына да көп болмаған. Аналары дүние салып, әкесі – Жеңісхан ақсақал қолдарына қарай қалған кез еді. Бір күні әкелерімен бірге дастарқан басына жайғасып, таңғы шайларын енді ғана алдарына ала бергені сол еді, үй сыртынан тарсылдатып, өктем жеткен ат дүбірі еріксіз елең еткізді.
- Құдай, өзің сақтай гөр! Тағы кім болды екен? Мынау жай жүрген адам емес қой тегі, - деп әкесі Мақсұтқа, сыртқа шығып қарашы дегендей ишара жасады.
- Өлім хабаршысы сияқты ғой, - деп Мақсұт орнынан тұра бергені сол еді, ат дүбірі терезенің тұсына келе бере:
- Әй, Жеңісхан! Жеңісхан!!! Бармысың?! - деп әлгі адам сыртта, ат үстінде тұрып үн қатты. Бар дауысымен айқайлаған үн – мұрынынан барылдай шығатын Төлеужанның дауысы екенін жазбай таныған әкесі:
- Ой, алжыған кәрі ит, бармын! Бармын! Не болды? Зәре-құтымызды қашырдың ғой?! - деп үй ішінен дыбыстады.
- Әй, қақпас, сенде қашатындай зәре-құт қалып па еді?! - деді Төлеужан қарт күліп.
- Қалмағанда ше, сен құсап бойындағы барын өлген кемпірімен бірге жерлеп тастады ғой деймісің!
- Поһ, сен де айтасың-ау! Төрт құбыласы түгел тұрғандай-ақ. Кемпірің өлгеніне жыл толмай жатып «жынды Жеңісхан» атанғаныңды ұмыта қалдың ба?.. хе! хе! хе! - деп көзінен жас ағыза кеңкілдей күліп алып, - әй, кәрі маймақ-ай! Әйтеуір, тірі екенсің ғой, - деді Төлеужан.
- Е, мені өліп қалыпты деп естідің бе, әлде, бүгін өледі деген аян келді ме өлген әкеңнен? - деді әкесі де қалыспай.
- Алаңдамай қайтем! Тірі адам сиыр түске дейін жата ма екен?! Шық бері, тірі екенің рас болса! - деді Төлеужан ақсақал да беріле қоймай.
- Шықпаймын! Кір үйге! Сен қақпас, мына кейінгі жастарға өнеге болып жарытпассың! Мынау қай қылығың, өлім хабаршысындай үйдің сыртынан, аттан түспей дауыстап тұрғаның! Тыныштық па өзі? - деп әкесі орнынан тұрып, терезенің түбіне жақындады.
- Тыныштық, тыныштық, - деді Төлеужан жайбарақат.
Терезенің пердесін сырып, сыртқа үңілген әкесі:
- Алла сақтасын! Ой кәрі ит, сен шынымен де алжиын деген екенсің, ел аман, жұрт тынышта мынауың не? - деді аңтарылып.
- Не болушы еді, қазан-ошағым, - деді Төлеужан Алатау ашасына келместей сабаз мінез танытып. Мінезі ауыр, көп жыртақтап күлгенді жөн көрмейтін әкесі дәл осы сәтте көзінен жас аққанша күлді. Күлсе күлетіндей екен. Төлеужан ақсақал жамбасына салатын сырмағын бөктерініп, шәугімі мен қазанын қанжығасына байлап алыпты. Ерінің артқы қасына салып алған қоржынының екі басы тырсылдап толып тұр. Наны, шай-тұзы болса керек. Бейне алыс сапарға жолаушы жүріп бара жатқан адам сияқты.
- Әй, күлкіні қой, кеттік қырға, - деді Төлеужан.
- Сені келінің мен ұлың үйден қуып шыққаннан сау ма өзі, еншісін алып бірақ шыққан адамға қатты ұқсап тұрсың... Қырдан не іздейміз? - деді әкесі тартыншақтап.
- Үйде жатамыз ба, іш пысты. Онан да қырға барып, таза ауада әңгіме соғып, даланың асын ішіп қайтайық, жүр! - деді Төлеужан...
Екі шал сыртта тұрып аз-кем күбір-сыбыр болысты да, Мақсұтқа ат ерттетіп, әкесі де Төлеужанмен бірге қырға тартты.
- Шалдар құтырған заман болды ғой, - деді жақтырмаған сыңай танытып, екі қарттың соңынан қарап тұрған Мақсұттың әйелі – Жәмила.
- Шынымен де іштері пысқан болар, қырда өскен жандар ғой, сейілдеп сергіп қайтсын, - деді Мақсұт жайма-шуақтап.
- Әкеңнің іші пысса, сенделіп жүрмей, қораның қиын ойып тастамай ма? Бекерден-бекер ас ішіп, аяқ босатқаны ұнап жүрген жоқ, - деді Жәмила. Әйелінің мына сөзінен соң әкесін іштей аяп кеткен Мақсұт:
- Қойсаңшы осы әкемді түртпектегеніңді! Саған еш жамандығы, ауыртпашылығы да жоқ, қайта, сенің сөзіңді сөйлеп, ара түсіп отырады ғой, - деді.
- Ара түсіп, сөзімді сөйлеп қарық қылып-ақ жүр. Күні үшін өтірік әртіс болғаны да...
- Үлкен кісінің қаһарына жолықпа, Жәмила! Сенде де әке бар!
- Біз де ел сияқты оңаша өмір сүрейік те, - деді әйелі міз бақпастан.
- Сүресің әлі оңаша! Әкем құзғын емес қой мың жасайтын. Қарт адам да қанша ғұмыр бар дейсің, ол да кетер. Аясаңшы, тым құрығанда мен үшін! - деді Мақсұт күйіп-пісіп.
- Иә, саған! Әлі тамағы сау. Жалмаң-жалмаң етіп жасайтын сияқты ғой, тағы бір жиырма-отыз жыл, - деді Жәмила көк езуленіп...
- Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тілесеңші, - деп Мақсұт Жәмилаға қабағын шытына қарады. Қарады да, зілді үнмен, - бұдан кейін әкем туралы қыңыр мінезіңді көрмейтін болайын! - деп кесетті.
- Айтатының тек қана әкең, бұл үйде сен ауызға аларлық басқа адам жоқ!.. - деді Жәмила жыламсырап. Ондағысы маған көңіл аудармайсың, ішкі жан-дүниеме үңілмейсің, тек әкеңнің қамын ғана ойлайсың деген әйелге тән шолақ ойлы назы еді... Оны түсініп, көз жасына қамығып кеткен мәкең жоқ:
- Ешкім ұрып, соқпаса да екі сөзге келмей жылап-сықтап шығатының не?! Төпештемей тұрғанда ти жасыңды!
- Жылап тұрған кім бар екен. Сен де мені орынсыз кінәлай бергеніңді қой...
- Мен бекерден бекер сені кінәлай бермеймін. Басқаны қойып, сен маған мынаны айтшы? - деп Мақсұт Жәмилаға тұла бойымен бұрылып алып: - дәл қазір әкемнің қоржынына бірдеңе салып бердің бе, өзі? - деп тосын сұрақ қойды.
- Еріккен шалдарға немді берем, шай ішетін кесесі мен жарты нан салып бердім, сол да жетпей ме? - деді әйелі Мақсұтқа бежірейе қарап.
- Әй, әй, тассың ғой, тассың! - деп ызға булыға, тістенген Мақсұт бұдан әрі әйелімен сөз таластырып жатпады. Ет үйге кірді де, қыстық соғымнан қалған үш-төрт бүтін қазының ең үлкен бірін алып шықты.
- Андағыны не істемексің? Қойып қой орнына! Қалғаны аздайын, енді менің қазан-ошағыма жармасайын дедің бе?! - деп шыр-пыр болған әйеліне еш құлақ асқан жоқ. Қолында қазы, атына жайдақ міне салып, екі қарттың соңынан тұра жөнелді...
Мақсұт екі-үш қырқа асып, адасып жүріп екі қартты зорға тапты. Ол келгенде қарттардың шайы қайнап, дастарқандары да жайылып үлгерген екен. Қазан көтеріп, Төлеужан ақсақал әкелген сүріні де асып үлгеріпті. Қи мен сексеуілдің түтініне ысталып, қыс бойы сүрленген еттің дәмі де, иісі де өзгеше ғой. Қазанда қайнаған еттің иісіне, бықсып жанған қидың түтіні қосылып, таза ауаға бейне дала әтіріндей кеңінен жайылып тұр. Мұрыныңызды еріксіз көтересіз. Иіскеген сайын иіскей бергіңіз келеді. Расында да, айтып сөз жеткісіз ғанибет. Екі қария мәре-сәре болысып отыр. Өздеріне дала төсіндегі осы оңаша тірліктері қатты ұнайтын сияқты. Тым еркін.
Астындағы атын ақ тер, қара терге малшындырып, тосыннан жетіп келген Мақсұтқа:
- Үй, балам, сен мұнда не ғып жүрсің, аманшылық па? - деді әкесі үрке қарап.
- Аманшылық, аманшылық, - деп атынан түсіп, дастарқан басына жайғасты. Қос қарияның көздері Мақсұтта.
- Балам, түрің бір түрлі ғой? - деді әкесі кесесін дастарқанға қойып, Мақсұтқа үңіле қарап.
- Алаң болмай шайларыңызды ала отырыңыздар. Мен шынымды айтсам, әкемнің қоржыны құр кеткенін кейін біліп, қарап отыра алмадым, - деп Мақсұт әкелген қазысын дастарқанға қойды.
- Ой, балам-ау, біз аш қалады деп ойладың ба? Төкең екеуіміз не көрмегенбіз. Бәріне де көніп, талай тығырықтан жол тапқан кәрі шораяқтармыз емес пе? Несін әурелендің, жаман атты болып,- деді әкесі ұлына аяушылық таныта, сөзінің соңын жұтып, естілер естілмес үнмен баяу күрсінді.
- Иә, балам, бекер әуре болған екенсің, шай ала отыр! - деп әкесінің сөзін киіп-жарып ала жөнелген Төлеужан ақсақал, орнығып алып, сүт қосылған қызыл күрең шайды ала отырып, есіле, көсіле сөйлеп кетті: - мен келінге қарады деген аты болмаса, ханзададан артық күтімде жүрген адаммын. Келінім бір – құдайға қараған жан. Ғұмыр-жасы ұзақ болғырдың күні-түні бағатыны – менің қабағым. Осы серуенді ұйымдастырған да сол. Кеше кешкісін қарадан қарап маған шай жақпады. Келінім қайта-қайта демдеп әкелсе де, дәмі таңдайыма татпады. Соңында әлсін-әлсін шай демдеуден шаршады-ау деймін:
- ата, сіз қидың иісі аңқыған қырдың шайын көп айтушы едіңіз ғой, соны сағынған сияқтысыз, ертең досыңызбен сейілге шығып келіңіз, - деп маған бір ой тастады. Қарап көрсем, табылған ақыл екен. Шынымен де, өзіммен өзім құлазып, үйде ішім пысып, қырдың шайын, даланың тамағын сағынып жүрген болатынмын. Қуана келістім... Келінім түнімен дайындығын жасап, таңғы шайдан соң шығарып салғаны осы болатын. Келіннің анасы да өте зерделі, зейінді, қолы ашық, көпшіл адам болатын. «Шешеге қарап қыз өсер» деген сол ғой. Бағымызға жарай, мына келінім де анасы сияқты аңқылдаған ақ жарқын, берекенің адамы болып жолықты, - деп келінін емірене мақтай келіп, қолымен шағын дастарқанды нұсқаған қария, - мұнда кем ештеңе жоқ. Бәрін де сақадай сай етіп қоржыныма салып беріпті... Ал, сен болсаң, әкем аш қала ма деп алаңдайсың кеп, - қария досына деген іштей кейісін білдіргісі келмей, зорлана күліп алып, Мақсұтқа қарап сөзін жалғады: - Әкенің қамын жегенің жөн. Ол – әке алдындағы міндетің. Бірақ, келіннің қабағын бағуды да ұмытпа. Әкең саған аз-ақ күндік жолдас. Ал, келін болса өмірлік серігің. Бала-шағаңның анасы. Әйел адам өшіксе, балаларыңды өзіңе қарсы айдап салуы мүмкін. Дүниеде одан өткен қорлық жоқ. Құдай оның бетін ары қылсын... Кім іштен шыққан шұбар жыланын жамандыққа қияр дейсің, балам. Әкең саған ренжімейді. Түсінеді. Ниетіңе разы. Адамның туа бітті түйсігі, санасы төмен болса оған еш шара да жоқ. Қалай бар, солай қабылдағаннан өзге амалың болмайды. Әкең келген бойда дәу қоржынына жарты нан мен кетік кесе салып берген келініне іштей кейігені рас. Ол – ренжігені емес, менен ыңғайсызданғаны болар. Сендерге ренжіп қайтпек. Кірін жуып, киімін бүтіндеп, тамағын тойғызып отырған ұл мен келінге қай қарт қарғыс жаудырар дейсің. Біз күнімізді жаман өткерсек те, жақсы өткерсек те сендерге батамызды беріп кетеміз. Ол – өмірдің заңдылығы. Ертең сен де сол. Қартайған шағыңда жалтақ болып, келін мен ұлға жапақтайсың. Қолыңнан келер қайран жоқ. Бетіңнен алып, үйден қуып шықпағандарына тәубе деп өмір сүре бересің... Сенің осы артымыздан келіп отырғаныңның өзі – көргенділігің. Бүгінгі күні қолыңдағы қартыңды қадірлесең, ертеңгі күні қайратың кемігенде қарымжысы құдайдан қайтады. Дана халқымыздың «нені ексең – соны орасың» деуі бекерден бекер айтылмаған. Сен әкеңе бүгін қалай қарасаң, ертең балаң да саған солай қарайды деген сөз. Жеңісхан сені үнемі мақтап отырушы еді. Тегін емес екен. Жарадың. Десе де, әке мен келіннің арасына абайлап түс. Өзің жаман атты болумен қатар, әкеңді ыңғайсыз күйге түсіресің. Осы сөзімді құлағыңа құйып, көкейіңе түйіп ал, - деді Төлеужан ақсақал баяу ғана басын изеп. Мақсұт Төлеужанның әңгімесінен соң әйеліне іштей ширады. Бірақ, қос қарияға сездірмеуге тырысты. Қос қарияның «отыр да, отыр» дегеніне қарамастан, екеуін оңаша қалдыруды ойлап, орнынан тұрып, атына қарай беттей бергенде:
- Құдайға шүкір, менің келінім мен ұлым да маған жаман қарап жатқан жоқ. Сенің қоржыныңның тоқ екенін көрген менің сұңғыла келінім, артық сырап болмасын деп, келесі жолы қырға шыққанда салып беруге әдейі іркенін ішім сезіп тұр, - деген әкесінің сөзін құлағы шалып қалды. Бұл сөзі келінінің кемшілігін жуып-шайып, әңгіменің арнасын жадағайлап жібергендей сезілді де, келесі қырға шығудың дайындығы менен болады, ұлым өзің қадағала деген ой тастағандай болды. Мақсұт тоқтай қалып, артына бұрылып:
- Бүгін аспай-саспай, жақсылап тынығып қайтыңыздар. Алла қаласа, келесі қырға шығуларыңызды өзім ұйымдастырамын, - деді.
- Рахмет, шырағым! - деп қос қария жарыса үн қатты. Жалтақ көңіл жандар қуанып, қалбырақтап қалды. Мақсұт жирен төбелді тебіне қамшылап, желе аяңдап кете барды.
Қос қария сол күні қараңғы түскенде бір-ақ оралды. Жүздері тотығып қарайса да, жанарлары жайнап, жасаңғырап алыпты. Күндегісіне қарағанда әкесінің денесі жеңілдеп, ширақыланып алғаны анық байқалады.
Арада апта өткен жоқ. Кешкі астарын ішіп болып, жатуға қамданып жатқан Жеңісхан ақсақалдың үйінің терезесінің сыртына асығыс біреу шауып жетті.
- Мынау әлгі кәрі ит пе, тағы? - деп Жеңісхан ақсақал құлағын сыртқа түре қалғаны сол еді:
- Үйде адам бар ма? - деген жас жігіттің діріл аралас үні естілді. Аң-таң болып сасқалақтап қалған Жеңісхан ақсақал, есікке қарай ұмтылып барып, тізесі дірілдеп жүресінен отырып қалды. Әкесінен бұрын сыртқа шығып үлгерген Мақсұт жылдам оралды. Есіктен кіріп келе жатып:
- Әке, Төлеужан ақсақал дүние салыпты. Кешкі асын ішкеннен кейін жастыққа жантайыпты да, жан тапсырыпты, - деді.
- Е, е... жарықтық-ай, өткенде бой жасап жүргені болды ғой. Ниетіне қарай жақсы өлім бұйырған екен. Иманы жолдас болсын, - деп бетін сипап, - атты әкеліп, тездетіп ерттеп жібер! Бала-шағасына бас-көз болып, басу айтайын, - деді де, бас киімін кие салып, асығыс үйден шыға жөнелді әкесі.
Мақсұт ат ерттеп тұрып көзінің қырымен қарап қалып еді, әкесінің көз жасы моншақтап, кеудесіне төгіліп тұр екен. Шешелері дүниеден өткенде де көзіне жас алмай, қайраттылық көрсеткен әкесінің бұл қылығын Мақсұт түсіне алмады. Іштей аң-таң болып, аттандырып жіберді.
Әкесі Төлеужанның жетісі өтіп, абыр-сабыр аяқталғаннан кейін ғана үйге қайтты. Осы аралықта досының орнына құран оқып, бала-шағасына бас-көз болды. Үйге келген бойда Мақсұт әкесінің әжімдері тереңдеп, белі еңкіш тартып қалғанын анық байқады. Біреудің үйінде күтімі дұрыс болмай, оның үстіне өлім-жітімді жер болған соң шаршаған болар деп ойлаған. Бірақ, олай болмай шықты. Төлеужанның қазасынан соң әкесі мүлдем басқаша күй кешті. Таң атса болды төбеге шығып алып, тұзаққа түскен тазқараша бір орыннан қыбыр етпей, кешке дейін шоқайып жалғыз отыратынды шығарды. Біреуді күткен адам тәрізді. Кейде күн салып, жол қарайды... Содан көп өтпей төсек тартып қалған әкесі, жарты жылға жетпей досының артынан дүние салды. Мақсұт оларға қидың иісі аңқыған қырдың шайын ішкізіп үлгере алмады. Қалжыңы жарасқан қос қария бірінің соңынан бірі кетті де қалды...
Мақсұттың ойы осы араға келгенде көзіне еріксіз жас іркілді. Қалтасынан қол орамалын алып, көзін сүртіп, батысқа күн сала қараған ол:
- Ей, жалған-ай! - деді, - менің де әкем сияқты серуенге шығып, сергіп қайтқым келеді. Дала дәмін аңсаймын. Қидың иісі аңқыған қырдың шайына қансам ғой, шіркін! - деп тамсанып алып, - бірақ менің жаралы жанымды түсінетін кімім бар... Қырдың шайы түгілі, үйдің шайына қашан шақырады деп жалтақтап отырған жайым мынау... Нағыз жалғыздық қарттар үшін қатарынан айрылғанда болатынын, әкемнің Төлеужанның қазасына неге соншалық қайғырғанын қарттық, жалғыздық өз басыма келгенде бір-ақ түсіндім. Менің де қатарым сиреп барады. Мына жалғыздық – соның айқын айғағы, - деп булыға жөтеліп, жан-жағына көз жүгіртті... Немерелері бір кіріп, бір шығып, үй маңында жағаласып ойнап жүр. Қам-қайғысыз. Шаттық үндері жер жарады. Бірақ, Мақсұтқа мынау дүние салқын қабақ танытып, мүлгіп тұрған сияқты. Қызарып, тау қойнына құлай бастаған күнмен бірге Мақсұттың бар қызығы батып бара жатқандай. Барған сайын өзегі төмен тартып, еңсесі түсіп, тынысы тарылып барады...
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қидың иісі аңқыған қырдың шайы
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2020-07-07/1164.html