ЛУ ШҮН: Қояншықтың қол жазбасы
Қояншықтың қол жазбасы
Әңгіме
Ағайынды екі жiгiт болды, әзірше олардың аты-жөнін атамай-ақ қояйын. Өйткенi олар сонау орта мектептегi көңіл жетер достарым болатын. Арада талай жылдар кездеспей кеткендіктен, бір-бірімізден хабар-ошарымыз үзіліп қалған-ды. Таяуда солардың бірінің салмақты науқасқа шалдыққанын естідім. Сондықтан, осы жолы ауылға барғанымда жол-жөнекей соғып, көңіл сұрай барғанымда, олардың біреуіне ғана кездестім. Оның айтуынша науқастанған інісі екен.
- Сонша алыстан көңіл сұраймын деп, босқа әуре болыпсың, ол әлдеқашан айығып, бір жерге кiшi қызметкер болып кеткен, - деді анау. Сосын рахаттан бiр күліп алды да:
-Өзің сияқты қыймас достары оның науқас кезіндегі жағдайымен танысқаны теріс болмас, - деп маған екі дәптер берді. Мен бұл дәптерлерді алып кетiп оқып шықтым әрi оның «қояншық» дейтiн дертке шалдыққанын аңғардым. Қойын дәптердегi жазбалардың сөз-сөйлемдері шым-шытырық, қиқы-жиқы, оның үстіне бос сөздер де тым көп екен, керек десеңiз ай, күндері де жазылмапты. Тек жазған сиясының және жазу мәнерiнiң әркелкілігінен ғана, оның бір уақытта бiрден жазылмағанын аңғару қиын емес. Дәрігерлердің қарап шығуына беру үшін, қолжазбаның өзара байланысатын тұстарын iрiктеп алып, бір кітап етiп жүйелеп шықтым. Қойын дәптердегi орнын таппай тұрған сөздерге қалам тигiзбедiм. Мұнда есiмдерi аталған кiсiлердiң бәрі жұртқа беймағлұм ауыл адамдары болса да, беттеріне шіркеу келмесін деген оймен, олардың есiмдерiн тұтас өзгертіп жібердім. Ал дәптердiң атын қолжазбаның егесі есi дұрысталғаннан кейін өзi қойған екен, оны сол күйi қалдырдым.
7- шi жылғы 2-шi сәуiр. (2)
1
Бүгін түнде ай керемет жарық болып тұр.
Мұндай жарық түнді көрмегеніме отыз неше жылдың жүзi болған екен, бүгін көріп қатты шаттанып тұрмын. Сол отыз қанша жылымның тұтастай меңiреу қараңғылықта өткендігін енді аңғарып отырмын. Дегенмен, маған өте сақ болу керек. Онда анау Чжао шонжар дегеннiң үйіндегi ит маған неге екі рет сұқтана қарады?
Менің қорқатын жөнім бар.
2
Бүгінгi ай мүлде сәулесіз. Мен бiлем, бұл жақсы ырым емес. Таңертең абайлап сыртқа шықтым. Чжао дейтiн шонжар, сол өзi менен қорқып жүрген сияқты ма, жоқ әлде маған қастандық жасағалы жүр ме, үйтеуiр көзқарасы бiр түрлi. Әне тағы бiр 7-8 адам бастарын түйiстiрiп, құлақтарына сыбырласып, менің ғайбатымды айтып жатыр, әрі олар мен байқап қала ма деп қорқып та тұр. Жолда көрген адамдарымның бәрі де келiсiп алғандай осыны қайталайды. Олардың ішіндегі барып тұрған жауыз бір адам маған қарап ақсиып күліп қойды; менің тұла бойым жаурап кетті, олардың өте кешендi дайындалғанын аңғардым.
Мен қорыққаным жоқ, өз жолыммен жүре бердім. Алдымнан шыққан аноу бір топ бала да мені сөз ғып жатты, олардың бейнесi де Чжао шонжардікі сияқты, жүздерi сұрланып кетiптi. Менiң жалпы балаларда ешқандай өш-қастығым жоқ адаммын, ендеше бұлар неге маған бүйтеді деп ойладым да, төзiмiм таусылып: «Айтыңдаршы!» деп айхайлап жіберіп едім, олар қашып жоғалды.
Мен ойлана бастадым: Чжао шонжардың менен ала алмай жүрген қандай өші бар, жолай жолыққан адамдарға не жаздым... Осыдан жиырма жыл бұрын Гу-Чжю мырзаның бір ескі есеп дәптерін теуіп жібергенiм бар еді, Чжао шонжар соны естіп алып, танымаса да соның жыртысын жыртып, тiптi көшеде жүрген елдiң бәрiн маған өшестіріп қойған болу керек. Ал анау балалардiкi не жорық ? Ол кезде бұл балалар, керек болса, әлі өмiрге келмеген де болатын, неге бүгін олар маған алая қарайды? Олар не менен қорқып жүр, немесе маған қастандық жасамақ. Бұл жағдайлардан менің зәрем ұша бастады. Таңдандым да қайғырдым.
Түсiндім. Мұны оларға үйреткен үлкендер!
3
Түн баласы кiрпiк айқастырмаймын. Барлық жағдайды жақсылап зерделеу керек, оны сонда ғана түсiнесiң.
Олардың кейбіреуінің мойнына аудан әкiмi ажырғы салған, кейбіреуінің бетіне қайраткерлердiң шапалағы тиген, кейбіреуінің қатынын орда шабармандары тартып алған, ал ендi кейбіреуінің әке-шешелері өсімқорлардың қысымынан қаза тапқан. Бұлардың ол кездегі ұсқындары әсте кешегідей үрейлi де кәрлі емес болатын.
Ең таңданарлығы кеше мен көшеде көрген әнебір әйел болды. Ол өзінің баласын ұрып жатып: «Түу, құдай-ай тегi! Сені шайнап-шайнап жiберсем ғой, iшiм бiр босап қалар едi!» деді, бірақ сол сөздердi айтқанда оның екі көзі менде болды, мен шошып кеттім және онымды жасыра алмадым. Әнеу бір топ ит басты, сиыр аяқты немелер қарқылдап күле бастап еді. Тчын-Лаууұ жүгіріп келдi де мені сүйреп үйге кiргiзiп кетті.
Ол мені сүйреп үйге алып кiргенде, үйдегілердің бәрі менi өтiрiктен танымай қалыпты, олардың көзқарастарынан да қайдағы бiр қаймана бiреулердiң пиғылы байқалады. Менi кабинетке кіргiзді де, кәдiмгi бір тауықты ма, жоқ әлде үйректі ме, қамағандай, есікті сыртымнан тарс бекітіп тастады. Мен олардың бұл қылығының ешбір байыбына бара алмадым.
Біраз күннiң алдында Бөрiлi ауылының бір жалгер диханы қуаншылықтан қашып бiзге келген болатын. Сонда ол менiң ағама:
- Ауылымыздағы бір айтулы жексұрынды жұрт ұрып өлтіріп едi, бірнеше адам батыр боламыз деп оның жүрегін суырып алып майға қуырып жеп қойды, - деді. Мен олардың әңгiмесiне бір-екі ауыз сөз қыстырып едім, әлгі жалгер мен ағам екеуi маған бірнеше мәрте қарап қалды. Байқасам, олардың маған деген көзқарасы мен манағы адамдардың көзқарасында ешқандай айырмашылық жоқ.
Оны ойласам тұла бойым мұздап кетеді.
Бұлар адам жейтiн болса, мені жемей қоюы мүмкiн бе...
Өзiң ойлашы, әлгі әйелдің «сені шайнап-шайнап жiберсем ғой,» деген сөзі, әнеу бір топ ит басты,сиыр аяқты немелердiң қарқылдап күлуі, алдыңғы күнгі жалгердiң әңгiмесi… бәрі-бәрi де ап-айқын ишара емес пе. Мен бiлем, оның әңгiмесi әңгiме емес зәhар, күлкісі күлкi емес қанжар. Олардың ақсиған тістері тіс емес, адам өлтiруге арналған қару-жарақ.
Мен өзiмдi жауызбын деп ойламайтынмын, Гу-Чжю мырзаның есеп дәптерін теуіп жібергеннен кейін, мен туралы да пәлен деу қиын боп қалды. Олардың бөгде ниетi бар-ау шамасы, бірақ мен қайдан бiлейiн. Олар ар-ұятты белден басып, мені жауыз дейтiн сыңайлы. Әлі есімде, бір кезде ағам маған шығарма жазуды үйреткенде, әрқандай жақсы адам болса да оны жамандап жазсам, ағама өте ұнайтын. Жаман адамдар жөнінде бірер ауыз тәуір сөз айтсам, «сенде туа бiттi хамалеодық талант бар» деп мақтайтын. Ал шынына келгенде, мен олардың пиғылының, әсіресе құлқындарының қандай болатынын қайдан білейін!
Әрқандай істі зерттемей тұрып ұғыну қиын. Адам жеу – ежелден бар құбылыс екенiн білгенiммен, оның онша байыбына бармаппын. Зерттеп көрейін деп тарихқа үңiлсем, ондағы деректердiң мерзiмi жазылмапты, тек қана әрбір бетіне «қайырым, әдеп, мораль, мінез» деген сөздердi айбақ-сайбақ қып жаза берiптi. Менен ұйқы қаша бастады, тарихи құжаттарды түннiң жарымына дейiн шұқшиып оқып шықтым. Оh, мiне, таптым! Бүкіл кітаптың өн бойындағы әрбiр сөздiң тасасында «адамның етiн же!» деген сөз жазулы тұр екен.
Кітаптағы жазулы тұрған сөздер болсын, жалгер дихан айтқан сөздер болсын, бәрі де маған ақсиып күлiп, сұқтана қарап тұр!
Олардың мені жегiсi келетiнi - мен де адаммын ғой!
4
Таңертеңгi кез болатын, мен бейжай отырғам. Тчын-Лаууұ маған тамақ әкелді, онысы бір кесе қуырдақ, сосын бiр буға пісірілген балық екен. Әлгi балықтың көзін көрсеңiз, әрi аппақ әрі қатты. Әнеу бір топ кiсi жегелi жүрген адамдар секiлдi аузын арандай ашып алған. Шөкемен іліп алып бiр-екi асап едім, балықтың немесе адамның еті екені белгісіз - тұрған бiр жылбысқа. Түгiн қалдырмай қайта құсып тастадым.
- Лауұу, үлкен ағама айтшы, менiң iшiм пысып кеттi.Баққа барып кiшкене жүрiп қайтқым келеді, - дедім. Ол жауап қатпай шығып кетті де, сәлден соң қайта келіп есікті ашты.
Олар менi қайтер екен деп, тырп етпеген күйi отыра бердiм. Иә,олардың мені өз бетiммен жiбере салмайтынын бiлем. Айтқандай-ақ, ағам бір шалды ертіп аяңдап жаныма келді, шалдың көзінен жауыздығы менмұндалап тұр. Ол мені бiрдеңенi сезіп қала ма деген оймен, аяғының басына қарап тұрып, маған көзәйнегiнiң бұрышынан ұрлана көз салды. Осы кезде ағам маған:
- Бүгін тәуір сияқтысың ғой? – деді.
- Иә, - дедім мен.
- Бүгін сені емдесiн деп Хы дәрігерді шақырып келiп едiм, - деді ол.
- Жөн екен! - дедім. Ал шындап келгенде бұ қақбастың құбылғыш жендет екендігін білмесем бір сәрі! Бүгін ол өзiнше тамыр ұстаймын деген желеумен менің арық-семіздігімді байқамақ, сосын осы еңбегі үшiн менiң етімнен көжеқатық алмақ. Мен де қорыққаным жоқ - адам етiн жемегенмен, олардан әлдеқайда жүректімiз. Қайтер екен деп екі жұдырығымды түйiп тұрып қолымды создым. Қақбасың көзін жұмып, тамырды сипалап біраз мүлгіп отырды да, сосын шайтан көзін шақшитып:
- Көп қиялданба, бiрер апта күтінсең айығып кетесің, - деді.
Қиялданбайды екем, күтінедi екем! Поh, шикiнай-ә, семіртiп ап шылқа майға бөкпекші ғой. Өйтiп «айығып» кеткенiм құрсын?! Бұлардың адам жегiсi келетiнi қалай, онысын күлбiлтелеп жасырғысы келетiнi қалай?! Тарпа бас салуға әсте бата алмайды. Осыған менің қатты күлкім келеді. Иә, өзiмдi ұстай алмай, iшек-сiлем қатқанша күліп, бiр жасап қалдым. Бұл күлкі - ерлік пен әдiлдiк үнi екенін өзім ғана бiлем. Мендегi бұл ерлік пен әдiлдiктiү түбiне жетпек болған әлгi шал мен үлкен ағамның өңі бозарып кетті.
Бірақ мендегi осы ерлікке қызыққан олар аз да болса етiмнен ауыз тимек болып, мені жеуге онан сайын құмарланды. Шал есіктен шыға бере, үлкен ағама: «Тез жеңдер!» деді сыбырлап. Ағам басын изеді. Сөйтсем ол да со ниетте екен! Бұл, бір ойламаған жерден тап болған бәлекеттей көрінгенімен көкейде жүрген ой едi. Мiне,бақсам бақа екен дегендей, мені жемек болып жүргендердің бірі - өзімнің, ағам екен!
Менің ағам адам жейдi!
Мен адам жегiштiң інісімін!
Менің өзім біреуге “соғым” болғаныммен, бәрiбiр адам жегiштің інісімін!
5
Соңғы күндерi бiраз шегініс жасап ойланып жүрмiн: Егер әлгі шал сайқал жендет болмай, нағыз емшi болған күнде де, бәрі бір – ол кiсi жегiш. Олардың пірі әлгi Ли-Шiчжын деген өзінің «шипалы шөптер бірдеңесі»(3) деген кітабында: Адам етін пісіріп жеуге болады, - деп ап-анық жазған жоқ па . Ал енді, оның “адам етін жемеймін” дегенiне сенiп көрiңiз!
Ал үлкен ағамды да нақақ жазғырып отырған жоқпын. Ол маған сабақ пысықтап бергенде: «Баланы өзгенiкiмен айырбастап жеуге болады»(4) деп өз аузымен айтқан болатын, әрi бұрынырақ бір жаман адам туралы сөз болғанда, мұны өлтіріп қана қоймай, оның үстіне «етін жеп, терісін төсеніш қылу керек»(5) дегенi де есiмде. Мен ол кезде кішкене баламын ғой, жүрегім біразға дейін атқалақтады. Алдыңғы күні Бөрiлi ауылынан келген жалгер дихан адамның қолқа-жүрегін жеу туралы айтқанда да, үлкен ағам ешқандай таңданбастан, бас шұлғып отыра берді ғой. Мiне бұдан оның ниеті бәз-баяғы жауыз қалпында екенін аңғару қиын емес. «Балаларды айырбастап жеуге» болса, бәрiн де айырбастауға, әрқандай адамды жеуге болады деген сөз ғой. Мен бұрын оның аузынан әділет деген сөзді көп естiгенiммен, ештеңенi аңғармаппын, енді түсіндім: Ол әділет жайлы сөйлеген кезде, екi ұрты адам майымен шылқып, көкейін кiсi жеу ниетi тесiп тұрады екен ғой.
6
Күндiз бе, түн бе белгісіз - тас қараңғы, Чжаодың иті тағы абалады.
Арыстандай айбатты, қояндай қорқақ, түлкiдей айлакер дегендей...
7
Мен олардың айласын бiлем, төтеннен келiп өлтіре алмайды, пәлесi тиедi деп қорқады. Сондықтан олар өзара ымыраласып, мені өзіне өзі қол салсын деген оймен, айнала қақпан құрып, тор жайып қойды. Әнеу күнi көшеде кезiккен жұрттың кейіп-кеспірінен, үлкен ағамның соңғы күндердегi қылықтарынан олардың бұл ниетiн негiзiнен біліп болдым. Ең әбзалы белдігiммен үйдiң белағашына асылып өлу, өстiсем олар кісі өлтірді деген жаман атқа қалмайды, әрi көктен тілегендерi жерден табылып, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ болады да қалады. Егерде үрей буып құсадан өле қалсам, олар: «жілігі онша татымайды екен» деп оған да риза болуы ғажап емес.
Олар тек жемтік жеуге ғана қамбыл! Қайсы бір кітапта әлдеқандай «Хай-Ина»(6) деген бір хайуанат бар деп жазылғаны есімде.Оның көзі және түр-тұрпаты сұмдық ұсқынсыз, ылғи жемтік жейді екен. Тіпті небiр атан жiлiктердi шақұр-шұқыр шайнап, күл-талқан қып жұтып қояды дейдi. Оны көзбен көргендi былай қойып,ойлаудың өзi қорқынышты емес пе?! «Хай-Ина» қасқыр тұқымдас болса, қасқыр ит тектес. Алдыңғы күні Чжаодың иті маған неше мәрте қарады, сонда аңғарғаным бұл ит те әлдеқашан олармен жемтіктес болып алыпты… Әлгi шал да жерге қарап алғанымен, менен сырын жасыра алған жоқ қой.
Мұнда атып кеткен сорлы менің ағам болып тұр-ау. Апыр-ау деймiн, адам баласы болғаннан кейiн неге ғана бір қорқыныш деген болмайды екен өзiнде?! Оның үстіне мені елмен бірлесіп жегелi жүргенiн қайтерсiң? Әбден дәнігіп алғандықтан жиренбейтін болып кеткен бе? Немесе ар-ұятты белден басып, әдейі істей ме?
үлкен ағамнан бастап күллi қанішерге лағнет! Ең әуелi қанішерлерді бұл жолдан қайтуға үндеймін, мұны да бiрiншi өз ағамнан бастаймын.
8
Шындығына келгенде бұл қисынды қазiр олар да әбден түсінген болса керек...
Кенет бір адам кiрiп келді, жас шамасы жиырманың о жақ-бұ жағында сияқты, кейіп-кеспірін анық байқай алмадым, ол маған күлімсіреп бас изеді, бақсам күлкісі де шын күлкіге онша келiңкiремейдi. Сосын мен одан:
- Адам жеу деген дұрыс қылық па өзi? - деп сұрадым.
- Ашаршылық болмаса, адамды қалай жейдi? - деп ол бұрынғысынша күлімсіреп жауап бердi. Мен бұның да әлгі адам жеуге құмарлардың жемтіктесі екенін бiрден аңғардым. Сосын ерлік жiгерім тасқындап кеттi бiлем:
- Жоқ, сол дұрыс қылық па?- дедiм тақымдап.
- Мұндайды сұрап қайтесiң, өзiң....барып тұрған... қылжақбас екенсің... Бүгін ауа райы қандай тамаша болып тұр, - деді ол.
- Күн райының жақсы екенін бiлем, ай да жарық. Бірақ мен сенен: сол дұрыс қылық па?- деп сұрап тұрмын.
Ол ыңғайсызданып қалды да:
- Жоқ... – деді міңгiрлеп.
- Жоқ? Олай болса олар неге жеді!
- Жоқ, ондай жағдай болған емес...
- Болған емес? Бөрiлi ауылындағылар жеп жатыр, ал бұрынғылардың жегенi туралы кітапта да жазулы тұр, мұның барлығы тайға таңба басқандай бадырайып тұрған жоқ па!
Оның өңі темiрдей сұрланып кетті. Сосын маған көзiн шақшитып:
-Болса болған да шығар, бұл өзi ежелден бері... бар жағдай... - деді.
-Ежелден бері бар жағдай болса, дұрыс бола бере ме?
- Бұл туралы сенімен сөйлескім келмейдi, қысқасы, сен мұндай сөздерді айтпа. Қателесесің!
Мен көзімді алайтып орнымнан атып тұрып едім, әлгi адам iзiм-ғайым жоқ болды. Тұла бойымды тер басып кетті. Оның жас шамасы менің ағамнан көп кіші болғанымен, солардың жемтіктесі екен. Оны бұл іске ең әуелi әке-шешесі баулығаны айдан анық. Ал ол мұнысын өз ұлына да үйретiп үлгердi ме деп қорқам, өйткенi балалары да маған өшіге қарайды.
9
Өзінiң адам жегiсі келедi әрі өзімді біреу жеп кете ме деп үрейленедi. Сондықтан бір-біріне күмәнмен, үреймен қарайды...
Адамдар бұл пиғылдан тазарып, әркiм алаңсыз, өз шаруасымен ғана айналысып, тек жүріп, бұйырған асын ішіп, тыныш ұйқтаса қандай рахат болар еді! Бұл екi пиғылдың арасы бір-ақ аттам жер ғой. Алайда олар - әке-бала, аға-іні, ерлі-зайыпты, дос-жаран, ұстаз-шәкірт, өш-қас, тiптен қаймана бiреулер өзара жемтіктес болып алып, бірі-бірінiң қолтығына су бүркiп, бірімен-бірі ымыраласып, жақсылық жаққа өлтiрем десең де басар емес.
10
Азанда тұра салып үлкен ағамды іздедім, ол аулада аспанға қарап тұр екен. Мен үйдiң есігiн жамылып тұрып, оның ту сыртынан өте салмақтылықпен, аса бiр сыпайылықпен:
- Аға, саған айтайын деген бір сөзім бар еді, - дедім.
Маған қарай жалт бұрылған ол:
-Айта бер, - деді басын изеп.
- Сөзім көп те емес, бірақ айта алмай тұрмын. Аға, бағы замандағы жабайы адамдар ептеп адам етін жеген болуы мүмкiн. Кейін келе ниеттерiнiң өзгеруiне байланысты кейбіреулері адам етін жемейтін болып, жақсылыққа ұмтылып, адамға, адам болғанда да нағыз адамға айналды. Кейбіреулері құрт-құмырсқаша әлі күнге дейiн адам етін жеп келеді. Кейбіреулері балыққа, құсқа, маймылға айналып, ақыр соңында адамға өзгердi. Кiсi етiн жейтін адамдар ондайды жемейтін адамдардың алдынлда соншама масқара күйге түстi, тіпті маймылдың алдында құрт- құмырсқаның өзi өздерiн соншалық масқара сезiнбейтiн шығар.
И-Я өз ұлының етін буға пісіріп Жие менен Чжоуға берген, бұл ендi бұрын болған жағдай. Пан Гу* жаhанды жаратқаннан И-Яның(7) ұлы жем болғанға дейін, И-Яның ұлынан Шуй-Шилиньге(8) дейін, одан Бөрiлi ауылында ұсталған адамға дейін қанша адамның жем болғанын кім білiпті. Өткен жылы қалада бір қылмыстыны өлтіргенде,
-------------------------------------------
* Пан Гу –Қытай мифтерiндегi әлемді жаратушы құдай – ауд.
құлғана ауруға шалдыққан бір адам әлгі өлтірілген адамның қанына нан матырып жепті.
Олар мені жегелі жүр, бiрақ бiр өзім бұған не шара табармын. Алайда осыған бола оларға сыбайлас болудың қажеті қанша!? Адам жегiштер неден тайынсын!? Олар бүгiн мені жесе, ертең сiзді жейді. Өздерінің жемтіктестерін де жеуі мүмкін. Алайда, бұл жолдан бас тартсаңыз, ниетіңізді өзгертсеңіз, онда барлық адам аман қалады. Ежелден сондай әдет бар болса да, біз бүгін бұл әдетті тастап, жақсы жолға түссек болмай ма! Аға, мен сіздің «адам жеуге болмайды» деп айта алатындығыңызға сенемін. Алдыңғы күні жалшы дихан жер майын кемейтіңіз дегенде, сіз «болмайды» дедіңіз ғой.
Менiң бұл сөздерiмдi ол бастапта зәрлене күліп қана тыңдады, сосын оның көздері шатынап, әлгiлердiң сырын ашып, шиін шығарғаныма өңі бұзылып, көгеріп қалды, қақпаның алдында бір топ адам және Чжао шонжар итімен тұрған. Әне ендi олар қақпадан мойындарын созып қарап алып, кіріп келеді, біразының бет-аузын көре алмадым, жүздерiн бүркеп алған-ау деймiн; беттері көгерген кейбіреулері тістері ақсиып күледі. Мен бұларды танимын. Бәрі адам жегiш жемтіктестер. Алайда олардың пиғылдарының алалығынан да хабарым бар. Біразы адамды жеу керек, өйткені бұл ежелден бар жағдай деп қарайды, енді біразы адам жеудiң арам екендігін білгенiмен, әрi бәрiбiр жегісі келеді, әрi бұл қылықтарының паш болып қалуынан қорқады. Сондықтан олар менің жаңағы сөздерімді естігенде зығырдандары қайнап тұрса да, тiстерiн ақситып зәрлене күлісті.
Осы кезде үлкен ағам кенет доңыз айбатына мiнiп:
- Құрыңдар түге, қояншықты тамашаламай!- деп ақырды.
Сол сәтте мен олардың тағы бір қулығын байқадым. Олар жаман ниеттен қайтқанды қойып, маған «қояншық» деген айдар тағуға баяғыдан әзiрленген көрінеді. Сол арқылы олар мені жегенi үшiн пәлеге қалмайды, есесiне «қояншықтың көзiн құртқаны жақсы болған
екен» деген жұрт сүйішеншiлiне ие болмақ; Әлгi жалшы диханның «бір жауызды жеп қойды» деген әңгімесі де олардың дәл осындай тәсiлдi пайдаланғанын көрсетеді, бұл олардың байырғы дәстүрі!
Тчын-Лаууұ қатулы бейнемен қасыма жетіп келді, ол менің ауызыма қақпақ болмай жанын бақсын, мен қасқайып тұрып оларға сөйлей бердім:
-Түзелем десеңдер шын ниеттеріңмен кешiкпей түзеліңдер! Болашақта адам жейтіндер жер басып жүре алмайтындығын біліп қойыңдар. Түзелмейтін болсаңдар өздерiң де жем боласыңдар, тіпті үрiм-бұтақтарың қанша көп болса да нағыз адамдар тарапынан аңшылардың қасқырларды қырғанындай қырыласыңдар! Құртша құрИшыңдар!
- Тчын-Лаууұ жиналған жұртты қуып жіберді. үлкен ағамның да қайда кеткені белгісіз. Сосын Тчын-Лаууұ мені үйге кіргізді. Үйдің іші тас қараңғы екен, төбедегi белағаштар мен сырғауылдар гүрiлдей бастады, біраз гүрiлдеп тұрды да, күшейiп барып үстіме құлап түсті.
Оның ауырлығы соншалық, тырп етiп қозғала алмадым. Мақсаты мені өлтіру. Мен оның салмағының жалған екенін білемін, содан сытылып шығам деп, ақ тер- көк терiм шықты, сонда да тілімді тартқаным жоқ:
-Түзелем десеңдер шын ниеттеріңмен кешiкпей түзеліңдер! Болашақта адам жейтіндер жер басып жүре алмайтындығын біліп қойыңдар...
11
Күн де шыққан жоқ, есік те ашылмады, күніне екі уақ тамақ.
Шөкенi қолыма алсам болды есіме үлкен ағам түседі; қарындасымның да соның қолынан өлгенін білдім. Ол кезде қарындасым бес жаста ғана болатын. Оның әрі сүйкімді, әрі аянышты бейнесі әлі күнге дейiн көз алдымда. Көз жасымен етегiн жуған шешемдi үлкен ағам жылама деп жұбатқан болды. Байқаймын қарындасымды өзі жеп қойғандықтан шешемнің жылағанына ептеп қысылатын секілді. Ондай қысылатыны бар . . .
Қарындасымды жеген үлкен ағам, бұл туралы шешемнің білетін-білмейтіндігі маған белгiсiз.
Мүмкiн шешем білетін де шығар, бірақ жылағанда ашып ештеңе айтпады, шамасы жем болғанына қарсы емес. Төрт-бес жастағы кезім болса керек, бір күні есік алдында салқындап отыр едім, ағам маған: “Әке-шешесі ауырып қалса ұлы өзінің денесінен бір жапырақ етін кесіп алып, пісіріп беру керек(9) , ол сонда ғана жақсы адам болып есептеледі”, дегенде шешем мұны теріс деген жоқ. Әрине, бір жапырағын жеген адам бүтіндей де жейді. Дегенмен сондағы шешемнің жылағанын ойласам, бүгін де іші-бауырым удай ашиды. Бұл ендi айтып-айтпай ғажайып уақиға!
12
Ойлау-қиялдау мүмкiн болмай қалды.
Төрт мың жыл бойы тоқтаусыз адам жеп келген өңiрде менің де талай жылдық өмірiм өткенін бүгін ғана аңғардым. Қарындасым шаңыраққа үлкен ағам қожа болған кезде өлді. Мүмкiн ағам қарындасымның етін білдірмей тамаққа қосып бізге де жегізiп жiберген шығар.
Мен де қарындасымның біраз етін байқамай жеп қойған болармын, ендеше, мiне кезек ендi маған келді…
Менiң төрт мың жылдық адам жеу тарихым бар екен, бұл туралы бастабында білмегенiммен, енді көзім жеттi, нағыз адамды табу қиынның-қиыны екен!
13
Мүмкiн адам етін әлi татып үлгiрмеген балалар бар шығар?
Балаларды құтқарайық….
1918 жыл, сәуiр.
Қытай тілінен тәржімалап, түсініктерін жазған:
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Қабылан ақпараттық порталы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » ЛУ ШҮН: Қояншықтың қол жазбасы
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-08-08/867.html