Серік Нұғыман : Иесіз адам

ИЕСІЗ АДАМ

(әңгіме)

Біраз күтіп қалған таныс қойылым тосын басталып жүре берді. Тіке қатысып отырған жоқпын, әрине. Бірақ, іргеде болып жатқан оқиға... көңіл көзімен көріп, қалт жібермей бақылаудамын.

Есік қағылды. Ол онсыз да ашық тұрған болатын. Табалдырықты баса келіп, ішке үңілген орта жастардағы әйел жауап күтіп шамалы бөгелді. Болмаған соң, соққыны тіпті де жиілетті. Сонда барып құлағы шалған болу керек, қызу жұмыс үстіндегі жас жігіт қабырғадан қолын алып, босаға жаққа мойын бұрды. Сыртта тұрған қабағы қату кісіні көргенде не болғанын түсінбей, аңыра қарады. 

– Не істеп жатырсыз?– деді келген кісі сұрақты төтесінен қойып. 

– Не болды?..– Үй иесі есікке тақап келгенімен, әлі түкке түсінбей тұр.

– Не істеп жатырсыз деймін мен сізге?

– Көріп тұрсыз ғой, не істеп жатқанымды, – Мінезі шалт кісі болар, жігіттің дауысы бұл жолы сәл қатқылдау шықты. – Не болғанын айтпайсыз ба әуелі...

Енді әйел тосылды. Шамасы, мұндай жауап күтпесе керек. Әнтек іркілістен кейін барып қайта сөзге келді.

– Жігіт, мұныңыз не сіздің ? Айналада адамдар бар... мазасын неге аласыз?

Жігіт қапелімде не дерін білмей дағдарды. Іркіліп сәл тұрған соң, кейіс не ризалық екені белгісіз бір қызық үн шығарып, мырс етті.

– Сіз қайда тұрасыз өзі?

– Астыңғы қабатта. 

– Онда үстіңгі қабатта не істеп жүрсіз? Бұл – күндізгі уақыт қой. 

– Күндіз болса да, басқаларды ұмытпауыңыз керек...

– Сонда маған мына үйге жөндеусіз кір демексіз бе? 

– Онда шаруам жоқ. Тоқтатыңыз тарсылды!!! – Әйелдің дауысы қаттырақ шықты. Тіпті, бажылға жақын. Сірә, өзін өзі әрең ұстап тұр.

Жігіт те айылын жиған жоқ. 

– Не айтып тұрсыз сіз?.. Мен жұмысты жаңа бастадым... Әлі бір шеге қаққам жоқ...

– Онда шаруам жоқ. Тоқтатыңыз! Менің басым ауырады... Тықыр еткен дыбыс естісем, жүйкем жүн болады. Білдіңіз бе! Тоқтатыңыз дедім – тоқтатасыз!..

Жігіт мән-жайды енді шамаласа керек, не істерін білмей, тағы тосылды. Үнсіз тұр. Оның осы сәттегі қиын халін өте жақсы түсініп, мен де қыбырсыз жатырмын. Мұндайда көмекке келер қайдағы ұтқыр шара. Бәрін де бір өзің шешуге тиіссің. Әрине, алдын-ала ескерте салуға да болар еді... көршіміз ғой. Бірақ, не деп айтасың? Әлі таныспаған жаңа көрші. Екінші жағынан, бөлмемді жөндеймін деп өзі де тырс еткен жоқ... қайдан білесің? Жарайды, жақсы ниетпен құлақ қағыс еттің, ал «мына қойылым» болмай қалса, не бетіңді айтпақсың. Түйінді жігіттің өзі тарқатуы керек еді. 

Ойдан суырылып, сыртқа қайта құлақ түргенде әбден қаһарына мінген астыңғы көршінің сары атандай сақылдап тұрғанын естідім. Шамасы, жас жігіт ескертпесін елемей, шаруасына бұрылған болса керек. 

– Жүйкемді тоздырып біттіңдер, жабайылар. Тәртіп, әдеп дегенді білмейсіңдер, сендер! Айналаны сыйлау, құрметтеу деген жоқ сендерде! Баяғыдағыдай әр сайда бір үй отырғандай, білгендеріңді істейсіңдер. Сәбет өкіметі жетпіс жыл тәрбиеледі, түзелмедіңдер... Сол надан, жабайы күйлеріңде қалдыңдар. Енді, міне... тіпті Құдайларың берді... қалаға ағылып, ойранды салып жатсыңдар. Маңайларыңда басқа адам барын ойламайсыңдар... Түнде де тарсыл, күндіз де тарсыл. Неге керек сендерге сол жөндеу... басқасы бітіп, енді сол қалып па еді!.. Құртып біттіңдер жүйкемді! Бұдан ары төзе алмаймын... өмір сүре алмаймын сендермен бірге... малдар... 

Соңғы сөздерін біздің есіктің тұсынан өтіп бара жатқанда айтты. «Бар! Білгеніңді істе!» деп қалды жас көрші артынан. Қайта сабырлы екен, артық әрекетке барған жоқ. Одан түк шықпасын білді, шамасы. Өзі «жүйкесі тозған» кісі болса, не істей алмақ? 

«Жеңіл құтылды» деп ойладым мен іштей. Сол сол-ақ екен, кетті деген қарғап-сілеу қайта айналып келіп, қарша борады тағы. Шамасы, жігіттің манағы күңкілін естіп қалған.

– Ой, өңкей жабайылар! Құдайларың берді сендердің! Түрлеріңе қарамай қалаға ағылатын болдыңдар! Қала сендердің не теңдерің-ей! Сол тау-тастарыңда тентіреп жүре бермей. Қала деген сендер жасайтын жер ме? Қала деген тәртіп! Қала – әдеп... иба! Ал сендер келіп, не істедіңдер... тазалық кетті Алматыдан! Тәртіп кетті: күнде ұрлық, күнде тонау... мусорға айналды.  Ал мұнда... көзді бақырайтып қойып, жасап жатқандарың мынау: күнде қабырға құлатып, тесік тесу! Жөндеу деп қояды өзінше... жөндеу сендердің не теңдерің-ей... одан да түрлеріңе қарасаңдаршы! Баяғы  заман болса ғой... көздеріңе көк шыбын үймелетер едім... қаладан қуып шығып, екінші қайта келместей етер едім! Тайраңдатып қоймас едім бұлай!..

Онда (қаладан елді қуса дегенім ғой), арасында өңкілдеп өзім де кетіп бара жатар едім. Кенет көз алдыма қалың адам ішінде ақ тер-қара тер боп өңкілдеп бара жатқан өзім елестедім. Қарсы шапқаннан гөрі тәубе дегеніміз әлдеқайда жөн сияқты. Өйткені, ол қазір бізді қуа алмайды ғой! 

Жаңа көршім жас болғанмен, сабаз екен. Тырс етпеді. Аздың алдындағыдай екпінді болмаса да, қыбырлап, жұмысын жалғастырып жатыр. Негізі, балға тықылының жүйкеге тиетіні рас. Бірақ, ешкім сатып алған күркесіне жөндеусіз кірмейді ғой. Бұл әркімнің-ақ басында болатын жағдай. Түсіністікпен қараған жөн. Десе де, ілгері басынан өтпеген бе, әлде басқа себептен... мұны түсінбейтіндер де бар екен. Оған, міне, куә болып жатырмын. Тіпті, қолма-қол, табан астында тоқтатпақ. Дегенмен, онысы бола қоймады. Не болғанын, қойылымның мен білетін тағы бір бөлімі жүрмей қалды. Ол көрініс, негізінен, былай болып өрбитін. 

Астыңғы қабаттағы алыс көрші өзін тыңдамай қойған жігітке енді басқаша сөйлесетінін мәлімдейтін. 

– Мен сенің көзіңе көк шыбын үймелетем!– дейтін тістеніп. Соны айтып, басына байлап алған орамалын одан ары нығарлай тартып-тартып қойып, нық қадаммен алыстай беретін. 

Оның не істейтінін анық білмеген үй иесі аңырып қала беретін. Сәл тұрған соң, «қызық» деп басын бір шайқап қойып, тоқтап қалған шаруасына бұрылатын. Арада көп өтпейтін, есіктің көзінде бес қаруы сай тәртіп сақшысы тұратын. 

– Азамат, шамалы бөгелесіз бе... сөйлесуіміз керек! 

Мұны күтпеген үй иесі сасып қалатын. Іле жұмысын тоқтатып, «қонағына» қарай келетін. 

– Жеке куәлігіңізді көруге бола ма?– дейтін келген кісі қалыптасқан әдетпен.

– Жақсы... – Шешіп қойған киімінің қалтасынан алып, қолына ұстататын. 

– Мұнда қашаннан бері тұрасыз?

– Жаңа келдім. Бір жеті... Жоқ, үйді алғаныма бір жеті болды... жөндеу жұмыстары бітсе, бір-ер күнде көшіп келем.

– Осында тіркелгенсіз бе?

– Иә. Шынын айтсам, сол тіркелу үшін алдым бұл күркені... 

Жұмсақ сөйлеп, жүгініп тұрған үй иесінің көзіне бір сәт қадала қараған сақшы әрі-бері қозғалып, ырғалып қоятын. 

– Менің неге келіп тұрғанымызды білесіз бе?– дейтін сосын иегін көтеріп.

– Жоқ.

– Үстіңізден шағым түсті. Менімен бірге жүріңіз!

Көзіне үймелейтін әлгі «көк шыбынның» осы екенін сонда барып шамалаған жігіт шынымен-ақ сасып қалатын. Бірақ, онысын сездірмеуге тырысатын. 

– Қандай шағым?

– Оны барған соң білесіз.

– Қайда барған соң?..

– Осы түк білмей қалатындар-ай! Айтып тұрмын ғой, бізге... полиция бөлімшесіне.

– Онда не бар?

– Айттым ғой жаңа... үстіңізден шағым түсті деп.

– Осында... сөйлесуге болмай ма?

– Болмайды. 

Үй иесі қайтерін білмей, қысыла түсетін. Не істеуге болады мұндайда? Кенет шығар жолын да табатын.

– Шағым кімнен... не себепті... білуге бола ма?

– Барған соң білесіз.

Осы тұста үй иесі морт кететін. 

– Бара алмаймын... атсаң, осында атып таста.

Мұны күтпеген полиция не істерін білмей ежірейе қарайтын.

– Азамат, мен сізбен ойнап тұрғам жоқ. Бұл – заң.

Үй иесінің қаны тіпті де қарая түсетін. 

– Заң... Қандай заң ол бейбіт тұрғынның мазасын алатын... және қолыңда жарты парақ қағаз жоқ келіп маған қоқоңдайтын сен кімсің... мұндай құқықты саған кім берді? Айтшы! Мені қара танымайтын, сауатсыз біреу деп тұрсың ғой, ә? Әлде басқа бір ойың бар ма?

– Азамат, бұлай сөйлемеңіз... мен қызмет атқарып жүрмін. Жұмысқа кедергі келтірмеңіз... 

Бұдан ары салғыласудың түк керегі жоғын аңдаған үй иесі баратын да, терезеде ілулі тұрған жейдесінің төсқалтасынан журналистік билетін алып, «қонағының» қолына әкеп ұстататын. Жас офицер көзін алақанындағы көнетоз құжатқа салатын. Тігіліп ұзақ қарайтын. Оның өзі әкеп тіреген тығырықтан қалай шығуды білмей, іркіліп қалғанын қу іші сезіп, үй иесі де үнсіз бағатын. Ақыры жас офицердің шыдамы таусылып, мырс ететін. 

– Кешіріңіз, аға! – дейтін қиналып. – Бағана-ақ айта салмадыңыз ба?

– Оған мұрша бердің бе?

– Кешіріңіз! Кейде болып қалады осындай жағдайлар...

– Көріп тұрмын... үнемі тап болып тұратыныңды... 

– ... енді жұмыс қой, аға... жұрт хабарласады... келмесең тағы пәле... 

– Жақсы, – дейтін шақырусыз келген қонақтан тез құтылғысы келген үй иесі шаруасына алаңдап. Уақыт ұзарса, тағы бірдеңе айтып қоям ба деп те қорыққан-ды. Соны білгендей, сақшы да тез қимылдап, ғайып болатын.

Міне, осы бөлім болмай қалды. Оның себебін кешікпей білдім.

– ... бұларды жөнге салатын үкімет те жоқ қазір. Айтсаң, тыңдамайды. Тайраңдатып бетіне жіберген әншейін. Сонан соң, білгенін қылады. Тәртіп жоқ, тазалық жоқ... топырлап келіп алған қалаға! Мұнда не бар екен бұл жабайыларға, а... сол даласында тентіреп жүре бермей... 

Бұл сөздер жүйкесі жұқарған кісінің соңғы кезде неге «көк шыбын» туралы айтпай кеткенінен там-тұмбап болса да дерек берер еді. Болар-болмасқа шағымдана берген соң, құқық қорағаушылар да мезі боп, қойған ғой. Сөйтіп, арызқой «иесіз қалған». Соңғы кезде «иесіз қалдым» деп, байбалам сала бертетіні – соның дәлелі. О сөзді осы жолы да айтты. Манадан бері «қызуы» жетпеген болу керек, екпіндей келе, ең жоғары деңгейге көтерілген бір тұста, жыларманға таяп барып, «мені қазір ешкім тыңдамайды... ешкім елемейді... иесіз қалдым мен, далада қалдым... ойбай, далада қалдым...» деп бажылдай жөнелді. Мен оның не айтқанына емес, осы сәттегі қиын халіне алаңдадым. Өйткені, осы қарқынмен барып, көтеріліп кетуі әбден мүмкін ғой. Бірақ, не істей аласың енді... әбден «лапылдап» алған адамға?!. Үйде үндемей жата бердім. Сырын менен де жақсы білетін болу керек, басқа көршілер де тым-тырыс. Ештеңе естімеген, білмеген болып отыра берді. Ал, анығында, бәрін көріп, үнсіз «тамашалауда» еді.

Өйткені, бұл – жатақхана ғой. Баяғыдағы құрылыс мекемесінің бойдақ жұмысшыларына арналған көпқабатты тұрақ. Қазір жекешеленіп, әр бөлмесі жеке-жеке үйге айланған. Құжатталған. Кәрі-жасы аралас бір қауым ел тұрып жатыр. Ортадан қақ жарып өтетін ұзын, енді дәлізді айтпағанда, қабырғалары қағаздай, жүрген-тұрған ғана емес, сәл көтеріңкі шыққан үн де анық естіліп тұрады. Бірақ, бір қызығы, жүйкесі жұқарған апайымыз келсе болды, ешкім естімей қалады. Артық әуреден қашады, әлде басқа бір себебі бар, әйтеуір, айнала тым-тырыс болып, тынысын ішінен алады. Араша түспеген сол жөнсіздікке ашынады, апайымыз одан сайын «арындайды»... арындап-арындап барып, осындағы жұртты түгел жабайылар қатарына қосып, онымен ғана қоймай, тіпті де ауыр сөздермен жерге кіргізіп барып, зорға басылады. Басылмайды, саңқылдаған күйі басқан қадамы құлаққа еркін жетіп, ұзай береді. Алыстап барғанда да бірдеңелерді айтып бара жатады. Арттағылар «жабайы емеспіз» деп айта алмаған қалпы тілін жұтып қала береді. 

Ол кісінің жұқарған жүйкесіне үй жөндеген «тақыр-тұқыр» ғана емес, бала-шағаның «айғай-шуы» да тиеді екен. Нәсіп болып, оған да куә болдық. 

Демалыс күндері бала қайда барады? Әрине, есік алдына шығып, аулада ойнайды. Бірін-бірі қуады. Жоқ нәрсеге таласады. Қызыққа әбден батқан бір кезде қайда жүргендерін ұмытады. Дауыстары қатты шыға бастайды. Ол барып апайымыздың жүйкесін жырымдайды екен. Бір күні сондай бір «қиын» жағдайға тап болдық. Әрине, оны да көзге түспей, тасада тұрып «тамашаладық». 

Талайдан таныс үн «саңқ» еткенде, не болғанын білмекке, сыртқа үңілгем. Апай екен. Тау тағысының «күшіктерін» төбелерінен төніп тұрып, әй-бір сыбады дейсің. 

– Шуламаңдар!– болды алғашқы сөзі. Сосын: – Бұл сендердің дауыстарың жеткенше айғайлап, жаңғырығын тыңдайтын далаларың емес!– деп сабақтады ары қарай. – Бұл – қала! Мұнда тәртіп деген болады... әдеп деген бар. Ешкім көшені басына көтермейді! Не айғай-шу мынау? Тоқтатыңдар! Әйтпесе, қаладан қуып шығам!..

Шошып қалған балалар не болғанын түсінбей, ұзап барып, үрпие қарап біраз тұрды. Сұмдық қылмыс жасап қойғандай еңселері еңіс еді. Сәлден соң, «пәледен аулақ» дегендей жан-жаққа шашылып, тарап бара жатты. Еріп келе жатпасын дегендей кейбірі артарына бұрылып, қарап қояды.

Қарап тұрып жаным ашыды. Өз балаларыма ғана емес, басқа жеткіншектерге де. Әлден беттерінен қағып, жүректеріне үрей енгізіп өсірсек, жетіседі екенбіз. Бірақ, балаға бола дап-дардай адаммен шармаяқтасу тағы ұят. Үнсіз қалдық.

Бір қызығы, сәлден кейін жаңағы жерде бойлары сидам-сидам қала балалар ойнап жүрді. Дауыстары алдыңғылардан жарқын, әлдеқайда әуелей шыққанына қарамастан, «тәйт» деген адам болмады. 

Бекер обалы қане, апайымыздың жұқарған жүйкесінің пайдасы тиген кезі де болды. Көпшілік ортасы болғандықтан, кейде төзбейтін нәрсеге төзесің. Түрлі адам – түрлі мінез дегендей... Қайсыбір демалыс күні жұмысты үйде істеуге тура келді. Алдыма жозымды қойып, қолыма қалам алғаным сол еді, тура төбеден магнитофон сарнап қоя берді дейсің. Үнінің қаттылығы сонша, шекені жарғандай. Алдында бір жас жігіттер көшіп келіп жатқанын байқап едім, солар болар, дауысын барынша еркін жіберді. Сәлден соң баяулатар деп шамалы күттім. Өзгеріс болмады. Негізі, бұл біздің халыққа әбден сіңісті болған әдет: жұмыс істесе, сарнағышты сарнатып қойып, қимылдайды. Жайшылықта төзер едім, жұмыс қалып барады ғой тоқырап. Ширыға бастадым. Дәл осы кезде «жұқарған жүйке» келді көмекке. Апайда жақындап барып, ақырын айту деген болмайды. Бар сөзін терезеден тіке жібереді.  

– Әй, жабайылар, тоқтатыңдар мына тағылықты! – деді бар дауысымен озандап. – Жүйкеме тимеңдер! Кетіп қалатын жер таппай онсызда әрең жүрмін! Қолдарыңда өліп беремін, бекер!.. Неге білмейсіңдер, бұл сендердің білгендеріңді істейтін жерлерің емес қой! Бұл – қала! Мұнда тәртіп бар...

Ары қарай тағы біраз сөз айтты. Назар аудармадым. Төбедегі дүкілдің тоқтағынына қуандым, жұмысыма кірістім. Шынын айтсам, іштей риза болдым. Ол кісі болмағанда, шаруа жайында қалар еді. Ертесі сөгіс болмаса да, ескерту естір едем. Содан аман қалдым.              

Біразға дейін сол жылы көңілмен жүрдім. Бірақ, сәл кейін куә болған бір жай орныға бастаған жақсы пікірімнің быт-шытын шығарды. Тағы бірде жаңағы «сарнаған» дыбыс астыңғы қабаттан шықты. Яғни, апай тұратын қабаттан. Ол кісі дәліздің арғы басын жалғыз мекендейтін. 

Ән тыңдағыш ала өпелердің ұзамай-ақ сыбағасын беретініне күмәнім болмады. Бірақ, өкінішке орай, күткенім бола қоймады. Біразға созылған «шуыл» жүйкемді қажай түсті. Жұмыс болғандықтан, жақатпағаным болмаса, өткендегі ән қазақша еді, және қандай әуендер десеңші! Ал мынау... тілі өзге, діті бөлек, бөтен әндер. Ән дегеннен гөрі әншейін бір тарсыл деген жөн шығар, төзімімді таусып, шыдамымды сарқып бара жатты. Сыртқа қарай ата жөнелдім. Барып, жас көршілермен төбелесейін деп емес, алыс кетіп, анталаған «арсылдан» құтылайын деп. 

Сыртқа шыққанда көрдім. Тоқтатар деп сенген апайым әлгі балалармен жайбарақат әңгімелесіп тұр. Терезеден. Рахаттанып. Тағы бірдеңелерді айтып, күліп қояды.

Мен ештеңе түсінбей, дағдардым да қалдым. Іс мәнісін сәлден кейін барып шамалап, жайыма кеттім. Бұл талғам дегенде бір талас болса-шы, шіркін!

Кейін естідік: апайымыздың өзі де кезінде «жабайылар елінен» – ауылдан келіпті. Оқыған оқуы белгісіз, құрылыс мекемесіне жұмысшы болып тұрып, осы жатаққанаға ірге тепкен. Аз күннен соң бақылаушы болып шыға келген. Адуын, асқақ басқарушы! Айтқанына көнбей, қарсыласқандарды алып соғып, айдатып отырған. Белгісіз қолдаушы барын білген жұрт содан былай ығатын болыпты. Іргесі мықтап бекігесін, десі тіпті де жүре түскен. Шаруасына берілгені сонша, кезінде бас құрауды ұмытыпты. Әйтпесе, маңында жігіттер аз болмаған көрінеді. «Ауылбай» деп жақтырмады» дейді білетіндер. Ал қалалық мырзалар мұны көзге ілмепті. Қиюы қашқан тіршілік-ай десеңші!

Жүре келе ауылымен байланысы үзілген. Себеп, баяғы «жабайылық». Тасы аяқ асты өрге домалаған кісі ауылды не қылсын... біржола ат кекілін кескен.

Сөйтіп жүргенде «қайта құру» басталыпты. Көп өтпей жекешелендіру. Тыпыр еткізбей ұстап отырған бес қабат, аз дегенде үш жүз адам тұратын жатақхана қолдан сусып кете барған. Сол талапайда бір бөлмеге әрең қолы жеткен апайдың өзі кірме боп қалыпты. Шамасы, сол тұс, әлде сәл кейін,  басы ауыратынды шығарыпты. Ал ауылдағылардың жұмыс іздеп қалаға жаппай ағылуы жүйкесін мүлде тоздырып біткен. Обал-ай десеңші!..

Серік НҰҒЫМАН

®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Серік Нұғыман : Иесіз адам
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-08-17/884.html