О. Генри: Жиырма жылдан кейін

Жиырма жылдан кейін

Өз міндетін атқарушы полиция қызметкері көше бойымен нық басып келеді. Бұл айбынды қозғалысы көшеде көпшіліктің жоқтығынан емес, әдеттегі жүрісі. Сағат тілдері енді ғана онды көрсетуде, бірақ жаңбырлы, салқын жел ескен қараңғы көше – бос. 

Жүріп келе жатып, есіктерді тексеріп қояды. Қолындағы таяғын еппен анда-мында сермеп, күзетіп жүрген тып-тыныш иелігінің мына басынан сонау шетіне дейін қырағы көзін бір тастап, қоғамдық тәртіпті сақтаушы жанның теңдесіз үлгісіндей бойшаң әрі денелі офицер аяғын теңселе басып  келеді. Төңіре баяғыда ұйқыға шомған. Тек темекі дүңгіршектері мен түнгі бар секілді бірен-саран жерлерде жылт-жылт еткен жарық көрінеді, ал бизнес  кеңселері сияқты ірі ғимараттар әлдеқашан жабық. 

Полиция қызметкері бір көшеге жетпей, орта жолда кенеттен жүрісін баяулатты. Тас қараңғы құрал-сайман дүкенінің алдында аузында тұтанбаған темекісі бар, бір кісі сүйеніп тұрды. Өзіне қарай беттеген полиция қызметкерін көре сала, шапшаң тіл қатты:

–Бәрі дұрыс, офицер, – деді ол. – Мен жай ғана жолдасымды күтіп тұрмын, болғаны. Жиырма жылдан кейінгі кездесуіміз еді. Бәлкім, сізге біраз күлкілі болып көрінер, солай ма? Егер қызық болса, анығырақ түсінікті қылып айтып берейін. Көп жыл бұрын дәл осы жерде «Үлкен Джо Брейди» мейрамханасы жұмыс жасаған еді.

–Бес жыл бұрын, – деді полиция қызметкері. – Содан кейін бұл ғимаратты бұзып тастады.

Есік алдында тұрған кісі сіріңкесін шығарып, темекісін тұтатты. Жарықтан полиция қызметкерінің қуқыл өңі, жалпақ беті, өткір көзі, оң жақ қасының тұсындағы тыртығы анық көрінді. Галстугіндегі үлкен гауһарлы қысқыш жалтырап тұрды.

–Жиырма жыл бұрын дәл осы түні, – деп жалғастырды әлгі кісі. – Мен осында, яғни «Үлкен Джо Брейди» мейрамханасында Джимми Уэлс есімді жақын жолдасым, өмірдегі нағыз керемет жігітпен жолығып, кешкі ас іштік.  Негізі екеуміз осы Нью Йоркте бірге туып өстік, туған бауырлар секілдіміз. Сол кезде мен он сегізде, ал Джимми жиырма жаста еді. Ертесі күні таңда мен арман қуып, Батысқа жол тарттым. Ал Джиммиді Нью Йорктен сүйресеңіз де алып шыға алмас едіңіз, себебі ол Нью Йорктен асқан жер жәннаты жоқ деп ойлады. Сөйтіп сол кеште, өміріміз қандай болса да, тағдырымыз қай арнаға бұрып әкетсе де, тура жиырма жылдан кейін дәл осы күні, дәл осы уақытта, дәл осы жерде кездесуге сөз байластық. Сол жиырма жылдың ішінде көздеген мақсатымызға қол жеткізіп, армандарымыздың орындалатынына сендік.

–Бұл өте қызық жағдай болған екен, – деді полиция қызметкері. – Десе де, менің ойымша кездесулеріңіздің аралығы өте ұзақ секілді. Сол соңғы рет көргеннен кейін жолдасың жайлы естімедіңіз бе?!  

–Жоқ, алғашқы кездері біз хат алмасып тұрдық. Бірақ  бір-екі жылдан соң байланысымыз үзілді. Білесіз бе, Батыс деген едәуір үлкен, мен соның ағысына ілесе кеттім. Бірақ егер Джимми тірі болса, оның айтқан сөзінде тұратынына сенем, әлемде ол сияқты адал дос, сенімді серік жоқ шығар. Ол берген уәдені ешқашан ұмытпайды. Бұл жерге уақытында жету үшін мен мыңдаған шақырымды артқа тастап келдім. Егер ескі досым уәдесін жұтпаса, менің бұл жаққа келуім текке кетпейді.

Күтіп тұрған адам қалтасынан беті ұсақ гауһар тастармен әрленген әдемі сағатын шығарды.

–Онға үш минут қалыпты. Дәл осы мейрамханадан шығып қоштасқанымызда, сағат тура он болған еді, – деді ол.

–Батыстағы істерің оңға басқан сияқты ғой? – деді полиция қызметкері.

–Әрине! Джимми де дәл осындай жетістіктің жартысына болса да жетті деп үміттенем. Ол  кішкене сылбыр болғанымен, өте жақсы адам. Жолымды көлденең кесіп, аяғымнан шалуға тырысқан арам ойлы қулармен талай алыстым. Нью Йоркте қалсам, қуыстан қуысқа қаңғып жүрер едім. Ал, Батыста етің тіріледі.

Полиция қызметкері таяғын бір айналдырып, алға қарай бір екі қадам жасады.

–Жарайды онда, менің кетуім керек. Жолдасыңыз уақытында келер деген үміттемін. Жолдасыңызға тым талапшыл болмайтын шығарсыз?!

–Жоқ, әрине! Жарты сағаттай тағы күте тұрамын! Егер ол жер басып, тірі жүрсе, осы уақыттың ішінде міндетті түрде келеді. Сау болыңыз, сержант! – деп қоштасты.

–Қайырлы түн, мырза, – деп полиция қызметкері айнала бұрылып, жолай есіктерді тексеріп, жұмысын жалғастыра жүріп кетті.

Суық ақ жаңбыр сіркіреп, самал жел ұйытқыған ызғарлы желге ұласты. Көшедегі жаяу жүргіншілер үндемей түксійген кейіпте жағаларын көтеріп, қолдарын қалталарына салып  алып, асығыс-үсігіс кетіп барады. Ал құрал-сайман дүкенінің алдында жас кезінде берген қисынсыздау уәдесін орындаймын деп алыстан ат арқалап келген кісі темекісін тартып, ескі досын ары қарай күтті. Жиырма минут өткен соң арғы жақтан ұзын пәлтесінің жағасын құлағына дейін барынша көтеріп алған, сұңғақ бойлы азамат көшені асыға кесіп өтіп, дүкеннің алдында тұрған жанға қарай беттеді.

–Боб, бұл сен бе? – деп, сенімсіз сұрады келген кісі. 

–Ал сіз Джим Уэлссіз бе?! – деп, бірден жауап қатты екіншісі.

–Құдайым-ау! – деп, айғай салып темекі тартып тұрған кісінің екі қолын алды. – Айдан анық, бұл расымен Боб! Сені осы жерден табатыныма күмәнім болмаған, әрине, егер тірі болсаң. Не дегенмен де, жиырма жыл аз уақыт емес. Көріп тұрғаныңдай, біздің мейрамхананы алып тастағаны өкінішті, әйтпесе, бұрынғыдай отырып, кешкі ас ішер едік. Ал, достым, сайра! Батыста қалай екен?

–Керемет! Көздегенімнің бәріне қол жеткіздім. Байқаймын, өзің мүлдем өзгеріп кетіпсің, Джимми. Мен ешуақытта бойың тап осылай  ұзарып кетеді деп ойламаппын.

–Иә, жиырма жасқа толғаннан кейін біршама өстік қой. 

–Ал сенің қал жағдайың қалай Джимми?!

–Жаман емес!  Бір мекемеде қызмет етемін. Жүр, Боб. Мен білетін бір жерге барып, асықпай отырып әңгімелесейік, өткен кеткенді еске алайық.

Екеуі қол ұстасып жүріп кетті. Батыстан өзімшілдік пен жетістікке тойып келген жігіт, өзінің жұмысы жөнінде әңгімесін бастап кетті. Джимми басын жағасына сұғып алып, барынша қызығушылықпен тыңдап келеді. 

Бұрыштағы дәріхананың жарығы жарқырап тұрды. Жарыққа жақындай бере, екеуі бір-бірінің бетіне қарады. 

Батыстан келген адам кілт тоқтай қалып, қолын босатып алды. 

Сөздерін бөліп: «Сіз Джимми Уэлс емессіз!» – деді Боб. «Білем, жиырма жыл ұзақ уақыт, алайда Римдік мұрын кішірейіп пұшық кететіндей соншалықты ұзақ емес».  

–Бұндай уақыттың ішінде тіпті кейде ар-ұяты бар адамдардың өзі алаяқ болып шыға келуі мүмкін екен, – деп жауап қатты ұзын бойлы жігіт. – «Момын» Боб, сіздің тұтқынға алынғаныңызға міне он минут болды. Чикагодан сіз біздің жаққа бас сұғатыныңыз жөнінде мәлімет түсіп еді және сізбен әңгімелесуден бас тартпауды жөн көрді. Өзіңізді дұрыс ұстайсыз ба?! Сізді тұтқындамай тұрып, менің орындауға тиісті  тағы бір міндетім болып тұр. Мінекейіңіз, сізге хат. Осы жерде терезенің алдында оқи аласыз. Бұл Капитан Уэлс  мырзадан.

Батыстан келген кісі берілген кішкене қағазды ашып, оқи бастағанда қолдары аздап дірілдеді.  Хат өте қысқа болатын: «Боб! Мен белгіленген жерге, жоспарланған уақытта келдім. Сіріңкені жаққанда, Чикаго іздеп жатқан адамның жүзін көрдім. Мен бұны өзім жасай алмай, сені тұтқындауға адам жібердім! Джимми».

О. Генри

Ағылшын тілінен аударған Сиражова Гүлфайруз

"Қабылан ақпараттық порталы"



®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » О. Генри: Жиырма жылдан кейін
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-05-25/718.html