Қуанәлі Алмасбекұлы : Жас сәуір
Жас сәуір
Мен қайталап боз бала шағыма оралғандай болдым. Өткен уақыттың қоржынында кеткен, мәңгілік деген жоқ ұғымының еншісіне бұйырған, балауса кезінде үскірік желдің бет шымшыр болмашы суығына ұрынып, өзінің әлсіз, қауқарсыз бейнесімен, осынау мейірмге толы деп әлдекімдердің ауыз толтырып айтар, сырты жадағай, іші сүркейлі, жалғандық жалауы желбіреп, жағымпаздықтың сөлі тамып тұратын өмірдің тікенді беткейінен тайғанап құлаған періштеммен қауыштым...
Қап-қара түн... далада болымсыз, шаш желбіретер майда желемік бар. терезе перде әлдебір күштің ықпалымен баяу діріл қағады.
Көзімді жұмсам көк көйлегін желбіретіп, сүйріктей ақ саусағын маған созып тұрған қызды көрем. Оның әрбір қимылы жеңіл, ойнақы. Бірақ көзіне қасыреттің қанды дорбасы ілініп тұр. Мені өзіне бірден елітеді. Сәбидей шалықтаған күйге түсем де, аңызғақта кеберсіп, болмашы дымқыл күткен кездегімдей ерінімді жыбырлатамын. Оның салалы саусақтарына, өзімінің көнге айналған алақанымды ала ұшамын.
- Келші ,жаным, мен сені көп күттім
- Мен сенен екі елі алыстап көрмедім.
Көзімді ашқанда, ол ақ жаулығын желпіп, ақша бұлттардың үстінде кетіп бара жатыр.
Өңім бе, түсім бе? Өзіме де белгісіз бейне. Бірақ менің сан жылдан бергі ат өксітіп іздеген асыл періштем екені даусыз. Сол балғын бейнесі, жарқын жүзі. Өзгерген ештеңесі жоқ сияқты. Маңайымдағылар айтушы еді “ сенен қарттықтың кейбір бейнелерін көреміз” деп. Мен өзгергем. Туған жерден жырақ кеттім. Сағыныш, жалғыздық мені ерте есейтті. Көз алдымда бала дәуірдің, тіпті жастық шағымның тірі куасы жоқ. Ал сол қыз өзгермеген. Деседе, өмірдің азынаған дауылы оның жанарын өзгертіпті... оны қайдан көрдім? Ойымда сансыз жолығулар. Рас, алғаш ұжымақ реңдес көктемде көргем. Ол кез де мен бозбалалықтың ақжалына жаңадан ер салып, ақтүбіт иегіме жирен сирек қаптай бастаған шақ. Айна алдында отырып, өзімді жігіт санайтын едім. Балалық дәуірдің басымнан тез өткеніне аса шаттанатын ақымақ кезім еді. Тез есеюді армандадым. Дыр-думанға араласқым келетін. Жеңгелеріме еркелейтін мезгілден алыстап, бұлақ басында қыздармен сырласуды аңсайтынмын. Мен оны алғаш көргенде, көзі мөп-мөлдір, ойнақы болатын. Елес боп оралғандағы мұңлы жанарындай жастылау емес, қайта ашық, тұнық еді. Уақыт керуені оған да шаң бүркіп үлгеріпті.
Терезе перде баяу діріл қақты. Менің аппақ періштем қайта оралды. Аспан төсіндегі сүт дарияға шомылған сияқты, үстінде жасыл көйлек. Қара алмас көзінен жас тамып тұр...
- Келші жаным, мен сені көп күттім.
- Мен сенен екі елі алыстап көрмедім.
- Мен неге сені көре алмаймын?
- Пенде шіркін қашан көзін ашып жүруші еді.
- Мен зағиып емеспін.
- Жалған.
- Алғаш көрген соң мен сені көп іздедім.
- Таба алатыныңа сенімдіме едің? Елес қыз жәудірей қарады.
- Таба алатыныма күмәнім болған.
- Осылай қателескенсің. Егер табарыңа сенімді болсаң табар едің. Сенімсіздігің сен екеуміздің де үмітімізді үзді.
- Бірақ, мен үмітімді әлі сөндірмедім. Міне бүгін таптым.
- Бұл кездесу табысу емес, қоштасу.
- Сен кетесің бе?
- Кету мен қоштасу екі басқа іс.
- Тым жұмбақтасып кетіпсің. Бейнең өзгермегенмен, ойлау жүйең күрделілесіп кетіпті. Шынымен де мен оның, менен де есейіп кеткенін Аңғардым. Жанарына қарадым, маған беймағұлым жазулар.
- Мені неге таба алмағаныңның себебін іздеп көрдің бе?
- Жоқ.
- Адами болмыстарыңа ортақ ауруымен ауырмаған болсаң өзіңді де, мені де қинамай табар едің.
- Қандай ауру?
- Бір-біріңнен ассам деген астамшылықтарың.
- Ол біздің асқақ мұратымыз.
- Сол мұраттарың сендерді құрдымға батырады. Сен кұрисың...
Мен оған қолымды создым. Ол орнынан баяу көтерілді де ғайып болды… Бағанадан соғып тұрған желемікте күшейе бастапты. Мен тағы да сұрапыл ақбуырыл толқындар ішінде қалдым. Жаралы қанат, күйзелген жан арпалысы. Жасыл көйлек. Мен сені қайдан көрдім. Есіме оралтуға тырыстым. Жанымда жатқан шылымды тұтаттым да, құшырлана сора бастадым. Шұбалып шыққан көк түтін бөлме ішін кеулеп, бөренелерге сіңе бастады.
... мен оны Назының найза шыңынан көргем. Сай табанында жырғалаң өзені сарқырап ағып жатыр. Беткейлердегі қой бүлдірген жаңадан пісе бастаған кез болатын. Жаздың жайма-шуақ мезгілі. Жігіттік дәуренім. Айғай жиырма бес.
«Ақ тамақтан емінтіп бір искетсең
Айналсоқтап қасыңнан кетемін бе». Алыстан талып осы әуен жетеді. Зарыққа, сағынышқа толы жан аңсауы. Үйір шақырған кер бұғының зарлы үніндей, осынау сүйген жарына деген ынтызарлық пен назға толы әнді айтып отырған қойшы жігіт екен.
«Ақ тамақтан емінтіп бір искетсең...». жалғасы жоқ. Айтуға үлгірмеді. «Айт, Айт», «Қарыс, Қарыс», «Ақ төбет, ақ төбет». Жаңағы назды әуен бірден сүркейлі дауыстарға ұласты. Ғашығын аңсап ән салып, ойы қойда емес, әлде қайда отырған қойшының қойына қасқыр шапты. Қапы қалды білем.
Астымдағы атымды тебітіп, сыдырта жалға шықтым. Қандыауыз қасқырдан араша тілеген қойлар, оңтайлы сәтті пайдаланған қасқыр, арсылдай атылған иттер. Ақ таяғын ала жүгірген қойшы. Қызыл қанға бөгілген жасыл шалғын... мен осыларды көрдім. Айқас, жанталас, бір-бірін тартып жеу – өмірдің өзгермес аксиомасы екенін мен алғаш сонда түсіндім. Алды-алдына бөлінген қойларын қайтадан бір-біріне қосып қойшы әлек. Жал үстіндегі жалғыз аяқ жолмен, енді өз басына келер хауыпты сезген көк арлан безіп барады. Үріккен қойда иесінің қайыруымен ұйлығып тұр.
- Қандыауыздың сілекейінен кие жұқсын қотаныңа.
- Сағынышым сақтығымнан айырды. Анау жетім қозының обалына мен қалдым. Басқасын қойшы.
- Ол өмірдің қатыгездігі, өзіңді кіналама.
- Әрең жүргенде ауызына алдымен сол түскен сияқты, тамағынан бір тістеп лақтырып жіберіпті.
Көз алдымда «Ақ тамақтан емінтіп бір искетсең» деп армандаған қойшының аруының ақ тамағы мен қасқырдың азуына ілінген жетім марқаның бауыздалған тамағы. Бұл – қатыгездік пен мейірімділіктің қан тамырда қатар ағуы еді. Қойшының көзінде екі бірдей қимастық сезім ұшқыны алаулайды.
Мен өз жөніме кеттім. Келесі бір жалдың үстіне шыққанымда, «Ат өксітіп алыстан келгенімде» деп соза түскен қойшының дауысын естідім. Бұлақ бойындағы бие байлап отырған кигіз үйге ат басын тіредім. Желідегі құлындар шыбындап тұр. Байлауға көндіккен, жуасып болған. Ұзақ тұруға шыдамаған тәрізді, торы құлын аяғын созып тастап, керіліп жатыр. Аптап күннің ыстығынан болар, шабынан тер шығып, жіпсіп жатыр. Сонадайда мама биелер жайылуда. Шәбелеңдей жүгірген итін жасқай жүріп, үйге кіруге ұсыныс етті көк көйлегін көлбірете киген, құлынның сауырындай дөңгелек бетті қара қыз. Жаздыңгүнгі жеңіл киімінен дене мүшелері білініп тұр. Адамға тіке қарамайды. Көз қиығын тастайды. Еріні шиедей қызыл. Ақ тамағына күміс алқа таққан. Өзгеше әсемдік беріп, көркін ашып тұр. Кеудесі әнтек көзге түсердей. Менің ішіп-жеп отырған көз жанарымнан жасқанған болар, лып етіп сыртқа шығып кетті де, шапан киіп қайта кірді. Алдын түймелеп киген шапан бағанағы әдемі көріністердің бәрін бүркемелеп алыпты.
- Жаз жылы болғанмен күн суық-ау -, дедім қағытпалай.
- Күннің суығынан емес, көздің сұғынан осылай киінуге тура келді. Қағытпамның қарымжысын еселеп қайтарды. Жөпелдемеде жөнді жауап таба алмай, алдымдағы қымыздан сораптай жұттым.
«Ақ тамақтан емінтіп бір искетсең». Алыстан ән сарыны естілді.
- Ағатайым келе жатыр екен.
- Үйгеде осылай әндетіп келуші ме еді?!
Қыз үндемеді. Ағасының ерсі қылығы оны да тығырыққа тіресе керек. Күн қызуы қайтқан мезгілде атыма міндім де үйге қайыттым. Өзімеде беймағұлым сезім самалы өне бойымды сипап өте шықты. Мені де есірік сезім қыса бастады.
; Көзіңнің мөлдірін-ай;... осынау ән ырғағы санама қалай келгенін өзімде білмеймін...
Далада ақ боран түтеп тұр. Бағанадан соққан жел құтырып, әбден күш алған. Терезе перде әнтек қозғалып елес қайта пайда болды.
- Келші жаным, мен сені көп күттім.
- Мен сенен екі елі алыстап көрмедім...
- Мен сені көргем.
- Қателеспе мені көрген емессің. Мен сенің қиялыңда ғана өмір сүремін.
- Көргем. Қойшының әнін естіген Назының найза шыңынан. Қолыңнан дәм татқам. Сондағы құлын сауырын қыз сенсің. Соған ұқсатамын.
- Адамдардың трагедиясы – ұқсатудан басталады. Ұқсастық іздемейді. Ол екеумізден ұқсастық таба алдың ба?
- Жоқ
- Міне, мені оған ұқсатпа. Ол екеумізден ұқсастық ізде. Егер ұқсастық таба алсаң мұратыңа жетесің...
Көзім алды мұнарланып кетті. Өң мен түстің арасындағы өтпелі кезеңде тұрғандаймын. Бет бүркенішін түсірді. Айдай сұлу деудің өзі оның ажарына теңеу бола алмас. Мүмкін хор қызы деп жүргеніміз осы болар. Ол жаулығын желпи отырып сұрау қойды:
- Сен мені қызғанасың ба?
- Өзімде білмеймін.
- Әлсізсің. Адам өзіне тауелді деп білген адамын қызғанудан қалғаны махаббатының өшкіндеп, жүрегіндегі алаудың сөне бастағанының айғағы. Нәзік сезімінің дөрекілене түсінуінің алғашқы бастамасы. Махаббатты өлтірудің ең жеңіл тәсілі – қызғаныш сезімін жоғалту болмақ.
Ол ғайып болды... мен сонау бозбала шағыма қайтып оралғандаймын. Қайдан көрдім көзі мөлдір елес қызды. Ыңылдап ән айта бастадым. Бірақ долы боран өз даусымды өзіме де естіртпеді...
Қуанәлі Алмасбекұлы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Қуанәлі Алмасбекұлы : Жас сәуір
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2018-03-17/1087.html