Әсерлі әңгіме: Ұмытылмас сабақ
ҰМЫТЫЛМАС САБАҚ
Бұл оқиға 1980-ші жылдары, Ленинград қаласында болған еді. Василевский бойында автобуспен келе жатқанбыз. Қасымдағы орындықта отырған балдырған, шамасы 6 жаста, тынымсыз құтыруда. Анасы оған мән берместен, ойсыз жанарымен терезеге қадалып отыр. Балақай қайта-қайта шешесінің киімінен тартқылап қояды. Әйнек сыртынан сұрықсыз аспан мен сұрғылт ағаштар жүзіп өтуде. Балақай бір нәрсені сұрап жатыр ма, талап етіп жатыр ма – белгісіз. Әйтеуір тыным жоқ! Бір кезде басын оқыс бұрған шешесі ұлының қолын жұлқа тартып қалды, сыбырлай, ызалана тіл қатты:
- Не керек саған?!
Балақай сасқалақтап қалды.
- Не керек деймін саған?! Сен өзің кім екеніңді білесің бе?! Сен – ешкім де емессің! Түсіндің бе?! Барыңнан жоғың!
Балақайдың көзі бадырайып кетті. Маған ол дірілдеп тұрған секілді көрінді. Әлде мен дірілдеп кеттім бе? Арқам терлеп қоя берді. Басыма келген алғашқы ой есімде: «Шынымен ол осы сөзді өз баласына айтып тұр ма?! Әлде басқа біреу туралы ойлап отыр ма?..»
- Сені көргім де келмейді! – деді ол тағы да ысылдап.
«Өлтірдің ғой, құрттың ғой баланы!» Көліктегі адамдар ештеңе де болмағандай қалғыған қалыптарында кетіп бара жатты. Тынысым тарылып, тынып отырмын. Алайда балақай жыламады. Ал анасы оның қолын сілкіп тастап, қайтадан терезеге үңілді. Ол бірден басылып, төменшіктеп қалғандай көрінді. Қарсы алдындағы орындықтың жыртық арқалығына қараған күйі үнсіз отыр. Мен болсам, орнымнан атып тұрып, бәрінің көзінше шешесін паршалап тастағым кеп кетті! "Ей, сорың құрғыр салдақы! Сен, сен ешкім емессің! Тірідей өлтірдің ғой оны!" деп айғай салғым келді. Ант етейін, тура осылай істегім келді! Алайда балақайға қарап, іркіле бердім. Өзімді тынышталдыру үшін көзімді жұмып, терең тыныстай бастадым.
Көзімді ашқанымда кәмпитті көрдім. Бір жас жігіт, сірә студент болар, жинсы шалбар киіп алған, өңі сондай жылы, бұйрабас жігіт балаға кәмпит ұсынып тұр екен. Баланы иығынан тартып:
- Ала ғой, - деді күлімсіреп. Ол алды. Жігіт оған бірден екінші кәмпитті ұсынды. Балақай сәл кідіріп барып, оны да алды. Одан ары, есіме алсам, көз жасымды әрең тежеп қалатын, ғаламат бір көрініс басталды.
Бала кәмпитін бірден жемеді, анасының жеңінен тартты. Ол бірден бұрыла қоймады. Балақай қайта-қайта тартқылап қоймаған соң, ақыры бұрылды-ау. Баласын соңына дейін таптап, тұқыртып тастағысы келгендей ызбарлана бұрылды. Оған мән бермеген балақай кәмпитті ұсынып қолын созды. Ол балаға бір, тәттіге бір қарап, қатты да қалды. Сол сәтте бала кәмпитті оның қолына ұстата қойды. Ол қолы күйіп қалатындай, жалма-жан өзіне қайтарып берді.
- Жегім келмейді, - деді шешесі.
Екі кәмпит те балдырғанның алақанында жатты. Бірақ ол қолын созған күйі тұра берді.
- Өзің же, - деді ақырын ғана анасы, - менің жегім келмей тұр... Шын айтам.
Балақай кәмпитті оның тізесінің үстіне қойды. Осы арадағы үнсіздікті, үзілісті ешқашан ұмыта алмаспын! Және бала жүзіндегі сол бір ересектікті, ірілікті!
Көз алдымда, бірнеше минут ішінде, ол баладан – жігітке, ал анасы ызаланған, шамданған көкбеттен – әдемі жас келіншекке айналып сала берді! Қалай болғанда да, мен осылай сезіндім!
Шешесі үнсіз отырып қалды. Ұза-ақ отырды. Сосын ұлына, оны бірінші рет көріп отырғандай, таңдана көз салды. Сосын құшақтады құлынын. Балақай да анасын құшағына қатты қысты. Содан кейін кәмпиттің сыртын аршып, қайта ұсынды. Анасы тәттіні аузына салғанша өзі де жемеді. Көз алдыңызға елесте алдыңыз ба?! Бұл мен үшін тағы бір есеңгірткен соққы болды!
«Ей, өзінше әділетті, өзінше мәдениетті болып отырған бейшара! Жаңа ғана мына әйелді кінәлап, «паршалап», «қайта жасағың» келіп еді ғой. Ұрыс-керіс пен шатақтан басқа неге қол жеткізе алатын едің?! Ал мына балақай, қарашы, қандай ақылды! Қандай дана! Ол басқа нәрсемен алды. Жеңді! Өзегіңді шымырлатып, жүрегіңді дүрсілдетіп, жасыңды еріксіз лықсытып тұрып реттеді! Ал, ана кәмпит берген жігіт ше? Ол да тегіннен-тегін екі кәмпит бермеді ғой...»
Есімді жиып, жан-жағыма қарадым. Көліктің әйнегінің ар жағында, шалшық көшемен жаңағы жігіт алыстап барады. Ал ана мен бала бір-біріне еңкейе, бастары түйіскен қалпында отыр. Құдай ақы, тура бір жаңа қосылған ғашықтар дерсің!
Осы арада жүргізуші мен түсетін аялдаманың атын атады. Шығып бара жатып, балақайдың қолынан сипап өттім. Осы арқылы оған «Рахмет!» дедім. Түсінген-түсінбегенін білмеймін, алайда ол маңызды емес.
Мен осы оқиғаны, осы сабақты есімде сақтап қалдым. Сақтауын сақтадым-ау, санама сіңіріп түсіну үшін арада сан жылдар өтіпті. Иә, нағыз тәрбие деген осы ғой! Ересектердің барлығы біле бермейтін тәрбие. Жүрекпен, мейіріммен тәрбиелеу өнегесі! Айғаймен, кінәлаумен, ұрсып-ұрумен емес. Жоқ! Тек өнеге әсер етеді екен, жүректегі махаббат әсер етеді екен! Басқа нәрсе – әурешілік! Балақай сол үлгіні көрсетті. Анасына да, маған да. Әрі бізді өзгертті!..
Сол балақай қайда екен? Қайдасың, данышпан балақай?! Бүгін қандай күйдесің?.. Бізге қаншалықты керек екеніңді білесің бе сен, а?! Сенсіз құрып кетеміз ғой біз...
Авторы белгісіз
Аударған Алғадай Әбілғазыұлы
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Әсерлі әңгіме: Ұмытылмас сабақ
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2019-05-29/1143.html