Тайм-менеджмент немесе уақытыңды тиімді басқару
Қазіргі шапшаң өмір ағымы мен қатаң цейтнот кімді болсын эмоциялық күйзеліске ұшыратпай қоймайды. Өз кезегінде ол сіздің жұмыс істеу нәтижелілігіңіз бен жалпы өмір сүру сапаңызға қатты әсер етеді.
Табысты адамдар, тіпті бәлкім кейбір таныстарыңыз қалай бәріне үлгереді деген сұрақ қойған шығарсыз?! Оларда да тәулігіне 24 сағат, сізде де 24 сағат. Бұл уақытыңды тиімді басқарып, басым тапсырмаларды тез әрі уақытында орындаудан басталады.
Жоспарлау мен істерді ойлауды ӘРҚАШАН қағазға жазыңыз. Ақпараттар легі заманында мида барлық қажетті істеріңіз бен ақпаратты сақтау мүмкін емес.
Істерді 4 типі бойынша бөліп қарастыруға болады, ол Эйзенхауер әдісі деп аталады.
1. Шұғыл және маңызды. Бұл істерді ертеңге қалдыруға БОЛМАЙДЫ, сондықтан жылдам кіріскеніңіз жөн.
2. Маңызды, бірақ шұғыл емес. Бұл істерді шұғыл емес деп ертеңге қалдыруға болмайды, себебі болашақта қиындықтар туғызуы мүмкін. Мүмкіндігінше ерте орындағыныңыз жөн.
3. Шұғыл, бірақ маңызды емес. Бұндай істермен айналысу жұмыс өнімділігіне еш әсер етпейді. Нәтижесі де көрінбейді. Сондықтан, мүмкіншілігіңізге қарай, осындай істер санын азайтып, не мүлдем алып тастаған жөн.
4. Шұғыл да, маңызды да емес. Істердің бұл түрімен айналысудың қажеті жоқ. Сондықтан оп-оңай тізіміңізден сызып тастасаңыз болады.
Тағы атап кететін жайт, ол Абай атамыз айтпақшы, "... Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.." ("Сенбе жұртқа" өлеңінің тармағы). Яғни теледидар көре тұрайын, интернетте отыра тұрайын деп алтын уақытыңызды сарп етпеңіз. Өз-өзіңе "ЖОҚ" айтып үйрену де пайдалы.
Қорытындылай келе, тепе-теңдік қағидатын ұмытпаған жөн. Яғни жұмыстағы (оқудағы, тағысын тағылар) уақыт сапасы мен отбасыңызға бөлетін уақыт тең болуы қажет. Қандай шаруа болмасын, Сіз және отбасыңыз бірінші орында тұруы шарт. Сондықтан уақытыңызды басқарып, өміріңіздің сапасын арттыру үшін тынбай жұмыс істеуіңіз қажет.
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Тайм-менеджмент немесе уақытыңды тиімді басқару
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2017-07-07/819.html