Италияның атақты жазушы, сыншысы Умберто Эконың немересіне хаты
Умберто Эконың немересіне хаты
«Жаттап ал»
Италияның атақты пәлсапашысы, жазушысы, сыншысы Умберто Эко өзінің немересіне жаңа жылдық құттықтау хатын осылай атапты. Бекерден бекер олай демеген. Хатты бұл фәнидегі адамға ең қымбат дүние – өзінің жадына арнаған.
— Қымбатты, менің немерем,
Бұл мерекелік хатым Де Амичис сипатындағы насихат айту болып шектелгенін қаламас ем. Мен етене жақындарымызға, Отанға, адамзат баласына, тағысын тағыларға деген махаббатты үгіттегім келмейді. Сен бәрібір ондай сөздерді тыңдамас ең. Ер жеттің. Менің болса бір аяғым төрде, бір аяғым көрде. Екеуіміздің құндылық жүйелеріміз әр басқа. Сондықтан менің айтқан ақылым сенің басыңа қонбас. Орынсыз болар.
Сонымен, мен тек қана бір кеңес айтқым келеді. Сен оны өмір жолыңда әжетіңе жаратарсың. Әсіресе, планшетіңді қолданған кезде. Сенің алдыңда ақылынан алжасқан шал болып көрінгім келмегендіктен оны қолданба деп айтпай-ақ қояйын. Өзімде ара-тұра қолданатыным рас. Бір айтарым, қолыңа сол планшет түскенде адамдар арасындағы, адам мен хайуан арасындағы жыныстық ойындарды насихаттайтын жүздеген порносайттарда көп отыра берме. Жыныстық қатынас осындай біржақты әрекеттен ғана тұрады дегенге еш сенбе. Бұл қойылым тек сені үйден шығармау үшін жасалынған жасанды көрсетілім. Сыртқа шығып сұлу қыздармен таныспасын деген сылтау. Сені гетеросексуал деп сенемін. Олай болмаған жағдайда саған арнап жазған кеңестеріме құлақ сал. Мектептегі, көшедегі қыздарға назарыңды аудар. Олар теледидардағыдан әлдеқайда сұлу, online отырғандардан гөрі саған көбірек бақыт сыйлай алады. Дәл осыныма сенгін. Өйткені, бұл тарапта менің тәжірибем орасан. Мен жыныстық қатынасты тек теледидардан қарап отыра берер болсам, сенің әкең дүниеге келмес еді. Сен де жоқ болар ма едің.
Саған айтайын дегенім ол емес-ті. Айтпағым, қазіргі ұрпақтың бәріне дерлік жұққан басты дерт – жадының тұрақсыздығы туралы әңгімелемекпін.
Бұл рас сөз. Егер Ұлы Карлдың кім болғанын білгің келсе, немесе Куала-Лумпур әлемнің қай бұрышында орналасқанын көргің келсе, сен бір пернені басып, бәрін біле аласың. Ондайды аса қажет кезінде ғана жаса. Анықтама алған кезде оның мазмұнын мұқият оқып, есте сақтап қалуға тырыс. Екінші қайтара іздеп, мектепте керек болған кезде әуре-сарсаңға түспеу үшін. Компьютер сенің кез келген сұрағыңа жауап бере алатындығына сонша сенім артып алғандарың жаман болды. Ол сенің оқып-білуге деген бар ынтаңды жоқ қылды. Ақпаратты есте сақтап қалуға тырыспайтын болдың. Мынадай салыстыру жасайық: бір көшеден екінші біреуіне автобуспен немесе метромен жетуге болатынын білген адам, қатты асығыс болса, көлікті қолданады. Бірақ жаяу жүрмесек біз мүгедек адам сияқты боп қаламыз. Әлбетте, сен спортпен шұғылданатыныңды білем. Тәніңді басқаруды білетініңе де еш күмәнім жоқ. Сенің санаңа оралайық.
Жады деген аяғыңның бұлшықеті іспетті. Жаттығуды доғарсаң, ол былжырап, сен ақымаққа айналасың. Оның үстіне қартайған шағымызда бәріміз де Альцгеймерге ұшырауымыз ықтимал. Соны болдырмаудың басты ережесі жадыны жаттықтырып отыру.
Менің кеңесім мынадай. Күнде таңертең тұра салып бір қысқа тақпақ жатта. Бала күнімізде бізге солай жасататын. Достарыңмен кімнің жадысы мықты деген жарыс жасауға болады. Поэзия ұнамаса, онда футбол командаларының құрамасының аттарын жатта. Бірақ сен тек Рим командасының аттарын ғана емес, басқа командалардың да ныспыларын жатқа білуің керек. Олардың алдыңғы құрамасында ойнағандардың есімдерін есте сақтауды үйрен. (Мен мысалға, Суперга шыңындағы жарылған ұшақтың ішінде кеткен Турин клубының құрамасының аттарын жатқа білем: Бачигалупо, Балларин, Марозо, т.б.). Оқыған кітаптарының мазмұнын кім жақсырақ есте сақтайды деп жарысыңдар. «Үш ноянның» кейіпкерлерін достарың жақсы біле ме? «Үш ноянды» оқығың келмесе (оны оқымаған адам не жоғалтарын сен түсінбессің), өзің оқыған кітаптың кейіпкерлерін санамалап шықшы.
Ойын сияқты. Бұл шынында да ойын. Санаң сан алуан кейіпкерлерге толғанын байқайсың. Неше түрлі оқиғалар, әр түрлі естеліктер жадыңда жаңғырып тұрады. Неге компьютерді электронды ми деп атаған деп сұрауың мүмкін. Оны сенің (біздің) миыңның моделіне қарап жасаған. Бірақ адамның ми қыртысы компьютердегіден әлдеқайда көп. Ми – сенің компьютерің, ол үнемі сенің жаныңда. Оның мүмкіндігі күн өткен сайын ұлғая бермек. Тек жаттығу жасауды ұмытпа. Ал, үстел үстіндегі компьютердің жұмыс істеу ұзақтығы әрі кетсе бір жыл, сосын оның жылдамдығы азая береді. Ауыстырмаса болмайтын жағдайға жетеді. Ал, сенің миың саған тоқсанға келгенше қызмет етеді. Тоқсанға келген соң да жаттықтыра берсең, бала күнгі естеліктерің дәл бүгінгідей көз алдыңда болады. Оның үстіне ми деген тегін байлық.
Тарихи жады деген болады. Ол сенің өміріңнің оқиғаларымен, яки оқыған жағдаяттармен байланысты емес. Ол сен туғанға дейінгі жайларды есте сақтайды.
Егер бүгін сен кинотеатрға барсаң, басталатын уақытына сай келесің. Кино басталған кезде біреу сені қолыңнан жетектеп, бәрін түсіндіріп жатқандай күйде боласың. Менің кезімде кинотеатрға кез келген уақытта кіруге рұқсат бар еді. Тіпті, фильмнің тең жартысы өтіп кеткен кезде де кіріп, көре беретінбіз. Сен келгенше талай оқиға өтіп кетеді. Сосын отырып алып, не қалай болды екен деп өзің ойша өрбітесің. Ол фильм қайтадан басталған кезде қай ойың дұрыс, қайсысы қиыс кеткенін аңғаратынсың. Көрген киноң көңіліңнен шықса, тағы да қалып көруге болатын. Өмір де менің кезімдегі кино көру дағдысы секілді. Біз тумас бұрын мыңдаған жылдар бұрын сан алуан оқиға болып кеткен. Біз туғанға дейін нендей жағдайлар орын алғанын білу маңызды. Ол бүгін болып жатқан өзгерістердің ненің салдарынан екенін пайымдауға үйретеді.
Бүгінгінің мектебі (өзің оқитын кітаптардан бөлек) сен туғанға дейінгі тарихты оқытып, есте сақтауды үйретуі қажет. Бұған мектептің шамасы жетіңкіремей жатыр. Қазіргінің жастары, студенттері, мәселен тоқсаныншы жылы туғандар сексенінші жылы не болғанын білмейді. Елу жыл бұрынғы тарихты былай қойғанда. Статистика, жастардан Альдо Моро деген кім деп сұрағанда «Қызыл бригаданы» басқарған деп жауап бергенді айтады. Ал, шын мәнінде осынау солақай радикал топтың мүшелері оны өлтіріп кеткен еді.
«Қызыл бригадалардың» қызметі әлі күнге дейін көпшілік үшін құпия күйінде қалып тұр. Бар-жоғы отыз жыл бұрын ғана саясат сахнасында болған ұйым еді. Мен 1932 жылы туғам, фашистер билікке келген соң он жылдан кейін. Бірақ Римге марш жасалған кездерде кім премьер-министр болғанын әлі күнге дейін білем. Мүмкін оның қандай ақымақ әрі жаман болғаны туралы маған фашистердің мектебінде айтып, түсіндірген шығар. Ол маңызды емес. Бірақ оның билік құрғаны туралы мен білетінмін. Жарайды, мектепті жайына қалдырайық.
Бүгінгінің жастары жиырма жыл бұрын атағы жер жарған әртістерді танымайды. Ал, мен олардың жастарында Франческа Бертинидің кім болғанын да білгем. Ол мен туғанға дейін жиырма жыл бұрын мылқау киноның жарық жұлдызы еді. Біздің үйдегі қоймада шашылып жататын ескі журналдарды парақтауды жақсы көретіндіктен осынша мол мағлұматтарды білген шығармын. Ескі журналдарды сен де парақтап тұр. Сен туғанға дейін не болғанын біліп жүресің.
Өтіп кеткен заманның бізге не қатысы бар дерсің? Керегі бар. Өткенді саралап қарасаң, бүгінгі көп жағдайдың неден шыққанын анық түсіне бастайсың. Футбол командасын жатқа білгендей санамызды сауықтыра түсетін ақпараттар ол.
Миды тек кітап-журналмен ғана жаттықтырып қоя салмайтынын ескере жүр. Интернет арқылы да жаттықтырудың жолы бар. Таңнан кешке дейін достарыңмен әңгіме соға бермей, арасында дүниежүзі тарихына көз жүгірт. Хеттер мен камизарлар кімдер? Колумбтың үш кемесі қалай аталған? Динозаврлар қашан жойылып кеткен? Нұқ пайғамбардың кемесінде штурвал болды ма? Бұқаның атасын не деп атайды? Жүз жыл бұрын жолбарыстар бүгінгіден неше есе көп болды? Мали империясы туралы не білесің? Ол туралы кім айтып берген? Екінші Папа кім болды? Микки Маус қашан жасалды?
Мұндай сұрақтарды кеш батқанша қоя берер едім. Оның бәрі ізденіске бағыттайтын жақсы құрал болар еді. Мұның бәрін есте сақтай білу керек. Бір күні сенің де күнің өтіп, қартаясың, алайда сен бір емес, мың адамның ғұмырын сүргендей күйде боласың. Ватерлоо шайқасына қатысып, Юлий Цезарьді өлтіргенді көргендей, Бертольд Шварц болған жерлерді саяхаттап, түрлі заттарды араластырып, алтын алам деп, жарылғыш зат жасап, соған атылып (өз обалы өзіне!) кеткендей болар ең. Ал, қасыңдағы санасын жетілдіргісі келмейтін жалқау достарың өзінің ғана сұрықсыз, сүреңсіз, еш бақыты жоқ өмірін сүре берсін.
Жадыңды жаттықтыр. Ертең тұра салып «La Vispa Teresa»- ны жаттап ал.
Аударған Шынар Әбілдә
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Италияның атақты жазушы, сыншысы Умберто Эконың немересіне хаты
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2017-05-07/640.html