Линкольннің мектеп директорына хаты

Аңыз бойынша 1855 жылы Авраам Линкольн өзінің баласы оқитын мектептің директорына хат жазады. Сол хаттағы сөзі күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоймағаны тәнті етеді. Құлақ түріңіз: 

"Баламның барлық адам бірдей әділетті емес, әр адам шынайы болмысқа ие болмайтынын білуге мәжбүр екенін түсінем. Бірақ оған әр оңбағанға қарсы тұрар бір батыр, өзімшіл саясаткерді сазға отырғызар адал көшбасшы табылатынын түсіндіріңіз. Егер дұшпан бар болса, онда дос та табылады деп үйретіңіз. 

Мұның барлығын санамен түсіну үшін көп уақыт қажет екенін түсінемін. Маңдай терімен тапқан бір доллар жолдан тауып алған бесеуден артық екенін түсініп өссін. Сіз оған керек кезінде жеңіле білу мен өз жеңістеріне риясыз қуануды үйретіңіз. Қолыңыздан келсе оны жалған күлуден бойын аулақ ұстап, тек шынайы түрде жымиюдың құпиясын көрсетіңіз. Мақтаншақтар мен бұзықтарды жеңу өте оңай екенін ертерек білуге баулыңыз. Шамаңыз жетсе, кітаппен достасуына күш салыңыз... Арасында мәңгілік құпиялар туралы ойланатын бос уақыты болсын. Аспандағы құсты, омартадағы араны бақыласын, атқан таң мен көк шалғынның кереметіне көз жеткізсін.             

Мектеп қабырғасында жүргенде алаяқтық жасағаннан гөрі жеңіліс тапқан әлдеқайда мәртебелі болатынын үйретсеңіз екен. Өзгелер бұрыстығын дәлелдеп тұрса да өз меніне деген сенімі нық болуға тәрбиелеңіз. Жұмсақ адамдармен жұмсақ, қатыгез адамдармен қатал болуға үйретіңіз. Менің ұлыма тобырға ілесіп жаңсақ басудан сақтайтын рухани қуат беріңіз. Кез келгенді тыңдап, әр сөздің мәні мен мағынасын түсініп, електен өткізіп, тек дұрысы мен ақиқатын таңдауға дағдыландырыңыз.

Қайғырып отырып та күле білуге болатынын көрсетіңіз... Көз жасын көрсету ұят еместігін түсіндіріңіз. Арсыздардың қылығына күле білсін, мақтанға бой үйретпесін. Өз ақылы мен күш-қуатын ең жоғары бағаға сатуды үйретіңіз. Бірақ ешқашан жүрек пен жанын саудаға салмасын. Ысқырығы жер жаратын боскеуделерді тыңдамауға, өзінікін дұрыс деп білсе, орнынан тұрып күресуге бел шешіп кіріссін. Оған мейірімді болыңыз. Дегенмен, тым жұмсақтық таныта бермеңіз. Өйткені, тек отқа салған құрыш мықты болып шығады. Ұлыма ымырасыздыққа баратын батылдық беріңіз. Қайратты болуға рұқсат етіңіз. Әрдайым өзіне деген сенімі нық болсын. Тек сонда ғана оның адамгершілікке деген сенімі зор болмақ.

Менің айтқанымды орындау оңай емес. Қолыңыздан келгенін жасап көріңіз. Менің кішкентай ұлым сондай жақсы бала!».


«Ұстаздың шеберлігі» кітабынан

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы


®Азияинфо - Asia info™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Линкольннің мектеп директорына хаты
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2017-08-18/886.html