Балаңыз сіздің елесіңіз болуға емес, өзін табуға көмектесіңіз
Януш Корчактың тәлімі
Я́нуш Ко́рчактың шын есімі Эрш Хе́нрик Го́льдшмит. Ол ассимиляцияланған еврей отбасында дүниеге келген. 1878 жылы 22 шілдеде, Варшава қаласында туған. Атақты поляк педагогі, жазушысы, дәрігер әрі қоғам қайраткері болды. Қаны еврей болғандықтан екінші дүние жүзілік соғыс кезінде қуғындау көрді. Соғыс кезінде Варшава оккупацияда қалады. Корчак қол астындағы 200 баламен Варшавалық геттоға қамалады. Оны құтқарып алуға талай адам барады. Бірақ ол «өз балаңды қалдырмайтын жерге өзге баланы қайтып қалдырып кетемін, мұнда маған жәутеңдеп екі жүз бала отыр» деп, геттодан қашудан бас тартады. 1942 жылы оны балалармен қосып Треблинкаға әкеледі. Балаларды газ толы камераға улап өлтіреді. Сонда неміс әскериі «мен сіздің ертегілеріңізді тыңдап өсіп едім, сізді аман алып қалайын» деп өз көмегін ұсынады. Корчак: «Балалармен бірге босатасыз ба?» деп сұрайды. Немістен жоқ деген жауап алған соң: «Адамның бәрі оңбаған емес» деп газ камераға 200 баласын өзі бастап кіреді. Треблинкада 6 тамыз күні Януш Корчак неміс-фашисттерімен өлтірілді.
Ата-ананың он парызы
1. Балаңыз өзіңіз сияқты немесе сіз күткендей болады деп үміттенбеген абзал. Оған сіздің елесіңіз болуға емес, өзін табуға көмектесіңіз.
2. Балаңыз үшін істеген әр ісіңізге ақы сұрау әбестік. Сіз оған өмір бердіңіз. Бұның қарымтасын қалай қайтаруға болады? Ол өз баласына өмір береді. Немереңіз шөбере сүйдіреді. Осыдан артық қандай алғыс болуы мүмкін?
3. Қартайғанда жалғыз нан жегіңіз келмесе, өз ашуыңызды баладан алмаңыз. Не ексеңіз, соны оратыныңызды ұмытпағайсыз.
4. Оның қиындығына мұрын шүйіріп қарамаңыз. Өмір адамның күш-қуатына сай сынайды. Оның қиындығы да ол үшін ауыр екенін түсінуге тырысыңыз. Өйткені, оның бұл өмірден алған тәжірибесі әлі аздау.
5. Ешқашан кемсітіп, қорламаңыз!
6. Өмірдегі ең маңызды кездесу балаңызбен кездесу екенін әсте естен шығармаңыз. Оларға мән беріп жүріңіз. Өз балаңыздың бойында кім барын ешқашан жете түсінбеуіңіз мүмкін.
7. Егер балаңыз үшін жасалар іс қолыңыздан келмесе, өзіңізді жегідей жей бермеңіз. Егер қолыңыздан келіп тұрып істемесеңіз, онда жаныңыз жай таппасын. Есте сақтаңыз! Егер бала үшін не нәрсені де тұтас істемесеңіз, онда еш нәрсе істемегеніңіз.
8. Бала – бүкіл өміріңе иелік ететін озбыр күш деп қарамаңыз, ол тек қан мен тәннен жаралатын құбылыс емес. Бала – бағалы құндылық. Оны өмірдің өзі сыйға тартты. Сіз оны бағып, бойындағы дарын отын жағушы ғанасыз. Ана мен әкенің ортасында «біздің» емес, «өз» баласы өседі. Оның жаны аманатқа ғана берілген.
9. Өзгенің баласын да жақсы көре білу керек. Ешқашан бөтен балаға өз балаңызға тілемегенді жасамаңыз.
10. Өз балаңызды дарынсыз, бақытсыз, ересек болса да жақсы көріңіз. Онымен әңгімелескенде қуана біліңіз. Өйткені, сіздің балаңыз болса, соның өзі мереке.
Януш Корчак
Аударған Шынар Әбілдә
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Балаңыз сіздің елесіңіз болуға емес, өзін табуға көмектесіңіз
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2017-05-18/709.html