Бехтерев бойынша мидың дамуы
Бехтерев бойынша мидың дамуы
Академик Бехтерев санаңды сау сақтап, алжаспай өлу 20% адамның еншісіне тиетін бақыт болады деген екен. Қалған ел қартайғанда баласы мен немересіне жүк болып, қатты не бәсең алжығандарға айналмақ. 80% - бұл обырмен, Паркинсонмен, не қарттықтан сүйегі кеміп ауыратындардан әлдеқайда көп. Келешекте бақытты 20%-дың қатарынан табылу үшін қазірден бастап әзірлену керек. В.М.Бехтерев: Алжудың себебі неде? Жыл өткен сайын әр адам еріншек бола бастайды. Жас кезінде адам жұмысты бар қарқынымен істеп, қартайғанда зейнетін көргісі келеді. Алайда адам неғұрлым сабырлы, байсалды өмір сүрсе, соғұрлым өзіне көбірек зиян тигізеді. «Дәмді тамақ, тәтті ұйқы» ғана боп келетін өмір сананы аздырады. Миға тиесілі ең қиын жұмыс тек сөзжұмбақ шешу болса, ол да жақсылыққа апармайды. Осыған қанағат қылатын адамның өмірге талабы да, шағымы да көбейе береді. Өткеннің жүгі салмақ түсіреді. Бірдеңені түсінбеудің салдары шынайы өмірден алыстауға апарып соғады. Жады жапа шегеді, ойлану қабілеті кемиді. Біртіндеп адам шын өмірден алыстап, жекеменшік әлемін жасап алады, ол әлем көбіне қатыгез, жауласқыш, ауру қиялға толы болады. Алжасу ешқашан бір сәтте бола салмайды. Ол жылдар бойы дамиды. Күн өткен сайын адам санасына иелік ете береді. Қазір тек алғышарты ғана көрініс берсе, келешекте алжасудың тамыры тереңге тартылатын құнарлы топырақ жинала береді. Алжасу, әсіресе, өмірлік ұстанымын еш өзгерместен ғұмыр кешкен адамдарға тән келеді. Тым ұстанымшыл, табанды, ескішіл келетін адамдар тез алжасады. Ақылдың оралымды, бейімделгіш болуы, тез шешім қабылдағыштығы, көңілшектігі миды жетілдіре түседі. Ең бастысы - «Жүрекке әжім түспесін»! Мидың апгрейдімен айналысу керектігіне нұсқайтын себептердің бірқатары:
1. Сынға төзімсіз боп барасыз, ал өзіңіз өзгелерді көп сынайсыз.
2. Жаңа нәрсені үйренгіңіз келмейді. Жаңа телефон сатып алғанша, ескісін жөндеуге бергенді дұрыс деп білесіз.
3. Сіз: «Ал біздің кезде» дегенді жиі қайталайсыз. Өткен өмірді көп еске аласыз, сағына бересіз.
4. Сұқбаттасыңызға түк қызық болмаса да, өзіңіздікін айта бергенді ұнатасыз. Ол ұйықтап қалса да сізге бәрібір. Не айтқаныңыз өзіңізге қызық боп барады.
5. Көркем не ғылыми әдебиетті оқыған кезде ішіңіз пыса бастайды. Оқығаныңызды нашар түсінесіз, есте сақтай алмайсыз. Бүгін жарты кітапты оқып, ертесіне не оқығаныңызды ұмытып қаласыз.
6. Ешқашан толық білмеген тақырыпты талдауға қатысасыз. Мысалы, саясат, экономика, поэзия немесе мәнерлеп сырғанау. Бұл мәселенің бәрін бүге-шігесіне дейін білетіндей көрінесіз, құдды ертең мемлекетті өзіңіз басқаратындай, әдеби сыншы не спорт арбитрі болатындай сенімді сөйлейсіз.
7. Екі түрлі фильмнен — атақты режиссердың киносын не телехикая/детективтен – сіз екіншісін таңдайсыз. Сананы сарсылтып керегі не? Атақты режиссердың ішпыстырар киносынан ел не түсінеді екен деп ойлайсыз.
8. Сіз емес, өзгелер сізге қарап бейімделуі керек деп ойлайсыз.
9. Өміріңіздің көп жағдайы жаттанды рәсімдермен шектеледі. Мысалы, біреудің шыныаяғынан кофе іше алмайсыз. Тұра салып газет оқымай, мысықты сипамай кофе ішпейсіз. Осылардың біреуін орындамай қалсаңыз, күніңіз текке кетті деп есептейсіз.
10. Анда-санда айналаңыздағы жандарға маза бермей, ұрыс-керіс көрсетесіз. Бірақ мұның бәрі зілсіз. Осылай дұрыс деп есептегеннен ғана әдеттеніп қалғансыз.
Аударған Шынар Әбілдә
Қабылан
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Бехтерев бойынша мидың дамуы
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2018-09-13/1115.html