Классикалық педагогиканың атасы, чех ғалымы Ян Амос Коменский
Классикалық педагогиканың атасы, чех ғалымы Ян Амос Коменский сонау XVII ғасырдың өзінде-ақ мектепте баланы оқыту жас ерекшелігіне сай болуы керек деп, оларды мөлшерлеп бөлген. Ол төрт топқа бөліп қарастырған. Балаға арналған мектеп – алты жасқа дейін, ересек топ – алтыдан он екі жасқа дейін, жасөспірім топ – он екі жастан он сегіз жасқа дейін, жоғарғы мектеп – он сегізден жиырма төртке дейінгі жастар үшін.
Балаға кітапты суретпен жасау керектігін алғаш айтқан адам да өзі болды. Оқу үдерісін жүйеледі. Сабақ деген ұғымды енгізді. Сабақ балаға бірдеңе үйрету дегенді білдіретін ұғым болып қалыптасты. Қазіргі таңда еуропалық педагогикадағы тәжірибенің дені осы Коменскийдің қалауы мен ұсыныстары негізінде қалыптасқан десек қателеспеспіз.
Ол морав отбасында дүниеге келген. Әкесі наубайшы болған. Отбасы Чех бауырластығы ұйымының мүшесі еді. Ол католик дініне қарсылас болған діни ұйым. Алғашқы білімін Ян латын мектебінен алады. Екі жыл Херборн академиясында оқиды. Содан Германияға кетіп қалады. Сол жердегі атақты Гейдельберг университетіне түседі. Математика, астрономия бойынша лекциялар тыңдайды. Сол жерде оқи жүріп «Барлық заттың театры» атты энциклопедия жазуға кіріседі. Чех тілінің сөздігін құрастыруды бастайды. «Ұлы дидактика» атты керемет оқулықтың авторы да осы Коменский. Оқу кезінде Еуропаның көптеген қалаларын аралайды. Голландия астанасы Амстердамда болады. Амстердам сол кездің өзінде – төрт жолдың торабындағы ірі айлақты қала, мәдениет пен білімнің ошағына айналып үлгерген еді.
Отанына жиырма екі жаста, ақылына көркі сай болып толысқан кезінде оралады. Өзі жасаған жүйе бойынша бала оқытпақ ниетпен келеді. Пршеровте мектеп басқарады. Содан соң Фульникке ауысады. Чех бауырластығы ұйымының дін қызметшісі болуды қатар алып жүрді. Отыз жылдық соғыс кезінде, протестанттар мен католиктердің қақтығысы, Коменский туған жерін тастап, Польшаға кетіп қалады. Сондағы жергілікті гимназияда сабақ береді.
1631 жылы Коменский «Тілдердің ашық есігі» атты көлемді еңбек жазып шығады. Балаларға арналған латын тілінің алғашқы оқулығы осы болды. Балаға түсінікті тілде жазылған бағалы еңбек еді. Аз уақыт ішінде кітап көп сұранысқа ие болады. Оны он екі тілге аударып басады. Бірнеше ғасыр бойы еуропалық мектептердегі алғашқы құнды оқулық болып сақталып келеді. Сосын астрономия, физика, тарих сияқты пәндерге де оқулық жазды. Бала тәрбиесіне қатысты – «Ана мектебі» атты кітабы бар.
Сәл уақыттан соң ол бүкіл Еуропаға танымал адам болды. Өзінің идеяларын айтып Лондонға, Стокгольмге барып келді. Өз мектебінің педагогика ілімін алға қойып бер деп көп адамнан сұраныс түсті. Ян Венгрияны таңдайды. Венгерлер мектеп реформасын жасауға дайындығын білдіреді. Осы елде ол өзінің тағы бір ізденісін жүзеге асырады. Пансифия – өзіңді, өмірді, Тәңірді үйлесімділікте тану, немесе бәрін қатар үйретудің алғышарты.
Коменский ежелгі құрып кеткен тілдерді үйретуді, сан алуан өнер түрін, жаратылыстану пәндерін, медицинаны, географияны, тарихты, химияны мектеп пәндеріне енгізу керек деп кеңес берген. Пансифия идеясын жүзеге асыру үшін ол «Суретпен сипатталған анық әлем» атты кітап шығарды. Баланың қызығушылығын ояту үшін «Мектеп – ойын» атты кітап жазған.
Коменскийдің тағдыры ауыр болды. Әйелі мен балалары обаның кезінде көз жұмады. 1658 жылы швед-поляк соғысы кезінде ол бар байлығынан айырылады. Оның ішінде кітапханасы мен қолжазбалары да кетеді. Өмірінің соңғы он төрт жылын Амстердамда өткізеді. «Адамзаттың өз ісін түзетуіне көмектесетін ортақ кеңес» атты кітабын сонда жазып бітіреді. Білімді гуманизмге шақыратын үндеу іспетті шығарма. Ол мектеп қуаныш сыйлауы керек деген ұстанымға берік болды. Сол ұстаным негізінде өмір сүрді.
Аударған Шынар Әбілдә
Бөлісу тақырыбы: Азияинфо - Asia info » Классикалық педагогиканың атасы, чех ғалымы Ян Амос Коменский
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2017-05-18/708.html